Бүгінгі жаңа заман адамдарын қапелімде таңдандырудың  өзі бір қиын да күрделі құбылысқа айналып бара жатыр емес пе?! Десек те жақында Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өңірлік мәдениет басқармасы және тарихи-өлкетану музейі бірігіп ұйымдастырған «Атырау өлкетану оқулары» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатынасу арқылы әлде бір жаңа әлем ашқандай күйге енген жайымыз бар.

Оның мән-жайын тарқатып айтсақ, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ә.Т. Жоламановтың алғы сөзімен ашылған ғылыми-тәжірибелік конференцияның модераторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, облыстық өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы Қипиев пленарлық отырыста күн тәртібін таныстыруынан басталған басқосуда небір тарихи деректерге, түрлі болжамдарға ерік берілді.

Әу баста осыншама түрлі тақырыпты көтерген бұл шараның бір күнде біте қоюы да қиын шығар деп ойлағанбыз. Өйткені, пленарлық отырыстың өзінде 9, ал бес секцияда әрқайсысы тағы сондай, тіпті кейбірінде 21-ге дейін тыңдалатын әрқилы баяндама тақырыптары хабарланғанда, мұның бәрін қалай тыңдап, талдап, көңілге тоқып үлгереміз деген көңілге қобалжу енген.

Бес секцияға топталған тақырыптардың да «Өлкетану географиясы, топонимикасы», «Өлкенің археологиясы, этнографиясы, фольклоры», «ХҮІІ-ХХІ ғғ. Өлке тарихы», «Өлкенің тарихи-мәдени мұрасы: Ескерткіштану, музейтану», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Атырау өлкесі» сынды сан алуан болуының өзі көп жайды аңғартары анық.

Бірақ осымен екінші рет өткізіліп отырған бұл шараны ұйымдастырушылардың да өз алдарына жинақтаған тәжірибелері бар екен. Соған көзіміз жетті. Оның үстіне әр баяндама лэд экран арқылы көпке жеткізіліп, өз өңіріміз бен оның адамдарының тарихын тағы бір танығандай күйге ендік.

Мұндағы тағы бір риза болғанымыз Алматы, Астана, Атыраудан келген ғалымдардан басқа барлық аудандардан және бірқатар музейлер, мектептерден тарихшы, өлкетанушыларға дейін игі іске араласып, өз көрген-білген, жинақтаған деректермен бөлісуі көңілге тым-тәуір жылы әсер сыйлады.

Біздің Индер жерінен де өкілдер қатынасып, жеке-жеке тақырыптар бойынша сөз сөйлеулеріне жағдай жасалды. Оның үстіне қанша өзекті болса да өлке тарихы күнбе-күн ғалымдардың қатынасымен бұлайша терең сараланып жатқан да жоқ қой.

Сөзді ретімен сараласақ, пленарлық отырыста алғашқылардың бірі болып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ақтауда тұратын жерлесіміз Қажымұрат Сейілханұлының «Ұлы Отан соғысында Бельгия мен Францияда партизан болған Ғабдуллин Сейілханның өмір жолы» атты баяндамасы біздің өңірдің үні мен мен тарихын елге жеткізгендей жағымды әсер сыйлады.

Мұндай еске алу шарасы ауданда да өткен соң көп тоқталмасақ та азаматтың сөзі экрандағы әр сурет пен дерекке, оның астарындағы қазіргі қоғам мен  адамға керекті деген дәнді тұстарына үңіле баяндауы да жастар мен ізденушілерді терең ойға жетеледі.

Сондай-ақ Индер аудандық музей бөлімшесінің тарихшы-маманы Айнұр Бисембаева мен қор  сақтаушы Айзада Рахимова «Индер ауданындағы тұзды көл: Табиғи байлықтың геологиялық, экологиялық және емдік қырлары», М.Әуезов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Венера Қанатова «Атырау өңірінің археологиясы,этнографиясы және фольклоры», Аққала орта мектебі тарих пәні мұғалімі Гүлнәфис Есқалиева «Аққала ауылы: тарих тереңінен бүгінге дейін» атты баяндамалар дайындап, конференцияға ұсынған екен.

