Еліміздің дамуы, өндірістің жетілуі, минералдық ресурстардың қажеттілігі, кенорындарды іздеу, табу, табылған кенорынды барлау, барланған кенорынды игеруге дайындау секілді тұжырымдар геология мамандығының басты қағидаттары. Бұл мәселелерді жүзеге асыратын геологтар, олай болса геологиясыз еліміздің жарқын болашағын көз алдына елестету тіпті де мүмкін емес.
Кез келген мемлекетте, кез келген қоғам өмірінде минералдық шикізаттар ауылшаруашылық өнімдерінен кейінгі екінші орынды иемденеді. Бұл түсінікті де, себебі ауылшаруашылық өнімдері сияқты, минералдық ресурстарсыз да елдің өмір сүруі мүмкін емес. Солай бола тұра, соңғы жылдарда геология мамандығының қажеттілігі күрт төмендеп кетті. Мұның басты себебі еліміздің нарықтық қатынастарға өтуіне байланысты жеке тұлғаларға тез арада табыс түсіруге қабілетті заңгер, экономист сияқты мамандықтардың бел алып кетуі. Бірақ болашақты бағдарлар болсақ, геологиясыз алысқа бара алмаймыз, себебі өндірісі нашар жетілген елде бизнес те жақсы дами алмайды. Бұл әсіресе Қазақстанға қатысты, себебі оның экономикасы ең алдымен минералдық шикізатқа негізделген, ал еліміздің территориясы әр түрлі пайдалы қазбаларға мейілінше бай. Д.И.Менделеев кестесіндегі элементтердің көпшілігі Қазақстан территориясында бар деп айтуға болады. Сол табиғи байлықтарды іздеу, табу және барлау геологтың қасиетті де қызғылықты борышы.
Ел мәселесі, жер мәселесі, табиғат мәселесі қашан да, қай заманда да елеулі де өзекті мәселелердің бірі болғаны айдан анық. Өлкеміздің табиғат жағдайы қай уақытта болмасын алақанда ұстап, көзінің қарашығындай қадағалауды қажет етті. Бұл мәселеге бей-жай қарамай, зерттеп, зерделеп, қорғаған азаматтарымыз жеткілікті. Елімізге, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерге аты танымал, өңіріміздің белгілі геолог-мұнайшылары Төлеуіш Пауеденұлы Серіковтің, Мұфтақ Диарұлы Диаровтың есімдері бұл күнде көпке үлгі, естіге ескірмес естелік. Аңыз адамдардың қатарындағы бұл жандар өңіріміз үшін, өлкеміз үшін аянбай еңбек сіңірген табиғатымыздың жанашырлары.
Бүгінгі қазақстандықтар біздің ағаларымыз бен біздер дайындаған минералдық шикізатты пайдаланып жатыр. Бірақ бұл ресурстар «түпсіз» емес, ондаған жаңа кен орындарын ашу қолға алынатыны анық. Яғни болашақта үкімет тарапынан геологияға ерекше көңіл бөлінетіндігі даусыз. Геолог болам деп қазір оқуға түскен талапкер оқуды бітіріп шыққанша геологқа деген сұраныс еселей артатындығына сенімдімін. Себебі соңғы 1-2 жыл ішінде кейбір геологиялық кәсіпорындар, олардың ішінде шет ел компаниялары да, біздің мамандық иелеріне сұранысты жиілетіп отыр.
Геолог құрметті ғана емес, мейілінше қызғылықты да мамандық. Геологияның сан түрлі салалары бар, олар – мұнайшы-геологтар, гидрогеологтар, геофизиктер, «дала геологтары» деп аталатын геологиялық картаға түсірушілер мен барлаушылар. Бұлардың барлығы да романтикаға толы мамандықтар, себебі геолог-мамандар қашан да табиғат аясында сол табиғатпен астаса отырып жұмыс істейді.
Бүгінде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне «геолог» мамандығын оқытуда негізінен мұнайшы-геологтар дайындайды. Ал мұнай өнеркәсібі ел экономикасын дамытуда шешуші рөл атқаратындығы баршамызға аян. Әрбір жас ұрпақ өзі қалаған мамандықты игере отырып, ғылым жолында өздерін дамытулары үшін үлкен құлшыныс танытулары тиіс. Біздің міндетіміз – жас ұрпақтың бойына білім нәрін сіңіре отырып, сол арқылы өлкеміздің табиғатына жанашыр болар ұлтжанды азамат пен азаматшаларды тәрбиелеу. Жастардың бойына тек білім мен ғылымды ғана сіңіріп қана қоймай, тәрибе мен тәлімді де дарыту қажет. Сол кезде ғана елін ойлар есті азаматтарымыз, жүрегі жерім деп соғар ізбасарларымыз өсіп шығатыны анық!
Нәсіпқали СЕЙІТОВ,
Сафи Өтебаев атындағы
Атырау мұнай және газ университетінің профессоры,
геология-минералогия ғылымдарының докторы,
ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі.