Кеңес үкіметінің Қазақстанда XX ғасырдың 30-шы жылдары ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүргізген саясаты көшпелілікке негізделген қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін үлкен дағдарысқа ұшыратты. Орталықтың жаппай ұжымдастыру саясатын қарқынды жүзеге асыру үшін Қазақ өлкелік партия комитеті көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруашылықтарын отырықшыландыруды қолға алды. Бұл мәселе 1929 жылы қарашада өткен Өлкелік партия комитеті бюросында және одан кейін желтоқсан пленумында талқыланды.
Өлкелік партия комитеті бюросының қаулысында отырықшыландырудың басты мақсаттарының бірі көшпелі қазақ халқының өзіне ғана тән тұрмыс-тіршілігін, өмірлік кәсіби икем дағдылары мен салт-дәстүрлерін өзгерту екендігі ашық айтылды. Өлке басшылығы бұл шараға таптық сипат бере отырып, оны жүзеге асыруға тежеуші фактор ретінде қазақ байлары мен игі жақсыларын жоюға бар күштерін салды.
1917 жылы қазан төңкерісі жүзеге асырылғаннан кейін 1920 жылға дейін Гурьев уезі 17 қазақ, 1 орыс (Жилая Коса) болысынан, 5 казак станицасынан және 3 теңіз жағалауындағы кенттерден (Жилая Коса, Ракуша, Прорва) құралды. 2. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің мәліметі бойынша уезде 19 кент, 18 болыс және оларға қарасты 177 ауыл болған. Жайық өзенінің қос жағалауында орналасқан, негізінен орыс ұлтының өкілдері өмір сүрген Жаманқала, Бақсай, Карманов, Кулагино, Харкин, Горы, Гребенщик, Өрлік, Зеленый, Топайлы, Сарайшық, Кандаур, Редут, Сорочинка, теңіз жағасындағы Жилая Коса, Прорва, Ракуша кенттерін кеңес үкіметі сақтап қалды.
1920 жылы Гурьев уезі құрамында Гурьев, Сарайшық, Топайлы, Қызылқоға, Доссор, Жылой аудандары болған. Доссор ауданына Қаратөбе, Былан, Қарабайлы, Ақбас, Ембі болыстары мен Доссор, Ескене кәсіпшіліктері қараған. Ал көшпелі қазақтардың басым көпшілігі мекендеген болыстар мен ауылдар 1928 жылдан бастап отырықшыландыру саясатының кесірінен жойылып, тарих сахнасынан кетті. Болыстардың бірқатары ғана өздерінің аттарын сақтап қалды. Есбол, Қарабау, Қызылқоға Тайсойған, Жылыой болыстары кеңес үкіметі құрған аудандар мен ауыл кеңестерінің орталықтарына айналса, олардан басқа Сімбірті, Ақбас, Ақжал, Бестөбе, Былан, Жаршық, Жем, Жем-Атырау, Қарабайлы, Қаратөбе, Қарашағыр және басқа болыстардың аттары мүлдем жойылды да тұрғындары үкімет пәрменімен отырықшылыққа көшіріліп, жаңадан құрылған колхоздарға кірді.
Атырау облыстық мемлекеттік архивіндегі «Гурьев округінде уезд бөлімдері мен болыстардың атқару комитеттерін жою шаралары» атты құжатта объективті жағдайлар мен техникалық қажеттілікке сай болыстарды үш санатқа бөліп жою жоспарланған. 1-санатқа жататын болыстарға отырықшы және жартылай отырықшы жұртшылықтан тұратын болыстарды түбінде аудан орталықтарына айналдыру көзделген. Олар: Жылыой, Қызылқоға, Есбол, Новобогат болыстары болды. 2-санатқа орталықта тұрмайтын жартылай көшпелі Саркөл, Сартөбе, Сокол, Ембі-Атырау жұртшылығы жоспарланған. 3- категорияға көшпелілерден тұратын Қаракөл, Жымпиты уезінен ауысқан Ракөш, Ақтал болыстарын жатқызған.
Республиканың Орталық мемлекеттік архиві мен облыстық мемлекеттік архивінде Нарын құмында орналасқан басым көпшілігі Байұлы рулары мекендеген ауылдардың сол кезеңде қандай әкімшілік басқару жүйесінде болғандығы жөнінде ешқандай мәліметтер сақталмаған. Нарын құмының Себектер мекендеген Тума, Қаратоқайлар мекендеген Мәмбет, Құлкештер мекендеген Орпа, Жайықтар мекендеген Айбас, Бегістер мекендеген Қаңбақты, Жаппастар мекендеген Кетешағыл, Адайлар мекендеген Мыңтөбе, Забурын, Тұщықұдық және басқа елді мекендерде өмір сүріп, жаз жайлауы, қыс қыстауы болған жұртшылықты бір күнде отырықшылыққа көшіреміз деген кеңестік әміршілдік, әкімшілдік шаралар халыққа көп қиыншылықтар әкелді.
Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде қазақ ауылдарының бірқатарын Жайық бойында орналасқан казак-орыстардың хуторлары мен станицаларына жақындатып, оларды күштеп отырықшыландыру шараларымен бірге күштеп ұжымдастыру қатар жүргізілгендіктен, мұның арты үлкен трагедияларға алып келді. Мысалы, қазіргі Индер ауданынан күнбатысқа қарай орналасқан Нарын құмының бір бөлігі Мәмбет деген жерде 1801 жылдан бастап (Шығайұлы Бөкей сұлтанның 1-ші Павел патшадан алған рұқсатына байланысты) Беріш руынының өкілдері ауыл-ауыл болып тұрған. Ол кезде ауыл деп екі-үш ұрпақтан тұратын отбасылық бірлестікті атаған. Отырықшыландыру саясаты қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан осы жанұялық ауылдың тамырына балта шапты.
Атыраулық ардагер-ұстаз Ғабдоллин Қамзаның айтуынша, Кетешағыл деген жерде ұжымдастыру шаралары басталғанға дейін Алдоңғар, Талас, Аманжол, Таңатар ауылдары болған. 1906 жылы туған Едресова Мәзкураның айтуы бойынша Мәмбет құмын мекендеген Қаратоқай руының өкілдерін «енді сендер Жайықтың жағасынан егін, көкөніс, бақша өсіресіңдер»- деп, 90 шақырымдағы Мәмбет құмынан 40-жылдардың басында Зеленыйға зорлап көшірген. Мұнда оларға тұратын үйлер болмағандықтан Жайыққа жақын орналасқан сайларға апарып, жер қыстау қаздырып, сонда паналатқан. Нәтижесінде, күздің қара суығы мен қыста бұрын су болған сайларға қазып салған жер қыстауларының едендерінен су шығып кетеді де көп адам ауруға шалдығып, балалары мен ересектер қайтыс болыпты. Содан кейін бұл байғұстарды қайтадан өздері бұрын тұрған Мәмбет құмына көшіріп, өздерінің ата кәсібі болып табылатын мал бағуға қосқан. 1946 жылға дейін мұнда әуелі «Красный Октябрь» ұжымшарының, кейін «Путь Ильича» кеңшарының малшылары қоныстанған.
Өңірге белгілі ардагер Ғатих Маштаховтың «Заман сыры» атты естеліктер жинағында Мәмбет ауылының тарихынан өзі туып өскен сол жердің халқы үшін өте қолайлы қоныс болғандығы баяндалған. 30-жылдары Толыбай, Қараой құмдары тұрғындарын Жайық жағалауындағы Горы, Гребенщик ауылдарына алып келіп, Тостов, Киселев ақгвардияшыл отрядтардың құрамында кеңес үкіметіне қарсы қару алып соғысқан және сол үшін лагерлерге айдалған казак-орыстардың босаған үйлеріне тұрғызып, сол жерлерде «Кедей шаруа», «Жаңа құрылыс», Красин, С.Разин атындағы, «Бірлік күш», «Жаңа жол» кооперативтерін құрған.
Гурьев уезінде қазақтарды отырықшылыққа көшіру және ұжымдаствыру шаралы жүргізілген сол 30-шы жылдары кеңес үкіметінің әбден күш алып, коммунистік идеологияның басымдыққа ие болған кезінде жедел түрде ұйымдастырылған ТОЗ-дар мен колхоздардың аттарынан білуге болады.
Мал бағумен күнелтіп отырған көшпелі және жартылай көшпелі халықты күштеп отырықшылыққа көшіру саясаты қазақ ауылына аса қатты соққы болды. Бұл ежелден қалыптасқан шаруашылықты біржола қиратты. 1920-1930 жылдары көшпелі шаруашылық елдегі басқа аудандардың экономикасымен ауқымдаса отырып, табиғи шама-шарқын әлі де болса сарқа қойған жоқ еді. Сол кездегі индустриясы дамымаған, өндіргіш күштері әлсіз Қазақстан сияқты табиғи-географиялық ортада көшпелі мал шаруашылығы тиімді болатын. Өйткені, жайылымды мал шаруашылығы қазақтың кең байтақ даласындағы шөлді және шөлейт жерлерді тиімді әдіспен игеріп, соншама кеңістікті өзінің әлеуметтік болмысына қызмет еттіруге бейімдеп, табиғатпен сіңісіп кетудің бірден-бір тәсілі еді.
Бірақ осы дәлелдердің бәрі де ескерілмеді. Керісінше, бұған қарсы пікір айтқандардың бәрі де, егер жергілікті ұлт өкілдері болса «буржуазиялық ұлтшылдар», ал орыс ғалымдары болса «ғылымдағы ұлы державалық шовинистер» деп айыпталды. Мұндай айып тағылғандардың тағдыры қалай аяқталғаны белгілі.
Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды отырықшылыққа ауыстыру мынадай сипат алды: 1930 жылы – 87 136 қожалық, І931 жылы – 11 508, 1932 жылы – 77 674, ал 1933 жылы 242 208 қожалық отырықшылыққа көшті.
Қазақстанда ұжымдастыруды және отырықшылыққа көшіруді басқарып, байыппен іске асыра қоятын білікті мамандар да болмады. Жергілікті басқару органдарында, ауылдарда белсенділік көрсетіп, «шаш ал десе бас алатындардың» ешқандай сауаты жоқ не шала сауаттылар болатын.Ұжымдастыру науқаны отырықшылыққа көшірумен қатар жүргізілді. Казақ өлкелік партия ұйымы бұл науқанды жүргізуге 8 мың жұмысшыны тартты. Бұларға қоса республикаға әйгілі 25 мыңшылардан 1204 адам жіберілді. Олар Мәскеу, Ленинград, Харьков және басқа өнеркәсіп орталықтарынан келген, жергілікті ұлт дәстүрінен, тарихынан, тілінен ешқандай хабары жоқ адамдар еді. Бұлар ұжымдастыру мен отырықшылыққа көшіруді тек халықты бір жерге жинап қоныстандыру, барлық мал-мүлкін ортаға салдыру деп түсінді.
«Революциялық қызумен» желігіп алған отырықшылыққа көшірушілер кейбір жерлерде жүздеген шаруа қожалығын күшпен бір жерге жинастырып, орыс деревнясы үлгісімен сахарада қаз-қатар тігілген киіз үйлерден түп-түзу көшелері бар «поселкелер» жасауға кірісті. Мұнын арты малшылардың шаруа кеңістігінен, жайылымынан қол үзуіне, малға қолайлы суаты мен жем-шөбінен айырылуына әкеліп соқты.
Партияның нұсқауы бойынша мал шаруашылығымен айналысатын аудандардағы ұжымдастыру қарқыны егіншілік аймақтарымен біркелкі болуға тиіс еді. Көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы отырықшылыққа көшіру науқаны бұл жерлерде шаруаларды 100% ұжымдастырумен аяқталуға тиіс болды. Сондықтан мал өсіруші аудандар шұғыл түрде ауыл шаруашылығы артельдеріне біріктіріле бастады.
1928 жылы Атырау өңірінде де ірі байлар мен одан кейін іле-шала орташалардың малдарын кәмпескелеген соң округке кіретін аудандарда әртүрлі ұжымдық шаруашылықтар шұғыл түрде күштеп құрыла бастады. Осы ұжымдық шаруашылықтар туралы мәліметтер «Атырау (Гурьев) облысының колхоздары мен совхоздары туралы тарихи Анықтамалықтан» алынып, оқушы назарына ұсынылып отыр. Бұл анықтамалық Атырау облыстық мемлекеттік архивінің №№57, 20, 855, 194 қорларының негізінде жасақталған.
Жылыой ауданында ең алғашқы «Қызыл Ту» ауыл шаруашылығы артелі 1929 жылы Жаршық ауылдық кеңесінде құрылды. 1940 жылға дейін ауданда «Алға», «Аралтөбе», «Ақкиізтоғай», «Қара су», «Ақ тайлақ», «Қызыл тал», «Жаршық», «Жарлы қамыс», «Қоңыр көл», «Жаңа тұрмыс», «Бірлік», «Қызыл жем» тағы басқа барлығы 40 шаруашылық жұмыс істеген.
Индер ауданында бұл жылдары 23 ұсақ ауыл шаруашылығы кооперативтері ұйымдастырылған. Олардың ішінде «Кедей шаруа», «Жаңа құрылыс», «Красный Октябрь», Красин атындағы, С.Разин атындағы кооперативтер, «Бірлік күш», «Жаңа жол», «Тұңғыш бірлік» және т.б. болды. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру қазақ кедейлерін Жайық бойында орналасқан казак-орыстардың хуторлары мен станицаларына жақындатып, оларды күштеп отырықшыландыру шараларымен қатар жүргізілгендіктен, бұндай жұмыстардың арты үлкен трагедияларға алып келді. Кеңес үкіметінің бұл шаралары командалық, әкімшілік әдістермен жүргізіле отырып, толып жатқан өзгертулер мен қайта құруларды халықтың басынан кешуіне тура келді. 40-50 жылдары ауданың ұсақ ауыл шаруашылығы ұжымдары ірілендіріліп, үлкен колхоздарға айналдырылды. Нәтижесінде, ауданда «Социализм», «Коминтерн», Сталин, Жданов, Киров, Жамбыл атындағы колхоздар, «Путь к социализму», «Мәдениет», «Красный Октябрь», «Правда», «Передовик» колходары жұмыс істеді.
Жергілікті жұртшылықты отырықшылыққа зорлап көшірудің және ұжымдастырудың зардабын Бақсай (қазір Махамбет ) ауданының тұрғындары бастарынан кешірді. Осы құбылмалы кезеңге дейін Жайық бойындағы біраз ауылдар Сіберті (Симбиртинский) болыстығына қарап келген болатын. Бұл болыстық құрамында негізінен 4 ауыл–Адай, 6 ауыл–Беріш руынан және аздаған қожа-төрелер бар, барлығы 10 ауылдан құралған еді. Елде 1923 жылы азамат соғысы аяқталып, кеңес үкіметі билігі түпкілікті орнаған соң, бұрынғы уездік, болыстық құрылымдарды жаңа саясат қалауына сай қайта жасақтау іс-шаралары басталды. Яғни, әкімшілік-аумақтық бөліністі 5 буынға бөлген. Олар: орталық-губерниялық – уездік – болыстық–ауыл, селолық болып жүйеленді. Осы талаптарға сай 1923 жылдың 28-ші маусымынан бастап, алдымен болыстарды ірілендіру жүріп, Гурьев уезінде 11 болыстық қалады. Бұл шара бойынша: Гурьев, Қаратөбе, Симбиртинский болыстары қосылып – СОКОЛ болыстығы болып аталған. 1923-1924 жылдары Сокол болыстығында 18 елді мекен болып және онда 13 669 халық тұрған. Одан көп ұзамай, әкімшілік-аумақтық басқару жүйесін реформалау саясаты одан әрі өрбіп, бірнеше жобалар қайта қарастырылып, көптеген өзгерістер жүзеге асырылады. Осы өзгерістерге сай Гурьев уезінің 11 болыстығының орнына 8 болыстық, 126 ауылдық кеңестердің орнына 78 ауылдық/ кеңестер қалдыру қарастырылды.
Бірақ, күн көрістері мал шаруашылығына байланысты, көшпелі қоңыр тіршіліктегі қарпайым қара шаруа ауыл тұрғындары, елді мекендерінің алдағы құрылымына жайбарақат қарай алмай Уез бен болыстықтан келген уәкілдерге қарсылықтарын білдірген. Тіпті, болыстықтың сайлау жөнінде келген өкілетті уәкіліне, шаруашылықтарды бір-біріне қосып ірілендіру үшін де аймақтың барлық жағдайына жан-жақты қарау керектігін де құлақ қағыс қылған.
Алайда, жергілікті тұрғындар бұндай алып-қосу шараларының негізгі шаруашылықтарына келіспейтінін айтып, қанша қарсы болса да, кеңестік билік өз шешімдерін жүзеге асырды. Тіпті, осы жолда не бір астамшылық әрекеттерге де барғандарын, бұл күнде архив құжаттары айқындап отыр.
Исатай ауданы бұрын Гурьев округінің құрамында 1928 жылы 17 қаңтарда құрылған Новобогат ауданы деген атпен белгілі болды. 1939 жылы ауданда 26 ауыл шаруашылығы серіктестігі және балық аулайтын төрт артель болған. 1940 жылы олардың саны 34-ке жетті. 1950 жылдан бастап үкіметтің нұсқауына сәйкес ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бір-бірімен бірігіп, ірілендіріле бастады. Соның нәтижесінде «Забурын», Чапаев атындағы асыл тұқымды қой өсіретін колхоздар пайда болды. 1954 жылы бұлардан бөлек Ворошилов, Махамбет, Ленин, Фурманов, Новобогат атындағы және т.б. колхоздар құрылды. Бұл колхоздарда еңбек еткен колхозшылардың жеке бастарының ешқандай құқылары болған жоқ.
Колхоздың да, колхозшылардың қандай да саяси, әлеуметтік құқыдан жұрдай болғандығын, сол кездегі олардың атауларынан-ақ көруге болатынды. Оларға ешқандай еңбекақы төленбегендіктен колхозшылар ақшаның не екенін білген жоқ, еңбек ақы еңбеккүн түрінде төленді. Осы колхоздардың негізінде 1957 жылдан бастап «Новобогат», «Забурын» және Чапаев атындағы совхоздар құрылып, оларда еңбек еткен бұрынғы колхозшылардың әлеуметтік жағдайлары жақсара бастады. Шаруашылық жұмысшыларына азаматтығын айқындайтын төлқұжат беріліп, еңбекақыларына ақшалай жалақы төлене бастады. Бұл жағдай 1953 жылы Сталин қайтыс болып, билік басына Н.С.Хрущев келгеннен кейін қалыптасқан-ды. Бұл – халықтың аузы аққа толықтай жарымаса да нан мен ет дастархан мәзірін толықтыра бастаған кез болатын. Ол кезде біз бала болсақ та, осылардың шет жағасын көре қалдық. 500 бас малды бағып отырып, ең болмаса ауырып өлейін деп жатқан қойды сойып, аш отырған малшыға тамағына пайдалануға рұқсат бермегенін қалай түсіндіруге болатын еді сол кездегі биліктің? Соғыстан кейінгі жылдарда өмір сүрген халықтың аузының аққа жарымағандығын, Атырау облысын он жылдың үстінде басқарған көрнекті мемлекет қайраткері О.Көшеков өзінің «Ер қадірі – еңбекте» атты естелік кітабында өте тамаша суреттеген болатын.
Қызылқоға ауданы 1928 жылы 17 қаңтарда Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен орталығы Қызылқоға ауылы болып құрылғанда аудан құрамында 30-ға жуық ауыл шаруашылығы ұжымдары болған. Басында ТОЖ болып кейін ұжымшарларға айналдырылды. БірақҚызылқоғада ТОЗ-дар құру және жұртшылықты отырықшылыққа көшіру кезінде билік асыра сілтеумен, әділетсіздікпен айналысқан. Оның дәлелі, 1928 жылы 27 тамызда Қазақстан үкіметінің аса ірі байларды тәркілеу туралы «Бай шаруашылығы мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті бойынша тәркіленуге және өзге өңірлерге жер аударуға жататын ірі байларды 1-ші және 2-ші санаттарға бөлген. 1-ші санатқа ірі қара малдарының саны 400-ден асатын байлар жатқызылса, 2-ші санатқа ірі қара малдарының саны 300-ден асатын байлар жатқызылған.
