Атырауда былтырғы көктемгі су тасқын кезінде облыс орталығын табиғат апатынан аман алып қалуға септігін тигізген кәсіпкер Әсемғали Қуанышев әлі күнге тиесілі ақысын ала алмай жүр. Атырау қалалық әкімдігімен келісім шарт негізінде Ә.Қуанышевтің «АГК групп» мекемесі Соколок каналына 16 шақырым бөгет соғу үшін жүздеген адам мен 50-ден астам техникасын жұмылдырған еді. Келісім шарт негізінде бөгеттің әр шақырымы үшін  төлемақысы 39 млн теңге деп көрестілген. Алайда, әкімдіктің уәдесіне сенген  жергілікті кәсіпкер өткен жылы төленуге тиісті 625 млн теңгесіне әлі күнге қол жеткізе алмай жүр. 

Жақында тасқынға қарсы бөгет тұрғызған азаматтар тағы жиналып, өз жанайқайларын мемлекеттік органдар басшыларына жеткізуге тырысты.  Арнасынан асқан Жайық өзені қаланы шығыс жағынан қоршай бастағанда барлық күш облыс орталығын аман алып қалуға жұмылдырылған болатын. Қаланы тасқыннан құтқаруға ұмтылғандардың алдыңғы легінде Әсемғали жетекшілік ететін «АГК групп» мекемесі жұмысшы-қызметкерлері де болды. Олар екі айдан астам уақыт күндіз-түні тынбастан үш ауысымда жұмыс істеп, ұзындығы 16 шақырым, биіктігі 6 метр, табаны 10 метрлік  бөгет соқты. Бірақ кәсіпкерге  жалданған 100-ге тарта адам атқарылған жұмыстың тиісті еңбекақыларын ала алмай сандалып жүр.

«Адамдарымыз күндіз-түні мігір көрместен жұмыс жасады. Оның ішінде   эксковатор, тиеуіш, самосвал техникаларын жалға алдық. Өзіміздегі 48 техниканы да тасқынға қарсы бөгет салуға қостық. Ауыр техникаларға қажетті жанар-жағар майды, адамдарға ауқаттану үшін ас тағамдарын ақшамызға сатып алып, қамтамасыз етті».-дейді кәсіпкер Әсемғали Қуанышев

Қалалық әкімдікпен арадағы келісім шартқа қол қойылғасын кәсіпкер барлық техникасын шығарып, өз қаражатына жұмыс істеткен. Бірақ әкімдіктен әлімжеттік көрген Әсемғали енді билікпен соттасуға мәжбүр болған. Бұған дейін өткен қалалық сот істі кәсіпкердің пайдасына шешіп берген. Бірақ әкімдік ол шешіммен келіспей, облыстық сотқа шағымданған.

«Үш рет сот отырысы болды. Оны Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Пәрменовтің өзі қарады. Ешқандай іске кедергі-қайшылығымыз жоқ, талап еткен ақшамызды сұрап отырмыз. Шешім шығаруға асықпайды Бізге жұмысшылардың айлығын, алған техникаларға кеткен шығындарымызды төленуі керек. Салыққа  200 млн теңге   төленбей тұр. Есеп-шотымыз жабылды. Алынған несиенің төленбегеніне бір жылдан асты»,-деп кәсіпкердің реніш білдіруі де орынды.

Бүгінде «АГК групп» мекемесі қосымша жалдаған арнайы техникалардың шығынын несие алып жауыпты. Енді белшесінен қарызға батқандардың ісіне қоғам белсенділері араласып отыр.

«Келісім шарт бойынша атқарылған шаруаға ақша төлену тиіс. Кәсіпкерді 1 жыл 2 айдан бері сергелдеңге салып қалалық соттың шешімін орындамай отырған шаһар басшысы мен Қайыршақты ауылдық округінің әкімінен әлі күнге жауапкершілік сұралмай отырғандығы түсініксіз»,- дейді қоғам белсендісі Ғазиз Ғабдуллин,

Келісім жасаған қалалық әкімдіктің мердігер мекемеге айтары да бар екен. Олар талап иесінің уәжімен келіспей отыр.

«Соколок каналы бойында 5 компания жұмыс істеді. Олардың төртеуі демеушілікпен тегін жұмыс істеді. Жалғыз осы «АГК-групп» ақша талап етіп отыр. Сосын олар келісім шартта «бөгет тұғызуға қажетті топырақ 15-20 шықарым қашықтықтағы карьерден тасымалданды» деп көрсеткен. Ал шындығында, топырақты 500 метр жерден алған. Сондықтан біз соттың шешімін күтеміз». Бұл Атырау қалалық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Жан Досқалиевтің пікірі.

Соттың шешімімен жақында «АГК-групп» тұрғызған бөгетке сараптама жасалады. Соңғы сөз сонан кейін айтылуға тиіс.

А. КЕНЖИЕВ