Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл бастама еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру, олардың еңбегін бағалау және жас ұрпақты жұмысшы мамандықтарына тарту мақсатында қолға алынды. Еңбек адамы – бұл тек белгілі бір кәсіптің иесі ғана емес, ол – өз ісіне адал, қоғамға пайда әкелетін, елдің өркендеуіне үлес қосатын жан.
Қазіргі заманда ғылым мен технологияның дамуы және цифрландырудың қарқынды өсуі еңбек нарығына да өзгерістер енгізуде. Дегенмен, қандай заман болмасын, жұмысшы мамандықтарының маңызы ешқашан жоғалмайды. Еңбек адамы – тек өндірісте ғана емес, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету салаларында да маңызды рөл атқарады. Мемлекет еңбек адамдарын қолдау мақсатында түрлі әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Олардың ішінде еңбекақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту, кәсіби дамуға мүмкіндіктер жасау сияқты шаралар бар.
Сонымен қатар, еңбек адамы – еліміздің болашағының кепілі.
Бүгінгі таңда қоғамның ең жоғарғы құндылығы – адам, бүкіл елдегі атқарылып жатқан өзгерістердің бәрі сол үшін, соның игілігі үшін жасалып жатыр. Ал сол атқарылатын орасан зор, ауқымы кең игілікті істер қарапайым еңбек адамының қолымен жасалатындығы да белгілі. Қоғамның кетігін тауып, бір кірпіш болып қалану, қоршаған ортаңнан орныңды сайлау үшін де бір мамандықты жан-жақты игеру қажет. Сондықтан да жалпы бүгінгі қоғамда еңбектің ролін ерекше атап өтеді.
Атырау қалалық мемлекеттік архиві ұжымы тарапынан С.Мұқашев атындағы Атырау мұнай-газ колледжі базасында «Мәртебесі артқан мұнайшылар» тақырыбында көрме-кездсеу ұйымдастырылды. Көрме-кездесу іс-шарасы барысында архив қорындағы Ленин және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұнайшысы Ермек Дүтбаевтың (1895-1981 жж.), КСРО-ның еңбек сіңірген мұнайшысы Ибатолла Дүйсенғалиевтың (1910-1984 жж.) және «Еңбек ардагері» медалінің иегері Айтқали Хасановтың (1930-2010 жж.) жеке тектік құжаттары көрермендер назарына ұсынылды. Көрермендер архив қорында сақталған еңбек ардагерлерінің құжаттарына ерекше қызығушылық танытты. Уақыттың табымен сарғайған құжаттар өлкенің әлеуметтік-экономикасын дамыту жолында еңбек еткен мұнайшы ардагерлердің қажырлы еңбектерін паш етіп тұрғандай.
Аталған шараға Е.Дүтбаевтың немерелері, туған-туыстары, филология ғылымдарының кандидаты, профессор С.Дүтбаева, З.Дүтбаева, Испанияда тұрып жатқан немересі, ардагер ұстаз М.Қорқытова, И. Дүйсенғалиевтың келіні Факиза Ибатоллақызы немерелерімен, А Хасановтың қызы Алға Айтқалиқызы бауырымен және Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Т.Қалимова, колледждің ұстаздары мен студенттері қатынасты.
Аталған шараны ашып, жүргізген қалалық мемлекеттік архиві басшысы А. С. Жұмабаева өткізіліп отырған іс-шараның мақсатына кеңінен тоқталып, Атырау өңірінің мұнайшылары, мұнай саласы ардагерлерінің өмірі мен еңбек жолдарын архив қорында сақталған деректер негізінде, өлкеміздегі қара алтынның ашылуы және оның тарихи маңызы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
Кездесу барысында Сәуле Дүтбаева сөз алып, шараның тәрбиелік-тағылымдық маңызы бар екендігіне тоқталып, атасы Ермек Дүтбаевтың мұнай саласындағы ерекше еңбектері туралы кітап жазып, аяқтай келгендігін тілге тиек етті. Атасы 1895 жылы Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан. Алғашқы еңбек жолын ұста болып бастаған ол өзі тәрізді қарапайым еңбек адамдарымен қатар жүріп, олардың да көңілдерін таба білген. Ол өзіне жүктелген міндет пен шаруаны тиісті дәрежеде орындап, биіктерді бағындыруға зор жауапкершілік пен өз кәсібіне деген адалдық, шеберлік қажеттігін жастайынан сезінген жан екендігін тілге тиек етті. 1915-1958 жылдары Доссор, Мақат мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде жұмысшыдан цех бастығы, мұнайшылар одағы кәсіподақ комитетінің, Доссор кенті кеңесінің төрағасына дейінгі еңбек жолынан өткендігін қызықты баяндап берді. Еңбектегі табыстары үшін мемлекет тарапынан сол кездегі ең жоғары марапат Ленин орденіне ие болды. Ардагер мұнайшы 1981 жылы дүниеден өткен.
Кездесу барысында сөз алған И. Дүйсенғалиев, А.Хасанов ұрпақтары да өз кезегінде әкелерінің қарапайым еңбек адамдары болғандығын мақтаныш ететіндігі жайлы сырларымен бөлісті. Өмірдің қым-қуат ағынымен бірге олар елдің экономикасына өз еңбек үлесін қосуға бар күшін салды.
Еңбек жолында аталған азаматтар абыройсыз болмады, олар еңбек майданында ысылған өз кәсіптерінің нағыз майталман шеберлері екенліктерін дәлелдей білді. Ардагер мұнайшылардың ұрпақтары өздерін «біз мұнайшылар ұрпағымыз» деп орынды мақтаныш етеді. Осындай игі шараны ұйымдастырған қалалық мемлекеттік архив ұжымына өз тараптарынан ерекше ризашылықтарын білдірді.
Көрме-кездесу барысында студенттерге викториналық сұрақтар қойылып, студенттер белсенділікпен қатынасты. Олар қойылған сұрақтарға нақты жауап нақты беріп, әртүрлі сыйлықтарға ие болды.
Аққали АХМЕТ
тарих ғылымдарының докторы, профессор