Ал Қызылқоға өңірінде 1928 жылы тәркілеуге ұшыраған 22 байдың тек төртеуінің ғана, яғни 700 қойы, 250 жылқысы, 100 түйесі, 150 ірі қарасы бар Дүйсалиевтің, 100 қойы, 200 жуық ірі қарасы, 100 жылқысы, 60-70 түйесі және 10 батырағы бар Кенесаевтың, 1200 қойы, 40 жылқысы, 30 түйесі, 150 бас ірі қарасы бар Меңдалиевтің, 1800 қойы, 60 түйесі, 40 жылқысы, 200 бас ірі қарасы бар Жұмабаевтың ғана декретке байланысты 1-2 санатқа сәйкестігін, қалған 18 ауқатты адамның ірі байларға жатпаса да, бәрібір оларды патшалық кезеңдегі жұмысы және Алашорда үкіметіне қызмет еткендері үшін «қара тізімге» енгізіп, азды-көпті малдарын тартып алып, ортаға салған. Қызылқоға өңірінде ірі байлардың малдарын тәркілеуге байланысты архивте жоқ мәліметтер ұрпақтардың айтуымен жазып алынды.
Кезінде еліне, жұртына қайырымды да қамқор байлардың бірі Адай руының өкілі 1835-1917 жылдары өмір сүрген Оразалы Есенұлы әулетінің тағдыры туралы сол кісінің бесінші ұрпағы Атырау университетінің аға оқытушысы Жамбауылова Гүлмирадан төмендегі мәліметтер жазып алынды: Оразалы Есенұлы 1895 жылы Кіші қажылыққа, 1900 жылы Үлкен Қажылыққа барған Қызылқоға өңіріне белгілі пірадар адам болыпты. Сағыз, Мұқыр, Кенбай, Қоңыраулы бойын жайлаған, елге қамқор, қолы ашық, жомарт жан ретінде бүкіл Маңқыстау, Жылыой, Қызылқоға өңірлеріне танымал адам деседі. Мұқыр ауылы маңында Жаңасуда құдық қаздырып, елді сумен қамтамасыз еткен. Бұл құдықтан күні бүгінге дейін ел суын ішкен. Әйелі Тәжі сұлуға салдыртқан бейіті – Қазақстан мәдени ескерткіштерінің қатарында, мемлекеттік қорғауға алынған. Бір жылдары бес теңгелік тиын ақшаның бетіне Тәжі сұлу мавзолейі бейнеленді. Оразалының бейіті – Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылының күншығысында «Ұшқан әулие» қорымында.
Оразалы қажының мұрагері Саптаяқ Оразалыұлы 1860 жылы дүниеге келді. 1918 жылы Қоңыраулыда әкесіне үлкен ас бергенде 600 үй тігіліп, ат бәйгесі ұйымдастырылғаны өз алдына, сол өңірдің кедей-кепшіктері мен жарлы-жақыбайларына 20 мың сом Керенский ақшасы үлестіріліпті. Оразалыұлы Саптаяқ 1928 жылы конфискацияға ілігіп, оның меншігіндегі он мың койы, үш мың жылқысы және мың түйесінен Қызылқоға ауданындағы Бірлік, Алғабас колхоздары құрылған көрінеді. Саптаяқты Гурьев түрмесінде тергеп, інісі Кемпірбай екеуін Актөбедегі түрмеге айдаған жолда екеуін ешқандай тергеусіз, соттың шешімінсіз атып өлтіріп, бір жыраға жүздерін жасыра салған. Бейіті жоқ.
Саптаяқұлы Шам 1901 жылы дуниеге келген. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кеткен. Шамұлы Сәлімгерей Саптаяқов 1940-1986 жылдары өмір сүрген. Индер ауданы, Амангелді совхозында еңбек етіп, 1963 жылы «Құрмет белгісі», 1966 жылы Ленин ордендерімен наградталған атақты шопан болатын.
Қызылқоға ауданына қатысты арабша жазылған құжаттарды қазіргі мемлекеттік тілге аударудың нәтижесінде анықталғандай, 1928 жылдың 17 қыркүйегінде ірі байларды тәркілеу мәселесін қараған аудандық ұйымдастыру бюросының отырысы өткізіліп, оның шешімімен Науқанды ұйымдастыру үшін ауылдарға төмендегі азаматтар жіберілген:
1). 30, 32 ауылдарға Есқалиұлы, оған жәрдемшіге Иманғазыұлы, 2). 27,33,34 ауылдарға Елеубайұлы, оған жардемшіге Дәуренұлы. 3). 11, 12, 13 ауылдарға Сабырұлы, оған жәрдемшіге Женетұлы. 4). 4, 9 ауылдарға Есқараұлы, оған жәрдемшіге Құспанұлы, 5). 1, 2, 3 ауылдарға Айыршыұлы, оған жәрдемшіге Әжіғұлұлы, 6). 24, 25, 26 ауылдарға Жұмағазыұлы, оған жәрдемшіге Бақтығалиұлы, 7). 28, 29, 31 ауылдарға Сарбалаұлы. 8). 7, 8 ауылдарға Әжіғұлұлы, 9). 5, 6, 10 ауылдарға Қожаниярұлы, 10). 14, 18, 21 ауылдарға Досқарұлы, 11). 22, 23 ауылдарға Алмиетұлы, 12). 15, 19 ауылдарға Жолымтайұлы, 13). 16, 17, 20 ауылдарға Бірімұлы, оған жәрдемшіге Бисенбайұлы.
