Ұлы ақын, ағартушы, қоғам қайраткері, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 23 тамызда Семей облысы, Абай ауданының Шыңғыстау бауырында дүниеге келген.
2025 жылы қазақтың біртуар азаматы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Абай – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Ол салған даңғыл жол қазақ ақындары мен прозаиктерінің жаңа буынының шығармаларында жалғасын табуда. Қазақ әдебиеттануында Абайтану бағыты сәтті дамып келеді. Ал «Абай жолы» – қазақ әдебиетінің темірқазығы, ұлттық ар-ожданымыз әрі мақтанышымыз.
Ұлт руханиятының шамшырағы Абай Құнанбайұлының мол мәдени-әдеби мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде.
Оның жүрек шерімен жазған өлеңдерінің тағылымы тереңде жатыр. Абай жалғыз қазақ халқының емес, адамзаттың ұлы десек артық айтқандық емес. Дара тұлғаны қай жағынан дәріптесек те – біздің елдік, халықтық парызымыз болып есептеледі. Осылайша біз еліміздің мәдениеті мен тарихына құрмет көрсетіп, ұлт руханиятын дамыту бағытындағы маңызды қадамдарды жасаймыз.
Сайып келгенде, Абай шығармалары әлі талай ғасырларға жететін, адамзаттың игілігіне жарайтын рухани азық болары сөзсіз.
А.ҰЗАҚБАЙҰЛЫ,
Маңғыстау облысы бойынша
Қазынашылық департаментініңбасшы орынбасары