Мұнайлы астананың Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Атырау қалалық жастар ресурстық орталығы және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық  бірлестігі Атырау облыстық филиалының  ұйымдастыруымен «MEDICAL QUIZ»  зияткерлік сайысы болып өтті.

Медицина қызметкерлері күніне орай 35 жасқа дейінгі жас медицина қызметкерлері арасында ұйымдастырылған бұл сайыс ынтымақтастықты нығайту, кәсіби білімі мен тәжірибені арттыру мақсатын көздейді. Медициналық жоғары және арнаулы оқу орындарына білім алып шыққан жас мамандар өздерінің теориялық білімдерін, практикалық өмірдегі іс-тәжірибелерін емдеу-сауықтыру мекемелерінде адал еңбектерімен жинақтайды, маман ретінде қалыптасады. Өз мамандығын, өз кәсібін шын сүйген денсаулық сақшысы тәжірибелі әріптестерінің ақыл-кеңесімен, қолдау-көмегімен алға жылжиды.

Зияткерлер бәсекесінің салтанатты ашылуында салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Майра Кашкенова сөз алып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол облыстық деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл сайыстың маңызына тоқталды.

«Өңірдегі денсаулық сақтау мекеме-ұйымдарында жас болса да кәсіптерін жақсы меңгерген, жұртшылықтың сый-құрметіне бөленген, ақ алғыстарын арқалап жүрген әріптестеріміз де аз емес. Бүгінгі зияткерлік сайысты ұйымдастыру арқылы біз сондай жандардың қатарын көбейтуді, болашақтарына сенімді жол сілтеуді, білім-біліктерін жетілдіруге септесуді және өз мамандықтарына деген сүйіспеншіліктерін аша түсуді көздейміз» — деген Майра Тұрланқызы қатысушыларға сәттіліктер мен жеңістер тіледі.

Шара тізгіні алған жүргізуші Дәурен Мақымов қатысушыларды сайыс шарттарымен таныстырды. Облыстың емдеу-сауықтыру мекемелерінен жинақталған 23 қомандадан 115 денсаулық сақшысы қатысып, бақтарын сынады.

Алты кезеңнен тұратын зияткерлер сайысында олар ел мен жер тарихына, медицина саласына қатысты қойылған қызықты және логикалық ойлауға құрылған сан түрлі сауалдарға белгіленген уақытта жауап беруі керек болатын.

Тәуліктің қай сағаттарында да науқастың жаны үшін арпалысқа түсіп жүрген ақ халатты абзал жандар мұнда да сыр бермеді. Қызық пен тартысқа толы бәсекеде біліктілігімен, тапқырлығымен ерекшеленген облыстық онкологиялық диспансердің Абзал Болатовтың «Адреналин» командасы 26 ұпай жинап, бірінші дәрежелі диплом мен салалық кәсіподақтың 150 мың теңгелік жүлдесіне ие болды. Екінші орынды 100 мың теңгелік сыйақысымен Атырау қалалық №2 емхананың «Пульс» (команда капитаны Азамат Болат), үшінші орынды 75 мың теңгенің ақшалай сыйлығы мен дипломын Атырау қалалық перзентхананың «Схватка за победу»     командасы (команда капитаны Гүлден Өтеулиева)  қанжығалады.

Сайысқа қатысушы командаларға ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Олар кәсіби мереке қарсаңында өткізілген бұл шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, өз ризашылықтарын білдірді.

       Б.ЖҰМАТ