Мұнайлы астана Атыраудың төріндегі әсем мейрамханада өткен кездесуге жан-жақтан жиналған, осыдан 60 жыл бұрын Индер ауданы Елтай ауылындағы орта мектепте бірге оқыған сыныптастардың үлкені – 80, кішісі 78 жасты еңсерсе де көңілдері көтеріңкі, бір-бірімен сағыныса қауышқандарының өзі бір үлкен мерекеге айналды.
Жүрістері шау тартып, баяу қимылдаса да, көңілдері көтеріңкі құрдастардың жанында құрметтеген ұл-қыз, немере-жиендердің өзі ата-әжелерін қаумалап, оның құрдастарын көріп, қазақи көңілмен ізет көрсетіп мәре-сәре күй кешкен жайлары бар. Осының өзі-ақ нағыз қазақи болмыс, атадан балаға жеткен салт-дәстүр үйлесімділігін көрсеткендей.
Облыс орталығынан жырақ жатқан шағын қазақи ауыл Елтайдағы 100 жылдық тарихы бар «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» М.Сиранов атындағы орта мектептің 1965 жылғы түлектерінің 60 жылдан соңғы кездесуі «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген жаттанды сөздің әуелгі мағынасын кеңейтіп, керегесін керіп, шаңырағын тым биіктетіп жібергендей әсер сыйлады. Өйткені, бұдан бұрын Жайықтың қос бетіндегі Аққала, Ынтымақ, Жарсуат, Бөдене ауылдарынан келіп, Елтайдағы интернатта жатып бірге оқығандардың 20-40 жылдықтарын өткізген қызықты сәттері, ескі көз әрі уақыт сынынан сүрінбеген сыныптастардың бұл қарекеті, бүгінгі заманауи ХХІ ғасырға өздері жеткізген көнекөз тәрбиенің өкілдері ретінде 60 жылдықты да өз мәнінде мазмұнды, есте қаларлықтай етіп өткізуге ұмтылған жайларын өзара әңгімелерінде де ашық әңгімеледі.
Әрине, жастары егде тартқан олардың басын қосып, осындай ортада әңгіме-дүкен құруларына жағдай туғызған, бір сыныпта оқыған, кейін шаңырақ көтерген құрдастары, ерлі-зайыпты, «Қазақстанның Құрметті журналисі», республикалық «Саkhаrа» газетінің бас редакторы Қуандық Батырұлы мен оның жұбайы Рысты Құмарғалиқызына да ақ алғыстарын жаудырулары орынды естілді.
Құрдастардың кездесу кеші имандылық жолымен осы 60 жылда бақидыққа аттанған Хайша Қарабалина, Дунай Рысмұқанбетова, Басира Қалимова, Бақытжан Жұмашев, Меңдеш Сармолдаев, Орынғали Досқалиев, Мақсот Аманжолов, Ілгек Жылқышиева, Нұрзиба Далдина, Лиза Жұмабаева, Базарғали Суханқұлов, Жібек Бекжанова, Аманкелді Тауманов, Мәрия Жұбаева, Ұлмекен Кенжеғалиева, Нәсіп Хамзина, Нұржамал Темірханова, Әбида Мұратова рухтарына дұға оқумен жалғасты.
Атауы кездесу болғаны мен де естелік айтып, арасында өнерпаздармен қатар бойға біткен ескірмес өнерлерін көрсетулеріне де жағдай туғызылды.
Олай дейтініміз, бұл 1965 жылы 11-ші сыныпты бітірген қос сынып оқушылары өте белсенді болумен бірге екі түлек Шолпан Мұхамедиярова мен Қарашаш Жәкиева білім ордасын медальмен бітірсе, басқалары да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өнерпаздықтан да кенде болмапты. Осынау кештің тізгінін ұстаған Қуандық Батырұлы өзіне осы шараны ұйымдастыруына көмек қолын созған атыраулық Сара Масаева мен елтайлық Оралбай Серікқалиевке, сондай-ақ құрдастарын қолдауға көмектескен облыстық және аудандық ардагерлер кеңестеріне, кәсіподақ ұйымдарына ризашылығын білдіріп, сағыныш сезімі кернеген ортаның көңіл пернесін шертті.
