Жақында Оралдағы Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары Асылан Тілегеннің «Мәншүк Мәметова кім?» атты кітабы таныстырылды.
Оған қазақтың даңқты батыр қызының есімін иеленген №27 мектеп-лицейдің ұстаздары, оқушылары қатысты. Оқушылар ең әуелі музейдегі құнды жәдігерлермен танысты.
– Кітапты жазу барысында біраз ізденіп, көптеген дерек таптым. Сол бойынша жүйелі жұмыс істеп, жазуға кірістім. Бұл кітап «Мазмұндама» баспасынан 2000 данамен жарыққа шықты. Мәншүк – Кеңес Одағының Батыры атағы берілген тұңғыш қызық қызы. Жинақта батырдың балалық шағынан бастап майдандағы ерліктеріне дейін баяндалады. Кітаптағы оқиғаның бәрі Мәншүкпен замандас болған тұлғалардың естелігінен алынған, – дейді автор.
Музейдің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов Асылан Тілегенге алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті. Кітап авторына қазақтың қайсар қызына қатысты материалдарды беріп, қолдан келгенше көмектескенін айтты. Оған қоса Мәншүктің өмірі жайында аз-кем әңгімеледі.
– Мектебімізде батырдың ерліктерін насихаттау бағытында көптеген шара ұйымдастырылады. Мәметова бұрышында оның өміріне қатысты біраз мағлұмат қамтылған. Биылдан бастап батырға арналған сынып ашылып, Мәншүктану сабағы жүргізіледі. Осындай кітаптардың жарыққа шығуы – біз үшін қуаныш. Мұндай жинақтар батырдың тұлғалық болмысын ашуға көмектеседі. Алдағы уақытта сабақтар барысында ұстаздар осы кітапты оқушыларға ұсынатын болады. Сөйтіп, жинақтың көп оқылуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Тарихи деректерге құрылған кітаптың балалар мен жасөспірімдерге берері көп,-деді М. Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Жұлкашева. Өз кезегінде оқушылар туынды авторына сұрақ қойып, қызықты ақпараттарға қанықты.
Айта кетейік, қазіргі таңда Асылан Тілеген «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша Батыс Қазақстан облысы жайында кітап жазу үстінде. Бұл ауқымды жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асылуда.
Мәрлен ҒИЛЫМХАН,
Орал қаласы