Қызылқоға ауданының жоғарыда көрсетілген ауылдарында малдарының саны көп ірі байлар аз болған. Құжатта 30-ға жуық ауыл жөнінде айтылған. Шамасы, ауылдар деп жеке үйлерді немесе екі-үш үйлерден тұратын бірлестіктерді санаған болуы керек. Соған қарамастан «шаш ал десе, бас алатын» кеңестік билік тәркілеу шараларына үлкен жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен кіріскен. Сол екі-үш үйлерден ғана тұратын ауылдарға 20 уәкілді тәркілеу шарасын жүргізу үшін аттандырыпты. Іле-шала отырықшыландыру, ұжымдастыру шараларын жүргізіп, жер арқасы қиядағы Қызылқоға ауылдарындағы шала жансар шаруашылықтарға Лениннің, Сталиннің, Калининнің аттарын беріп үлгеріпті!
1944 жылы аудан қайтадан құрылғаннан кейін шағын колхоздар ірілендіріп, 30 колхоздың орнына 9 ірі совхоз құрылды.
1928 жылы 17 қаңтарда үкіметтің қаулысымен Жаманқала ауданы құрылған кезде 18 ауыл шаруашылығы артелі болды. Көп ұзамай шағын шаруашылықтарды біріктіру және ірілендіру шараларының нәтижесінде «Ортақшыл», «Тұңғыш бірлік», «Жаңа күш», Павлов, Энгельс, Фурманов атындағы жеті колхоз құрылды. Бұл ауданда да 1957 жылдан бастап колхоздарды совхоздарға айналдыру үрдісі басталды.
Бұл жылдары Құрманғазы ауданы аумағында «Красный Октябрь», «Коллективный труд» т.б. артельдер құрылып, 1930 жылдың аяғына қарай олардың саны елуге, ал кейінірек, ұсақтарды ірілендіру шаралары басталып, 1934 жылға қарай олардың саны 34-ке жетті.
Облыстың барлық аудандарында осы кезде құрылған колхоздар атауларынан кеңес үкіметінің күшіне әбден еніп, коммунистік идеологияның ықпалының өлшеусіз шарықтағандығын Қазақстанның шалғай өлкесі – Гурьев округі аудандарында құрылған колхоздарға ғылыми коммунизмнің негізін салушылар Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин және олардың сенімді серіктері мен сыбайластары Ворошилов, Микоян, Папанин, Чапаев және басқа да алпауыттардың есімдерін беруінен көруге болады.
Қазақстанда, оның ішінде Гурьев уезінде колхоздарды құрғандағы үкіметтің мақсаты – онда еңбек еткен ешқандай құқылары жоқ адамдарды бүкіл Совет Одағының пайдасына орай сүліктей сору еді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін деректерге жүгінейік: 1928 жылдан бастап Қазақстан бүкіл Одақты және ең үлкен қала Ленинград пен Мәскеуді етпен қамтамасыз ететін аймаққа айналды. «Союзмясопродукт» мекемесі Қазақстаннан тыс жерлерге 1929 жылдың 1 қарашасынан 1930 жылдың 30 қыркүйегіне дейін бір жыл ішінде 700 мың тонна ет күштеп жөнелтілген.
Қазақстанда ет тапсыру ашаршылық апаты өрістеген жылдарда да тоқтаған жоқ. 1932 жылы Қазақстанда 898,8 мың центнер (тірі салмақ) ет дайындалса, ал 1933 жылы бұл көрсеткіш 405,5 мың центнер болған. Ет дайындау науқаны қазақ жерінде мал басын кеміту есебінен жаппай аштықты ұлғайтып, «қызылдар аштығын» әкелді.
Колхоздардың 1928 жылдан құрылған кезінен бастап, олардың барлық қызметі тек орталықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, өздері аш-жалаңаш болса да мал өнімдері салығын – етті, майды, теріні, жүнді уақытында тапсыру болды. Мысалы ет тапсырудың нормасы 45 кг-нан 65 кг-ға дейін болғандығын архив деректерінен көріп отырмыз. Ең сорақысы – малы жоқ адамдар өздеріне белгілеген нормаға сай салықты жиған-терген ақшасына сатып алуға немесе үйлеріндегі дұшпан көз дүние мүліктеріне айырбастап алып, қалай болғанда да салықты уақытында тапсыруға мәжбүрлеген. Себебі, колхозшылар еңбек күніне ақша ала алмай, тек анда-санда оларға тізіммен аздап тары үлестірген. Азды-кемді ақша тиісті болса, оны жылма-жыл облигацияға жаздырып, ұстап қалып отырған. Сондай-ақ, әрбір колхозшыға салатын салық көлемі шексіз көп болған: бір сиыры болса 30 келі ет, 2 келі сарымай, екі сиыры барға – екі есе көп. Тіпті малы жоқ жанұя да осы көлемде тапсыруға міндетті болатын. Халық арасында оны тұрба салығы деп атаған.
