Әріптеске құрмет

Қасиетті Дендер топырағындағы баспасөз шежіресіне енген тұлғалардың бірі, журналистік еңбек жолын сонау 1965 жылы бастаған қаламгер Кеңес Сахиұлының 85 жылдығы аудандық деңгейде атап өтілді.

Шүкір, «Алматыдағы жазушыдан, ауылдағы журналист артық» дейтін қарапайым тәмсілге салсақ, Кеңес ағамыздың бүкіл шығармашылық жолы, қаламгер болып қалыптасуы жерлестерінің көз алдында, өзінің туған топырағында өтті. Осында еңбек етіп, Қазақ мемлекеттік университетінен жоғары білім алып, журналистік білігін үзбестен шыңдап, ортасына ақын танылып, бірнеше кітабын жарыққа шығарды.

Сондықтан да жас журналистің жайлауда жүріп, төрт түлікті баққан малшы-шопан мен пішенші-мехнизаторларын, көкөніс пен жоңышқа өсірген егінші, сүт бұлағын ағызған балбармақ  сауыншылар туралы қалам тербеп, олардың адал еңбектерін жария етіп, алғыстарын алған шақтары да аз болған жоқ. Малшы демекші, сонау жылдары кең жайлау төрінде өтетін талай шопандар тойларында, бірнеше кеңшардың абыройын асқақтап, айтыстарға түскен кездері бүгінде алыстап кетсе де, жерлестері осындай үлкен мерейтойы кезінде еске алып, көңілдері бір көтергені тағы бар.

Кеңес ағаның сол социалистік дәуірдің айтыскерлері танылған Кенжеғали Қайып, Мәжит Мұхтаров, Мұрат Қазиханов, Сансызбай Базарбаев, Ибрайым Жәкиев, Абдолла Құсайынов, Оңай Мырзағалиева, тағыда басқа көркемсөз шеберлерімен, тіпті өзімен бірге редакциядағы әріптестермен де айтысқа түскен сәттерін бейнелейтін ескі суреттерді көріп, бүгінде таң-тамаша қалып жатамыз.

Өзі бозбала шағында Жамбыл атындағы кеңшарда шопанның көмекшісі, кейін тракторшы, дизелист-моторист бола жүріп, сол жылдары-ақ:

            Күлімдеп күннің көзі көктем келді,

            Жылы жел қатты қарға өктем келді.

            Сай-сала суға толып, құстар жүзіп,

            Шаршадық таба алмай өткелдерді, — деп жазған «Шопан көктемі» өлеңінің астарынан біз 21 жастағы балаң жігіттің шынайы көңілін ұққандаймыз. Оны өзі іні санайтын, алғашқы өлең шумақтарын ағасына еліктеп жазған талантты ақын інісі Қойшығұл Жылқышиевтің өзі ұстазы санап, талай ортада құрмет көрсеткенін де білеміз.

«Дала төсі гүлденді,

Жайқалады жас құрақ.

 Тоты сайрап түрленді,

Үн қосады тас бұлақ.

Тау бөктерлеп қыз шопан,

 Шырқатады жақсы әнді.

 Қыздың әнін ұнатам,

Ұнатам қой баққанды», -деген жолдар да сол шопандық өмірге тән шындықтың куәсі емес пе?!

            «Ертемен жас жігіт,

            Тракторын «әндетті».

            Алға сүйреп жақсы үміт,

            Самал таңға жан бітті»,-деп жастық шағында талай-талай жырлаған Кеңақаң есейген шағында да қаламнан қол үзбей, көркемдей ой өріп, өлең де шығарды, талай көлемді-көлемді репортаж, суреттеме, очерктерді де жазды.

Дастандарды да төгілтті. Сөйтіп жүріп, «Дендер» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің аудандардағы меншікті тілшісі болып біраз міндеттерді абыройлы атқарды.

Азаматтың аудан баспасөзін алға бастырудағы ерен еңбегін айғақтайтын мәдениет үйінде ұйымдастырылған шағын көрмеге бірнеше кітаптары мен марапаттар, сарғайған суреттері қойылып, оған үнсіз үңілгендердің өзі біраз сырды ұққаны анық. Көрмені аудандық кітапхана қызметкерлері таныстырса, аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин аудан басшысы атынан мерейгерді құттықтап, иығына шапан жапты. Ал тәжірибелі баспагер, қаламгердің жұбайы Төлеу Ербөлекқызының иығына қазақи әдеппен камзол жауып, гүл шоқтарын ұсынды.

Қаламдас інілері – бас редактор Жанай Амантурлин мен облыстық «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің бөлім басшысы Қаршыға Көшеков, «Қазақстанның  Құрметті журналисі» Сүйеу Халықов та игі тілектерін жеткізіп, марапаттарын ұсынды.

Осы ортада «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Нұрболат Елеусіновтың құттықтау хаты да табысталды. Ардагерді ардақтауға арналған шара «халықтық» атағы бар Е.Домбаев атындағы халық театры өнерпаздарының Кеңес Сахидің  «Оян, Аян» туындысы бойынша қойылған шағын көрініспен ашылып, өнерпаздар Еркін Әубекеров, Нағиым Сатимов, Әлия Кенжеахметова әннен тарту жасады.

Кеш соңында мерейтой иесі Кеңес Сахи сахнаға көтеріліп, «Өмір, ой-сана даму үстінде. Бізге дейін айтылмаған ой, жазылмаған өлең, пәлсапа қалмаған шығар, сірә. Әңгіме, оны дәуір тынысына сай жаңарта, жаңғырта білуде. Менің шығармаларым да осындай үрдіс сақталса, онда мен туған жерім мен халқымның бір бөлшегі екенімді шын сезінгенім»,- дей келе өз басынан өткен естеліктерін де ортаға салды. Соның бірі 1985 жылы сонау Мәскеудің төрінде кәсіподақ қызметкерлерінің бір айлық оқуында жүргенінде бастан өткерген оқиғасы екен.

Жалынды 45 жастағы кезі ғой, Кеңақаң әр ұлттың өкілдері сахнаға көтеріліп, орыс тілінде өлең айтып, би-билеп жатқанда намыстанып кетіп, қазақша Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арнап «Жеңіс туралы ода» атты өлеңін мәнерлеп оқып беріп, баршасын таң-тамаша қалдырып, ду қол соққызыпты.

Сөйтіп, келесі күні өткен шараның қорытындысы шыққанда қазақ жігітінің асқақ көңілмен шабыттана өлең оқып тұрған суреті көпшілікке таратылып, мәртебесі, соның ішінде өз тілінің құдіретін өзгелерге ұқтырғандай көңілі бір көтерілген екен.

Иә, адам өмірі адаммен, жақсы кездесулерден, жарқын пейіл, өзара сыйластықтардан тұрады ғой. Ел ісіне белсене араласа жүріп, Төлеу апа екеуі ұрпақ сүйіп, оларға ұлағат дарытып, өздері де сыйлы болып, өзгелерді сыйлатып жүрген қос ардагерге көпшілік ризашылықтарын білдіріп, шара соңында алғыстарын айтып жатты.

            Жан емес еңбек десе ерінетін,

             Әуелден дос-жолдасқа  кең ниетің.

             Болғанмен сыртың қара, ішің ақ,

            Жүрегің аузын ашса көрінетін,- деген арнаулардың хас шеберіндей төгілтетін Кеңес ағамыздың есте қалған өлеңдерінің жолдарын өзіне бағыштай біз де мерейлі 85-іңіз құтты болсын деп тарастық.

С. Бисенов,

Атырау облысы,

Индербор кенті