(КЕНЖЕБАЙ МӘДЕНОВ «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» АТАҒЫНА ЛАЙЫҚ)
Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атанған отандастарымыз аз емес. Алайда, кеудесін оққа тосқан ержүрек майдангерлеріміздің кейбірі көзі тірісінде батыр атағын алған жоқ. Бірақ, бұл олардың даңқын аласартпады, керісінше ақиқат ашылған сайын халықтың шексіз құрметін арттыра түсті. Солардың бірі де бірегейі – биыл туғанына 100 жыл толатын Кенжебай Мәденов.
Жыл басында «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге еңбегі сіңген елеулі тұлғалардың ұмыт қалмай, ұрпаққа насихатталуы керек екенін жеткізді. Әсіресе, ол: «Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты»,-деп атап көрсеткен болатын. Президенттің осы бір сөздерін айғақтап тұрғандай, Кеңестер Одағының Маршалы, Кеңестер Одағының төрт мәрте батыры Георгий Константинович Жуков: «…29 апреля в центре города развернулись наиболее ожесточенные сражения.
На ратушу наступали 1008-й стрелковый полк и 1010-й полк 266-й стрелковой дивизии.
Первым сюда ворвался взвод лейтенанта К.Маденова. Вместе с отважным лейтенантом смело действовали бойцы Н.П.Кондрашев, К.Е.Крюченко, И.Ф.Кашпуровский и другие. Они закидали вестибюль и коридоры ручными гранатами. Каждую комнату приходилось брать с бою»,-деп айрықша тебіреніспен баяндайды. (Г.К.Жуков «Воспоминания и размышления». Москва, изд. АПН, 1971 г., стр.626).
Мәденов Кенжебай 1925-жылы 19-ақпанда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық кеңесінде кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. Кенжебайдың әкесі – Керешев Мәден 1880-жылы Гурьев облысы Қызылқоға ауданында туып-өскен, сауда саласында қызмет істеген, күйші Керештің ұлы болған. 1920-1930 жылдары Қызылқоға ауданы орталығының кооперативінде жұмыс істеген. 1951 жылы Орал қаласында қайтыс болған. Анасы – Керешова Жамиға, 1902 жылы Қаратөбе ауданының Батпақкөл ауылдық кеңесінде туып өскен.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Мәденов Кенжебай 16 жаста еді. Үлкен ағалары Өтеген, Алтынбай және Жауылбай Отанды қорғауға аттанып та кеткен. Осы кезде отбасында қарт әке-шешесімен өңшең шиеттей жас балалар қалған болатын. Отбасы жағдайына байланысты ІХ-сыныпты бітірген соң, жұмыс істеуге тура келді. Кенжебай үй-ішіндегі балалардың естияры болғандықтан, 1942-жылдың маусым айында Қаратөбе аудандық шикізат дайындау мекемесіне есепшілік қызметке орналасты.
Бұл кезде ауылда жұмыс істеп жүргендер қарттар мен әйелдер, жасөспірімдер болатын. Соғыстың ауыр жылдары еді. Бүкіл еліміз соғыстың біртұтас лагеріне айналып, тылдағылар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті.
Ұрыс Сталининград түбінде жүріп жатқан кез. Соғыс үні Орал, Гурьев облыстарының кейбір аудандарына да жеткен. Осы жақта тетелес ағасы Жауылбайдың соғыста ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз алады. Бұл қайғылы хабар жас Кенжебайды қатты тебірентті, зұлым жаудан кек алу үшін армия қатарына сұранды. Жасөспірім шағынан Кенжебайдың қайтпас қайсар, өрен өжет мінезінің болғандығын мына бір естелік айғақтайды: «Өзiнен бар болғаны үш жас үлкен, тетелес өскен ағасының қазасы Кенжебайды ызаға булықтырып, жаудан кек қайтаруға итермелегенi соншалық, тәбетi қашып тамақ iшуден қалды. Өзi қан жұтып отырса да қолындағы жалғызының аянышты түрiн көрген апасы Дәметкен:
— Кенжебай-ау, қарағым, сен кешеден бері дастарқан басына келуден қалдың ғой. Тамақты қайдан iшiп жүрсiң,- деген сұрағына:
— Менi Гитлер тойғызып қойды. Сұм фашистерге деген ашу мен ыза, тұла бойымды жайлап алған. Немiстерден кек қайтармай, тамаққа орын жоқ,- деп қызметiне кеттi».
