Бас абайтанушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов: «Мұсылмандық Шығыс – Абай нәр алған үш арнаның бірі» деген болатын. Бұл хакімнің пәлсапалық қырына сілтегені еді. Асыл мұраны пәлсапалық қырынан терең танып-білу маңызды мәселе. Бұл жағдайда қазақтың ой-сана биігін өзге халықтарға танытуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, Абайдың көзқарастары мен ілімдері бүкіл түркілік әлем бірлігіне қызмет ететін болады.
Абайдың Шығысын екшеп, барлауды ойшылдық эволюциясын саты-сатылап қарастырудан бастамақпыз. Аталмыш тәсіл бойынша кемеңгердің шығармашылық ғұмыры үш сатылы: ойшыл (философ), ғұлама ойшыл (теолог) һәм әлемдік ойдың алыбы (хакім). Төменде осынау үш сатыны (кезеңді) жеке-жеке сарапқа салмақпыз.
Нақлия және ғалия терминдері жайлы бірер сөз
Абайдың ойшылдық эволюциясын саты-сатылап анықтаудан бұрын нақлия және ғақлия терминдерін екшеп, байыптап алу маңызды. Екеуінің де түбірі «ақыл» сөзі. Арабтілді фалсафада ғақлия – ішкі ғылым (ғылым батини), ал нақлия – сыртқы ғылым (ғылым заһири). Екінші түрде ғақлия – теориялық, нақлия – тәжірибелік фалсафа. Дүниенің көрінетін және көрінбейтін сыры болғандықтан екеуі қосылып бір бүтінді құрайды.
Нақлия – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат, аксиома. Оны Абай да осы мағынада қолданып, 38-ші сөзінде: «Бұл сөзіме нақлия дәлелім – жоғарыдағы жазылмыш Алла тағаланың есімдері» десе, енді бір тұста: «Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды нақлия деп те атайды, бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады» — дейді. Сондай-ақ: «(Дін) Ғалымдарының нақлиясыменен мұсылман иман тақлиди кесіп қылады» деп тұжырады.
Батыс әлемі «этика», «мораль», ал мұсылман жұрты «ахлақ» дейтін адам мен адамның қарым-қатынасын реттейтін өмір сүру ережелері нақлия іліміне жатады. Сол сияқты қазақ халқының сан ғасырлар қордаланған тәрбиелік сөздері, мақал-мәтелдері, сонымен қатар, аят-хадистер де нақлия болып табылады.
Ғақлия деген – терең ой ойлау, сол арқылы түпкі себепті іздеу, Алланың хикметін, адамның болмысын танып-білу. Мысалға Абай: «Ғақлия дәлелім – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан» (38-сөз) дейді. Ғақлия және нақлия ұғымдары жайлы сөзіміз осымен тәмам. Енді үш кезеңді қарастырайық.
Ойшыл-философ болған кезеңі
(1884-1893 жылдар)
Тұрағұлдың сөзінше, әкесі Абай ақындық қызметіне 1884-1885 жылдары шындап кіріскен (бұл ақындығына ғалымдығы қосылған шақ). «Халық туралы» делінетін сыншылдық өлеңдері соның айғағы. Абай 12 жалалы іс бойынша бес жыл тергелген болатын. Осы жылдары (1879-1883 ж.ж.) Семейдің қалалық кітапханасы қорындағы батыс, орыс әдебиетін, оған қоса, мешіт-медресе сөрелерінде иін тірескен Қазан қаласы баспасынан шыққан мұсылман ойшылдары кітаптарын індете оқып, тауысты. Бұл – ақиқат. Ойшыл оқымысты болуы Абай иығына зор жүк артты. Халқының жүрегіне «қайтсем сәуле түсірем» деп түн ұйқысын төрт бөлуі, яғни ағартушылық қызметі, міне, осылай басталған болатын.
