Қойнауы тұнған байлық, тарихы сонау «Қол -аяғым бұғауда, Тарылды байтақ кең жерім. Төбеңе шығар күн бар ма, Жотасы биік Дендерім!» деп жырлаған әйгілі Жиембет жыраудың сағынышына айналған Индер ауданы баспасөзінің қарашаңырағы «Дендер» газеті жақында өзінің 90 жылдығын жалпақ жұртшылықпен, қалың оқырманымен бірге дүбірлетіп атап өтті.
Мерейтойға алыс-жақыннан журналистер, қаламгерлер жиналды. Аудан басшылығы редакция ұжымына күрделі жөндеуден өткен ғимарат пен су жаңа көліктің кілттерін ұстатып, шығармашылық ортаның одан әрі мерейін тасытты. Жаңа ғимараттың лентасын «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Нұрболат Елеусінов пен «Қазақстанның Құрметті журналисі» Кеңес Сахи қиды. Бұдан соң шара қонақтары аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Дендер» дидары» атты көрме мен салтанатты жиналыстан да байырғы басылымның өткені мен бүгіні жайлы мәліметтерге қанықты.
Жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Дарын Шамұратов редакция ұжымына ізгі тілегін жеткізумен бірге толық құрал-жабдық, жихаздарымен жабдықталған ғимарат пен жаңа көліктің кілтін бас редактор Жанай Амантурлинге табыстады. Сонымен қатар аудан басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық «Ардагерлер бірлестігі» Орталық комитетінің төрағасы Бақтықожа Ізмұқамбетовтың құттықтауын да жария етті. Ол танымал баспа ардагері Маргарита Бозаева мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, газеттік бұрынғы бас редакторы, Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың иегері Сүйеу Халықұлына, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысы бойынша өкілдігінің басшысы, ақын Әлия Дәулетбаеваға «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағының лентасын тағып, куәліктерін табыс етті.
Мерейтойға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова облыс әкімі атынан құттықтауын, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.ұрат Өтешов еңбек ардагерлері Ақбілек Бектұрлиева, Үнзира Қадірбаева, Бақытжан Жұмат пен Сағымбай Керешовтің кеудесіне қоғамдық ұйымның «Тәлімгер», «Ардақты ана» төсбелгілерін және «Сұлтан Бейбарыс» орденін тақса, газет редакция Махамбет ақынның мерейтойына арналып шығарылған «Дауылпаз» медалімен марапатталды.
Құттықтаулар легін атыраулық журналистер, редакторлар, қаламгерлермен қатар көрші Батыс Қазақстан облысының Жаңақала мен Ақжайық аудандарының өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, танымал ақындар Закария Сисенғали мен Сағынтай Бисенғалиев жалғастырып, сырға толы өлеңдерін оқыды.
Осыдан 90 жыл бұрын едакцияның алғашқы құрамы жасақталып, 1934 жылы 20 тамызда газетке Гурьев округтік партия бюросы қаулысымен Ғабды Аманғалиев редакторлыққа тағайындалады. Бұл азамат кейін ұзақ жылдар республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс жасаған.
Газет тарихын түгендеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында 2018 жылы Алматыдағы республикалық Ұлттық кітапханамен (директоры Жанат Сейдуманов) тікелей байланыс орнатып, 1937 жылғы №20(148) бергі сандарының электронды нұсқасы Индерге алынып, оны басып шығаруға қол жетті.
Алғашқы редактор Ғабды Аманғалиев округтік «Социалды құрылыс» газеті редакторының орынбасарлығына жоғарылап, оның орнына Шайдолла Молдабеков бекітіледі. Қаншама қиындықты бастан кешсе де, тіпті газеттің екінші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда да шықпай қалған кезі болмаған. Мұның өзі де үлкен жанқиярлық еңбектің нәтижесін танытады.
Сол жылдарда бас редактор міндетін Сүндетқали Ерғалиев деген азамат соғысқа дейін де, жаралы болып оралған соң да атқарғанын, Қабдол Қарабалин Жеңіс күнгі нөмірге қол қойғанын, ал қуанышты хабар сол күні кезектен тыс газеттің саны шығып аудан халқына түйемен таратылғаны бүгінде ертегі сияқты, бірақ ол тарихи шындық.
Газеттің бас редакторлары болғандардың арасында да соғыс ардагерлері баршылық. Мысалы, сол соғысты Сталинградтан бастап, Австрияның Вена қаласында Жеңісті тойлаған, бір өзі бес бірдей орденмен оралған Ізтілеу Көпбаевтың және С. Ерғалиев, Қ. Қарабалин, І.Нұрқасынов, М. Шәріпов есімдерін алдағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында да ерекше атап, әрдайым мақтан етеміз.
1950-інші жылдардан бастап аудандық газетте өлең, шығармашылыққа әуестенген авторлардың өлеңдері, фельотон, сықақтар, жалпы әдебиет жанрларына тән ізденістерге көбірек назар аударыла бастаған. Осы жылдарда ақындар Меңдікеш Сатыбалдиев, Алпан Ибрашев, Ғилымғали Сайханов, Нәсіпқали Сейітов, тағыда басқа авторлардың әр мереке сайын сырлы өлең шумақтары жарияланып, сын-сықақтарға кең жол беріліпті.
Сонымен қатар газеттің тарихын, еңбек шежіресін қалыптастыруға атсалысқан белгілі журналистер Мақажан Қабиев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Бақыт Қоянақова, Мұрат Қазиханов, Қуандық Батыров, Әнуар Нәбиев, Бақытжан Жұмат, Роза Жұматова, Базарғали Суханқұлов, Серік Жетпісқалиев, Қасқырбай Әжіғалиев, Қуаныш Мұхаметалиев, Бағытжан Мусағалиев және басқалардың есімдерін айрықша атауға болады.
Әрине, бүкіл өмірлерін баспасөзге арнаған редакциядан зейнеткерлікке шыққан қаламгерлер мен қызметкерлер де аз емес, олар Сансызбай Базарбаев, Кеңес Сахи, Себекбай Үмітқалиев, Сүйеу Халықов, Ақбілек Бектұрлиева сынды ардагерлердің мол тәжірибелері бүгінгі жастарға үлгі.
Ал газет шығаруда баспахана жұмысын атқарған алғашқы газет басушылар Ажар Жармұқанова, Балқия Тәженова, Қырмызы Берікқалиевадан бастап, Батиха Шәмбілова, Дания Майлыбаева, Айман Көшекова, Өзипа Әбдірашева, Үнзира Қадірбаева, Нәзипа Ықыласова, корректорлар Төлеу Ербөлекова, Роза Қамзағалиева, сол кездегі газет басу, бет құру, қорғасын қайнату, әріп теру сияқты барлық қара жұмыстарды қолмен атқарғанын еске алсақ еш айыбы болмас. Әріптестеріміз Тұрсынай Серікқалиева, Күләш Әзірбаева, Нұрлы Табылдиева, Рысты Жұмағазиева, Гүлсім Қабылова, Зәуре Бижанова, Сағира Жалмұқанова, Гүлжамал Тұрғалиева, Марал Елеусінованың баспа ісінде қолтаңбалары есте қалса, осы мерейтой үстінде олардың бірқатары Алғыс хаттар алды, мерекелік төсбелгілерге ие болып бір марқайып қалды.
Сөз жоқ, өз саласының білікті мамандары Махамбет Қожахметов, Арыстан Мамаев, Төлепберді Дүйсенбиев, Маргарита Бозаева баспахананың әр жылдардары басқарып, аудандық газеттің республикада алдыңғы қатарда болуына көп еңбек сіңірді. Әрине, әр газет те өз оқырмандарымен қуатты. Жалпы сонау өткен ғасырдың 70-інші жылдарынан бастап, аудандық газет бірнеше салалық байрақтарды айтпағанның өзінде, КСРО Журналистер одағы тағайындаған М. Ульянова атындағы жүлдені 5 дүркін жеңіп алған.
Ерекше айта кететін жай, «Дендер» газетінің жүлдесі үшін Ұлттық спортты дамытуда облыста тұңғыш рет ұйымдастырылған қазақша күрестен «Бота палуан» атты батыс аймақтық жарыс өтті. Бұл жобаның авторы Қазақ күресі Азия федерациясының Бас хатшысы Рафаэль Хабиров, бас демеуші туған жердің түлегі, марқұм Алтынбек Нысанғалиев болған еді. Ал осындай шара бізді сонау Алматыдағы Іле Алатауына өрмелеу, яғни алпенистік саяхат кезінде де Индер ауданының төл туын шыңға ілуге алып келді.
Біз де өз тарапымыздан төл газетіміз «Дендерді» торқалы 90 жылдық тойымен әріптестеріміз бен барша оқырман қауымды құттықтап, игі табыстар, тың бастамалар, мәңгілік жастық, шынайы шығармашылық жетістіктерге жетулеріне тілегімізді қосып, олардың осындай жақсы жаңалықтарын көппен бөлісуге асықтық.
С. Бисенов