Өкінішке орай денсаулық, тағы басқа да жағдайлармен Шолпан Қаденқызы, Қизат Әбдіғалиев, Тарғын Тыныштықбаев, Мәлік Бақтыгереев, Мәруаш Оразғалиева, тағы да басқалары бұл қуанышты ортаның қызығын бөлісе алмай отырғандықтарын да көптің қаперіне беріп, оларға амандық тіледі.
Құрдастардың балалық пен жастық шақты еске алу шеруі 80 жастың сеңгіріне шыққан исатайлық Жанбикеш Төлегенова мен Елтайдағы мұнай айдау стансасының ардагер операторы Оралбай Серікқалиевті марапаттау шарасымен ашылды. Оларға облыстық ардагерлер кеңесінің «Мейірімді жүрек» және «Ел ағасы» алтын белгілері табыс етілді.
Сөз алған Жанбикеш Төлегенова ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанын, мектепте бірге бітірген көптеген жолдастарымен біраз уақыт араласпаған соң бастапқыда дұрыс тани алмай жатқанын айта келе, өзінің Елтайда оқып жүргенде қос сыныптың біріне староста болғанын әңгімеледі. Елтайда өткен жастық шағын еске алып, өзі мақтан ететін Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваға арналған баршаға сүйікті «Маржан қыз» әнін бастап шырқап, өзгелері оны іліп әкетті.
Елтайдағы Маржан Енбаева атындағы көшенің тұрғыны, бүкіл саналы өмірі мен еңбек жолын туған жерінде өткізген жұмысшы, оператор Оралбай Серікқалиев қарапайым еңбегімен өз ортасына сыйлы болып, бірнеше жоғары марапат иесі атанғанын, Самара, Ақтөбе, Уфа, Москва, Алматы, Одесса қалаларында кәсіби білімін жетілдіргенін, әскер қатарында қызмет етіп, абыроймен ел оралғанын әңгімеледі.
Иә, 80 жастың сеңгіріне шыққан азаматтың күні бүгінде де өзін-өзі сергек ұстап, жеңіл көліктің руліне отырып, облыс пен аудан, ауылдар арасында жолаушы тасымалдап, кәсіпкерлікпен айналысып жүргенін де құрдастарымен қатар барша жұртшылық та жақсы біледі. «Ерінбеген етікші болады» демекші, Орекең жұбайы Кәмшат Тауқыстауова екеуі Елтайда бірнеше ұл-қызды дүниеге әкеліп, немере-жиен сүйген бақытты отбасының ата-әжесі екенін де осы ортада талай әңгімеледі. Соңында «Қайдасыңдар, достарым», «Армандастар» әндерін шырқап, құрдастардың алғысын арқалады.
Көңілді ортада өздерінің өмірлерін еңбектен тапқан Өрлік ауылынан келген сыныптастары Мәрзия Өтепқалиева мен бұрынғы Ленин орденді «Передовик» кеңшарының атақты шопаны Шамұрат Қабиев те өз естеліктеріне ерік берді.
Облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің арнайы Алғыс хатымен марапатталған Шәкең ертеректе шопан болумен қатар бірнеше қоғамдық жұмыстарға да араласқан, түрлі мәртебелі мінберлерде сөз сөйлеп, маңызды партиялық-комсомолдық шаралардың ортасында жүрген орденді азамат екенін білеміз. Мәрзия апамыз да ағамызға сай, қазақ айтқандай, «Сегіз қырлы бір сырлы» жаны жайдары, ақ көңіл жан екен. Еңбекпен есейген жанның достары сан рет еске алғандай, мектепте жүргенде-ақ өнерпаздығымен танылып, мың құбыла билеп, байрақтарға ие болса, осы ортаның да сәнін келтіргенін ерекше айтқымыз келеді. Аппақ киінген ауыл анасы қазақтың атақты «Қамажай» биін құрдасы, елтайлық Орынай Сабыровамен жұптаса мың бұрала билегенде, жастық шағына оралғандай тіпті өзгеріп сала берді.
Елтайдан келген Орынай Сейіткерей зайыбы болса, өздері оқыған ескі мектеп пен оның интернатындағы қызықтар мен қиындықтар, оқу орынын жылытуға қажет отын жыңғыл шауып әкеліп, от жағатын кездерді ХХІ ғасырға естелік етіп оралтты.
