Республика Үкіметінің қаулысымен өткен жылдан бастап 10 шілде Қазақстанда «Ветеринария қызметкерлері күні» болып бекітілген болатын. Былтыр аймақта су тасқынына байланысты жарияланған төтенше жағдайға орай кәсіби мереке аталып өтуге мүмкіндік болмаған еді. 10 шілдеде «адамзатты емдейтін» кәсіп иелерінің мерекесі алғаш рет облыстық деңгейде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, адамзат пен табиғат тіршілігіне нәр беретін суды реттейтін сала қызметкерлерінің де кәсіби мерекесі осы күнге орайлас келді. Бұл атаулы мереке елімізде 2019 жылдан бастап күнтізбеге енгізілген-ді.
10 шілдеде Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның залында ветеринария және су шаруашылығы қызметкерлері күніне арнаған салтанатты жиын өтті. Өңір әкімдігінің қолдауымен және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіптік одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен осынау алқалы жиынға ветеринария және су шаруашылығы салаларының аудандардан келген ардагерлері, мемлекеттік инспекцияның үздіктері, қала жұртшылығы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды.
Сахнадағы үлкен ЛЭД экран арқылы облыс ветеринариясының өткен тарихы мен бүгінгі тынысынан кең мағлұмат беретін бейнебаянды тамашалаған көпшілік алдында облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып, сала мамандарына ыстық лебізін білдірді.
Жаңа мереке жануарлардың денсаулығы мен олардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринар мамандардың еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған атаулы күн екендігіне тоқталған Дарын Дүйсембайұлы кәсіп иелерін төл мерекелерімен құттықтады.
– Ветеринария мен су шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген азаматтар мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Өңірдегі ахуалдың тұрақтылығын сақтауда сіздердің еңбектеріңіз зор. Жыл сайын материалдық-техникалық базаның жағдайын дамытуға назар аударылып келеді. Соңғы екі жылда қала мен аудандардағы аумақтық инспекциялардың ветеринария мамандары үшін 76 автокөлік сатып алынды. Бұның барлығы – мемлекеттен осы салаға көрсетіліп жатқан қолдаудың көрінісі. Баршаңызға амандық пен жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Елдің игілігіне жасап жүрген қызметтеріңіз бағалана берсін, — деді.
Жиында Исатай ауданы Аққыстау ауылдық округі ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Алдаберген Салихов пен Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Асылбек Ешекиеев «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанды. Ал «Құрманғазы аудандық ветеринариялық стансасы» КМК Асан ауылдық округінің меңгерушісі Азамат Абдуллин «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы Атырау қалалық инспекциясының бас маманы Гүлнұр Иманалиева мен Жылыой ауданы Қосшағыл ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Сембай Ізбасовқа табысталды.
Бұдан басқа ветеринария мен су шаруашылығы салаларының бір топ ардагерлері, ауылдық округтердің тәжірибелі ветеринар дәрігерлері, инспекция қызметкерлері мен басқарма мамандары облыс әкімінің Алғыс хаты, салалық министрлік пен комитеттің Құрмет грамоталары мен төсбелгілері табысталды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов сала мамандарының бір тобына «Мінсіз қызметі үшін» және Хиуаз Доспанова атындағы медальдарын табыс етті. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіптік одағы облыстық филиалының төрағасы Жұмазия Есімова осы салада ұзақ жылдар бойына жемісті еңбек етіп, халықтың ілтипатына бөленіп жүрген 20 қызметкерге Ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі республикалық қауымдастығының «Ветеринария құрметті қызметкері», салалық кәсіподақтың «І дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгілерін табыстады. Сондай-ақ ветеринария саласында әрқайсысының 70-тен 130 жыл аралығында еңбек өтілі бар исатайлық Науановтар, Ғұбашевтар, жылыойлық Өрбесиновтар мен Оразбаевтар династияларына кәсіподақ филиалы атынан бағалы ескерткіш сыйлықтарын табыс етілді.
Гельминтология ғылымының негізін қалаған академик К.Скрябиннің «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөзі ветеринария қызметіне берілген ең жоғары баға. «Малым – жанымның садағасы» деген қазақтың тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен тікелей байланысты екендігі де рас. Дархан даланың төсінде қоралы қой, келелі түйе мен үйір-үйір жылқы, табын-табын ірі қара малын ұстап, өнімдерін ішер ас, киер киім, мінер көлік ретінде пайдаланды. Мал дәрігерлері қашан да жоғары атақ пен биік мәртебеге лайық. Төрт түліктің саулығы үшін күн-түні бар күші мен білім-білігін салып, қызу еңбектің ортасында жүретін жандардың еңбегі ерен. Кәсіби мерекеде осындай жандарға лайықты құрмет көрсетілді.
Олардың құрметіне облыстық филармонияның әншілері, мәдениет саласының үздіктері Назым Шаймарданова мен Венера Машқалиева, күйші Санжар Қатапов, республикалық әншілер байқауының жүлдегері Ізбасар Самиғоллаев пен Миржан Қабдолов әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерін тарту етті.
Бақытжан ЖҰМАТ,
Атырау қаласы