Абайдың туғанына – 180 жыл
«Ғақлиат-тасдиқат» – даналық трактат
«Абай – әлемдік ойдың алыбы» деуімізге ғылыми негіз бар. Ол – ойшылдың «Ғақлиат-тасдиқат» («Хақиқатқа жету ілімі» деген мағынаны білдіреді) трактаты. Оны көшірген молдалар қысқа түрде «Китаб Тасдиқ» («Тасдиқ кітабы») деп атап кетеді. Өкініштісі, трактат әлі күнге «38-ші қарасөз» делініп келеді. Абай қойған атауын қайтару өте маңызды, ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселеміз! Тегінде, Абайда қолжазба кітап екеу: біріншісі «Ғақлия» (қырық қара сөз жинағы) және сөз болып отырған «Тасдиқ» кітабы. Екі еңбектің айырымы үлкен. «Ғақлия» қалың елі қазағына арналған. Халқының тұрмыс-тіршілігін талқыға сала отырып, сана-сезімін оятуды, адам болмысын жан құмары және тән құмары арқылы түсіндіре отырып, ұлт мінезін түзетуді мақсат тұтқан.
«Тасдиқ» мақсаты өзгерек, алар орны да айырықша. Төменде даналық трактатты жан-жақты екшеп, тексеріп, күрделі еңбекті жұртшылыққа қарапайым тілменен түсіндіруге ниет қылдық.
«Тасдиқ» қашан, қалай жазылған?
Абайдың барлық жинақтарында қарасөздердің жазылу мерзімі «1891-1898 жылдар» делінеді. Бірақ «Тасдиқтың» жазылу мерзімі басқа, онікі – 1899-1902 жылдар. Бұлай деу жаңаша көзқарас болғандықтан байыппен тоқталайық.
1898 жыл Абай өміріне күтпеген тосын «сыйлық» әкелді. Олай болмағы, аты-шулы Мұқыр сайлауында ұлы ақынға қамшы сілтен-ді. «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Жүрегім менің – қырық жамау» деген өлеңдері осы оқиға жаңғырығы екені сөзсіз. Осы жылы пайда болған жүрек дерті – жоғары қан қысымы (гипертония) ұлы ақынды өле-өлгенше мазалағанын да айта отырайық.
Құдайдың көзі әділ, тосын оқиға ойшылға «қорытынды еңбегіңді қолға ал, оның уақыты жетті!» деп белгі бергендей әсер еткен. Сөйтіп, 1899-1902 жылдар аралығын Абай мүмкіндігінше оңашаланып (осы төрт жыл жайлы естеліктің азырақ болуы содан) өткізеді. Осы тыныштық тапқан уақыттың керемет жемісі – барлық кемел ой, іргелі ілімдері жинақталған, солардың квинтэссенциясы даналық трактаты. Оның ойшылдың басты еңбегі екені хақ.
«Тасдиқ» қалай жазылды? Енді осыған келейік. Жасы елуді еңсерген Абай нәтижесіз нәрселерден аулақтап, ықыласы біржола ғылымға ауады. Әсіресе, 1898 жылдан соң, ел жұмысы, сауда-саттық, дүниелік іс-шаруа бәрі-бәрі екінші мәртабада қалғаны анық. Қымбат уақытын жаны қалаған, сүйікті ісі – ой еңбегіне арнады. Бірақ, ұлы ақын қолында өскен Уәсила, Әрхам сөзінше, Абай күндіз оңашалана алмаған. «Бір көрсек, сәлем берсек» деп алыстан іздеп келетін қонақтар, кей-кейде шаруасы бар адамдар, сондай-ақ, үй шаруасын істейтін әйел, еркек немесе көршілері, балалары, келіндері кіріп-шығып жатады емес пе (көптің арасында әзілдеп, күліп, дуылдасып отыруды Абайдың өзі де ұнатқан). Сондықтан ойшыл көбіне түнгі уақытта пайдаланған. «Абай кей түнде ұйықтамайды, – дейді Әрхам Кәкітайұлы, – шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта қайта жағып, кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. …Абай күндіз оқуға, жазуға көп көңіл бөлмейді» (Абай туралы естеліктер. –Алматы, 2018. -163-бет). Әрхам ақсақал бұл жерде Жидебай мекенін, 1899-1902 жылдары көргендерін айтып отыр.
