Атырау облысы, Мақат ауданында мұнай шламдарын жинап, жоюды міндетіне алған мекемеге облыстық экология департаменті 37 млрд айыппұл салды. Алайда, жауапты компания мемлекетке түсетін қыруар қаражатты әлі күнде төлемей, жалтаруда. Мақат пен Доссор кентінің ортасына жиналған қарамай қалдықтары көлге айналып мал өрісін ластап жатыр. Тұрғындар мұнай қалдығы енді іргедегі Сағыз өзеніне құйылса, күніміз не болады деп дабыл қағуда.
Мекеме қазған май резервуарларынан асқан қара май жан-жаққа жайылып барады. Қыс бойы ашық аспан астында жатқан мұнай толы апандар қар-жаңбыр суларымен толған. Жақында мақаттық тұрғындар орын алған осы оқиғаға байланысты мұнай қалдықтары төгілген жерге экологтар мен жергілікті билік өкілдерін шақырып, арыздарын жеткізді.
Доссор кентінің тұрғыны Төлеген Қоңырбаев пен шаруагер Қабдол Өтепов Доссордан 15 шақырым жер малдың өрісі, қала берді ар жағы Сағыз өзені, қоршаған ортаға зиянды мұнай қалдықтары сол өзенге барып қосылса, не болады? Қараусыз қалған мұнай толы апандар тұрғылықты халыққа да, өрісте жүрген төрт түлік малға да зиян екендігін айтады. Тұрғындар бұл жерге мал түнеп, мұнай аралас суды ішіп жатқанына қапалы.
Бұл арада әрқайсысының сыйымдылығы 5 және 2 мың текше метрлік екі ашық резервуар орналасқан. Біраз уақыттан бері жиналған май өңделіп, немесе ортайтылмағандықтан ол жүлгемен ағып, мал өрісіне жайылып, әрі Сағыз өзеніне ағып барады. Осы жағдайдан жергілікті билік жақсы хабардар. Себебі, бұл аумақ Мақат аудандық әкімдігіне қарайды. Келісім бойынша жалға берілген 2 гектар учаскенің иесі өңірдегі мұнай өндіруші және өңдеуші компанияларынан шығатын мұнай шламдарын жинап-жоятын қондырғы орнатып, резервуарлары үнемі бақылауда ұстауға тиіс болған. Бірақ 13 жылда 4 рет қожайыны өзгерген мекемелер ешқандай іс тындырған жоқ,- дейді билік өкілдері.
«Бұл жерді аудан әкімінің қаулысымен Оралдың «Интернет Орал» деген компаниясына берген. Оның мақсаты – технологиялық қалдықтарды жинау-сұрыптау және технологиялық құрылығыларды кеңейту еді. Онан кейін оралдық компания 2021 жылы «ОКСИ-генератор» ЖШС-не сатқан. Бірақ күні бүгінге дейін әлі ештеңе салынбаған. Осы араға «ОКСИ-генератор» серіктестігінің басшысы да шақырылғанымен ешкім төбе көрсетпеді, телефонмен де тілдесе алмадық»- дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин.
Ал экологтар қарамай жиналған алқапта 13 мың тонна мұнай шламы жинақталғанын дәлелдеп берген. «Қоршаған ортаны қорғау ержесі бойынша оны сақтау үшін серіктестік лимит алуы керек. Лимиттері жоқ болғандықтан біздер прокуратурамен талап тексеріс жүргізген болатынбыз. Сол тексерістің нәтижесімен соттың қаулысымен осы «ОКСИ-генератор» ЖШС-не 37 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салдық. Қазір мұнда ешқандай жұмыс жасақталмаған, тек формальді түрде жинақтай берген» — деген ойын білдірді облыстық экология департаментінің мемлекеттік инспекторы Темірлан Болатұлы.
Сонымен сот шешіміне сай 37 млрд теңге айыппұл арқалаған бұл компаниядан қаражат қашан өндіріледі? Оны сот орындары анықтай жатар. Ал тұрғындар екі ауылдың мал өрісін ластап, ортақ өзенге қауіп төндіріп отырған серіктестіктің жұмысын құзырлы орындар қатаң бақылауға алса екен дейді.
А. КЕНЖИЕВ,
Атырау облысы