Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайратқа қатысты басты сот отырысы жүріп жатыр. Қайырымдылық қорының жетекшісі мен оның анасына 3,5 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр. Ол қаражатты қазақстандықтар былтырғы су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке жинап берген. Басында судья сот ашық режимде өтеді деген болатын. Кейін БАҚ өкілдеріне сот залынан ақпарат таратуға рұқсат берілді. Куәгерлерден жауап алынуда. Қайырымдылыққа арналған миллиардтаған қаржы қалай қолды болған екен?
Ақша жымқырды және алаяқтық жасады деп айыпталған қоғам белсендісі Перизат Қайрат сотта өз кінәсін мойындамады.
Прокурорлар Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты айыптау актісін оқып шыққаннан кейін, судья Сабыржан Кәрімов айыпталушылардан айыптаумен келісетін-келіспейтінін сұрады.
«Мен айыптау актісімен келіспеймін. Дәлелдер негізсіз. Тергеудің фантазиясы үшін жауапкершілікті алмаймын. Мен айыпты мойындамаймын. Кейінірек барлық дерекпен өзімді қорғаймын»,- деп жауап берді Перизат Қайрат.
Анасы да айыптаумен келіспейтінін айтты.
Прокурор Мәдина Оразалина Перизат Қайрат әзірлеген қылмыстық жоспар халық арасында танымал болған «Біз біргеміз» ұранын қолдана отырып, қоғамдық бірлестік құрудан басталғанын мәлімдеген болатын.