Сөйтіп, данышпанның жайлы, өзін бақытты сезінетін шағы – шығармашылықпен айналысу болған. Жазу үстінде жан ләззатына, рахаты мен қуанышына бөленген. Хакімдер туралы: «Бұлар …адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады» дегені өзіне де қатысты, жеке басының тәжірибесі деп қабылдасақ дұрыстық.
Қорыта айтқанда, «Тасдиқ» трактаты – аян секілді ғайыптан келген, илаһи шабытпен (көктен түскен деген мағынада) жазылған шығарма. Оның стилі тезистік, егер әрбір тезис-сөйлемге түсініктеме берілсе, бір қалың кітапқа жүк болары сөзсіз. Мәтіні екінің бірі ұға алмайтын аса күрделі болуы, автордың ешбір кітапқа я ғалымға сілтеме жасамауы, тек аят-хадисті ғана арқа тірек қылуы соның айғақтары.
«Тасдиқтың» мақсаты мен мазмұны
Даналық шығармада «қазақ» деген сөз де, қазаққа ұғымды болсыншы деген ой-ниет те жоқ. Берісі мұсылман, әрісі адамзат мүддесін көздегенін Абай жасырмаған. Мәселен сөзін: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (ескерткіш) қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың толады» деп бастаған. Сондай-ақ, араб, парсы сөздері жиі қолданылуы, лингвист ғалымдар анықтағандай, еңбектің сол дәуірде ғылым тілі болған шағатай диалектісінде жазылуы да көп жайды аңғартқандай.
Трактат мақсаты – ең асыл хақиқаттарды жеткізу. Оларды түсінудің өзіндік шарты бар, оны Абай: «Хақиқатты сүйіп, шынды білмекке құмарың болсын» деп білдіреді. Ол хақиқаттар қайсы? Әр пенде Құдайға қайтады, демек, мінезін түзеп, рухани жағынан кемелденуі керек, бір. Адам әлемнің зәредей бір бөлшегі, демек, үйлесімділік заңын бұзбай ғана, дүние кетігіне бір кірпіш болып қалануы керек, екі. Міне, Абай жеткізбек болған басты екі хақиқат осылар. Ықыласпенен оқып, ұғып алсаңыз «оның үшін махаббатың толады» деуі және трактатқа «Хақиқатқа жету ілімі» деп ат қоюы осымен өз түсінігін табады.
Енді «Тасдиқ» мазмұнына өтейік. Оны да Абай өзі былайша анықтап береді: «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана пайдалы мен залалдыны айырмақлық». Міне, бұл тезисте – ғылым классификациясы, оның басты тағандары аталған:
1. Алла тағаланы танымақтық (теология ғылымы).
2. Өзін танымақтық (адамтану, психология ғылымы).
3. Дүниені танымақтық (барлық сыртқы ғылымдар).
4. Пайдалы мен залалдыны айырмақлық (мұсылманша ахлақ, еуропалық лексикада мораль, этика ілімі).
Алдыңғы үш танымақтық Аристотель мен әл-Фараби сөзінше «теориялық философия», соңғыны «практикалық философия». Тылсым – Жаратушының бір жағы, ал материалдық дүние – екінші жағы болуы себепті әл-Фараби теориялық философия аясына «дүниені танымақтықты» да кіргізген екен.
Сонымен, келтірілген жүйе дүниенің көрінбеген һәм көрінген сыры, ғылым тілінде, метафизика мен физика тұтас қамтылуымен ерекше. Сырт қалған ештеңе де жоқ. Олай болса, бұдан асқан ғылым классификациясы болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сондықтан төрткүл жүйенің аты – «Болмыс бірлігі». Әлемді сақтаушы күш – бірлік, онсыз ұлт, қауым, мейлі, отбасы дейік, құрдымға кетеді. Қазақ: «Төртеу бір болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» демекші, өз кезегінде бірліктің іргетасы – үйлесім, келісім. Болмыс бірлігі деген – Алла, Адам, Дүние бірлігі. Исламда оны «Әл-ахад уә әл-ужуд» теориясы десе, еуропа жұрты «Ұлы үшкіл» («Великая триада») дейді. Болмыс бірлігі үйлесімділік заңымен сақталып тұрғаны киелі жазбалардан аян ақиқат.
Енді мынаған назар аударайық: даналық трактат мазмұны мен сөз болып отырған төрткүл жүйе толық сәйкес! Ғаламның бүтіндігі мен үйлесімділігі идеясы бұрыннан, бірақ оның мән-мағынасына жеткен данышпаның қайсы? Қазақ ойшылы Абай жаңағы төрткүл жүйе ақиқаттығын трактатын жазу арқылы анықтап, дәлелдеп береді. Бұл, сөз жоқ, әлемдік ой-санаға қосқан зор үлесі!
«Тасдиқтың» мақсаты мен мазмұны жайлы сөзіміз осымен тәмам. Енді қарапайымнан біртіндеп күрделіге аяқ басайық.
Абай – ғаламдық ақыл-ойды жаңғыртқан хакім
«Тасдиқ» – қатардағы қарасөз емес, онда ғаламдық ақыл-ес, ой-сана жаңғыртылған. Әрине, бұл пайымның: «Үш танымақтық әлімсақтан аян, оны Американы ашқандық санау артық кеткендік» деген күмән-күдік туғызуы әбден мүмкін.
Гәп мынада: «Болмыс бірлігі», екінші түрде Үйлесімділік заңы (Махаббат заңы деп оқыңыз) уақыт тозаңына көміліп, ұмыт қалған құндылық. «Барлық бәленің басы – бір» демекші, адамзат көшінің түзу жолдан адасқан жайы сол. Тарихқа қысқа ғана шолу жасайық. Ғылымның қызығына түсіп, заттық прогресске байланған ортағасырлық Еуропа Құдайды ұмытты. Оны танудан бас тартты. Қазіргі күнгі Батыс жұрты да тылсым әлемінен «бұл мистика мен эзотерия ғой» деп ат-тонын ала қашады. Вакуумды толтыру үшін «Психология» дейтін сананы зерттейтін ғылымды тықпалап әуре. Бұлары Жаратушы Иеміз сүйетін қылықтар ма?! Әрине, жоқ. Сыңарезу прогрестен экологиялық апат тақады, адамзат арбасы аударылуға шақ қалды. Құдайдың есті алғаны сол, есіл қаржы жойқын қару-жарақ жасауға құйылып, озбырлық асқынып тұр. Сөйтіп, Батыс әлемі әділетті Хақ жолында деуге ауыз бармайды.
Біздің сенген «қойымыз» мұсылмандық Шығыс десеңіз, оның да оңғаны шамалы болып тұр. «Болмыс бірлігі» доктринасының кепілі болуға тиісті ислам әлемі ә баста сүннит және шиит болып қақ жарылды. Қазіргі «Таза ислам» дегенді ту еткен мұсылман жұртының түрлі ағымдарға бөлініп, «байтал түгіл, бас қайғы» болып жүрген жайы бесенеден белгілі. Ең жаманы: Ғылымды – һаммаға харекет беретұғын нәрсе деп білмеді, бәлки ескермеді. Сонан дін түнек, дін соқырлық деген ұғым пайда болды.
Жасалған шағын шолудан «Алла-Адам-Жаратылыс», яғни «Болмыс бірлігі» заңдылығы бұзылғанына көз жеткіздік. Яғни, адамзат көшінің адасу себебі осы арада деген ой тастадық.
Енді Абайдың адамның ғылымын жүйелеуі – әлемдік ой-сананы жаңғыртқаны дегенді бірер мысалмен бекіте отырайық.