Көктоғай ауылының 85 жастағы тұрғыны еңбек ардагері Егінбаев Мырзақанның айтуынша, ол кезде 210 еңбеккүн таппаса, малын қасқыр жесе сотталатын болған. Ешкімге зияны жоқ, өз күнін өзі көріп жүрген Күнзира деген әйелдің үш бұзаулы сиыры колхоз жерінен шөп жеп, шөмелеге түсті деген айыппен 8 жыл сотталған көрінеді.
Талдыкөл ауылының тұратын 87 жастағы Нәсіп «Ол кезде тұрмыс өте ауыр болды. Мал бағу менің анама жүктелгендіктен, біз, балалар кішкентай болсақ та, сол кісіге қолымыздан келгенше көмектесетінбіз. Ол уақыттарда тойып тамақ ішкен адамды кездестіру қиын еді. Алдыңда колхоздың бір отар қойы болса да, оның ішінен ең болмаса бір ұсақ малды сойып жеуге рұқсат болмағандықтан, біздер үлкендермен бірге сай саланы кезіп, су жағасында өсіп тұрған өсімдіктердің тамырын қазып алып үйге алып келетін едік. Сол ауыр жылдары біздің жанымызды сақтап алып қалған қара судың жағасында өсетін «Әншоқай» деген шөп болды. Оның тамырын қазып алып келгеннен кейін, анамыз құммен араластырып, қазанға қуырып, әбден піскесін тазалап, сумен жуып бізге беретін еді. Анда-санда колхоз басшылығы нормамен бидай мен тарыны қадақтап үлестіретін. Менің есімде қалғаны: әбден ашыққанда анамыз бізге үйдегі малдың терісін пышақпен бірнеше бөлікке бөліп, қазанға салып пісіріп содан сорпа дайындап беріп жүрді».
Нәсіп апаның колхозшылардың жанқиярлық еңбегі туралы естелігін Тұщықұдық ауылының бұрынғы тұрғыны, еңбек ардагері Қабышев Ұзаққали ақсақал төмендегі деректермен толықтыра түсті. «Соғыс және одан кейінгі (1942-1952 ж.ж.) жылдарда ауыл халқының жағдайы аса ауыр еді. Адамдар қыста жерден қазған шөп-шеген жер үйлерде, жазда көпшілік отбасылар шалаш-күркелерде өмір сүрді. Киерге киім жетпеді, әсіресе, көп балалы отбасыларда аяқ киімге тапшылықтан балалары өз қатарымен оқи алмағаны есімде. Құм өңіріндегі халықтың негізгі күн көрісі бірді-екілі (сиыр, түйе) малдарына байланысты болды. Сиыр сүтінен ірімшік, сықпақұрт, сарысу қайнатып қыстық азығын жинайтын.Түйесі, қойы-ешкісі барлар жүнінен тоқыма тоқып, сырмақ күрте тіктіріп киім қылатын.
Құмдағы халықтың аштыққа көп ұрынбауына шағылды құмда өсетін құмаршық шөбінің дәні – табиғат Ананың бұйыртқан ырысы болғанын ұмытпауға тиістіміз. Сол құмаршықты адамдар қостанып шағыл қуалап жүріп, таласа-тармаса қаптап жинап алатын. Бұл бір бейнеті көп жұмыс болса да әрі нан, әрі көже–құнары күшті азық болды.
Сол бір ауыр жылдарда ауыл халқын ашықтырмаудың қамын жасау басшылардың да басты міндеттерінің бірі болды. Боқсақ өзегінің бойына тары екті. Алынған өнім мұқтаж отбасыларға тізіммен үлестірілетін-ді. «Шықпа жаным шықпа» деп күнкөріс ауыртпалығын көтеруге мәжбүр болған халықты үкімет тарапынан әр отбасына түрлі алым-салықтар: ет, жүн, сарымай жинап тапсыру міндеттелетін. Осы орайда әр айдың аяғына қарай колхоздың май жинаушы агенті Түсіпқалиев Сисенғали ағалардың түйелеріне артқан бидондарына әр үйден жиналған жетілік бөтелкедегі сарымайдан аударып жатқаны көзге елестейді.
Бұдан бөлек, Үкімет ауыл тұрғындарын колхозшы-шаруаларды есептегі малының санына қарай 3 проценттік облигация түрінде займ (қарыз) алуға мәжбүрлеп, оның өтемі жыл сайын ойналатын ұтыс тиражымен өтелетінін сендіріп бақты. Есімде қалғаны: бұрынғы К. Маркс колхозының малды мүшесі Ибрашев Машай қарттың өзі барында жүз мыңдап алған заим-облигациясынан не өзінің, не артында қалған балаларының ұтыс алып, қарық болғанын естімеппіз».
