Мұнайлы аймақтағы облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» автомобиль жолының 117-167 шақырым аралығын орташа жөндеуге «ТемірЖолҚұрылыс» ЖШС-мен 2024 жылдың наурыз айында келісім-шарт жасақталған болатын. Жоба құны – 5,3 млрд теңге. Алайда, бүгінгі жұмыстың қарқыны тым мардымсыз. Мердігер мекеме басшылығы бұл жайды былтырғы тасқынның салдарынан жұмыс тек тамыз айында басталғанымен түсіндіреді. Осылайша, екі жыл бойы Бөдене, Жарсуат және Құрылыс  ауылдық округтерінің тұрғындары Индербор кенті мен облыс орталығына жетуге зар болып жүр.  

Индер ауданына қарасты аталған үш ауылдың тұрғындары үшін осы бір 50 шақырым жолдың әлегі жырға айналып барады. Жол жөндеу жұмысының баяулығы өз алдына, мердігер мекеме бұрынғы асфальтты қырып алып тастаған. Салдарынан ала шаңға көмілген көліктер ерсілі-қарсылы қара жолмен шұбыруда. 

Жұмысы жоқ, отбасын асырау үшін нәпақасын екі аралықта жолаушылар тасымалдаумен күндерін көріп жүрген жүргізушінің бірі Өмірбек Халиннің айтуынша, Бөденеден қалаға қарай – 9, Құрылыстан әрі тағы да 4-5 шақырым жолдың бетін қырып тастап, көлік қозғалысын тым ауырлатып тастаған. Жолдағы шоқалақ, ала шаң машинаны үнемі жөндей беру де жолаушы тасымалы қызметін көрсетушілер қалтасына тиіп тұрғаны да жасырын емес.

Әрине, ауыл тұрғындарының бұл реніштері орынды. Өткен жылы аяқталуы тиіс 25 шақырым жолдың бар болғаны 8 шақырымына ғана асфальт төселіпті. Енді биыл ерте көктемде іске кіріскен мердігер «ТемірЖолҚұрылыс» серіктестігі директорының орынбасары Азат Кушманов  «осы жылдың қазан айына дейін қалған жұмыстарды толық бітіреміз» деп сендірді. Қазір жол жұмысында 40-тан астам адам, 20 техника  жүр.

Асфальт жабындысы Атыраудан тасымалдануда. 200 шақырымнан қатынайтын көліктер күніне бір рейс жасап үлгереді. Бұл да жұмыстың ырғағы мен жолдың сапасына әсерін тигізбей қоймайды дейді мамандар.

Жол жөндеудегі берекесіздіктен ығыр болған тұрғындар өткен күзде өңір басшысына шағымданған еді. Сонан бері бұл жағдай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бақылауында. Аталған басқармасының бас маманы АлтынбекБейбітов:  – 22 шақырымына үлкен түйіршікт асфальт жабындысы, 4 шақырымына ұсақ түйіршікті асфальт төселді. Күні бүгінге дейін, асфальт жабындысы Атырау қаласынан тасымалданды. Алайда, асфальт зауытын Махамбет ауылы тұсына әкеліп, алдағы жылы осы 117-167 шақырым аралығындағы жолды толық аяқтау жоспарлануда,- дейді.

Биыл осы Атырау-Индер автомобиль жолының тағы 50 шақырымына  орташа жөндеу жұмысы басталды.  Құны 7,7 млрд теңге тұратын жоба 2027 жылы аяқталуға тиіс. Аталған 2 жоба жүзеге асса, күре жол бойындағы ауылдар үшін қатынас жеңілдейді,- дейді билік басындағылар. Ал, әзірге индерліктер мұнайлы астанаға қара жолмен шаңдатып жетуіне тура келеді.

А. КЕНЖЕ