1943-жыл 8-қаңтарда 18 жасқа толмай тұрып, Кенжебай Мәденов Қызыл Армия қатарына өз еркімен аттанды. Ол әуелi Орынбор облысының Красный Холм мекенiндегi командирлер даярлайтын әскери училищесінде оқиды. Училище қабырғасында қару жарақтың әр түрiмен, әскери тактикалық тәсiлдермен танысып, қоян-қолтық жекпе-жек әдістерін үйренедi. Сонымен қатар Уфа, Сахмар қалаларында жаумен қарусыз шайқасудың сан алуан айлаларын ыждағатты меңгердi. Тепсе темiр үзетiндей болып шынығып, оқу орнын тәмамдаған соң, 1943 жылғы қараша айының 12-сiнде ІІІ-шi Украин майданының 170-шi гвардиялық атқыштар полкiнiң құрамында станоктi пулемет бөлiмшесiнiң командирi болып бекітіледі. Сұрапыл соғыстағы алғашқы қадамын Кривой Рог түбіндегі ұрыстарға қатысудан бастады. Сол ұрыстар кезiнде аяғынан ауыр жараланып, госпитальда емделіп шыққанда, оның қарулас достары Молдавия жерiне таяп қалған екен. Атақты 5-шi екпiндi Армияның құрамында күнiне бес-алты селодан азат ете отырып, қарқындарын бәсеңдетпестен жауды Кишиневтен де қуады.
1944-жылғы 27 тамызда 94, 89-гвардиялық және 266-шы атқыштар дивизиясы, осыдан төрт күн бұрын қоршауға түскен немiстiң «Оңтүстiк Украина» армиясының Прут өзенiнен өтiп кетпеуi үшiн, олардың шабуылына қарсы бекiнiстердi күн-түн демей күшейттi. Барлаушылар Менжер және Кутурлуй ормандарының оңтүстiгі жағынан 208,9 биiктiгiне қарай бағыт алған 5-7 мыңдай немiс әскерлерiн байқап қалды. Олар танк пен өздiгiнен жүретiн ауыр артиллерияның бүркемелеуiмен бiрнеше машинамен келедi екен. Сонымен тағы да шайқас. Реактивтiк қондырғылар, артиллерия мен минометтер iске қосылып, танктердiң соңынан iлескен жаяу әскер, немiстердiң есiн жиғызбастан Сарато-Розештiң солтүстiк-батысындағы батпаққа тiредi. Қарсыластарының жағдайын пайымдаған генерал П.Фирсов фашистерге көп қантөгiске бармай, берiлулерiн талап еткен бiтiмгерлер жiберген едi. Бiрақ олар бұл ұсынысты қабылдамады. Кеңес әскерлерiнiң мұнан соңғы жойқын шабуылы, қарсыластарын ұзаққа шыдатпады. Tipi қалған немiс солдаттары мен офицерлерi жаппай берiлдi. Үш мыңға жуық гитлершілер тұтқынға түстi. Мыңдаған әскери техникалары майдан алаңында отқа оранып жатты.
Аса жауапты шайқастарға, фашистерді талқандаудағы көрсеткен ерлігі үшін Жоғары әскери кеңес жеке құрамға алғыс жариялап, ұрыс барысында ерекше көзге түскен солдаттар мен офицерлерді үкімет наградаларына ұсынды. Сөйтiп 650 қызылармияшы, сержант және офицерлер Кеңес Одағының ордендерi мен медальдарына ие болды. Олардың арасында Қызыл Жұлдыз Орденiн алған Кенжебай Мәденовте бар едi.
1944-жылғы қазан айының соңына таман 5-шi екпiндi армия ІІІ-шi Украин майданынан І-шi Беларусь майданының қарамағына берiлдi. Осы армияға қарасты 266-шы дивизиясының 1008-шi полкiндегi взвод командирi К.Мәденов Польша жерiндегi Варшава-Познань операциялары кезiндегi ұрыстарда да қарауындағы солдаттарды жiгерлендipiп, ерен ерлiктiң үлгiciн көрсетумен қатар, ұйымдастырушылық қабiлетiн де танытты.
