Қазақ халқының ежелден-ақ қанына сіңген бір жақсы қасиеті – салт-дәстүрге адалдық, ата-баба ерлігін кейінгі ұрпағына жалықпай насихаттау, үлгі-өнеге алуға үйрету. Отан үшін жанын да, күш-қуатын да аямаған, сол үшін өмірін беруге дайын болған ержүрек батырлар туралы әңгімелерді бірте-бірте жинақтай отырып, тарихымызда осындай адамдардың болғанын бүгінгі жас буынға жеткізуіміз қажет. Өйткені олардың жүріп өткен жолы – көпке өшпестей өнеге.
Солардың бірі әрі бірегейі – Ұлы Отан соғысына қатысушы жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш сүңгуір қайық командирі, КСРО Әскери-теңіз флотының 1-дәрежелі капитаны Қуанғали Ихаров. 1923 жылы Нарын құмындағы Сартөбе, Жанбай деген елді мекенде дүниеге келген ол әкесінен ерте айырылады. Әкесімен қоштасқанын еске алып, кейінірек өз естелігінде былай деп жазған-ды: «1919-1920 жылдары әкем Астраханьда кеңес өкіметін орнату үшін күрескен қызыл комиссар Чугуновтың отрядында қызмет етті. Әкем мені қатты жақсы көретін. Бірақ ол ешқашан маған өзі туралы, өмірі туралы айтқан емес. Оның қандай адам екенін мен әскери киіммен бақилық болған әкемнің табытының қасында жүрген орыстан ғана естіп білдім».
Әкесінен соң араға бір жыл салып, анасы Ақкенже де о дүниелік болады. Қуанғали мен оның жеті жасар әпкесі Жамал үлкен ағасы Кәкімнің қолында өсіп, ер жетеді. Тағдыры ауыр әрі балалық шағының қаншама қиындығына қарамастан 15 жасар бозбала 1938 жылы Баку теңіз техникумына оқуға түсіп, оны сұрапыл соғыстың нағыз өршіп тұрған кезі – 1941 жылдың тамызында бітіреді. Жас теңізшінің әскердегі өмірі Севастопольдегі теңіз жаяу әскерінде басталды.
Бір айлық әскери дайындықтан кейін ол бірден жойқын ұрыстарға тап болды. Өзінің әскери қызметін «Бодрый» эсминецінде өткізіп, Новороссийск, Таман, Керчь, Туапсе, Армавир, Темрюк қалалары маңындағы ұрыстарға, Кола шығанағындағы Заполярьені азат ету шайқастарына қатысады.
Қуанғали Ихаров сол бір қаһарлы күндердің оқиғаларын өз естелігінде былайша баяндайды: «Мен фашистермен алғашқы шайқасымды Севастополь түбінде «Бодрый» эсминецінде өткіздім. Артиллерист болған соң, жаудың кемелеріне оқ атудың күндіз-түні тоқтаусыз жүргізілетіні есімде. Біз жаппай өрт қоюдың арқасында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізгенімізді кейінірек білдік. Жау айтарлықтай шығынға ұшырады. Сол шайқаста көрсеткен ерлігім үшін флот қолбасшысы адмирал Лев Владимирский мені «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттады».
Белгілі журналист-жазушы, өлкетанушы Әлімгерейұлы Өтепберген ағамыздың ертеректе жазған «Теңіз тарланы» деген мақаласында: «…Құрамында Қ.Ихаров бар «Бодрый» эсминеці капитан-лейтенант Михайл Шепиловтің тапсырмасы бойынша алғашқылардың бірі болып қарсы шабуыл бастады. Қазақ жігітінің нысанаға алуымен жау жағының «Принц Михай» атты шабуылдаушы кемесінің басқару орталығына оқ тиіп, әп дегеннен суға батты. Ұрыс екі сағатқа созылды. Нәтижесінде дұшпандар алты десанттық кемесінен айырылды. Өкінішке орай «Бодрый» да теңіз түбіне кетті. Ондағы үш жүз отыз үш теңізшінің жетпіс бірі ғана жанын сақтап қалды. Ал Қуанғали болса оң иығынан қатты жараланып, Поти қаласындағы әскери госпитальға түсті. Қызылқоғалық адмирал Л.А.Владимирский жаралылардың жайымен танысып келе жатып, Ихаровтың төсегінің тұсына келгенде көзі жайнап, жүзінен нұр шашып, таза қазақ тілінде «Астапыралла, мен жерлесімді көріп тұрмын» деп тұрқы екі метрлік дәу денесімен Қуанғалиды құшақтаған күйі бетінен сүйді.