Сонымен, Абай жедел даму, шапшаң жетілу жолына шықты. Оның айшықты куәсі – алғашқы он жылдық шығармашылық өмірі. Осы кезеңдегі поэзиясына талдау жасаған Мұхтар Әуезов Абай мұраты мынау дейді: «Өзінің ендігі сөзі қоғамды, халықты түзейтін үлкен күш деп түсінеді. Өсиет, өлең халық дертінің, тарих қайшылықтарының бәрін емдеп, тазартатын өзгеше құрал деп біледі. Ал Абайдың үгіттейтіні зор адамгершілік пен халықшыл, тазалық жолдар болғандықтан, өз заманындағы барлық мінді, сорақылықты сол тура жолдағы жақсы өлең-өсиетпен түгел жойып, жоғалтуға болады деп иланады. Басқаша айтқанда, адамгершілік, ар, ақтық деген сияқты қасиеттерді тәрбиемен көпке жайса, өмір де, қоғам да, халық тағдыры да өзгеріп, түзеліп кететіндей көрінеді» (Абай Құнанбайұлы. Монография. – Алматы, 1995. -126-бет).
Үзіндіден ұғылатыны – Абай поэзиясы ә баста нақлия жүгін арқалаған. Халыққа ішкі ғылым-білімді (ғақлияны) үйретуді емес, мінезін түзетуді, тәлім-тәрбие беруді мақсат тұтқан. Өлең-өсиетпен мораль, ахлақты жеткізіп, эстетикалық сезімді өсіруге ұмтылған. Сондықтан 1894 жылға дейінгі поэзиясының мазмұны «Ғылым таппай мақтанба», «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол», «Пайда ойлама, ар ойла», «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», «Келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды», «Ел бұзылса, табады шайтан өрмек», «Еңбек етсең ерінбей – тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген секілді дидактикалық нақылға (аксиология) толы.
Тоқ етері, Абай бастапқыда Батыстан көп үйренді, еліктеді, сөйтіп, мәдени-ағартушылық бағытты ұстанды. Философиялық тұрғыдан оны – нақлиялық поэзия, тәжірибелік (моралдік) пәлсапа деуге керек. Оның алдағы поэзиясынан принциптік өзгешелігі осы арада.
Шүбәсіз, 1891 жылға дейін-ақ Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы классик биігіне шықты. Ойшыл нақыл поэзиясы күшімен ұлттың сана-сезімін оятып, түнерген надандық бұлтын сейілтті. Халқын ғылым-білімге шақырып, өркениет өріне өрлеуге үндеді. Қазақты мінеп, сынауының астары – отарлықты, оның 1868 жылғы сойқанды заңын әшкерелеу болды. Қазақтың бас ақыны аталуға Абай не істеді деген сауалдың жауабы міне осылар.
Абай философ болған ба? Бүгінгі ұрпақтың осы сұрақты қоюы заңдылық. Себебі, қылышынан қан тамған кеңестік цензура Абайды хакім түгіл, ойшыл деуге ауызды аштырмады. Айталық, Мұхаң: «Абай философ емес» деп көрсеткен болатын (Аталған монография, 173-бет). Төменде риторикалық сұрақтың жауабын іздестірейік.
Абай ақындығына ғалымдығы қосылған шағында (1884-1885 жж.) екі өлеңінде «Қартайдық, қайғы ойладық» десе, бағдарламалық «Қалың елім, қазағым…» өлеңінде «өздеріңді түзелер дей алмаймын» деп дерттенген. Қайғы ойлау, ұйқы сергек болу қашанда – ойшыл философ нышаны. Келесі жылғы «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» өлеңінде мынадай басы ашық жолдар бар:
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп.
«Ойшылмын» деу «философпын» деу тепе-тең, мағыналас. Жылма-жыл Абайдың жан қуаты артып, рухы гүлдене түскен. Оған білуге, ізденіске құштарлығы себепкер. 1889 жылғы әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңінде:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім, —
деп батыстың ғылымы, шығыстың даналығы қызықтырған хәлінен сыр ашады. Батыста ғылым күшті, бірақ философиясы нақлия деңгейінде. Сол себептен Абай бұл жағалаудан қол үзеді. «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында (1934 ж.) Мұхтар Әуезов: «Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ» десе, монографиялық еңбегінде 40 жастан асқан ақынды «оқымысты Абай» және «ақын-данышпан болуға айналды» деп сипаттап өтеді.
Келтірілген дерек-дәйектер Абай философ болған (1884-1893 жж.) деп тұжыруға жеткілікті сияқты. Биік асулар әлі алда. Бір сатыдан екіншісіне басқыштау бір демде болмайды. Сондықтан кейінгі үш жыл (1891-1893 жж.) өтпелі кезең есепті. Рух әлеміне талпынған Абай көңілі шарқ ұрған хәлін әлденеше жырына өзек етеді. Ғақлия сөзіне кірісуі де соның куәсі. Олай болса, енді кемеңгердің келесі сатысын сарапқа салайық.
Ғұлама ойшыл – теолог болған кезеңі
(1894-1898 жылдар)
Абай алғашқы прозасы, қырық сөзі топталған қолжазба кітабын «Ғақлия» атаған. Неге? Өйткені, бұл еңбегі бұрыннан белгілі, дағдылы нақылдар емес, қазақта бұрын-соңды айтылмаған соны пайым, жаңаша көзқарастар екенін аңдатқан. Ойшылдың мақсаты – әрненің түпкі себебін, тіршіліктің сырын, адамның мінезі мен болмысын түсіндіру болғаны осыдан-ақ ұғынықты.
Нақлия басы ашық, айқын шындықтар. Демек, олар түсіндіруді қажет емес. Ахаң (А.Байтұрсынов): «Абайдың кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі»,-дегенде ғақлиатты игеруді айтқан. Абай жұмбағы да осы арада.
Сөйтіп, Абай 1893-1894 жылдан анық Шығыс ойшылы. Осы кездері «Ескендір» поэмасы және жан құмары, иман, ғибадат, Құдайды тану, пендешілік пен кісілік хақында толғаған қара сөздері қағаз бетіне түсті. «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде Абай: «Ақыл менен білімнен, Әбден үміт үзіппін» деп қамығады. Ғылымға қайыра аңсары ауады. Ендігі тірлігі – Құран бастатқан киелі кітаптарды парақтау, ислам ойшылдары еңбектерін оқып-тоқу болды. Семейдегі Ахмет Риза медресесі шәкірті кезінде жатталған сопылық ілім сырына ден қойып, терең барады. Мысалға 1895 жылғы «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңінің соңғы шумағында Абай:
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас,- дейді. Иман түгел болу мәнісі – дүниеден суыну, тариқатқа кіру. Бұл, әрине, сопылық шарты. Ізденгіш Абайды мұсылмандық Шығыстың хәл ілімі мен кәміл адам (әл-инсан әл-камил) теориясы қатты қызықтырған ғой. Абай машығы – нені де болса, өз ой қазанында қорытып, електен өткізу. Қай идеяға болмасын, қазақтың шапанын жауып, бөркін кигізеді. Мәселен, сопылық хәл ілімінен Абайдың жүрек культі өзгерек. Сол сияқты кәміл адам мен толық адам танымдары бір емес (оларда қандай принциптік өзгешелік барына кезегі келгенде тоқталамыз).
Алла тағаланы тану – адамдықтың тірегі, сонымен бірге, «Ол – күллі ғылымның шыңы» (Әл-Фараби). Демек, теология шыңы – тек генийдің еншісі. Оған жатпай-тұрмай ой ойласаң ғана жетесің. Алтын уақытын Абай кітап оқу, жазумен қатар терең ойға жұмсаған. «Лай суға май бітпес қой өткенге» (1895 ж.) өлеңінде ойшыл:
Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған Оның әмірі.
…Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймынң -деп аса құнды дерек береді.
Сөйтіп, бес жыл (1894-1898 жж.) бойы Абай ойшылдыққа салынды. Кемеңгер ойшыл Алла мен адам болмысы көрінетін рухани сатыға шықты. Бұл Абай – қазақ теологиясының атасы деген сөзіміз. Оған дәлел-дәйектер көп, біз қысқаша ғана тоқталдық.Енді Абай әлемдік ойдың алыбы болған соңғы сатыны қарастыру қалып отыр.
