«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,-

Қазағым, енді жату жарамас-ты!»

(М.Дулатов)

Міржақып Дулатов – ағартушы-педагог, ұлт мүддесі, тәуелсіздік жолындағы жалынды күрескер, Алаш қозғалысының қайраткері болған тұғырлы тұлға. Осы жолда ақындық, жазушылық, аудармашылық, журналшылық қабілеттерін барынша шебер пайдаланған.

Қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш роман «Бақытсыз Жамалды» 1910-жылы Қазандағы ағайынды Кәрімовтар баспасынан, жалынды үнге, жігерлі шақыруға толы «Оян, Қазақты» 1909-жылы Уфадан бастырып шығарады.

Міржақып Дулатұлы 1929 жылы қапастағы тергеуде берген жауабында «Оян, Қазақтың!» жазылу тарихын баяндаған. Жазбаша түрде берген осы жауабында ол патша үкіметінің ең төменгі дәрежелі қызметкерлерінің халыққа жасаған зорлық-зомбылығын, оларға мойынсұнбаған қазақтардың мүшкіл халін, парақорлық, жалған ақпар беру сияқты жаман әдеттердің белең алғандығын, қазақ әйелдерінің күңдіктегі жағдайын, құнарлы қазақ жерінің сырттан келген орыс мұжықтарына үлестірілгендігін, осы себепті қазақтардың құнарсыз жерге көшуге мәжбүр болғандығын, халықтың сауатын ашпақ ниетіндегілерге патша үкіметі тарапынан қыспаққа ұшырағын, олардың құқығын қорғаушылардың Сібірге жер аударылғандығын және халықтың медициналық көмектен мүлдем мақрұм екендіктерін ашына жазады. Сондай-ақ, кедейлердің ауқатты адамдармен бірдей салық төлеуге мәжбүрленгендігін, осы ауыр жағдайдан халқын құтқаруды өзіне міндет санайтындығын және көзқарастарын баспасөз, оқу-ағарту арқылы білдіретіндігін айтқан.

Негізінен, М.Дулатұлының таңдамалы өлеңдерінен құралған бұл кітапта патшалық Ресейдің үстемдік саясаты, қазақ халқының жер, дін, оқу, әйелдердің жағдайы және сайлау мәселелері баяндалған. Патша үкіметінің қанауына ұшыраған халқымыздың қиын жағдайына қиналған жас ақынның «Оян, Қазақ!» деген үндеуі қазақ даласының түкпір-түкпіріне жетіп жатты. Бұл үндеу дер кезінде тасталған болатын, өйткені қазақтардың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығының қайнары саналатын жайылымдарды келімсектер иеленіп алған еді. Қошке Кемеңгерұлы 1926 жылдың 1 желтоқсанында «Еңбекші Қазақ» газетінде жарияланған «Көркем әдебиет туралы» деген мақаласында халықтың «Оян, Қазақты!» Құрандай жаттағанына, осы кітабынан соң Міржақыптың барша халыққа танымал болғандығына тоқталады. Ал, тарихшы-ғалым Жанұзақ Қасымбаев бұл кітапқа патша нөкерлерінің жарылғаш зат сынды үрке қарағандарын жазған-ды.

Ұлт ұраншысы атанған Міржақып Дулатұлы «Оқушыларға жәрдем жамиғаты» атты «Қазақ» газетіндегі мақаласында: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі — тұман»,- деп кемел келешектің сырын ашады, болашақтың барысын болжайды.

М.Дулатұлының «Есеп құралы» оқулығы жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Бұл күнге шейін қазақ тілінде әліппе, қирағат кітаптары болса да, есеп кітабы жоқ еді… Кітап ең соңғы жаңа тәртіппен шығарылып, таза қазақ тілінде қазақ емілесімен басылған, мысалдары да қазақ тұрмысынан алынған»,- деп баға берген. («Қазақ» газеті, 1914 ж.).

Міржақыптың 1921 жылы Тәшкенде шыққан «Есеп құралы» қазіргі кездегі математикадан оқу кітаптарын құрастырушылар үшін теңдесі жоқ үлгі деуге болады. Осы кітаптың алғашқы нұсқасы 1914 жылы Орынборда басылған еді. Мұнда бастауыш сыныптағылардың ұғымына оралымды, көкейіне қонымды, күнделікті қазақ өмірінен алынған, қазақ психологиясына бесенеден танымал есептер, тапсырмалар мен жаттығулардың төрт амалы (қосу, алу, көбейту, бөлу) зердеге тез тоқып алуға жәрдемдесетіні дау туғызбайды. Бірінші сыныпқа арналған «Есеп құралында»: «Біздің үйде 6 ат бар еді, құдамыздан тағы бір ат алдық, біздің үйдің аты нешеу болды?»; «Ахметжанның үйі соғымға 5 қой, 1 сиыр сойды. Ахметжанның үйі соғымға неше мал сойды?»; «Мерген 2 қаз атып алып еді. Біреуін ақсақалға байлады. Мергеннің өзінде неше қаз қалды?»; «Біздің үйдің желісінде 10 құлын бар еді. Біреуін ағытып жіберді. Желіде неше құлын қалды?» т.б. осы іспеттес мысалдар балғын шәкіртті тек есеп шығаруға машықтандырып қоймай, оны халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын танып-білуге («құда», «соғым», «ақсақал», «желі» т.б.) үйрететіні сөзсіз. Осы әдіс-тәсілдерді мектептегі қай пәннің мұғалімі болмасын орынды пайдалана білсе құба-құп болар еді.

Ағартушы ретінде Міржақып ұлтының болашағын алыстан болжап, халқымыздың ғұмыр бойы келе жатқан мәдениетінен ажырап қалғысы келмейді. Ұлттық мәдениет ұлттық тәрбиеге тікелей қатысты екенін тереңнен сезе отырып, өскелең ұрпақты есепке үйреткенде бейне бір әдебиет сабағын оқытқандай үйретеді. Мәселен: «Есеп құралының» алғашқы беттерінен-ақ ұлттық таным тіні сезілгендей: «Жылқыбайдың 4 айғыр үйір жылқысы бар еді, тағы бір қысырақ матады. Жылқыбайдың жылқысы неше үйір болды?». Міне, осындағы ұлттық таным мен ұлттық мәдениетті аңғартып, есеп құралына қосып, қазақ балаларына математиканы ұлттық болмыспен оқытуға тырысады.

Әмбебап ағартушының артына қалдырған рухани мұрасында кешегі көшпелі қазақ елінің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, жол-жоралғысы, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі, өзіне тән этикалық, эстетикалық ұнам-талғамдары ұлттық колоритке толы сан алуан нақты деректермен баяндалған. Ұстазы Ы.Алтынсариннің оқу-ағарту мәселесіне байланысты идеяларын әрмен қарай дамыта отырып, ол да А.Байтұрсынов сияқты, оқу-тәрбие мәселесіне ғылыми тұрғыдан қарауға, атап айтқанда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдеріне, шәкірттердің жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, ғылыми дидактикалық қағидаларға сәйкес сабақ жүргізуге аса мән берді. Осы айтылғандарды оның «Мұғалімдерге» атты мақаласынан (1915 ж.), «Қирағат» кітабына жазған алғы сөзінен жақсы байқауға болады: «…балаларды оқыту өз алдына бір ғылым. Қирағаттың мақсатын түсінбеген мұғалім үміт еткен пайданы бере алмайды… Жас балаларды оқыған нәрсесі хақында ойлануға, оның мағынасын, қасиетін сездіруге қалай үйретпек керек? Баланы оқыған нәрсесін бір-біріне ұйқастырып ойлануына, оқып шыққаннан кейін жадында ретті һәм толық мағынасымен қалдыруға әдеттендіру керек»,- деп көрсетеді.

Шынында да, М.Дулатұлы жазған «Қирағат» кітабы (1924 жыл) өзінің құрылысы жағынан бастауыш сынып оқушыларына жеңіл, түсінікті тілде, табиғатпен байланысты әңгімелерден (жылдың төрт мезгілі, ол кездердегі жан-жануарлар мен құстар өміріндегі ерекшеліктер, ел өмірі, тұрмыс тіршілігі т.б.) тұрады, яғни мұнда биология, экология, салт-дәтсүрден хабар беру көзделген. Екінші бөлімде, балаларды талаптылыққа, еңбек етуге, адамгершілікке баулитын ғибратты әңгімелер топтап берілген. Мысалы, «Оқымыста бала» деген әңгімеде қаладан оқып келген баланың ауылға келген соң еріншектік жасап, тырнауыштың сабын басып қалғанда оны маңдайына соғып алып, «Тырнауышты аяқ астына тастаған қандай ақымақ екен»,- деп ашулануын сықақ етеді. «Қонақ кәде» атты әңгімеде қазақтың әдет-ғұрпын сөз етсе, «Күлмеңіздер кәріге» деген әңгімеде әке тілін алмай өлмелі шал-кемпірді мазақтайтын әдепсіз балалардың қылығы айтылады.

Табиғатынан тәлімгерлік қасиеті мол жазушы қазақ арасында көбінде көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге, зерек, дарынды балаларды оқытып-тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, дарындылықтың кейбір психологиялық астарына үңіледі. Осы мәселе автордың мына төмендегі түйіндеуінен жақсы аңғарылып тұр. «Туысында қанша зеректік болса да,- деп жазды Міржақып Дулатұлы, -ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатында не нәрсеге шеберлік барын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге көрінеді… Жақсы суретші адамның сыртқы түрін айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанын да көріп тұрғандай боласың…»

Жантанудың (психология) дербес ғылым болып қалыптасу кезеңіне де қазақ ғалымдары шама-шарқынша өз үлестерін қоса білді. Міржақып Дулатұлы өз еңбектерінде психологиялық түйіндерді арқау етті. Ол алғашқы шығармаларынан бастап, психологиялық көзқарастарында прагматикалық ерекшелікке ие тілдік тұлға екендігін байқатты. М.Дулатұлының оқу мен ғылымнан жинаған тәжірибесі, оның санасындағы психологияны дамытып, өзіндік тұлғаның санасындағы психологияны дамытып, өзіндік тұлғаның болмысын көрсетуге негіз болды.

Жеке тұлғаның «Гамлеттік» ой-толғаныс, пайымдау, өзін-өзі тануға тырысушылықтан туған монолог, сұрақ-жауап, риторикалық сұраулардан байқалады. Сонымен қатар, көркем прозасындағы бір ойлау жүйесінен тұратын автор идеяларының тұтастығынан да аңғарылып отырады. Міржақыпты тәрбиелеген уәж өз ұлтының надандық шырмауында қала беру қаупі еді. Сондықтан, ағартушылық қызметті таңдаған ол үндеу, шақыру тектес өлеңдер жазды. Оның шығармалары өзін қайраудан, өзін жетілдіруден басталып, ішкі ойлау жүйесін көлемді мәтінде беруден аяқталады. Мысалы, «Міржақып, неге отырсың қалам тарпай,

Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай.

Шамаңды қадар-хал көрсетсеңші,

Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай!».

Өлең арқылы халқымен диалог құру, оны әңгімеге шақыру –М.Дулатұлының шығармашылық ерекшеліктерінің бірі. Оның психологиялық пайымдаулары – Міржақыптың тұлғалық қасиетін ерекшелейтін белгі. Рухани қазақы болмыс-бітімі оның ойлау жүйесінің жетілгенінен анық байқалып, тілдік тұлғасының ерекше себеп, қырларын ашады. Мысалы, «Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды болып келген бәйгенің алдын алады, ортасы болып келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады. Дүниенің ісі осылай болған соң, адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам»,- дейді. Осындағы М.Дулатұлының қазақ ұғымына жақын бәйге жарыс арқылы дүниедегі бәсекені түсіндіруі, оның қазақы болмасын анық байқатады.

Еліміздің жас өркендерін ана тілінің уызына жарытып қана қоймай, олардың ұлттық рухпен, дәстүр-салт, әдет-ғұрыптан мейлінше сусындауына ерекше көңіл аударуымыз қажет. Бұл жөнінде де М.Дулатұлы былайша жеріне жеткізе айтқан еді: «Бастауыш мектепте алған тәрбиенің әсерлі, күшті, сіңімді болуы, қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысынан, һәм табиғаттан жазылып, баяндап оқытудың асыл мақсатына муафик үйретуден, осылай біліп, баяндап оқытқанда, балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілін анық үйреніп, керекті мағлұмат алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, қай жұрттың мектеп медресесіне оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт-рухы жасымайды. Қайда болса да, тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады. Оқудағы мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру…»

Міржақып Дулатұлының тәлім-тәрбиелік тағылымдарынан бүгінгі күнмен ұштасатын тағы бір кесек ойды кездестіреміз. Ол жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу. Қазіргі қазақ жастарының тәрбиесінде келеңсіз жақтардың белең алуы, тәлімгер қауымға жас буынды мейірімділік пен имандылыққа баулып, тәрбиелеу жайын ұсынып отыр. Ал, бұл мәселені осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын кемеңгер М.Дулатұлы да көтерген екен. Ол жұртты оқуға, білім алуға тартқан кезде, бір жағынан діни оқуды да жатсынбау қажет дейді. Міржақыптың пікірінше, орысша оқып, орыс тілін үйренген қандай пайдалы болса, мұсылманша оқып, дінді танып, оны өмірлік қажетке пайдаланса, кісі жан-жақты, білімді азамат болып шығады. Ол медреселер, ауыл мектептерінде ғылыми пәндерді, түрлі тілдерді меңгертумен қатар, діни оқудан да мағлұмат алудың маңызын былай түсіндіреді: «Медреседе сыйласып екі молла,

Бірі оқытсын мұсылманша, бірі орысша,

Педагогика тәртібімен оқытса,

Қазағым кетер едің сонда алға,

Риза қазақ халқы болар еді.

Хүкімі шариғаттың қолда тұрса…».

Біздің ойымызша, аса білікті әмбебап педагог-психологтың осы айтқандарын осы күнгі тәлім-тәрбие үдерістерін жүзеге асыру жағдайында еске алғанымыз абзал!

Міржақып Дулатұлының оқыту, білім, тәрбие туралы ойларын қорытындылай келе, оның қазақ даласындағы зиялы қауым өкілдері ішінде алып тұлғалы ағартушы екеніне көз жеткіздік. «Өмірдегі бақыт кілті – білімде»,- деп есептеген ол өз мақалалары мен еңбектерінде қазақ халқын надандықпен күресуге шақырды. Міржақып: «Күшті жауымыз – надандық. Бұл надандықты жеңбей, одан құтылмай отырып, тоқсан тоғыз бостандық болса да, жұрттың ілгері басуы қиын»,- деген көзқарасты ұстанып, қазақтың бостандығы мен азаттығы білімнің қолында деп пайымдады. Сондықтан, қазіргі таңда да білімнің, оқудың, ғылымның, тәлім-тәрбиенің парқын бағамдай білгеніміз жөн!

Айдар САБЫРОВ,

                             Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің

доценті, сеньор-лектор