Елтай ауылдық музей бөлімшесінің меңгерушісі  Айсана Нұржанова «Туған өлке-тұғырым», Жарсуаттағы «М. Өтемісұлы тарихи-мәдени музей-қорығының» меңгерушісі Аймекен Осихина «Махамбет Өтемісұлы бейітінің табылу тарихы, «М. Өтемісұлы тарихи-мәдени музей қорығының» өлке тарихындағы ролі», немесе Көктоғайлық Б.Нысанбаев атындағы «Әскери-даңқ» бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлыгүл Қуатова «Тарих пен даңқтың түп-тамыры: Боран Нысанбаев атындағы музейдің жаңғыруы» атты ізденістері де осы қатардан табылды.

Ал «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлиннің «Дала поштасынан» осы жолдың авторының «Жер тарихы-ел тарихы», құрылыстық тарихшы мұғалім Сағынбай Керешевтің «Ұлы Жеңіске үлес қосқандар», Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Жарқын Қорғанбаеваның «Неміс жауынгерінен сыйлық» атты зерттеу еңбектері де өз тыңдаушысын тауып, ықыласқа бөледі.

Әрине, бұл арада біз зерттеу еңбектерін ғылыми конференцияға ұсынып, талқылауға жол ашу әр баяндамашының ізденісіне, таңдаған тақырыпты одан әрі тереңдете түсуге мүмкіндік беретіндіктен емес, алдымен олардың негізгі жұмыстарымен қатар уақыт тауып, өлке тарихын тануға жұмыстануларына риза болғандықтан, өзге әріптестеріне де үлгі етсек деген шынайы ниеттен тоқталып отырған жайымыз бар.

Сондықтан да осы күннен қатарларыңыз көбейе түсіп, туған жер тарихы мен оның таңғажайып табиғатын танып білуге деген талпыныстарыңыз,қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл ізденістеріңіз тың табыстарға жеткізе берсін демекпіз.

Ал қолға қалам алып,  «Атырау өлкетану оқулары» өткендігімен көпшілікті хабардар етіп отырғандағы тағы бір себеп. Ол-конференцияға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы-эссеист, әріптесіміз Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат қатынасып, «Атырау өңіріндегі жыршылық дәстүр: мәселесінің қойылысы, перспективасы» атты тақырыбын жан-жақты баяндауы болды.

Бұл тақырыпты ізденімпаз ғалым әріптесіміз бұдан бұрын баспасөз бетінде де, ауданымызға келген сапарында да сөз еткен еді. Бір өкініштісі сол сапарында жазушыға тарихы тереңдегі Дендер топырағынан шыққан жыршы, жырау туралы әнебір көп құнды деген мағлұматтар мардымсыз, тіпті кездесе қоймады.

Оны өзінің газеттегі мақаласында тек термеші Еркін Әубекеровпен ғана кездесіп, оның орындау шеберлігі, термелерді сөз етіп қойғанынан да ұққанбыз. Конференциядағы баяндамасында да жазушы Атырауда ғана емес, барша Қазақстан жерінде бұрынғы қазақ ауыз әдебиетіндегі ерекше өнер-жыршылықты дамытушылар қатары өте сирексіп кеткенін ашық та  әділ көтерді. Көп сөздің шыны да дәл осы жай.

Бүгінде алыстағы Талдықорған, Қызылорда, Маңғыстау, біртіндеп болса да Батыс Қазақстан облысы оянып, жыршылық өнерге деген ықыластың артып келе жатқандығын мысал етіп, атыраулықтарды олардан үлгі алуға шақырды.

Осы ретте өз қолына тиген 60-ыншы жылдардың басындағы жыршылық өнердің шебері Құмар ақын Жүсіпов туралы бірқатар тың деректерге тоқталды. Соғыс жылдары айтыс өнері қайта жанданып, кейін уақыт өте келе ол суырып салмадан жазбаға ауысқанын еске алды. Бұл үрдіске кезінде Құмар ақын да қарсы болып, өзінің тек суырып салма айтысқа түсетінін алға тартқанымен де сол кезең «жаңашылдығы» біраз өмір сүрді.

Жасыратыны жоқ, біздің өңірде де жазба  айтыстың ақындары әр ауыл сайын кездесіп, олар шопандар тойы, тағы басқа шараларда талай ортаға шыққанын өзіміз де көре қалдық. Ол айтыстардың бірқатары кейіннен кітап та болып шықты, аудандық газет бетінде де жарияланды.

Бүгінгі Бесікті ауылының маңында туған, руы бегіс Құмар Жүсіповтың жыршылық  шеберлігін кезінде Ғабит Мүсірепов, ғалымдар Е.Есмағамбетов, Б. Ысқақов жоғары бағалап, айтысы таспаға жазып алынып, қорда сақталып қалыпты.

Оның негізі кіндік қаны Қарабауда туғандығы, әжесі Есеттің Қарасының қызы болып келетіндігін, жалпы өңірдегі жыршылық дәстүр сол Құмар мен Диярдан, Қадірбайдан соң тоқырауға тап болуы жайттары кім-кімді де ойлантса керек екенін айтты.

Кезінде Қашаған жырауға, одан Ығылманға ерген жыршының репертуарында Абыл, Қашаған, Мұрат шығармашылығы қамтылса, жалпы бұл өнерде Сыпыра жырау  Үкі, Абыл, Ұзаққа жалғасқан дәстүрдің, әттең, соңғы уақытта іздеушілері мен қолдаушылары қатары өте сиректігіне ғалым өкінішін де жасыра алмады.

— Әттең,  ең болмаса қорда жатқан сол таспаларда жазылып қалған үндерін, қолжазбаларын алдыртып, зерттеп, ұрпақ тәрбиесінде пайдалануға болады емес пе?!-деп налыған ғалым еуропалықтар мен АҚШ, тіпті көрші орыстардың өз көне мұрасына жанашырлықпен қарап, ежелден жеткен бабалар аманатын ұрпақ санасына сіңіруге көп еңбек етіп жатқандарын мысалға алып, көпті бір қайрап өтті.

Мәдениет бөлімі осы жұмыстарды қолға алса, фольклор мен жыршылық өнердің жәдігерлерін жинауға экспедициялар ұйымдастырылса, сөйтіп, жыр мектебін қалпына келтіру жұмысы қолға алынса деген тілек-ұсынысты өзгелер де қолдаса қандай керемет болар еді.

Жыршылық өнердің біздің жердеде ізін салған Индерборлық тұрғын, Тананың Жиембеті,1910 жылы 5 мамырда дүниеге келген майдангер, марқұм, Ағажай Алмашев атамыздың бойынан да талай көргенімізді осы конференцияға қатынаса отырып, еске алдық. Одан басқа индерборлық көзі көрмесе де көңілі ояу Миянов қарттың шығармашылығын кезінде газетке жазғанымыз бар-ды. Жалпы көз көрмеуі жайы барша жыршыларға тән құбылыс екені де осы жиында ашық айтылды.

Қаладан оралысымен қарттың  тұяғы  Жолдасқали Алмашев және Күлән жеңгейге, одан тәрбиеші, қос ақын ұлдың анасы Майра Алмашева қарындасымызға хабарласып, біраз жайларды қозғап, ардақты жанды еске алып үлгердік. Жыршы қарттың шығармашылығына кейін оралармыз деген ниеттеміз.

Атамыздан басқа да Махамбет ақынның 75 жырын өз мәнерімен орындаған есболдық  Кенжеғали Қайып, елтайлық аға шопан Балтахан Тумышев, тағы да басқа өмірде жоқ аға буын өкілдерінің топтық ортадағы орындайтын жыр-толғаулары да бүгінде ұмытыла бастаған жыршылықтың сарқыншақтары ғой.

Осындайда еске түседі, елдегі Сұраубай мен Сұлтангерей жыршыларды көре қалған, «Индер ауданының Құрметті азаматы», білікті қаржыгер-ақын Шойынбай Өтенәлиев ағамыздың Құмар ақынның қасында жүргендегі естелігі қорымызда бар еді.

Шөкең онда: — Ақын ағамызды жақын көруім еді. Түр-сипаты өте ерекше, өзгешелеу көрінді. Сол жылдары әзіл-шыны аралас Құмекең ағамызды ел арасында «стиляга» деп атайтын. Себебі батыстағы елдерге еліктеп, адамның алды-артын шала жабатын «Сәнді үлгілерін» және киімдердің ұзынды-қысқалы ауыстырып кию әдістерін өмірге әкеліп, біздің Атыраудың өңіріне таратқан осы Құмекең екендігі ел ішінде әзіл ретінде айтылатын.

Ағаның тұлға бітісіне қарасаң: Бұл жалғанды жалпағынан басқан,/Шалбарының ұзындығы тізесінен сәл-пәл асқан./Көтерсең сияпаттап көңіл күйін,/Құйылған тау суындай ойы дастан, адам екеніне көзім жетті,»- деп еді ағамыз сол естелігінде…

Конференцияда баяндама жасаған тарих ғылымдарының кандидаты, Нұр-Мүбәрак ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Досымбек Қатранның «Жергілікті ерекшеліктер: Атырау өңіріндегі этнографиялық мәліметтер мысалында»  атты  еңбегінде Атырауда «амал мерекесі» және көрісу, «мұғалім емес, ағай» сөзінің жиі қолданылуы, ас алдында бата берілмеуі, ас қайыру мен оның мәні, басты қонаққа тісін тазалап ұсынуға байланысты өзгешеліктердің келісетін де, келіспейтін де тұстары барлығын аңғардық.

Сондай-ақ шоқал, немере, ақшелек, құдағи сөздерін де дұрыс қолдану жайттары бізге «Сырт көз -сыншы» деген қазақтың ескі ұғымын еске түсіргендей әсер етті. Бұл да біздің батыстық салт-дәстүріміздегі ерекшелігіміз де болар, бәлкім. Түсінгеніміз, Қазақстанның о мен бұ шетіндегі сөздік, тұрмыстық ерекшеліктердің де санаға сіңген түрліше себеп, салдарлары бар екені анық…

Тыңдалған баяндамалар арасынан Мұхамбетқали Қипиевтің «Атырау тарихы: ХҮІІ-ХХ ғасырлардағы картографиялық,фото және өзеге де архивтік құжаттарда» деген тақырыппен баяндалған жайттар, Москва мен Санк-Петербургтен табылған жәдігерлердің көшірмесі жасалынып, әкелінуі, зерттелуі, қызықты болды.

Тіпті 1600-інші жылдарғы картада Атыраудың-Жайық аталынуы сынды жаңалықтар көп-ақ. Әрине, облыстық музей қызметкерлері ізденісінің әлі де арта беруін, оған көбірек қаржы қаралуын  тілейміз.  

Алғашқы конференцияға шақырылсақ та жол түспеген сапарға осы жолы сәті келіп тыңдаған көп деректер арасынан бізге қызылқоғалық өлкетанушы Құмар Хасановтың «Сарыкөлдің болашағы қандай?», музейдің археология ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасеновтың «Қарабау-2 обасындағы археологиялық зерттеулердің нәтижесі», Исатайлық журналист, «Сахара» газетінің арнаулы тілшісі Аяпберген Салиховтың «Топонимдік атаулар ел тарихы», тағыда басқа көптеген тыңдалымдарда бұрын естілмеген, тың пікір мен деректер, ой-пайымдаулар көтерілгенімен құнды болғандай.

Сайып келгенде ғалымдар мен қарапайым өлкетанушылар, музей қызметкерлері болып көтерген әр тақырыптың сыртында өзіміз туып-өскен, еңбек еткен өңірдің ертеңіне әр уақытта да құрметпен, иегерлік көзқараспен қарау, өткенсіз бүгін жоқ екенін дұрыс түсінуге деген ұмтылыс пен сол жолдағы зор  ізденістің жатқанын сезініп, оң бастаманың өрісті бола түсуіне тілек қосып, сертифатымызды алып, зор ой түйіп оралдық.

         С. Халықов,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

конференцияға қатынасушы