Өз тарихы мен еңбек дәстүріне әрдайым мұқият қарайтын ұжымның ғана келешегі кең бола түсетіне ақиқат. Қазақстан мұнай өңдеу саласындағы тұңғыш кәсіпорын- Атырау мұнай өңдеу зауыты өзінің айбынды тарихы, берік дәстүрін қалыптастырған, еңбектегі үздіксіз жетістіктері, жаңалықтарымен танылып келе жатқан республикадағы ірі өндіріс орындарының бірі де бірегейі.
Осыдан тура 80 жыл бұрын 1945 жылдың қыркүйегінде құрамдастырылған қондырғы пайдалануға берілгеннен кейін араға ширек ғасыр салып, зауыттың дамуында мұнайды тереңдетіп өңдеу жөніндегі қуаттылығын күшейтуге байланысты біртіндеп жаңа кезеңге қадам басқанының өзі бүгін бір бөлек тарихқа айналды.
Зауыттың мұнай өңдеудегі бастапқы қуаты жылына 800 мың тонна болған еді. Оның өзі Ембі кен орны мұнайы мен бакулік дистиллятқа негізделген болатын. Әуел бастан-ақ отындық нұсқа бойынша авияция және автомобиль бензинін, әртүрлі моторлық және қазандық отын шығарумен дамыды.
Әрине, өмір талабы біртіндеп өз міндетін арттыра түсті. Батыс Қазақстан өңірінің байлығы, мұндағы мұнай өндірудің көлемінің арта түсуі ақыры 1965 жылдарғы соны өзгерістерге негіз қалады. Сөйтіп, зауыт сырттан әкелінетін қымбат шикізаттан бас тартып, біртіндеп елдің өзінде өндірілетін дистиллятқа ауысты.
Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары жаңа технологиялық қондырғылар салу арқылы мұнайды өңдеу көлемін арттыруға бетбұрыс жасаған кезең болып есте қалды.
1969—2006 жылдар аралығында зауытта мұнайды бірінші өңдеуден өткізетін ЭТХ АВТ-3, ЛГ-11/300 катализдік риформингі, баяу кокстеу, мұнай коксын шынықтырғыш, техникалық азот өндірісі бойынша, дизельдік отынды гидротазалау және парафинсіздендіру, сутек өндірісі және тазалау, кристалдану блогы бар күкірт өндіру қондырғылары кезең-кезеңмен салынып, пайдалануға берілді.
Негізі зауыт отындық бағыттағы мұнай өнімдерін өндіру бойынша бүгінде заманауи кәсіпорынға айналды. Мұнай өңдеу бойынша бүкіл технологияялық қондырғыларды техникалық қайта жарақтандыру үлкен көлемде жүзеге асырылғандықтан зауыт жылына 5 млн. тоннаға дейін өнім өңдеу деңгейіне жетті.
Міне осы бағыттағы көзделген мақсаттағы атқарылған жұмыстардың саралағанда, 1969 жылдың тамызында жылына 2 млн тонна мұнай өңдеу қуаттылығымен АВТ-ЭТХ технологиялық қондырғысы іске қосылды. Бұл қондырғы бұдан бұрынғы қуаттылықты төрт есеге арттырып, ең жоғары экономикалық параметрлерде өнімнің ассортиментін кеңейте түсуге мүмкіндік берген болатын.
Әрине, бұл жұмыс одан әрі де жоспарлы түрде іскерлікпен жалғасын таба берді. Нәтижесінде өндірістік технология одан әрі жетілдіріліп, 1975 жылы АВТ-ЭТХ мұнай өңдеу қуаттылығын 3 млн тоннаға дейін жеткізуге жол ашты.
Бір қуантарлығы бұл жұмыстарға зауыт қызметкерлерінің өздері де біркісідей жұмылып үлестерін қосты. Олар көптеген шығармашылық ұсыныстарын тікелей өндіріске енгізіп, жаңғырту жұмыстарының одан әрі қарқынды жүріп, шикізатты өңдеу қуаттылығының ұдайы арттырыла беруіне зауыттың өзінде ішкі мүмкіндіктің мол екенін танытты.
Қашанда өндіріс орнының бір орнында тоқтап қалуы мүмкін емес жайт. Ол тірі организм сияқты замана талабына жауап беру үшін үнемі ізденіс үстінде болуы тиістігін ұжым осылайша ортақ мүдде деп түсінді.
Соның бір жағымды нәтижесі- 1971 жылғы желтоқсанда бутансыздандырылған бензиннің, сутекті газдың және құрғақ газдың жоғары октанды компонентін алуға арналған каталитикалық риформинг қондырғысының пайдалануға берілуі іске асты.
Каспий жағалауындағы ең іргелі өнеркәсіп орны мұнымен тоқтап қалған жоқ, өндірістегі тағы бір бетбұрысты кезең саналған тармақ-екінші процестер де қоса дамытты.
Соның ішінде шикізатты кокстеу зауыттың экономикасында ерекше орын алды. Электрод өнеркәсібінің шикізаты саналатын кокс алуға арналған баяу кокстеу қондырғысы өнеркәсіптік пайдалануға 1980 жылы 7 шілдеді іске қосылды.
Ал 1989 жылы мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғысы пайдалануға беріліп, Қазақстанда алғаш рет осындай кокс өндірісі жолға қойылғаны жария етілді. Қондырғы толықтай шикі коксты қыздырып шынықтырғаны арқасында осындай өніммен бірге, одан жылу энергиясының да ауқымды мөлшерде өндірілуіне қол жеткізді.
Жаңа кезеңге бастамашы болған 90-ыншы жылдардың соңына таман АМӨЗ-ның саясаты мен стратегиясын «Қазақойл» ұлттық компаниясы, кейін «ҚазМұнай Газ» ҰҚ» АҚ айқындайтын жүйеге ауысқанда да жаңғырту жұмыстары тоқтап қалмады.
Ұлттық компания жетекшілері зауытты қайта жаңғырту және жаңарту мәселесін күн тәртібінен түсірмей жалғастыруға құлшына кірісті. Аталған жұмыстар да өз алдына ұтымдылық дәрежені ілгері бастырып, нәтижесінде зауыт тарихында «жапондық» деген атпен қалып, өндірістің екінші тынысын ашқан және ол жаңа дәуірдегі жаңғыртудың алғашқы кезеңі танылып үлгерілді.
Бұл жұмыстардың бірі ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешеннің құрылысы өкіметтік деңгейде қолдау тапты. Жобаны іске асыру Атырау МӨЗ-на елдің бірыңғай мұнай-химиялық тізбегіне кіруіне, еуропалық экология стандарттарының жоғары деңгейіне жауап беретін инновациялық технологияларды енгізуге және отандық нарықта бәсекелестікке қабылеттілігін сақтауына жол ашты.
Бұған қоса зауытта мазут өндіруді азайту бағдарламасы шегінде 2010 жылғы мамырда ЭТХ-АВТ-3 баяу кокстеу және вакуумды блок қондырғыларын кешенді қайта құру жобасы аяқталды, бұл мақсатты өнім-вакуумды газойлдың жоғары қосымша құнмен өндірілуін арттыруға, өңдеу тереңдігін үдетуге және экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік берді.
Қайта жаңғыртудың үшінші шешуші кезеңі-АМӨЗ-да қарқынды жүріп жатқан мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы болып табылады. Бұл жоба сол кезеңдегі маңызды міндет- мемлекеттің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іске асырылды.
Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытының келбеті түбегейлі өзгерді десе де болады. Бұрын болашағы күңгірт саналған жолайрықтарды, сенімсіздік пен тұрақсыздықты артқа салып, уақыттың сұранысы жауап беріп, заманауи сұраныспен үзеңгілесі дамитын жолға түсті.
Атыраудағы алғаш рет қаһарлы да қиын кезеңде Отан қажеттілігіне орай жанармай ұсынған, бүгінде жоғары еңбек үлгісін танытып, шын мәнінде қазақстандық жаңашылдықты, қажырлылықпен астастырған, мыңдаған білікті мамандарды тәрбиелеген, еңбекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастыра алатын ұжымды қалыптастырып, тың биіктерді бағындыру ісінде ту ұстаушы танылып, ұдайы алдыңғы лекте келеді.
Іргелі кәсіпорын облыс қана емес, республика экономикасына, әлеуметтік жағдайы мен мәдениетіне, өңірдің көркейе түсуіне, айрықша үлесін қосып, түрлі экономикалық қиындықтарға төтеп беріп, қазіргі заманға сай озық технологияларды игеру ісінде өзгелерге де үлгі болып келеді.
Зауыт шығаратын өнімдерді жыл санап көбейтіп, өндірістік қуаттылық үнемі жетілдіріліп, жаңарту мен кеңейту,өнім сапасын арттыру бойынша ауқымды міндеттер нәтижелі шешіліп, шетелдік және отандық фирмалармен ынтымақтастықты ұдайы нығайтуымен де ерекшеленіп отыр.
Зауыттың 65 жылдығы тұсында «ҚазМұнайГаз»ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Қ. Қабылдин:
— Ұжым қызметкерлерінің, сала ардагерлерінің жоғары кәсіби шеберлігі мен ерен еңбектерінің арқасында бүгінгі таңда Атырау мұнай өңдеу зауыты еліміздегі мұнай өңдеудің серпінді дамуына ықпал етуде.
Өз еңбектерімен, білім тәжірибелерімен зауыт қызметіне елеулі үлес қосқан Владимир Сердюк, Геннадий Яшков, Қабир Жанмолдин, Хаби Сегизбаев сынды зауыт ардагерлерінің еңбегін атап айтқым келеді, -деп, сол мерейтойларымен құттықтаса, бұл топтағы алып зауыттың ардақты адамдары бұдан да көп екенін аңғартқан болатын.
Жалпы Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу зауытының қалыптасуына өндірістің ірі ұйымдастырушылары тұрғанын атап көрсеткен жөн. Мұнда КСРО Мұнай өнеркәсібінің халық комиссары Н.К. Байбаков, Бас мұнай өңдеу басқармасының бастығы Г.И. Болдырев, зауыттың бірінші директоры Г.И. Гореченков, бас инженерлер Я.Р.Кацобашвили, Г.П. Ульянов, Б.М. Рыбак, зауытта И.М.Романовскийдің жетекшілігімен орасан зор жұмыстар атқарылғанын еш ұмытуға болмайды.
Заманауи өндіріс орнының дамуына баға жетпес үлестерін қосқандар арасынан КСРО тұсында 10 маман-Ленин, 27-«Октябрь революциясы», 29 маман- «Құрмет белгісі», 16 маман-«ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталса, бұл тізім тәуелсіздік тұсында да жалғасын тапты. Соның бір көрінісі алғашқы лекте 7 маман-«Құрмет» орденін кеудесіне таққан еді.
Бұған қоса ҚР Президентінің, ҚР Мұнай және газ министрлігінің Алғыс хаттарына ие болғандар қатары да жылма-жыл артып келеді. Зауыт ұжымы С.С. Шишлов, В.В.Гафнер, В.А. Сердюк, С.А. Мералиев, Т.А. Байтазиев, Г.Ж. Амантурлин, О.А. Лызлов, Д.С. Тиесов, Қ.Қ. Оразбаев, Қ.Қ. Қабденов, Б.О. Сұлтанғалиеваның өндірісті дамыту барысындағы белсенді еңбектерін бағалап, ұдайы еске алып отырады.
Бұл арада Қазақстан бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытының тұңғыш деген атауына сай ұжым тек елге ғана емес, Ресей, Белорусь, Орта Азия мемлекеттері үшін де кадрлар шеберханасы танылғанын мақтанышпен атауға болады.
Көкше төрінде өткен соңғы Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екендігін атап көрсеткені мәлім.
Бұл дегеніңіз экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 трлн теңгеге, тіпті болашақта ол 10 трлн теңге дейін жеткізілуі тиістігіне тоқталуының өзін де үлкен міндет жүктейтінін айшықтай түседі.
Яғни көптеген тың жобалардың арасында республика экономикасының көшбасшы-мұнай-химия саласын одан әрі дамытуға байланысты көптеген тың жобалардың қолға алынып жатуы, оның біразы Атырау облысына тікелей қатысты екендігін де еш жасыруға болмайды.
Зауыттың сонау 2010 жылы атап өтілген 65 жылдық мерейтойы тұсында ҚР Мұнай және газ министрлігі басшылығы «Атырау облысын Қазақстанның мұнай-газ-химия өнеркәсібінің орталығы деп атауға болады» деп атап көрсеткен еді.
Сол биік сенімнен 80 жылдығын атап өтер тұста да зауыт еш төмендемесі анық. Өйткені, оның алдында тұрған жауапты міндеттер мен мақсаттар көкжиегі әлі де кең әрі маңызы зор.