Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2015 жылдың желтоқсан айында қабылданған Әдеп кодексінің талаптарын орындау үшін мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіруге жауапты құрылым қалыптастырылды.
Басты міндет – мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдер мен жүргізіп отырған саясатына деген сенімді арттыру. Қандай жағдай болса да, мемлекеттік қызметшілер халықпен сыпайы, салмақты түрде сөйлесуі тиіс.
Әдеп жөніндегі уәкіл, жалпы мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттің сенімді өкілдері. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетіледі. Ал, қызметшілердің құқығы бұзылған жағдайда әдеп жөніндегі уәкіл оларды қалпына келтіру шараларын жасайды. Сонымен қатар, мемлекеттік орган басшылығына заң бұзуға итермелейтін себептер мен жайттарды жоюға қатысты ұсыныстарын айтып, азаматтық қоғам институттары мен өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп әрекет етеді.
Елдің сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс. Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Қызметкерге сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын алға тартпайтын және жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын, адал, баршаға ортақ қабылданған іскер стиліне сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болу тапсырылған. Сондай-ақ, еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдап, мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалану нақтыланған.
Сондықтан әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілігін сезінуі қажет.
Б.ЖАЙЛИЕВА,
Маңғыстау аудандық қазынашылық
басқармасының басшысы