Ежелгі грек және мұсылмандық Шығыс ойшылдары Ғылымды тұңғыш рет жүйеге салды. Аристотель ғылым-білімді үш үлкен топқа жіктеген: теориялық, практикалық және шығармашылық деп. Бірінші топ – философия, математика және физика, екінші топ – этика (мораль) мен саясат, ал, үшінші топ – өнер, кәсіп және қолданбалы ғылымдар дейді. Философияны: «Ол барлық ғылымның басы» деп ең үстіге қояды (Метафизика. М., Мысль, 1976, т. 1. 68-бет). Бұл әуелгі сана, кейінгі тұрмыс деген сөз.
«Шығыстың Аристотелі» әл-Фараби бабамыз «Ғылымды классификациялау туралы сөз» атты еңбегін жазып, ғылымды бес түрге бөледі: 1) тіл туралы ғылым; 2) логика (арабша-мантық); 3) математика; 4) физика және метафизика; 5) азаматтық ғылымдар және заң ілімдері. Әрі қарай осы бес түрге кіретін ғылым тармақтарын анықтап береді. Мәселен, математика ғылымы арифметика, геометрия, оптика, астрономия, музыка, жиыны жеті саланы қамтиды дейді. Сөйтіп, әл-Фараби адамның ғылымын жан-жақты қамтуға талпынған. Келтірілген екі жүйені Абай жүйесімен салыстыра қарасақ, алдыңғы екеуі «Болмыс бірлігі» идеясын ұстануды мақсат тұтпағанын аңдау қиынға соқпайды.
Сонымен, Абай жүйесі – адамның ғылымын жүйеге салудың озық үлгісі, ол қасиетті Құранға негізделген. Ең басты құндылығы – сол арқылы данышпан Абай болмыс бүтіндігі мен үйлесімділігі заңын жаңғыртып отыр.
Шыны сол, бүгінгі таңда адамзат көші рухани кризиске тірелді. Прогресс жолынан шеткері, Шыңғыстау бөктерінде ғұмыр кешкен хакім, міне, осыны көре білді. «Тасдиқ» трактатын жазуға жетелеген сыртқы жағдаят осы арада деген ойдамын.
Айта өтері, адамның ғылымын жүйелеу мен философиялық жүйе жасау екі басқа. Оларды шатастырмаған жөн. Платондікі, Гегельдікі, Фейербахтікі, Канттікі дегендей жүйе жасаушылық Шығыста жоқ. Неге? Өйткені, кез келген жүйе – шектеу, жасанды қалып. Руханият шексіз, кәне, оны қалыпқа салып, сыйдырып көр. Қанша ақылды болса да, философиялық жүйе адасуға әкелетіні сол.
Абай: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп білмесе айта ма. Егер хакім соңына ерер болсақ, Жер-Анада махаббат-мейірім бұлағы ағып, жұмаққа айналары еді. «Абай – ғаламдық ой-сананы жаңғыртқан хакім» дегенге айтар сөз осы. Енді руханиятта Абай ашқан жаңалықтарға келейік.
Абай ашқан жаңалықтар
«Тасдиқ» трактаты кіріспеден және төрт бөлімнен (үш танымақтық, бір айырмақлық) тұрады. Кіріспеде Абай адамды бала жастан ғылым-білімге махаббаттандырмақ маңызды дейді. Рухани ғылым-білімсіз ақылға сәуле қонбайды. Оны үйренсе, білсе «сонда ғана оның аты адам болатынын» ескертеді.
Трактаттың әуелгі «Алла тағаланы танымақтық» бөлімі күрделі де қилы ізденістерге толы. Академик Ғарифолла Есім былай деп мәлімдейді: «Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану мәселесімен арнайы шұғылданған ойшыл болмаған. Өзін сопылармыз деп атаған тақуалар (әулиелер) да «Алла бір, пайғамбар хақ» дегеннен аспаған. «Неліктен Алла бір?» деп мәселе нақтылы қойылмаған» («Абай» энциклопедиясы. – Алматы, 1995. -80-бет). Шыны сол, аталмыш мәселе шешімін тапқан ойшыл әлем бойынша да жоқ. Ғажабы сол, Жаратушы Иенің үш ұлық сипатын қазақ данышпаны Абай әлемде тұңғыш рет анықтап береді. Бұрын-соңды болмаған жаңалықты кез-кезімен жеткізейік.