Алғашында адмирал қай тілде сөйлеп, кімді құшақтап жатқанын түсінбеген әріптесі әскери командир, генерал Иван Ефимович Петров мұның бетіне таңырқай қарайды да, «Мен сіздің қай тілде сөйлеп жатқаныңызға түсінбедім, жолдас адмирал!» дейді ғой.
– Мен қазақша сөйлеп тұрмын. Өйткені мен Қазақстанда, оның Гурьев облысы, Қызылқоға деген жерінде туып-өстім. Әкем ауылда фельдшер, анам акушер болып жұмыс істеді. Керек десеңіз мен орыс тілінен гөрі қазақ тілін жақсырақ біліп, ұғынамын. Сол тілде оқимын, еркін жаза аламын. Ал дәл қазір мен жерлесімнің кешегі үлкен ерлігіне бола келіп тұрмын. «Сен нағыз ерсің!» деген Қаратеңіз флотының адмиралы Лев Анатольевич Владимирский тағы да Қуанғалидың иығына қолын салып, жерлесінің Қазақстанның қай жерінен екендігін сұрады. Оның Астраханнан, тарихи Отаны Гурьев, арғы аталарының сол Лев Анатольевич туған Қызылқоғадан екенін айтқанда, теңіз тарланы тап бір туғанын көргендей мәз болды, балалық шағынан әңгімелер сабақтады, достарын еске алды» — деген жолдар бар.

Кеңес одағы халқының тағдыры жанкешті шайқаста шешілген сол Ұлы Отан соғысының барлық қиындықтарын сөзбен айтып та, оқырман үшін дәлме-дәл жазып толық жеткізу де мүмкін емес нәрсе ғой. 1941 жылдың тамызында «Бодрый» есминеці Одессаны қорғауға белсенді қатысады. Ол теңіздің су көліктеріне ілесіп, жау ұшақтарының шабуылын тойтарады, фашистердің құрлықта бекінген позицияларына бірнеше рет оқ жаудырады. Артиллериялық атыс жағалаудағы атысты түзету бекеттері арқылы жүргізіледі және бұл тәсіл өте тиімді болады. Румыниялық бөлімшелердің бірінің командалық пункті мен штаб-пәтерін жойғаны үшін экипаж Одесса әскери-теңіз базасы қолбасшылығынан алғыс алады.
13 тамызда жойғыш 45 мм жартылай автоматтардың орнына жаңа 70-К зениттік зеңбіректермен қайта жабдықталды. Бұл өте дер кезінде жасалған шаруа еді. Бес күннен кейін эсминец жағалауды кезекті атқылаудан кейін базаға оралып, екі рет әуе шабуылына ұшырады. Содан кейін күндіз-түні рейдтік ұшулар жиілей түсті. Неміс ұшақтары тамыздың 22, 25 және 28 күндері эсминецке шабуыл жасауға әрекеттенді, бірақ зеңбірек пен пулеметтен зениттік шабуылдың қарқынды атысы оларды бомбаларын мерзімінен бұрын көздеген нысаналарынан басқа жерлерге тастауға мәжбүр етеді.