Данышпан хакім, ой алыбы болған кезеңі
(1899-1904 жылдар)
Асқар таудың етегінен не пайда, тұтас панорама көрінбеген соң. Кімде-кім таудың ең ұшар биігіне шығар болса, сол кісі ғана бүкіл аймақты алақанға салғандай тамашалай алмақшы. Міне, руханият әлемі туралы да осыны айтамыз. Қос ғұлама Абай, Шәкәрім Рух шыңына көтеріле алды. Оған дәлел – иманы түгел, өсиет сөздері мінсіз, ой-танымдары кемел. Екеуі де толық адам деңгейін, дәлдісі Абай данышпан хакім, Шәкәрім әулие биігін бағындырды. Асыл мұралары жалпыадамзаттық құндылық екенін ғұламалар өздері де жақсы білген.
Мәселен, Шәкәрім әулие болғандығы туралы:
Шын асықтың әрбірі,
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры
Жаратты мені орнына, — десе, ұстазы һәм ағасы Абайдың бағасын былайша берді: «Ол мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. … Тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда, ол данышпан хакім философ кісі еді».
Осы айтылған данышпан хакім, әлемдік ойдың алыбы деуіміздің анық ғылыми негізі – Абайдың «Тасдиқ» трактаты мен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі (бұл екі туындыға алдағы уақытта арнайы тоқталмақпыз).
«Абай Құнанбайұлы» атты монографиялық еңбегінде Мұхаң: «Абай ойының, ізденулерінің… саты-сатыларын анықтап ескеретін боламыз. Осылайша шолу Абайдың ақындық жолындағы сан алуан эволюциясын толығырақ танытатын болады» деп келешек ұрпақ ізденісіне адастырмас бағыт-бағдар сілтеген болатын.
Міне, біздікі ғұламаның осы аманатын орындауға талпыныс.Тексеріс нәтижесінде, оған өздеріңіз де куәсіздер, Абай ойының, ізденулерінің, рухани-шығармашылық эволюциясының айшықты үш сатысы анықталып отыр. Дәрістің жалғасы Абайдың басты еңбегі – «Тасдиқ» атты даналық трактаты жайында. Соны сарапқа салу арқылы ойшылдың соңғы хакімдік сатысын толығырақ танытпақ ниеттеміз.
(жалғасы бар)
Асан ОМАРОВ,
абайтанушы, ғалым,
Семей қаласы
АВТОР ТУРАЛЫ: Белгілі абайтанушы ғалым Асан Қайырбекұлы Омаров — абайтануға адал қызмет етіп келе жатқан бірегей ғалымдардың бірі. 1951 жылы Абай облысы, Бесқарағай ауданы, Бөденелі ауылында дүниеге келген ол 1973 жылы Ресейдің Челябі қаласында ауыл шаруашылық институтын бітірген, мамандығы – инженер-механик. 1979 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында, 1981-1994 жылдары Семей зооветеринарлық институтында аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарған. 1994-2015 жылдары республикалық «Абай» журналы редакциясында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі. ҚР Әділет, кейінде Мәдениет министрлігіне қарасты Дін мәселелерін ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші маманы болды.
1991 жылдан ұлт тағдыры, тарихы мен мәдениеті жайлы зерттеулері, мақалалары мерзімді баспасөз бетінде, интернет сайттарында үзбей жарық көріп келеді. «Қазақия», «Қалың елім, қазағым» атты публицистикалық екі жинағы, «Шәкәрімнің өмірбаяны», «Шәкәрім және Мұхтар», «Бүгінгі күнгі абайтану», «Абай: ашылмай келген қырлары», «Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы», «Абай жетілуінің саты-сатылары» атты монографиялық кітаптары әр жылдары баспадан шықты.
Асан Қайырбекұлы 1985 жылдан техника, ал 2006 жылы философия ғылымдарының кандидаты. Президенттің Алғыс хатымен, Қоғамдық келісім және ақпарат министрлігінің, Дін істер агенттігінің Құрмет грамоталарымен, Абай медалімен марапатталған.