Алланың сегіз сүбутия (тұрақты) сипатын сарапқа сала отырып, сол сипаттардың: «Оның екеуі – ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарх (көмекші)» деп Ғылым мен Құдіретті даралап көрсетеді. Міне, бұл – Абай жаңалығы! Өйткені: «Һаммаға харекет беретұғын осылар» дейді. Бірақ бір Иеде екі қозғаушы болуы жарамайды. Демек: «Алланың ғылымы мен құдіреті арасында айырым жоқ, олар бір ұғым» деген бәтуаға келеді Абай.
Келесі жаңалық мынау: Абай Алланың ғылымнан кейінгі ұлық сипаты – Рақым деп анықтап береді. Қалай, қайтіп? Алла тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд (Сүйікті), Хафиз (Қорғаушы) бастатқан көркем есімдерін «бір ұлығ сипатынан хисаплауға жарайды» деп тұжырады. Оған нақлия және ғақлия дәлелдерін келтіреді. «Ғақлия дәлелім – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты» дейді ғұлама. Кәне, екінші ұлық сипат Рақым екендігі бұрыннан белгілі деп кім таласар екен?
Алланың үшінші ұлық сипаты – Ғадаләт дейді Абай. Мұны дәлелдеуге трактатында көлемді орын берілген. Дәлел-дәйектерін Абай: «Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт һәм махаббат бар» деп бастап, адам баласының пайдасына жасалған сан алуан заһири көріністі, яки табиғат құбылыстарын әсерлі қаламмен төгілтеді. Соңын: «Жә, бұл хикметтерінің һәммасында һәм мархамат һәм ғадаләт заһир тұр екен. Біз өз ортамызда бұл мархамат, ғадаләтті иманның шартынан хисап қылмаймыз, …Алла тағалаға тәслим болып, оның жолында болмақ едік, болғанымыз қайсы?» деген сауалмен аяқтаған.
Осымен, Абай үшінші ұлық сипат – Ғадаләт екендігін тағрифлап береді. Ол – Болмыс қасиеті, Алланың барша істері әділетті. Оған ұқсап бағу пендеге қарыз. Ғадаләт бар жерде ғана мархамат, махаббат бар және керісінше. Сондықтан Абай: «Бәлки ғадаләт барша ізгіліктің анасы дүр» деуімен өз ашқан жаңалықты бекіте түседі.
Абайдың «Өзін танымақтық» ғақлиатына өтейік. Бұл бөлімін: «Енді біздің бастағы тағриф бойынша Құдай тағала ғылымды, рахымды, ғадаләтті-құдіретті еді» деп бастаған. «Біздің бастағы тағриф бойынша» дегені, жоғарыдағы өз ізденістерін айтқаны. Әрі қарай ойшыл: «Сенде бұл ғылым, рахым, ғадаләт үш сипатпенен сипаттанбақ: иждиһатты шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың бар болады» дейді. Зер сала оқиық, осы тезисте Абай өзінің «толық адам» концепциясын тұңғыш рет негіздеп отыр! Бұрын поэзиясында «толық боласың» дегені өзгерек, бұл жолғы үш қасиет желісін үш ұлық сипаттан тартады. Әлемдік жаңалықтың көкесі осы! Мұсылмандық әйгілі «кәміл адам» («әл-инсан әл-камил) идеалы мен «толық адам» бейнесі айырымын да осы арадан іздеген дұрыстық. Сонымен, Абай жаңалықтары кітаптан оқыған я болмаса естіген дүниелер емес, өзінің айлап, жылдап ой ойлауымен ашқан хақиқаттар болып табылады.
Абайдың Шығысы дегенге айтарым әзірге осы. Онан шығар қорытынды: «Тасдиқ» трактаты – Абайдың барлық ізденістерінің, ойларының Эверест секілді шыңы. Ол қазақ дүниетанымына етене жақын, сондай-ақ, Құран мазмұнына сәйкес. Сондықтан болашақта қазақ философиясының іргетасына қалануы мемлекеттік маңызға ие шаруа.
Асан ОМАРОВ,
абайтанушы, ғалым,
Семей қаласы