Осыған орай тарихшы ретінде өз пікірімді білдіргім келеді. Кеңес дәуірінде тарих оқулықтарының биліктің ыңғайына қарай бұрмаланып жазылып, мектептерде, жоғары оқу орындарында жас ұрпақты оқыту үшін пайдаланылғандығы белгілі. Біз оқыған СССР тарихы оқулықтарында Ресейдегі крепостной шаруалардың ауыр тұрмысы түрлі-түрлі бұлтартпас дәлелдермен біздің санамызға сіңірілген еді. Ал кеңес үкіметінің өзінің халқына істеген жәбірі мен озбырлығын қайда жібереміз? Біздің колхозшылардың көрген қиыншылығы мен үкімет тарапынан жасалған озбырлығын жер бетіндегі ешбір халық басынан кешкен емес.
Десек те, кеңес билігіне уақыт өте келе ауыл шаруашылығына байланысты реформалар жасауына тура келді. Осындай адам төзгісіз қиындықтарды бастан кеткен ауыл халқының 1954 жылға қарай тұрмыс жағдайы Үкімет тарапынан түзетуге бағыт ала бастады. Колхоздар 1957 жылға дейін жұмыс істеп, кейін оларды совхоздарға амалсыздан айналдыруға үкіметке тура келген. Себебі, халықты мәңгі бақи құлдыққа ұстап тұрудың мүмкін еместігін Никита Хрущев бастаған мемлекет басшылары жақсы түсінді. Соғыстан кейінгі жылдары колхоздардан әуелі бірлі-жарым адамдар, кейін ондап, жүздеп Гурьевке қашып, ешқандай құжаттары болмағандықтан таптырмай кетіп жатты. Мысалы, 1950 жылдардың басында қазіргі Құрманғазы ауданы аумағында 1938 жылы күштеп көшірілген корейлерден құрылған Лазо атындағы колхоздың тұрғындары 1951 жылы бір түнде жан-жаққа қашып жоқ болған. Олардың басым көпшілігі Гурьевке келіп, осындағы тұрғындардың арасына сіңіп араласып кеткен.
Колхозшылардың адам айтқысыз ауыр тұрмысы елден шыққан батыл, өзінің халқына шын мәнісінде жаны ашитын жекелеген кейбір азаматтарды бей-жай қалдырмаған. Атыраулық еңбек ардагері Қабышев Ұзаққалимен сұхбат алудың нәтижесінде төмендегі мәліметті алудың сәті түскен еді. Құмдағы Бабан ауылының тумасы ол кезеңде соғысқа қатынасқан жоғары шенді офицер Ғабдолмажит Сабыралиев (1925-2016 жж.) деген азамат Прибалтикада әскери қызметте жүріп, демалысқа келгенде ауылдағы колхозшылардың жанқиярлық еңбегіне татырлық табысының жоқ екендігін, мал шаруашылығы жағдайының адам төзгісіз қиындығын, ауылдағы нашар тұрмыс пен аш-жалаңаштықты, колхоз мүшелеріне салынатын салықтың ауырлығы туралы (1954 ж.) большевиктер партиясының сол кездегі белгілі қайраткерлерінің бірі, Үкімет төрағасының орынбасары, колхоздар істері жөніндегі Одақтық кеңестің төрағасы А.А.Андреевке тәуекел етіп хат жазады. Бұл хат аяқсыз қалмай, тексеріліп облысқа тиісті жағдай туғызу жөнінде шешім алынып, әр отбасынан алынатын азық-түлік салығын қысқартуға қаулы қабылданған.
1928-1957 жылдар аралығына дейін мұнайлы өңірден орталыққа мал өнімдері – ет, май, жүн, тері тонналап жөнелтілген. Оның есебін шығару мүмкін емес. Облыс аумағында басында көрсетілген аудандарда әуелі артель, серіктестік, кейін колхоз болып құрылған шаруашылықтардың саны мен сапасы, сондай-ақ, меншік иелері осы кезең ішінде өзгеріске ұшырап отырғандығына қарамастан, бәрі бір олардың міндеті – орталыққа мал өнімдерін уақытында төлеу болып қала берді. Облыста орта есеппен 22500 түтін болады да, олар жылына әрқайсысы 45 келі ет тапсыратын болса, облыс еңбекшілерінен бір жылда үкіметтің пайдасына 1.452 500 кг ет өндірілген екен.
Біздің қолымызға тек Махамбет ауданына қарасты Сорочинка ауылы тұрғындарының ет салығын төлегендігі туралы құжаты ілікті. Бұл елді мекеннің ересек тұрғындарының саны 1938 жылы 229 адам болған, әрқайсысына 45 келі ет салығын салғандықтан олар үкіметке сол жылы 1,3 тонна ет өткізген.
Міне, өлке колхозшыларының өмірі мен тұрмысы осындай болды. Соған қарамастан ауыл шаруашылығы кеңестік кезеңде жоспарлы түрде дамыды.
Ш.НАҒИМОВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері