Съезд қарсаңында

2020 жылы Кәсіподақтар федерациясы «Бірлікте – әділдік пен дамуға» Стратегиясын қабылдады. Осы бес жылда елде, қоғамда, өзімізде көп нәрсе өзгерді. Ал қазір кезекті ХХVІІ съезд қарсаңында нәтижелермен бөлісетін кез келді. Не істеп үлгердік? Қай тұста пайдалы бола алдық? Нені шын мәнінде өзгерте алдық? Бұл жай ғана есеп емес, біздің ортақ тарихымыздың көрінісі.Қысқаша әрі нақты айтқанда, біз осы жылдар бойы мына істермен айналыстық.

Басты нәрсе — еліміздің қоғамдық және саяси өміріндегі рөлімізден бастайық. Кәсіподақтар және саясат: біз ол жерде неге бармыз? Біз ресми түрде саясаттан тыс қалсақ та, саяси үдерістің бір бөлігіне айналдық. Неліктен? Өйткені біз азаматтық қоғамның бір бөлшегіміз. Ал Конституция немесе ел бағыты өзгерсе – бұл әрбір қызметкерге әсер етеді. Сондықтан біз шетте қала алмаймыз.

✔ Біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдап, осы өзгерістерді жүзеге асыруға қатысудың маңыздылығын халыққа жеткіздік.

✔ 2022 жылы Конституцияға қатысты референдумда біз тек реформаларды қолдап қана қойған жоқпыз, сонымен қатар бақылаушылардың жұмысын ұйымдастырдық, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, халықтың не үшін дауыс беріп жатқанын ұғынуына көмектестік. Біз ақпарат бердік және әр адамның таңдауына құрметпен қарадық.

✔ Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық штабқа қатыстық, өйткені реформалар мен әділдік бағыты — еңбек етіп жүргендердің бәріне берілген мүмкіндік екенін анық көрдік.

✔ Депутаттық сайлауға қатыстық — 478 кәсіподақ кандидатын қолдадық, оның ішінде 270 өкіліміз депутат болды. Бұл – енді жұмысшылардың дауысы Парламент пен мәслихаттарда естіледі деген сөз.

✔ Мәслихаттарда «Еңбек» депутаттық топтарын құрдық, енді жұмысшылардың мүддесі жүйелі түрде еліміздің әр өңірінде қорғалады.

✔ Біз Ұлттық құрылтайда еңбеккерлердің атынан сөз сөйлейміз. Қатысып қана қоймай, нақты ұсыныстар енгіземіз: еңбек қауіпсіздігі, әділ әлеуметтік саясат, лайықты еңбек жағдайы мен лайықты жалақы.

✔ Ел бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мысалы, АЭС бойынша референдум алдында 137 000 адамды қамтыған жүздеген кездесу өткіздік. Себебі біз үшін маңыздысы – адамдардың саналы түрде таңдау жасауы. Біз қысым емес, диалогты қолдаймыз.

Көзге көрінбейтін, бірақ маңызды жұмыс

Біз еңбек заңнамасындағы жаңа нормаларды әзірлеуге қатыстық. Көп адам заң қалай қабылданатынын біле бермейді – бұл үдеріс көбіне комиссиялар мен жұмыс топтары арқылы, көп жағдайда жарнамасыз өтеді. Бірақ дәл сол жерде біз қызу талқылаулар жүргіздік, құқықтарды қорғадық, өз ұсыныстарымызды енгіздік.

Біз мемлекет пен жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті нығайттық. Бұл тек сөзбен айтылып қалмай, нақты келісімдер, бірлескен бағдарламалар мен тұрақты диалог арқылы жүзеге асты. Біз қарсы тарап емес, серіктес болуға тырысамыз – бірақ өз ұстанымымызды нақты жеткіземіз.

Қиын сәттерде бірге болдық. Пандемия кезінде дәрігерлерге, полицейлерге, қызметкерлерге және олардың отбасыларына 500 миллион теңгеден астам көмек көрсеттік. Ешкімнің бұйрығын күтпей, алдыңғы шепте жүргендерді кәсіподақтың шипажайлары мен қонақ үйлеріне орналастырдық.  Кейін 5 000-нан астам адамға оңалту шараларын ұйымдастырдық.

2024 жылы Қазақстанды су тасқыны жайлаған кезде де біз шетте қалған жоқпыз. Жүздеген отбасыға көмек берілді, зардап шеккендерге 225 миллион теңге бөлінді. Ондаған адам кәсіподақ шипажайларында денсаулығын қалпына келтірді. Бұл жайлы жаңалықтарда көп айтылмаған шығар, бірақ нақты адамдар үшін бұл – шынайы, өмірлік маңызы бар қолдау болды.    

Әрбір еңбек дауының артында – біреудің өмірі, табысы, қауіпсіздігі мен отбасының әл-ауқаты тұрады. Сондықтан да біздің міндет – мәселе туындаған кезде ғана емес, ол басталмай тұрып шешу. Яғни, біреу жұмысынан айырылып, алаңға шығуға мәжбүр болмай тұрып алдын алу.

Соңғы бес жылда біз бұл жолда табанды түрде, әр қадамымызды жүйелі жоспармен жасап, алға жылжыдық. Бүгін сенімді түрде айта аламыз: біз еңбек мәдениетін қалыптастырып жатырмыз, ондағы басты құндылықтар – өзара құрмет, қауіпсіздік және келісімге келе білу.

Ең қарапайым, бірақ маңызды деректен бастайық. 2020 жылы елімізде 75 еңбек дауы тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 68-ге дейін азайды. Оның ішінде шамамен 80%-ы ереуілсіз шешілген. Бұл – адамдар табысынан айырылмады, уайымға салынбады, олардың отбасылары зардап шеккен жоқ деген сөз.

Ал кәсіподақтар араласқан жағдайлардың 97%-ында жұмысшылардың талаптары орындалды. Бұл – қысым емес, дәлелдің, заңның және жүйелі жұмыстың нәтижесі. Біз тек салдарға әрекет етуді емес, алдын ала әсер ету тәсілін таңдадық: тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, барлық өңірлердегі үшжақты комиссиялардың жұмысына белсенді қатысу, заманауи келіссөз бен медиация тәжірибелерін енгізу, еңбек кеңестерінен бастап өңірлік еңбек тәуекелдері картасына дейін жаңа өзара іс-қимыл формаларын жүйелеу.

Есептік кезеңде Кәсіподақтар федерациясы еңбек дауларының алдын алу инфрақұрылымын құрды. Бұл нақты не дегенді білдіреді?

✔ еңбек тәуекелдерін тұрақты бақылау және болжау;

✔ құқықтық көмек тетігінің тұрақты жұмыс істеуі;

✔ құқықтық қолдау бағытындағы білім беру бағдарламалары мен жобалардың іске қосылуы;

✔ медиация институтын дамыту және келіссөз жүргізудің жаңа түрлерін енгізу;

✔ әлеуметтік әріптестермен, соның ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен әлеуметтік шиеленісті төмендету бойынша кешенді жоспар аясындағы тығыз ынтымақтастық.

Нәтижесінде кәсіподақтар бар кәсіпорындарда жалпы дау саны азайып, бейбіт жолмен реттелу үлесі артты. Бұл – алдын алу әрекеттерінің тиімділігінің нақты дәлелі әрі кәсіподақтарға деген сенімнің көрсеткіші.Біз тіпті еңбек дауларына өте сезімтал саналатын өңірлерде – мысалы, Маңғыстау облысында – «әлеуметтік тұрақтылық аймақтарын» қалыптастыра алдық.

Енді күрделі тұстарға тоқталайық. Меніңше, ұйымның шынайы күші тек жетістіктерімен емес, өзіне сыни көзбен қарап, кемшіліктерін мойындай алу қабілетімен өлшенеді.

Егер біз расымен де қоғам сенімін нығайтқымыз келсе, шындықты жасырмай айтуымыз керек: кәсіподақтардың әлсіз тұстары бар, кейбір әрекеттер қозғалыстың өзіне зиян келтіреді, ал сыртқы күштер еңбек дауларын өз мақсаттарына пайдалануға тырысады.

Кейде еңбекке қатысты наразылықтар кәсіподақ ұйымын айналып өтіп немесе оның қатысуынсыз-ақ туындайды. Жұмыс берушінің әрекеттерінен қажыған адамдар заңдық рәсімдер мен ресми талаптарды сақтамай, тікелей қарсылыққа шығып жатады.

Мұндай жағдайлар көбіне:

✔ наразылықтың заңдық негізін әлсіретеді;

✔ жұмысшыларды қысым мен ✔жазалауға бейім етеді;

✔ кәсіподақтардың ұжымдық мүддені қорғау жолындағы мүмкіндігін күрделендіре түседі.

Біз мойындаймыз: барлық жерде біздің құрылымдар алдын алу шараларын уақытылы жүзеге асыра алған жоқ. Иә, біз кәсіподақтар желісін кеңейтіп келеміз. Алайда барлық мекемелер әлі де толық қамтылмаған. Әсіресе, бұл – жекеменшік сектор мен кадр алмасуы жоғары өңірлерге қатысты.

Кейбір жағдайда кәсіподақ белсенділері, әсіресе жергілікті деңгейде, еңбек дауын реттеу рәсімдерінде бірқатар кемшіліктерге жол береді. Атап айтқанда: дау туындағаны жөнінде ресми хабарламаның болмауы; талаптарды ұсыну тәртібінің сақталмауы; шынайы есепке негізделмеген, тек жалпылама сипаттағы талаптардың қойылуы. Мұның бәрі біздің құқықтық ұстанымымызды әлсіретіп, кәсіподақты келіссөз жүргізуші емес, «арандатушы» ретінде көрсетуге негіз болып кетеді.

Кейде ұжым ішіндегі наразылық толқынында шынайы жағдаймен сәйкес келмейтін, артық үміттер қалыптасады. Талаптар нақты талдауға және кәсіпорындағы экономикалық жағдайды түсінуге негізделмей қойылады.

Иә, біз әрдайым жұмысшының мүддесін қорғаймыз. Бірақ мықты кәсіподақ – жалған үміт тудырмайтын, шынайы әрі саналы диалог жүргізе білетін ұйым. Біз ашық айтып түсіндіреміз: «Міне, осыны шын мәнінде жүзеге асыруға болады. Мына тұста ымыраға келу мүмкін. Ал бұл – босқа күрес, нәтижесіз қарсылық».

Кейбір еңбек дауларына кәсіподаққа да, еңбек қатынастарына да қатысы жоқ сыртқы күштердің араласатыны да кездеседі.

Кей жағдайда жұмыс берушілердің өзі ұжымды наразылыққа итермелеуі мүмкін. Мұндай әрекеттердің астарында:

✔ қажет тапсырыстар мен өндіріс көлемін алу;

✔ «ыңғайсыз» жұмысшылардан құтылу;

✔ бөлім басшылығын ауыстыру;

✔ өндірістегі шығынды «әлеуметтік тұрақсыздықпен» ақтап шығу секілді мақсаттар жатуы мүмкін.

Мұндай жағдайларда еңбек дауы әдейі ушықтырылады: жұмысшылардың талаптары ескерілмейді, эмоциялар әдейі қоздырылады, құжаттар бұқаралық ақпарат құралдарына таратылады. Бұл – барлық тарапқа, соның ішінде бизнестің өзіне де ауыр соққы болып тиетін — «отпен ойнау».

Біз мұндай жағдайларды мұқият бақылауда ұстаймыз және нақты ұстанымдамыз: әлеуметтік шиеленіс үшін жауапкершілік екі тарапқа да ортақ. Алайда егер бір тарап әдейі жағдайды ушықтырып, тұрақтылықты бұзуға ұмтылса – бұл енді еңбек дауы емес, бұл – ашық манипуляция.

Біз бұл қауіптердің барлығын жақсы түсінеміз және кәсіподақ көшбасшыларын оқыту жүйесін одан әрі күшейтіп келеміз.

Тек 2023–2024 жылдардың өзінде:

✔ 26 мыңнан астам жұмысшыны қамтыған 1 678 еңбек консультациясы өткізілді;

✔ 40 мыңнан аса адам қатысқан 709 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылды;

✔ Тек Маңғыстау облысының өзінде еңбек дауларының өршу қаупін азайтуға бағытталған 1000-нан астам адамға арналған 19 арнайы семинар өтті.

Кәсіподақтардың «Еңбек консультациялары» жобасы жұмысшыларға өз құқықтарын білуге ғана емес, дауды дағдарысқа жетпей тұрып дер кезінде шешуге нақты мүмкіндік берді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске қосқан «Еңбек тәуекелдерінің картасы» жобаға нақты әрекет ету құралы ретінде қызмет етуде: ол жаппай қысқарту қаупі жоғары кәсіпорындарды анықтауға және қажетті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Кәсіподақтар федерациясының ең тиімді әрі тың бастамаларының бірі – «Еңбек елшісі» институтының құрылуы болды. Бұл – бейресми еңбек медиаторлары, яғни еңбек ұжымдарында беделі жоғары, сөзіне құлақ асатын, келіссөз жүргізу машығы кәсіби ортада мойындалған тұлғалар. Олар күрделі жағдайларда, ресми рәсімдер нәтиже бермей жатқанда, сенім көпірі рөлін атқарды. «Еңбек елшілерінің» арқасында ондаған еңбек дауының алдын алып, шиеленіскен ахуалды конструктивті диалог алаңына бұру мүмкін болды.

Бұл — жай ғана ұйымдық нәтиже емес. Бұл – еңбек пен капитал арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісі. Бұл үлгінің негізінде қадір-қасиет, әділдік және жауапкершілік жатыр.

Кәсіподақтар федерациясы тек туындаған мәселелерге әрекет етумен шектеліп қалған жоқ. Сонымен қатар, еңбек дауларының себептерін жоюға бағытталған жүйелі шаралар әзірленіп, іске асырылды. Бұл бастамалардың қатарында:

✔ жалақыны міндетті түрде индекстеу туралы ұсыныстарды ілгерілету;

✔ табыстар алшақтығын қысқарту жөніндегі ұсыныстар;

✔ еңбек шарттарын азаматтық-құқықтық келісімшарттармен алмастыруға жол бермеу шаралары;

✔ мамандандырылған еңбек соттарын құру идеясы;

✔ арбитраждық рәсімдерден дауларды жедел қарауға көшу тетігі.

Аталған әрбір бастама кәсіподақтардың стратегиялық мақсатын көрсетеді – ол әділетті, алдын ала болжанатын және қорғалған еңбек ортасын қалыптастыру.

Бүгінде біз үшін ең маңыздысы – өзімізді жай ғана қорғаушы ретінде емес, заң аясында, халық мүддесі үшін және шынайы жағдайды ескере отырып жұмыс істейтін кәсіби әрі кемел институт ретінде таныта білу.

Иә, біз мінсіз емеспіз. Бірақ біз ашықпыз.

Кемшіліксіз болу міндет емес, алайда біз жыл сайын үйреніп, жетіле түсеміз. Жүйелі сипат алған еңбек даулары үшін кінәні кәсіподақтарға аударуға жол бермейміз. Бірақ қай тұста өзгеру қажет екенін мойындауға әрқашан дайынбыз.

Біз құрып жатқан болашақ кәсіподағы – әрдайым жеңіске жететін емес, қажет сәтте «тоқта, біз дұрыс бағытта емеспіз» деп айта алатын, әрі әділетті, тиімді, сындарлы диалогқа қайта оралатын ұйым.

Біз осы жолмен келеміз. Серіктестермен бірге. Сеніммен. Ең бастысы – еңбек дауы апат емес, өсудің, дамудың мүмкіндігі болуы тиіс деген берік ұстаныммен.

 Сатыбалды ДӘУЛЕТАЛИН,

                                                   ҚР Кәсіподақтар

федерациясының төрағасы