Эсминец алғашқы жауынгерлік соққыны 9 қыркүйекте Одессада алды. Кеме Севастопольден жаңа ғана келіп, қоршауда қалған қалаға жеткізілген оқ-дәрілерді түсіріп жатқан кезі болатын. Абырой болғанда атыс кезінде әйтеуір жанар-жағармай немесе оқ-дәрілер тұтанбайды. Сөйтіп эсминец өзінің жауынгерлік қабілетін сақтап қалады. Кеменің оқтан зақым келген сыртқы бөлігіндегі тесіктер уақытша жөнделеді. Келесі 5 күнде «Бодрыйдың» жауынгерлік белсенділігінің ең жоғары қарқындылығы байқалады. Кеме жаудың 18 жағалау батареясына оқ жаудырады, ал жау жағының тек бес рет оқ атуға шамалары жетеді, сонымен қатар бірнеше рет әуе шабуылдарына тойтарыс береді. Әр жолы экипаж ежелгі әдіс түтін жабдықтарын шебер пайдаланды. Бұл сәтті маневрлермен бірге жау снарядтары мен бомбаларының соққысын болдырмауға зор мүмкіндік беретін көрінеді.
Ихаров экипаж құрамында болған «Бодрый» эсминеці 14 қыркүйекте Севастопольге келіп, снаряд жарылысынан зақымданған қондырғыларды түзетуден басқа, кемедегі минаға қарсы орамасының орны өзгертіліп, оны бүйірден жоғарғы палубаға жылжытады. Сөйтіп екі тәулікке жетпейтін уақытта күрделі жөндеуден өткен эсминец қайтадан теңізге шығып кетеді. Теңізде бір ай бойы үздіксіз конвойлық қызметпен айналысады, әрі айдында жау кемелеріне қарсы жасырын мина төсеу жұмыстарын жүргізеді.
«Бодрыйдың» қатысымен болған шытырман оқиғалар легі мұнымен бітпейді. Немістермен бір шайқастан кейін олардың атқылауларынан соң қондырмалар мен су үсті бортында екі мыңға жуық тесік пайда болады. Кеменің су асты бөлігінде тағы 19 шұңқыр табылады, өрт те тұтанады…
Иә, осынау аты аңызға айналған әскери кемеде өзінің алғашқы жауынгерлік үлкен сынағынан сәтті өткен жерлесіміз Қ.Ихаровқа мақтаныш сезімі қалай ұяламасын. Бұдан соң сұрапыл соғыс тағдыры Қуанғалиды теңіз жаяу әскеріне алып келеді. 1941 жылдың күзінде Қуанғали Қызыл Армияның 18-армиясы теңіз жаяу әскері құрамында Севастополь маңында шайқасты. Осы жерде сол жылдың шілде айының ортасына қарай кеңес-герман майданында жаудың 182 дивизиясы болғаны, 14 дивизияның резервте тұрғаны тарихтан белгілі. Осы уақытқа дейін Қызыл Армияның құрамына 212 дивизия мен үш атқыштар бригадасы кірген-ді.
Соғыстың бастапқы кезеңіндегі неміс-фашистерінің тегеурінді шабуылдарына төтеп бере алмай, кері шегініп жатқан кеңес жауынгерлерінің жеке құрамы мен әскери техникасы орасан зор шығынға ұшыраған кезде, жау ел аумағының едәуір бөлігін басып алып, жұмылдыруды қиындата түсті. Дәл осы сын сағаттарда кеңес одағы тарихында бірнеше рет теңіз корпусы стратегиялық резерв ретінде ерекше маңызды рөл атқарды.
Соғыс жылдарында құрлық әскерлерінің, флоттары мен флотилияларының құрамалары және олардың құрамында болған майдандардағы жауынгерлерінің жалпы саны 200 мыңнан асатын бір дивизия, 19 бригада, 14 полк және 36 теңіз батальоны әртүрлі уақытта шайқасты. Құрамына алты бригада, тоғыз полк, бірнеше отряд және 22 батальон кірген Қара теңіз флоты теңіз жаяу әскерлерінің қарсылығы 1942 жылғы неміс әскерлерінің көктемгі шабуылына тосқауыл қойған маңызды себептердің бірі еді.
Қара теңіз флотының Одесса, Севастополь, Новороссийск, Туапсе және Кавказды қорғаудағы және құрлық майданының оңтүстік стратегиялық шебінде тұрақтылық берудегі рөлін бағаламауға болмайды. Ұлы Отан соғысында теңіз жаяу әскерлері барлық әскери қимылдар театрларында қолданылды, жағалауды және әскери-теңіз базаларын қорғауға қатысты. Оның әскери жолы өшпес даңққа толы. Теңіз жаяу әскері әрқашан рухтың ұлылығымен, қорғаныстағы мызғымас табандылықпен, шабуылдағы қатал, бақыланбайтын екпінімен және өлімді жек көретіндігімен ерекшеленді.
Қуанғали Ихаров сұхбаттарының бірінде өзі қатысқан «тіл алу операциясы» туралы да әсерлі суреттейді. Бұл Одер өзенінен өту кезінде болған еді. Қалай да жау офицерін қолға түсіріп, сол арқылы аса қажетті мәліметтер алу керек. Бұл маңызды жауынгерлік тапсырманы орындау үшін суда жүзуді жақсы білетін үш мықты жігіт іріктеледі, олар – Амиран Мукниашвили, Александр Сухов, үлкені Қуанғали Ихаров. Түн ортасында үлкен өзенді жүзіп өткен әлгі үштік бір командалық бункерге тап болады. Олар үн-түнсіз жер бауырлап барып, жау күзетшілерінің үнін өшіреді де бункердегі неміс командирін тұтқынға түсіріп, қол-аяғын байлап, кері қайтады. Өзеннен өтерде әлгі құнды тіл суға батып кете жаздайды. Әйтеуір абырой болғанда барлаушы жігіттер жаудан тіл әкелу операциясын сәтті аяқтайды. Тұтқынның дәрежесі мен шенінің жоғары болғаны соншалық, тергеуде маршал Жуковтың өзі де болған көрінеді…
…1943 жылдың ақпан айының 1-інен 2-сіне қараған түн. Новороссийск маңы. Оқиға желісі осындағы «Кіші жерде» өтеді. Түнгі шайқас кезінде шағын десанттық катерге жау жағының снаряды түсіп, түбі жарылып кеткенде көп адам суға батқан, өлген, бірақ тірі қалғандары да бар еді. Соларды тез құтқару керек. Командирден шұғыл тапсырма алған бойда Қ.Ихаров қасына матрос В.Дятловты ертіп, межелі жерге жетеді. Мұзға жабысып тұрған екеуге жақындап келеді де, қолындағы багорын созып, бұлар мінген қайыққа отыруын сұрайды. Сөйтіп, екі адамды ажал аузынан алып қалады. Сол екеудің бірі – 18-армияның саяси бөлімінің жетекшісі, полковник, кейін СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы лауазымын 18 жыл атқарған көрнекті мемлекет қайраткері Леонид Ильич Брежнев болатын.
Леонид Ильич өзін ажал тырнағынан аман алып қалғаны үшін Қуанғалиға алғыс жаудырып, ризашылығын білдіреді. Осының қайтарымы ретінде кейін айтарлықтай құрмет те көрсетті. Бір ғажабы 1981 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежнев өзінің 75 жылдық мерейтойы салтанатына қайдан тапқаны, қалай есіне түскені белгісіз, әйтеуір, Қ.Ихаровты да шақырады. Бас хатшы келген той қонақтарына өзін ажал құрығынан құтқарған қазақ жігіті туралы «Білесіздер ме, мына қазақ мені «Кіші жерде» өлімнен алып қалды. Катерімізге снаряд түсіп, тірі қалған екеуміз жандәрмен күн мұзға жабысып тұрғанымызда өз катерін алдымызға тосып, мінгізе алмай әлек болып жатқанда маған «Құдды бөренедей серейіп, қатып қалыпсыз ғой, қимылдасаңызшы?!» дегені бар. Оны мен әлі күнге ұмытпаймын. Егер осы қазақ болмағанда мен әлдеқашан балықтарға жем болар едім» дейді. Бұл жайлы артынша 18-армияның ардагері, жазушы Юрий Ильинский «Однополчанин» («Наука и религия» журналы, 1981 ж, №12) деген мақаласында кеңінен әңгіме етті.
…1943 жылдың 5 қыркүйегінің бозала таңы қиян-кескі ұрыспен басталды. Алғашқы шабуылдың өзінде-ақ командир оққа ұшып, оның орнын барлаушы Қ.Ихаров басты. «Алдымен ең қолайлы шеп – өзен жағалауы бойына орналасқан жау батареясын тас-талқан етіп, басып алу, сөйтіп жауынгерлердің алдағы үлкен шабуылына жол ашуы керек. Сонда ғана нәтижелі шабуыл басталмақ». Бұл жиырма жасқа толмаған қазақ жігітінің батыл шешімі еді. Айтқандай, Қуанғалидың болжамы өз нәтижесін берді. Қаланы жаудан азат етудегі ерлігі мен батыл әрекеті және ұрыс қимылын жүргізу кезіндегі тактикалық шеберлігі үшін оның өңіріне Ленин ордені тағылды.
…1945 жылы 24 маусымда Қуанғали Ихаров Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысады. 1949 жылы Ленинградтағы вице-адмирал С.Макаров атындағы Жоғары әскери-теңіз академия жанындағы командирлер курсын және Владивостоктағы командалық курсты бітіріп, әскери білім-білігін одан әрі жетілдіруді жөн көрді. Осыдан кейін ол «Пайк» сүңгуір қайығында капитан қызметін атқарды. Тынық мұхитының толқынымен таласып, асты-үстінен кеме жолын салып жүзді. Флоттағы «АТ-312» ұзақ қашықтыққа жүзетін танкердің командир ретінде жауапты әскери тапсырмаларды ойдағыдай орындап, ерекше көзге түсті.
Қуанғали Жұмалыұлының Ұлы Отан соғысы мен бейбіт жылдардағы ерлігі мен батылдығы, қайсарлығы мен өжеттігі лайықты бағаланды. Оның өңірінде заманындағы ең биік марапаттар қатарынан саналған Ленин, «Жауынгерлік қызыл ту», «Александр Невский», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» ордендері жарқырады. Соғыс жылдары көрнекті әскери қолбасшы болған маршал Г.К.Жуковтың өзі Ихаровқа Суворов орденін табыс етті.
Екінші дүниежүзілік соғыстың оты өшіп, зеңбіректер дүмпуі басылғанымен Ихаров үшін жорық жолдары одан әрі жалғасты. Қытай жағында Шығыс Қытай теңізіндегі шайқасқа қатысқан Қуекең 1951 жылы Шанхайға шабуыл жасаған АҚШ-тың 6-флотының атақты Техас әскери-теңіз кемесін суға батырып жіберді. Қытай үкіметінің қабылдауында болып, Дэн Сяопиннің өзі оған ең жоғары награда – «Қызыл Ту» орденін табыс еткенін, Қытай компартиясының басшысы Мао Дзэдун ҚХР-ның құрметті азаматы атағын бергендігін, 1962 жылдың 5 шілдесінде Алжир елі өзінің тәуелсіздігін жариялағанда Франция отар елінен айырылғысы келмей соғысты бастағанда І дәрежелі капитан Қ.Ихаров командирі болған «Щука» сүңгуір кемесі Жерорта теңізінде Алжир елін француз басқыншыларынан қорғағандығын, алжирліктердің жерлесімізді І дәрежелі «Батылдығы үшін» орденімен марапаттап, Алжир халқының батыры деп жарияланғандығын көпшілік жұрттың біле бермеуі де мүмкін.