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар институтының түлегі, танымал кітапханашы Сара Масаева-Ербатырова да осы ортада құрметтеліп, естеліктеріне ерік берді. Ардақты азамат, жолдасы бұдан бұрынғы талай кездесулердің көркі болған ортаның сәні Әнуар жанында болмаса да, талай сынақтан өткен достықтың қашанда орны қымбат екендігін еске алып, алғысын жаудырды. Сонымен бірге Мәскеуге барғанда өзін қарсы алып, қаланы армансыз аралатқан ауылдас құрбысы Қарашаш Жәкиеваны ыстық ықыласын ризашылықпен атады.
Өз кезегінде бүгінгідей ондап-жүздеп берілмейтін, анда-санда қадау-қадау, мыңнан бір шығатын шынайы үздіктер қатарында болып, оқуды медальмен тәмамдаған химия ғылымдарының кандидаты, Атырау мұнай-газ университетінің ұстазы Қарашаш Жәкиеваның естелігі көпшілікке ерекше естілді. Ол өзінің ұстаздары болған Ә.Мұратов, Қ.Хасанов, Е.Төленбаев, Ә.Қабдешова, Ә. Қоңқашева, З.Әбдешова, А.Ерубаев, А. Аймақов, сондай-ақ бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті және оның химия факультетіндегі жоғары молекулалық синтетикалық заттар кафедрасындағы өзіне жетекші болған ғалымдарды еске алды. Мәскеудегі аспирантурада үш жыл оқыған кезіне де оралып, бар өмірі тек оқумен, ізденумен өткенін ортаға салды.
«Ауданның үздік зоотехнигі» атанған маман есболдық Сабыр Бекқайыров пен бүкіл саналы ғұмырын туған жерінде бір мамандық есепшілікке арнаған Айша Кенесариеваны, жарсуаттық Бақыт Орынбасарованы (Өмірова), Индер борат кенішінің ақшасын емес, өндірген өнімін есептеуге арнаған Әсия Кенжеғалиеваны да құрдастары ортаға шақырып, кеуделеріне медаль тағып, құрметтерін көрсетті.
– Өмірімнің 36 жылын ауылдық кеңес атқару комитетінде, 20 жылдайын автотранспорт кәсіпорнында өткізген есепші болсам да, қоғамдық жұмыстардың ортасында жүрдім. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, барлық құжатты қолмен жазатын едік. Әрбір сайлауда ауылдағы 2600-дей дауыс берушінің тізімін дайындап, сот заседателі, тағы басқа қоғамдық жұмыстарға үлгеріп жүрдік. Мына Ынтымақ ауылына көрші Елтай ауылы мен мектебінің тарихы туралы жиі-жиі жазылады.
Мұнда замандасым Гүлжан Қауашева бастаған мұғалімдер еңбектері зор, риза боламын. Біз осы Ынтымақтан 3-4 ұл-қыз Елтайда оқып бітірдік. Біз бүгін қоштаспаймыз, әлі де кездесеміз,- деп сөзін аяқтаған Айша Кенесариеваның естелігін басқа да құрбылары толықтыра түскендей болды.
Жалпы кездесуге келген әр қонақ, кім не айтса да барлығы да ұшқан ұя мектеп, оның ұстаздары, өз өмірлері мен еңбек жолдары, ұрпақтарының жетістіктері, қызықты сәттерден құралды. Бұдан былайғы уақытта да бір-біріміздің қуаныш-қайғымызды бөлісіп, осыншама жылдарға жеткен сыннан өткен достығымыз жалғасын таба берсін деген жүректен шыққан ыстық лебізге толы игі тілекті осы шараны ұйымдастырған, оның өз дәрежесінде өтуі үшін бар жағдайды жасаған Қуандық Батырұлы да осындай тұжырымға тоқталып, 80 жастағы сыныптастар кездесуін қорытындылады.Баршасына ақ алғысын жаудырды. Құрдастарының сұрауы бойынша жұбайы Рысты екеуі ән шырқады.
Тағы бір қызығы осы шараға жан-жақтан келген әр қонақ қазақи жолмен дәм-тұздарын әкеліп бір-біріне мәре-сәре болып табыстаулары, «Орамал тон болмайды, жол болады» деп естелікке сыйлықтар ұсынулары да тек үлкендерге тән ескі дәстүрді оралтып, терең жарасымдылықты аңғартты.
Олардың «Біз қоштаспаймыз, келешекте тағы кездесеміз, құрдастар» деп қайта-қайта бірін-бірі бауырларына басып, қимай құшақтасулары да көңілді толқытты. Баршаңыз да аман болыңыздар, қадірлі жерлестер!
Өз тілшіміз