«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп академик жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай әр шәкіртінің болашағы үшін алаңдайтын, сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие, әдет-ғұрып, адами асыл қасиеттерді үйреткен осынау асыл жандарға әркез құрмет көрсетіп тұрса еш әбестігі бола қоймас. Сондай ұлағаттылықты бойына жиып, алтын ұя мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған шәкірттерін таудай қылып, үлкен өмірге шығып салуға ғұмырының қырық жылын арнаған жанның бірі – білім беру саласының ардагері, «Қазақстанның құрметті мұғалімі», «Тәлімгер-ұстаз» төсбелгісінің иегері Нұржамал Қабдешова.
Мектепте сабаққа зерек, үлгілі әрі озат оқушылар қатарынан көрінген оның әсіресе, математика мен физикаға деген қызығушылығын ұстаздары да аңғарды.Мұғалімінің берген күрделі есептерін шығарып, теңдеулерін шешуге машықтанатын Нұржамалдың болашақ мамандық таңдауына да бұл зор әсерін тигізбей қоймады. Сөйтіп, 1972 жылы орта мектепті тәмамдаған ол Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті. Студенттік жылдары оқу орнында түрлі шараларға белсене қатысты.
Математика мамандығы бойынша дипломын алған жас маман туған жері – Құлсарыдағы Ленин атындағы орта мектепте еңбек жолын бастады. Мұғалімдердің комсомол ұйымына жетекшілік етті. Кең Жылыой өңіріндегі отыз жылдық еңбек өтілінің 20 жылында М.Сатыбалдиев, В.И.Ленин және А.С.Макаренко атындағы орта мектептерде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Мұғалімдердің күнделікті сабаққа дайындығына, әдістемелік-шығармашылық ізденістеріне тұрақты көңіл бөліп отырды. Өз кезегінде әріптестері де, оқушылар да Нұржамалдың талапшылдығын, шыншылдығы мен әделеттілігін жоғары бағалады.
Нұржамал Құралқызы мұнайлы өңірдің бас шаһарына қоныс аударып, он жылдай №30 мектеп-гимназияда тереңдетілген математика пәнінен шәкірттеріне дәріс берді. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, тәжірибелі, өз ортасына сыйлы, жастардың тәлімгері ретінде олардың да биік белестерді бағындыруына біраз септігін тигізді.
Бүгінгі заман талабына сай өзінің кәсіби біліктілік деңгейін көтеру мақсатында Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеті жанындағы білім жетілдіру институтында, Оралдың А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институты жанындағы мектеп басшыларының білімін жетілдіру факультетінде арайы курстарда оқуға да мүмкіндік алды.
Әдістемелік кеңестерде Н.Қабдешованың «Математикадан сабақ беру әдістерін жетілдіру», «Мұғалімнің оқу-тәрбие жұмысын диагностикалық негізде зерттеу», «Мектептегі әдістемелік жұмысты ұйымдастыру жолдары», «Оқушыларды пәндік олимиадаларға дайындау» деген тақырыптарда жасаған мазмұнды баяндамалары әріптестері тарапынан жоғары бағаланды. Кейіпкеріміздің 1991 жылы облыстық педагогикалық оқуда «Математика сабағында педконсилиум ұсыныстары негізінде оқушылардың жұмыстарын ұйымдастыру» деген тақырыпта жасаған баяндамасы республикалық педоқуға ұсынылуы жылдар бойы жиналған кәсіби тәжірибе мен тынымсыз еңбектік жемісі десе де болғандай. Нұржамал Құралқызының математикадан аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға дайындаған біраз оқушылары жүлделі орындарға ие болып, мерейін асқақтатты.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен, «Қазақстанның құрметті мұғалімі», «Тәлімгер-ұстаз» төсбелгісімен марапатталған бүгінде отбасының ұйтқысы, немере-жиендерінің сүйікті әжесі Нұржамал Құралқызы жақында мерейлі 70 жасқа толды.
Б.ХАМИТҰЛЫ
