Биылғы жылы Ұлы Дала батыры Исатай Тайманұлы жерленген жерге кесене тұрғызылғандығына 5 жыл толады. Кезінде мұның өзі тарихи оқиға болған еді. Біз осы мақаламызды батырға кесене тұрғызу төңірегінде атқарылған қыруар жұмыстар туралы сөз етпекпіз.
2011-2013 жылдары Исатай батырдың ұрпақтары-Ғазиз Шамақов, Аманғали Құрманов және осы жолдардың авторы Атырау облысының сол кездегі әкімі Б.Ізмұханбетовке, облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқанға кіріп Исатай Таймановұлына кесене тұрғызу төңірегінде ұсыныстар жасады. Облыс әкімдігінің Ғ.Шамақов пен А.Шамғоновқа берген жауаптарында бұл мәселемен Исатай ауданы әкімдігі айналасатындығы туралы айтылды. Ал, Исатай ауданының әкімдігі аудан аумағында орналасқан мұнай компаниялары «Жайықмұнай» басқармасына «Сазанқұрақ» ЖШС-і, «Потенциал ОИЛ» ЖШС-інеарқа сүйеп, халық батыры И.Тайманұлының бейітінің басына кесене тұрғызуға көмектесуді сұрады. «Исатай» қоғамдық қоры құрылды.
2013 жылдың күзінде Исатай батырға кесене тұрғызу жолындағы қозғалыс кең өріс алды. И.Кенжалиев, Н.Көшекбаев, Ә.Сараи және басқа да Исатайтанушы ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып Исатай Тайманұлы жерленген жерді Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағындағы Шейітсай қорымы деп тану қажеттігі туралы нақты пікір білдірдік.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияға Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларынан тарихшы ғалымдармен бірге Ақтөбе облысы Қобда және Атырау облысы Исатай аудандары әкімдіктерінен қонақтар шақырылды. «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың рөлі» атты конференциядағы тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Б.Табылдиев жетекшілік еткен секция мәжілісінде тарихшы ғалымдар, Ақтөбелік және Қобдалық қонақтар (соның ішінде кезінде Н.Шаяхметовпен бірге Исатай батыр жерленген жерді қазуға қатынасқан Ж.Жұмағазиев) Исатай батырдың бесінші ұрпақтары А.Құрмановпен, А.Шамғонов батыр жерленген жер Шейітсай қорымы екендігі туралы пікірдің дұрыстығын дәлелдеп сөз сөйледі.
«Сазанқұрақ» ЖШС-нің «Қазақстандағы Қытай Банкі» АҚ «Исатай Тайманұлы» қоғамдық қорына 3 (үш) миллион теңге қаржы аударды. Сонымен бірге «Сазанқұрақ» ЖШС-і 2013 жылы Исатай батырдың әкесі Тайман ата Бегәлұлының зиратын жөндеп, жаңартуды қолға алды.
Аудан халқы мен мұнай өндіруші компаниялардың демеушілігінен жиналған қаржыға Маңғыстаудан әрқайсысының салмағы 2,5 тонна болатын 52 дана ұлутас Шейтсайға жеткізілді.
2014 жылдың жаз айларының басында Исатай және Қобда аудандары әкімдіктері делегацияларының қатынасуымен Исатай батыр жерленген орынға кесене тұрғызу рәсімі өтті. Кесене Атырау облысы Құрманғазы ауданының тумасы Нұрсұлтан Имашевтің басшылығымен тұрғызылды.
2014 жылы 20 қарашада Исатай батырға тұрғызылған кесенінің ашылу рәсімі болды. Шараға Атырау облысынан, Ақтөбе қаласынан және Қобда ауданынан барған делегация қатынасты. Исатай Тайманұлының 5-і ұрпағы Ғазиз Шамаховтың сөзі жиналғандарды қатты толқытты: «Мен Исатай Тайманұлының 5-і ұрпағымын. Жасым 80-ге толды. Атамыздың басының қарайтылмай жатқаны біздің қабырғамызға аяздай батып жүретін. Бүгін қуаныштан не дерімді білмей тұрмын. Ұрпақтары атынан осы іске атсалысқан ел азаматтарына алғысым шексіз», — деді ол.
Кесененің лентасын қобдалық еңбек ардагері, антрополог Н.Шаяхметовтың Шейітсайда Исатай батырдың жерленген жерін қазу жұмыстарын бірге жүргізген Жауғашты Жұмағазиев пен Атырау қаласының әкімі/сол кезде/ Нұрлыбек Ожаев қиды.
Кесене 8 қырлы, ені 6 метр, биіктігі 11,5 метр етіп салынды. И.Тайманұлына 1991 жылы салынған ескерткіш бөлігінің негізгі элементтері- Исатай Тайманұлы мен оның ұлы Оспанға қойылған биіктігі 2м 30см қара гранит тас бетіне:
Арыстан туған Исатай
Дегеніне жете алмай,
Арманда өтіп кетті деп,
Қиналсаңыз біздерге,
Мың рахмет Сіздерге.
/ Махамбет/-
деп ойып жазылған мрамор тас кесененің ішінде қалдырылды. Былайша айтқанда кесене бұған дейінгі ескерткіш белгілердің үстіне тұрғызылады.
Осылайша Ұлы Дала батыры жерленген жерге сәулеттік өнердің үлгілерін бойына жинаған биік кесене бой көтерілді.
Исатай батыр жерленген Шейітсай орналасқан Қобда ауданы мен Атырау облысы арасындағы мәдени байланыс казіргі мезгілде де жалғасын табуда. Мысалы 2017 жылдың тамыз айының алғашқы күндерінде «Нұр Отан» партиясы Атырау облысы филиалы жетекшілігімен «Қарой – Шейітсай – Қарой» автоэкспедициясы Шейітсайға барып қайтты. Бұл экспедицияның мақсаты – Исатай мен Махамбет батырлардың рухын жаңғырту, олардың жерленген жерлерінен топырақ алмасу болатын.
2017 жылы 31 шілдеде экспедиция мүшелері Индер ауданындағы Махамбет батыр жерленген Қаройға келіп кесенеден топырақ алып оны 1 тамызда Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағындағы Шейітсай қорымындағы Исатай батыр мен Оспан кесенесіне жеткізді. 2 тамызда экспедиция Қаройға келіп Исатай батырдың кесенесінен алынған топырақты Махамбет батыр кесенесіне салып Ұлы Даланың екі батырының рухын мәңгіге қосты.
Амангелді ШАМҒОНОВ, исатайтанушы-ғалым, Махамбет атындағы және Х.Досмұхамедов атындағы сыйлықтардың иегері, ҚР «Үздік өлкетанушысы»