Ақын Табылды Досымовқа — 60 жыл

Иә, талайлар өткен поэзия әлеміне кім-келіп, кім кетпеген. Сонау Асан қайғы, Сыпыра, Қазтуған, Досмамбет, Шалкиіз, Жиембет жыраулар, Абыл мен Шернияз, Мұрат, Қашаған, Нұрымдар ізін қалдырған рухани әлемге қашанда әр ұлына қасиетті Дендердің топырағында қалған  Махамбетше өзіндік бір өрлік, асқақ рухпен оқырманын селт еткізе «Биіктік» өлеңімен аттаған Табылды Досымовтың барша жерлестері бүгінде оның 60 жылдығына арнап түрлі шараларды дүбірлетіп өткізуде.

Қамал бұзар 45 жасында, өмірдің бел ортасында үзілген ақын- ұлға арналып, өзі талай белдескен боз кілемнің шаңын қағып, немерелері,ақ тер-көк терлерін төгіп, ақын байрағын масайрай жеңіп алып жатса, қызылды-жасылды киінген әншілер Табылдыға кейде бұйырып-бұйырмаған сахналарда оның әндерін орындап, кезінде шынайы өнеріне таңдайларын қаға сүйіспеншілікпен қол соға алмаған көрермен – жерлестері мейірлене үнін естімесе де, оның сөзінің өз орталарына жеткеніне ризашылық білдірсе, әп-бәрекелді десуде.

Ие, Аллам бұл қуанышты да көп көрмесе екен деп сол ақынмен бір заманда өмір кешіп, бір күліп, бір жылап, бір сүрініп, бір тұрған біздің топтағылар да шүкіршілік, сөз сұраса естелікке ерік беріп әр тұстан оқта-текте көрініп қалып жүр. Жол –жастарға деген заманда соған да шүкіршілік етеміз.

Айтпақшы Киелі кітапта «Әуелі сөз болған» деп жазыла тұрса да жаздың алғашқы айында облыста алдымен сөзсүйер қауым емес, дүйім суретшілер бас қосып, Табылды әлемін әлі де тереңдей тани түсуге талпыныс жасап жатқандарын көріп, оқып риза болыстық. Әрине, олар қыр баласы Табылдының тұлғалық бейнесін әп-әсем меңгеріп, көрермендеріне ұсынғандары анық қой. Ал оның шығармашылығының қайнар бұлағына айналған орта, Дендер жотасы, ақындық рухына, қасиетті сөз өнерін меңгеру тәсіл-шеберлігіне қаншалықты тереңдей алды екен? Соған лайық бояу тілін таба алды ма?! Ол жағын мамандар білмесе, қарапайым ауыл жұртына бұл, әрине,  бимағлұм.

Әттең, көркемөнердегі көп дүниенің мазмұн-мәніне көз жеткізе үңіліп, сырын ұғып, тамсана қарауға талай талантты суретшілер мен ақындар өткен Дендер топырағында әлі күнге бір сәулетті де әмбебап музейге қол жетпей келеді. Төрінен талай нарқасқа ұлдары түлеп ұшқан, немесе Жиембет, Малайсары, Баламайсан, Махамбет пен Мұрат, Хиса, міне енді Есенжол мен Табылды мәңгілік мекен тапқан топыраққа шынында да мұндай рухани орталық керек-ақ.

Ана бір жылы Махамбет ақынға арнап, суретшілер 36 сурет салып, дауылпаз жатқан Қаройдың төрінде марапатталып, мәре-сәре болған еді. Ол суреттер де бүгінде шаң басқан архивтерде шынайы иесін таппай жатқан шығар, кім білсін?

Дегенмен осы суретшілер жайында сөз қозғалып жатқанда Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязовтың жақында: «Қазіргі қазақ сурет өнерінің тынысы мен бағыты туралы сөз қозғасақ, ең алдымен, екі кезеңнің ара жігін ажыратып қарауға тура келеді.Кеңес дәуірінде суретшінің еркін тақырып таңдау еркі бола қойған жоқ. Барлығына ортақ бір арна–социалистік реализм ұсынылды. Тақырып пен форма алдына-ала белгіленіп, шығармашылық деген ұғым саяси талаппен шектелетін. Тәуелсіздік алғаннан кейін тоқтаған үн қайта сөйлей бастады. 90-жылдардың басында бұрынғыда айталмаған ойды ашып айтуға мүмкіндік берген шақ болды. Сол кезеңде өнердің тілі де жаңғырып, ұлттық мазмұнға қарай бетбұрыс байқалды. Әр суретші өзінше бағыт іздеді. Қазір жағдай сәл басқаша»,-дегенін оқып («Егемен Қазақстан», №25, 19.06.25), бүгінгі таңда суретшілер қауымының нарыққа бейімделіп, соған қарай күн көрудің жай-жапсарын жасап жатқандарын саралаған ойы бүгінгі Табылды ақын  шығармашылығының көркі болған «Биіктіктей» туындыға да қатысты осылай ой тұжырымдауға негіз болар жол тапқандай болдық.

Олай дейтініміз, сол «измдер» итімізді шығарып жүрген заманның өзінде де талай  ақын кереметтерді дүниеге әкеле тұрса да, еркелікпен шеңберден шығып кетсе де ортасына қайта оралып, заманы кекілінен сипамаса да уақтылы  бірнеше мыңдап кітабын шығарып, айдарынан жел ескендері аз болмады емес пе?!

Міне, осы қатардан біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ауыл баласы, «Обаны адыр, адырларды төбе деп, Төбелерді тау дескен біздің елден» шыққан Табылды Досымов. Оның кеңестік дәуірде оқып, әскер қатарында болғаны, мәдениет бөлімінде автоклуб жүргізіп, малшы-егінші аралағаны, бір кезек әнші, журналист те болып көргенімен, әңгімені атақты-«Биіктік» өлеңі хақында өргенді жөн көріп отырмыз. Себебі ақынды оқырманына танытқан «Биіктік» былайғы өмірдегі оның жетістіктерінің де шоқтығы жоғары шығарма екендігін көзі тірісінде де, кейінде де көпшілік жиі қайталап, түрлі ортада орындалатын дәстүрден әлі арыла қойғанымыз жоқ. Сондықтан да «Биіктік әпсанасының» маңызы тереңде, әлі де зерттеушісін тапса, жай оқушы ғана емес, талай ізденуші ақ бас ғалымға да небір асулардын асуына жол ашары хақ.

Бұл арада біз сөз басында атақты жырауларды тегіннен тегін атап отырмағанымызды айтқымыз келеді. Себебі, туған жері мен елінен, оның асыл жауһарларынан үлгі алып, оқып, біліп, санасына тереңдей тоқып, әбден сіңірмеген жанның елді аузына қаратқан, төрт құбыласы тең ақын болуының өзі қиын ғой. Бабалар сөзі, үні, салты баршамызға ұлттық бойтұмар болып, Алаш баласының намысын қайрап, талай асулардан өтуіне жол ашып келе жатқанын да естен еш шығаруға болмайды.

Біз Табылды ақынның «Биіктіктігіне» де сол қырынан қарап, оның әлі күнге үлкен-кіші бойына қуат-күшін дарытатын қасиетін сезініп келеміз. Қазақтың нар ұлы Толағай да ақын тіліне бекерден-бекер оралмағаны анық. Мұның да терең рәміздік мәні бар. Оның үстіне күні кеше дүниеден өткен академик С.Қасқабасовтың бүкіл өмірін арнаған қартайған сайын мәңгі жас «Алтын желі» қазақ фольклорынан да алған нәр қалың қазақтың дарынды ұлы Табылды Досымовтың да қуат алар, бұлақ көзі болғанын осы арада жақын түсінгендей боламыз.

Шіркін, академик ағамыздың көз майын тауысып жинап, зерттеп, соңына  қалдырған бірнеше томдық бұрынғы КСРО-да осы саладағы үздік 5 кітаптың бірі танылған «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері», «Қазақтың халық прозасы», тіпті 100 томдық (!) «Бабалар сөзі», тағы басқа көптеген еңбектері басқасын қайдам, мектеп пен балабақша, кітапханаларда қазақ боламыз десек, әлден сықия толып тұратын орны бар. Ол еңбектер әр қазақ баласы бойына руханият дәнін себер мол қазына ғой.

Ал Табылдының шежірешілігі, құйма-құлақ әңгімешілдігі, жады терең, көнеге үйір көреген көңілінің қазынасында жаңғырып жататын ескі әңгімелер көп-ақ еді. Қорымызда жазған әңгімелері де болған-ды. Сондықтан да Табылды ақынның «Биіктігінің» нәр алған  бастау бұлағы – ол қазақтың ауыз әдебиеті, ертегілері, жыраулар толғаулары. Сірәда өз жерлестері Жиембет, Абыл, Махамбет пен Мұрат, Қашаған, Хиса, тағы көптеген асылдардың шығармашылығын жіті игеріп, жадына түйіп, өз жерін құлай сүю, оған тау әкеліп, абыройын биіктете түсу арманы балаң жігітті ерте атқа мінгізіп, шабытын қайрай түсуіне жол ашқаны нұр үстіне нұр болды. 

Шындығында, топырағы мен байлығы асқан, Қазақстан түгілі бүкіл әлем дәмін татып, рахатын көріп жатқан Атыраудың жері шөлейт, көгалы мен суы аз десек те, көңілі кең, намысы тереңде жатқаны ақын ұлдарды әр кез қайрап, жігерлендіріп отыруы заңды құбылыс санаған дұрыс. Табылдының да «Атыраудың алыптары берсе дем» деп толғауы да бекерден-бекер емес. Оны түсінер тек саналы ұл, намысы сергек азамат керек-ақ.

Мәдениет бөлімінде жүріп, Жайықтан өту үшін алып көпір ашыларда Жиембет жыраудың «Жотасы биік Дендерім» деген қанатты сөзін үлкейтіп жаздырып іліп қойдыртуы, халықтың дәстүрімен сонау Асан қайғының ырғағына салып термелейтін «Индерді қонаққа таныстыруы» атты жігерлі арнауын шығарып, оны өнерпаз Еркін Әубекеровке шырқатуы да сол бойға сіңген ежелгі қазақи таным-біліктің игі ишарасы. Бұл сабақтастық әр сәтте көзге көрінбесе де, көңілге қона кететін ғажайып үрдіс деген жөн. Әйтпесе:

            Басында миуа ағаштың сайрар бұлбұл,

            Жігіттік өтер-кетер бір қызыл гүл.

            Қусаң да қос ат алып бір шалдырмас,

            Қамшылап Әбу жылан мінсең дүлдүл,- деп жырлаған Абыл ақынның есімін  Табылды соңына ерген ет бауыр  баласына тегін қойды дейсіз бе?!

Сәтін салып, Индерборға жолы түсіп, Табылды інісімен сырласып, әңгіме-дүкен құрып, дастарханынан дәмін татқан қазақтың ғажайып ақыны Өтежан Нұрғалиевтің өзінің «Афина мектебі» деген кітабының алғысөзінде: «Қазақтың әр ауылында байлап қойған аттай төбе бар, төбе басында төбе би ақсақал бар. Қазаққа ақылды ызыңдаған жел айтпайды, ақсақал тебіренгенде аузынан төккен маржандай билік, лағылдай мақал, мәтел айтады. Әр ақсақалымыз бір-бір Сократ болса, әр заманымыз бір билік болса, біз неге жерден басымызды көтермейміз! Қазақққа философтар аспанынан жұлдыз теретін, оны ақын арқылы жазып беретін күн туды.Менің айтарым»,- деген екен.

Осы бір  көрнекі де көркем тәмсіл көкірегіме ұя салғандай қонақтағанына көп болды. Табылдының қара сөмкесіндегі қағаздарымен танысып отырған Өтежан ағаның ақынның жары Қарлығашты жүріс-тұрысы, сиқырлы бәтеңкесі мен мексикалық қалпағы таңқалдырса, мені түн ортасындағы сырласу сағатындағы ағалы-інілі екеуінің жарасымды тіл табысулары мүлдем басқа әлемге сүйреді…

Сонау ХХІ ғасырдың басында пышақтың қырындай болып шыққан «Жанарымның жарқылы» (Алматы, «Зерде» баспасы) деген кітабына «Менің поэтикамның рухани сүйеуі – Сүйеу Халықұлына!» (06.09.00) деп автордың өзі жазған қолтаңбасы бар жинағын ұстап алғашқы бетіндегі:

            «Ертең, ертең,

            Ертең жетем,

            Ертең…»-мен,

            Өрнекті өлең сені іздедім өлкемнен.

            Шалқар шабыт шаһарынан аластап,

            «Шайтан»-шақтар, ұрдың талай желкемнен.

            Мұз-тағдырда тайып жүріп өкшем мың,

            Мұратыма ертең жетем деп сендім.

            Сырласыңа айнала алмай сырбаз жыр,

            Бір басыма ұялады сексен мұң…

            Мұңды басқа мұндар ғұмыр жазылмақ,

            Жұбанбадым жұмақ-күннен наз ұрлап.

            Көңіл айдын, тулағанда толқының

            Қоңырайдым СЕЗІМ,ТӨЗІМ, өзім қап.

            Ей, оқырман,

            тіршілік-салт ұлы.

            Пайымдарсың, болса сендік ар тірі.

            Мынау жырлар

            Шамырқанған шақтарда,

            Бір жалт еткен ЖАНАРЫМНЫҢ ЖАРҚЫЛЫ»,- деген шағын жинақты әлі күнге бүгінгі мыңдаған кітаптардан да ыстық сезінемін.

Расында да 30 жасқа жетер жетпесте-ақ жас ақынның бойында қайнаған ерік-жігер, толысқан тума талант бір арнаға құйылып, буырқанған намыс қаны болмаса  «Толағай болып туылмадым, әттең-ай, Атырауға әкелер ме ем бір тауды»,- деп айды аспаннан бір-ақ шығаруы мүмкін бе?!

Мұның сыртында Махамбет бабасындай кеудесін жанға бастырмас өр намыс, «Хан емессің қасқырсың, хас албасты басқырсың» деген алапат күштің сарқындысы жатқанын ары тірі, намысы ояу жанға сезінбеу әсте шындыққа қиянат болар еді.

             «Алты алаштың алыптары берсе дем,

            Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

            Биіктікті, айналайын, туған ел,

            Қыранының қанатымен өлшеген», немесе, «Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға»,- деген жолдардағы жас ақынның Тәуелсіз елдің аспан түстес туының да мәнін ашып дәстүр мен ерлікке тән жалғастықтың рухын сезіндіріп тұруы қандай керемет. Қалықтаған қыран, Көк аспан мен Көк түрік, Көк бөрі – ежелден әр Алаш баласының қанында тулаған ұлы ұғымдардың оянар шағын меңзеген өр мінез оқырманына да айна-қатесіз жетіп, тіпті ұдайы жігерін де жандырып жібереді.

Содан да өлеңдегі «төбешіктей ана», «Ереуіл атқа ер салған Махамбет», «Б. Нысанбаев» сынды кейіпкерлер жоғарыдағы социалистік реализммен үндессе де, жоғарыдағы жолдар қыбын тауып қатал сүзгіден өтіп, заманында оқырман жүрегіне жеткені үлкен жеңіс деп ұғу керек.

Осы «Биіктік» өлеңі марқұм, тұлғасымен өзі де Махамбет ақынды елестетіп, рухын арқалап өткен марқұм Асқар Харесов ағамыз ерекше бағалап, әр сәт сайын ақын інісін көтермелеп, тіпті Атырау теларнасында арнайы онымен кездесу де ұйымдастырғаны есімізде. Әрдайым жалындап жүретіндей көрінетін Асакең сол кездесуде «Биіктікті» бірнеше рет авторға орындатып, оның әр сәтіне түсінік беріп, әр қатысушының санасына сіңіріп, қолдап отырған өзіне ғана тән шыншыл болмысы, қуанышты да жігерлі шағы қандай ыстық еді, шіркін.

Тіпті Табылды бұл өлеңді егер, басқа кезеңде жазса, осы бояуынан айырылып қалар ма еді деп қорқамын. Ақын шығармашылығының төлқұжатына айналған бұл «Биіктіктен» соң-ақ бүгінде жастар реті келсін, келмесін түрлі аспаппен орындап жүрген сан өлеңдерінің де тұсауы кесілгенде, оған аталған жауһар туынды жолашар болғандай көрінеді де тұрады.

Дендер жеріне бір келгенде «осындай қиқа-жиқа үйлер, ор мен жыралардың арасынан да шын ақын туады екен ғой» деп еркелеткен ағасы Светқали (Айтман) Нұржанмен жолдастығы, сыйластығы, оның «Сәйгүлік» өлеңіне ән жазуы да олардың арасындағы тектік, рухтық бірлікті аңғартады.

Әр уақыт өз шығармашылығына көздің қарашығындай ұқыпты қарап, әр кез сайын шынайы ізденіс танытып отыруы ақынның өсуіне де қапысыз жол аша түсті. Ақын тағдыры күрделі болған сайын, оның мұңы мен шабыты да шынайы бола түседі. Жасандылыққа жол бермейді. Оның нағыз қазақи көңіл мен табиғат, дәстүрдің біртұтастығын суретке салғандай әспеттеген:       

            «Қамшысының өрімі-сегіз өрім,

            Қалқасының еріні – нағыз ерін.

             Қобызының мұң зары-құс қондырған,

             Ұлы түгел қыздары дұшпан қырған.

            Періштеге айналып сайтаны да,

            Озып келген бәйгеден байталы да.

            Серісінің ерлігі анық дастан-

            Сүйген қызын сұрамай алып қашқан.

            Залымдары мыңғыртып түйе айдаған,

            Дарындары-бақаймен күй ойнаған.

            Ерлері бар жауларын жапыратын,

            Тентектерінің өзі батыр-ақын,- деген көңілге қонып, жүрекке туған жер мен елге деген сүйіспеншілікті оятатын әр кез беу дегізетін үйлесімдер шабытқа шабыт қосады.

Бұл жерде ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Жұмекен Нәжімеденовтың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғаған жерлес ғалым Қадір Жүсіп ағамыздың монографиясындағы мына жолдар еске түседі: «Жұмекен лирикасында азаматтық әуеннің басымдығы көрінеді. Еңбек, соғыс пен бейбітшілік, туған жер, махаббат, табиғат, бала-перзент, өмір философиясы, өнер-басты жүйе-тамырлар. Бұларды жеке-жеке жіліктеп алып, ара жігін ажыратып алып кете алмаймыз. Бір-бірімен шырмауықтай байланысып, табиғаттасып, гармониялық бітіскен туындыларда алуан мәселенің басы адам сезіміне шым-шымдап әсер етеді. Ақынның лирикалық кейіпкері өмірге парасаттылықпен барлай, бақылай, салмақтай қарайтын, оған баға бере, заманды жан-жүрегімен түсіне білетін азамат.

Лирикалық кейіпкер өмірдің қайшылыққа толы, тартысты күрделі үрдіс екенін ұғынған. Қай мәселе қалай толғанса да, оқырманның сезім пернесін дәл басып, оның өмірге деген көзқарасына әсер етеді. Ақынның әр өлеңі оқырманның «Көкірек көзін» ашады»,-деген жолдар болмаса да ұқсап баққан Табылдының шығармашығымен жақын танысқан жанға өзектес, тамырлас екендігін ұқтыра түседі.

Дегенмен де осы үйлесім мен тереңде жатқан рухтың дәні жас та алғыр ақынға туған топырақтан, тектіліктен, туа біткен талант, көнекөз, көкірегі тұнған шежіре ата-ана, бауырлары, тәрбие көрген, үлгі тұтқан дос-жолдас, ортасынан әуел бастан-ақ кірпіш болып қаланып, алға бастырған, ең ақыры шығармашылығының ел жадына қонып, қалың әлеуметтің сүйіспеншілігіне бөленуіне алып келгенін де естен шығаруға болмайды. Осы ретте еске түседі:

            Жалғыз ұлды, боп кеткен астаналық,

            Күте-күте барады шаш ағарып.

            Күйбең тірлік кешеді кемпір мен шал,

            Қазақы үйді баяғы баспана ғып.

            «Көздіқара» тұсында бір ін барын,

            Қасқа қойдың қасқырға жарылғанын,

            Қызыл қашар қысыр қап қойғанын да-

            Қара бала сезбеді бұның бәрін,- деп оның «Әке мен шеше» деген өлеңін оқыған сайын, Нағима апам өмірден өткен соң ұлының салып берген қос қабат үйдің зәбелінде жалғыздан жалғыз торығып отырған кеудесі көк күмбез, мейірімді көздері жасаурай нұр төгіп тұратын Аяш жездем көз алдыма  келеді…

Келе қалғанымда балдыз деп жып-жылы әзіл айтып отырушы еді, бұрындары. Осы жолы әлгі жоғалған қашар мен көрінбей кеткен ұлдың соңында мұңайып қалған, тауқыметтің де бәрін көріп, бастан кешкен, әбден шаршаған қарт отыратын алдымда. Қайран пәк көңіл жезде, топырағың торқа, жаның жаннатта болғай… «Өмірдің басы қуаныш, соңы қайғы» деген осы ғой…Атақты Мұқағали ақынның Төлеген Айбергеновке арнауындағы:

            «Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның

            Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.

            Торғай өлең-шырылдап бара жатты,

            Аузында ажал деген сұрапылдың»,-деп қанжылай тұрып оқыған өлеңіндегі «Бармаңдар ақынды жұрт жерлегенде» деп жар салған ескертуін де ескермей, сонау 2010 жылғы қазанда жазған басымызға Табылды ініміздің отбасындағы қаралы сәтте болуды жазды.  Қайтеміз, маңдайға жазғанға көндік, қайғырдық.

Жан-жаққа хабарлап, қаралы жиында Қанағат марқұм, өнерпаздар Бақберген мен Бақыт Жайымова болып өлеңдерінің оқылып тұруын ұйымдастырдық. Өмірбаяндарын жан-жаққа жолдап, аудан басшылығына хабарлап, комиссия құрылуының басы-қасында болдық.

Содан жұмысқа келіп, екі көзіміз жасқа тола отырып, өзімізше қаралы жиынның жайын жазуға отырдық. «Ақындардың туған күні бар да, өлген күні жоқ» дейді. Шынында да Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одақтарының мүшесі, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, алты алаш өнерімен түгел тани бастаған, 45 жыл жер үстінде өмір сүрген бард ақын, сазгер, орындаушы Табылды Досымов өмірден өткенде осы сөздің мәнін терең ұққандай болдық.

Осы аптаның дүйсенбі күні Қазақстанға белгілі азамат, өнер дүлдүлі, жазушы-журналист Табылды Аяшұлын мәңгілік жер құндағына тапсыруға арналған азалы бас қосу болды. Оны аудан әкімінің орынбасары, аудандық комиссияның төрағасы Әлифолла Балахметов қысқаша қазанамалық қайғыру, жұбату сөздерімен ашып, жан-жақтан келген жеделхаттар мәтінімен таныстырды. Оның ішінде Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Иманғали Тасмағамбетов және Орал, Маңғыстау, Атырау әкімшіліктерінен, тағы да басқа Алашқа белгілі тұлғалардан келген көңіл айтулар болды.

Мұнан соң Табылдымен жас кезінен бірге өсіп, бір кілемде күресіп, есейгенде де еншісін бөлмей егіз қалыпта жүрген Талғат Досан егіле тұрып, досының ғұмырнамасын оқыды. Одан облыстық мәдениет қызметкерлері атынан сала басшысы Бақыт Иманғалиев, Жазушылар одағының облыстық бөлімінің басшысы Қойшығұл Жылқышиев, алматылық, танымал журналист-жазушы, курстасы Жұмабай Құлиев, ақын Лена Әбдіхалықова, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Губайдуллин, Ақ Жайық ауданынан келген ақын Сағынтай Бисенғалиев сөйледі.

Ақын Табылды Досымовтың ақырғы сапарға шығаруға арналған қаралы жиын жабылған соң да оның өлеңдерінің аурасы ұясынан қашықтағысы келмей шырылдаған қарлығаштай әуеде қалқып тұрып алды. «Қош, қош аяулы ұлы, қазанат ақын! Иманың жолдас болсын!» деген сөздер жазылған бұл қаралы жиын жайлы шағын хабар түрлі себептермен ақыры газетте жарияланбай қалды… Жақында 15 жылдан кейін жеке қордан табылған бұл естелік те ел жадына жете берсін деген ниетпен еске оралтып отырмыз.

Таулар алыстаған сайын биіктей береді деген рас сөз ғой. Сенің Табылды інім, бұл 60-ыңнан, жарқылдап жүрген бәрінен де өзіңмен бірге тойлаған 40 жасың жақсы еді. Лайымда «Биіктік» әпсанасымен жеткен оқырманыңның сүйіспеншілігі еш бәсеңдемесін, артының қайырын берсін, ұрпағың мен олардың анасы, жарың Қарлығаш аман болсын!

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау облысы, Индербор кенті