Польшаны жаудан тазартқан соң, Кенжебай Мәденовтың взводы 1945-жылы қаңтар айының соңында Германия жеріне табан тигізеді. Кеңес Одағы әскерлерiнiң Берлиннен 70 шақырым жерге келгенiн естiгенде, гитлершiлердiң естерi шығып кетсе керек, екiншi ақпан күнi немiстер артиллериядан дамылсыз оқ атып, бомбаны бұршақша жаудырды. Жау өздерiнiң барлық таңдаулы күштерiн «Гитлерюгенд» деп аталатын жастар отряды мен әйелдер батальонын пайдалану арқылы дамылсыз шабуыл жасап, кеңес әскерлерін Одер өзенiне батырып жiберуге, ең болмағанда одан асырып тастау үшін жанталасты. Осындай аса қысылтаяң сәтте шебер қорғаныстың үлгiciн көрсеткен 1-шi Беларусь майданына қарасты жауынгерлер асқан табандылық танытты. Немiстер кеңес танктерiнiң алға жылжуына кедергi жасау максатында, Одер өзенiндегi бұрыннан тұрған негiзгi көпiрдi жаруға әрекет жасап жатқаны, 15-ақпан күні барлау арқылы белгiлi болды. Полк басшылығы диверсанттардың көзiн жоюды, ешбiр қаймығуды бiлмейтiн ержүрек, әрі ең сенiмдi Кенжебайдың взводына тапсырды. Олар жетi немiстiң көзiн жойып, көпiрдi сақтап қалды. Өлiм мен өмiрдiң арасын қыл көпір бөлiп тұрған сәтте, қимылына көз iлеспейтiн командир Кенжебай Мәденовтiң осындай батылдығы мен жанқиярлығы ескерiлiп, ол екінші мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденiмен марапатталды.
Мәскеудегi Бас штабтың асқан ойшылдықпен жасаған жоспарымен әйгiлi «Берлинге шабуыл» операциясына, І,ІІ-Беларусь, І,ІІ-Украин майдандарының армиялары қатысты. Осындай сәтте Мәденов өз взводымен қардай борап тұрған оққа қарамастан, Альт Одер өзенiнен граната мен автоматтың күшiмен жау окобына түсiп, қоян-қолтык ұрыс жасау барысында, 15 немiс солдатының көзiн жояды.
К.Мәденовтiң взводы 21 cәyip күнi Берлин қаласы жанындағы Марцан елдi мекенiнде власовшылармен болған ұрыста да ерекше көзге түскен. Осы шайқастар барысында Кенжебай жарақат алғанына қарамастан ұрыс алаңынан кетпей, қаруластарын жiгерлендiре түстi. Кескiлескен шайқас барысында көрсеткен ерлiгi үшiн, Кенжебай Мәденов «І-ші Дәрежелi Отан Соғысы Орденiмен» марапатталады.
Әсіресе, фашистердің мемлекеттік екі мекемесі Рейхстаг пен Ратуша төңірегінде адам айтқысыз қырғын соғыс болды. Қала орталығындағы империя кеңсесiне жақындаған сайын, адам шығыны көбейе берді. Cәyip айының 29-ы күнi болатын. Әдеттегіше көше ұрысы жүрiп жатқан-ды. Кенжебайды батальон командиры И.Бобылев шақырып алып:
— Сенiң взводың Польша жерiнен бергi ұрыстардың бәрiнде де, бүкiл армияның мақтанышы болып, ерлiктерiмен көзге түсiп жүр. Сондықтанда саған құрметтi, аса жауапты мiндеттi жүктегелi отырмын. Талай сындарда сыналған жауынгерлерiңмен «Империя кеңсесi» деп аталатын немiстердiң Рейхстагтен кейiнгi ордасы Ратушаға бiрiншi болып басып кipiп, төбесiне жеңiс туын қадау сiздiң взводқа жүктеледi. Тек, сенiмдi ақта!- дедi.
-Тапсырма түсінікті,-деп жауап берді лейтенант К.Мәденов.
-Тапсырманы орындау кезіндегі, орындағаннан кейінгі абырой да бәрімізге ортақ. Ратушаға жеңіс туын тігуге өзге бөлімдер де құштар. Бірақ, бұл үлес бізге бұйырды. Жолдас лейтенант, бұл тек менiң ғана бұйрығым емес, жоғарғы командованиенiң бұйрығы!