Қуанғали Жұмалыұлының соғыс жылдарындағы әр қимылы қатер мен ерлікке толы еді. Оны өзі жазған «Память сердце», «Глазами очевидца» және «Матрос из Казахстана» кітаптары мен ол туралы әр жылдары әріптестері мен журналистер жазған түрлі мақала, естеліктерден оқуға болады.
…Кейінгі жылдары «Вильгельем Пик» кемесінің командирі болып жүріп, Ұлыбритания жағалауларындағы шағын портты қалаға тоқтағанда команданың төрт теңізшісі кафеге түскі ас ішуге тапсырыс беруге барады. Кафеде бір американдық теңізші негр даяшы қызға дөрекі сөйлеп, айғайлап жатқанда кеңес теңізшісі шыдамай ескерту бергенде әлгі негр оның бетіне түкіріп жібереді. Сөйтіп қырғын төбелес басталып кетеді. Кеме командирі Қуанғали 15 теңізшімен келіп, әлгі төбелесті тоқтатпақшы болады. Бірақ араққа сылқия тойып, мас болған американдық теңізшілер қару қолданып ата бастайды. Бұны байқаған Қуанғали да ТТ тапаншасымен екі американдықты атып өлтіреді.
Бұл АҚШ пен КСРО арасындағы қырғиқабақ соғыстың шегіне жетіп тұрған кез еді. Кеңестік кеме капитанының қару қолданғаны дұрыс болғанмен, Гаагадағы халықаралық сот Қуанғали Жұмалыұлын 10 жылға соттап, жазасын сол елде өтеу туралы шешім шығарады. Америка түрмесінен мүгедек болып шығатынын білген Әскери-теңіз флотының қолбасшылығы Орталық Комитеттің Бас хатшы Л.И.Брежневтен көмек сұрайды. Соғыс кезінде өзін өлімнен құтқарған қазақты ол да ұмытпаған екен. Бұл іске Брежневтің өзі араласып, жазасын 5 жылға түсіреді де оны Норильскідегі түрмеге ауыстыруға қол жеткізді. Норильскіліктер де Қ.Ихаровтың соғыс кезіндегі ерліктеріне қанық болып шықты. Оны түрмедегі зат қабылдаушы қылып қояды да соттылық мерзімін 2,5 жылға түсіреді. Түрмеден босап шыққасын Брежневтің тікелей араласуымен 1967 жылы оның шені мен бар марапатын қалпына келтіргенмен батыс баспасөзі шу шығаруы мүмкін деп, атақты теңізшіні әскери кемеге қызметке жібермейді.Қуекең доғарысқа шығамын дегенше, флотта танкер командирі болды.
Флоттан біржола кеткісі келгенмен де басшылық оны жібермейді. Кейіпкеріміз ілкіде Астрахан теңіз, Калининград әскери-теңіз училищелерінде оқытушы, ал кейін жеке өтінішіне байланысты Гурьевтегі теңізшілер мектебінде ұстаздық жолын жалғастырады.1984 жылы біржолата демалысқа шығып, өмірінің сонына дейін Алматыда тұрды. Небәрі 18 жасында Отан қорғау үшін қолына қару алған ержүрек теңіз десантшысы талай ерлік жасап, аңыз адамға айналды. 22 жасында ең жоғары 9 орден мен 19 медальмен марапатталған Қуанғали Жұмалыұлы 2002 жылдың 25 қыркүйегінде жүрек талмасынан қайтпас сапарға аттанды.
Облыстық өлкетану музейінде даңқты жерлесіміздің өмірі мен әскери қызметіне байланысты жасақталған арнайы бұрыш бар. Иә, қазақтың қаһарман батыр ұлының өшпес ерлігі алдағы ғасырларға да ұласып, ұрпақтар жадында осылайша сақтала бермек.
Бақытжан ЖҰМАТ,
«Қазақстанның Құрметті журналисі»
Атырау қаласы