Атырау облысы шаруалары үшін қысқы мал азығын дайындау жыл өткен сайын қиындай түсуде. Климаты қатал, шабындығы аз өңірде жем-шөптің шығынын мемлекет тарапынан субсидиялау жайы да сиырқұйымшақталып, мәселе оң шешімін табар емес.
2021-2023 жылдары төрт түлік бағып, халықты табиғи таза мал өнімдерімен қамтамасыз ету қамында жүрген шаруалардың жем-шөпке жұмсаған шығынын өтеуге облыстық бюджеттен 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген еді. Бірақ, былтыр субсидия мүлде төленбей қалды. Малшылар болса, осы жағдай биыл да қайталана ма деп алаңдаулы.
Шаруагер Манап Құлбасов төрт жылдан бері мал бордақылаумен айналысып келеді. Бағымдағы мал қоңды болса, пайдасы да мол. Тек күндіз-түні қолда ұсталатын жылқының шығыны да баршылық. «Осы алаңда жылына 300-350 бас жылқы мен сиыр бордақыланады. Орташа шығын 15 млн теңге шамасында. Себебі, жем тасымал, суармалы жоңышқаға көп қаражат керек. Бордақылау алаңындағы малымыз үшін жыл сайын азықтық шөпті өзіміз дайындаймыз. Төрт жыл бұрын 100 гектар жерге жоңышқа егіп, жылына үш-төрт реттен орып, жинап аламыз. Алқап жаңбырлатқыш агрегатымен суарылады. Егіншілер мен өзге де жұмысшылардың еңбекақысын, жанар-жағар майдың, басқа да шығындар қожалық мойнында ғой»,- дейді шаруагер.
Бүгінде Индер ауданында 400-ге тарта қожалық ата кәсіппен айналысады. Олар қысқы мал азығын көршілес Орал өңірі мен Ақтөбеден тасымалдайды. Бұған дейін жем-шөп дайындауға кеткен шығынды мемлекет субсидиялап келген-ді. Бұл шаруалар үшін үлкен көмек болатын. Бірақ былтыр мемлекеттен субсидия төленбей қалған.
Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Әбдіровтің айтуынша, негізінен қуаңшылық аймақта орналасқан ауданда жем-шөп тапшылығы байқалады. Жылда осы өзекті мәселенің біріне айналған. 2022 жылы 85 шаруашылық ірі сабақты мал азығын дайындағаны үшін субсидия алған. 2023 жылы мұндай мүмкіндікке150 шаруа қожалығы ие болған екен.
Бұл – аймақтағы мал шаруашылығымен айналысатын 2200-дей шаруашылыққа ортақ жағдай. Олардың барлығы төрт түлікті ет бағытында өсіріп отыр. Ал, Үкімет 2024 жылы субсидияны тек сүт бағытындағы шаруашылықтарға ғана берген. Былтыр облыстағы жалғыз тауарлы сүт фермасына мал азығының шығынын өтеу үшін 162 млн теңге төленіпті. Қалғандары мемлекет тарапынан бөлінетін бұл көмекті әлі де күтумен күндерін кешуде.
2024 жылы қосымша бюджет қаражатының бөлінбеуіне байланысты мал азығына субсидия төленген жоқ. Былтырғы қажеттілік бойынша 2 млрд теңге қажет мал азығының субсидиясына биыл қосымша бюджет қаражаты бөлінген кезде осы бағыт бойынша субсидиялау жоспарланатын болады.
Өткен жылы ақпар бойынша облыста 605 мың тонна шөп дайындалып, оның басым бөлігі өзге өңірлерден тасымалданған. Яғни, мемлекеттен қолдау болмаса, Атырауда төрт түліктің күтімі үлкен күшке түсетін түрі бар.
К.Арыстанов