Енді, бұйрықты алғаннан кейін, тапсырманың қалай орындалғанын, мақтануды білмейтін Кенжебай Мәденовтың 1965-жылғы тамыз айында өз аузымен айтылған естелігіне кезек берейік: «Біз бар пәрменімізбен шауып келеміз. Негізгі ой неміс туын құлатып, өз туымызды қадау. Осы арман, осы мақсат мені алға сүйреді. Бір кезде қасымдағы жолдасым Кондратьев құлаған жерге мен де құладым. Тұла бойымды сипаймын, жарақат жоқ сияқты. Көп қимылдауға болмайды, мұндайды снайперлер көзден таса жібермейді. Сондықтан дыбыстау керек. Айналамда 3-4 адамнан ғана дыбыс болды. Кондратьевтен дыбыс естілмеді. Алда әлі 80-100 метр жер бар. Қалайда жету керек. Бар күшті жинап, қайта шабуылға шықтық. Жандәрмен үш адам Ратуша табалдырығына жеттік. Ол жерден бірнеше адам бізді қарсы алып, ілгері жүруімізге жәрдемдесті. Аз ғана үзілістен кейін 20 шақты адам баспалдақпен жылжыдық. Бұл жерде де қырғын соғыс болғаны көрініп тұр. Айналаға сақтықпен қарап, автоматымызды кезенген күйі ілгері жылжып келеміз. Ойда жоқта немістермен қолма-қол айқасқа түстік, екі жақтан да шығын болды. Мақсат – ілгері жылжу. Тағы да қақтығыс, тағы да жау. Сақ болу қажет, айла-тәсілсіз болмайды. Тағы да жаудың екі жауынгерін сұлатып, ілгері жылжыдым. Алдымдағы адамдар оққа ұшты ма, әлде жауынгерлік тапсырманы орындау үстінде ме, одан бейхабармын, тек қана арт жақта адамдар дыбысы естіледі. Қанша уақыт өткенін білмеймін, Ратуша күмбезінің (куполының) ішкі жағына жетіп, қансыраған Константин Громовқа көмек бердім. «Шыда досым, қазір Ратушада өзіміздің алқызыл туымыз желбірейді», — дедім. Оның болар-болмас жымиып күлуге ғана әлі келді. Фашистің қара ала туы құлап түсті. Мен белімдегі қызыл туды шешіп алып, күмбез (купола) басына көтердім. Жіптің ұшын қадаға байлап үлгердім. Содан кейін айнала у-шу болды да кетті. Өзімнің қатты шаршағанымды алғаш рет сол жерде сезіндім. Есімді жиғасын каскамды қарасам тікелейі бар, жанамалай тигені бар алты оқ тиіпті. Тіпті біреуі каска мен пилотка аралығындағы Қызыл жұлдыз арасында тұр екен. Бұған өзім де таң қалдым», — деп ерен ерлігін қарапайым баяндайды: («Ратушаға ту тіккен қазақ батыры». Атырау, «Ақ Жайық», 2015. 129-130-беттер).
Осыдан алпыс жеті жыл бұрын жарық көрген қайраткер-қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаласында қазақ халқының хас батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев өз әңгімесін: «Біздің істегеніміз, үлкен ұлы жеңіске қосылған бір кішкене бөлшек»,-деп түйіндейді. («Лениншіл жас» газеті, 20-февраль, 1958-жыл). Мүмкін, адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық тумысынан қанына сіңген, қазақтың батыр оғланы Кенжебай Мәденов үшін де қан-қасап соғыста, шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп гитлерлік Германияның аждаһа ордасы Ратушаға ту тігуі – жеңіске қосылған шағын бір бөлшек болып көрінер. Алайда, тәуелсіз Қазақ Елінің, жаңа Қазақстанның реалистік тарихына қиянат жасалмауы керек.
Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан, әділетті қоғам, әділетті адам идеясы, «Күшті Президент, Ықпалды Парламент, Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы шындықтың, әділдіктің, ақиқаттың салтанат құруына мүмкіндік береді деген сенімдеміз! Қазақ халқының баһадүр ұлы Кенжебай Мәденов «Халық Қаһарманы» атағына бірден-бір лайықты майдангер һәм ардагер деп санаймыз!
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің
доценті, сеньор-лектор.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері