Президенттік сайлау таяған сайын әркім өзі қалаған үміткерді мадақтап, оның қарсыласын жамандап әлек. Бәлкім бұл да бір заңдылық шығар. Өйткені әркім додаға қосқан өз тайының жорға шыққанын қалайды. Жөн-ақ. Бұл аламанда кімнің бағы жанып, президент тағы бұйырарына аз ғана уақытта куә болармыз. Бұл жеке әңгіме. Айтқым келгені басқа. Мемлекет басына кім келсе де тілге тиек еткелі отырған мына мәселелерді ұмытпағаны дұрыс.
БІРІНШІ әлеуметтік салаға баса назар аудару. Халықтың әл-ауқатын көтеру. Жұмыс орындарының көптеп ашылуына күш салу. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет есебінен көмек беру. Жеңілдіктер жасау. Бұған еліміздің мүмкіндігі бар. Қаржы жоқ емес, жеткілікті. Соны төкпей-шашпай, шенді-шекпенділердің жемсауына түсірмей тиселі жеріне жеткізу. Демогарфиялық жарылысқа мүмкіндік жасау. Жастарға жол ашу. Жемқорлықпен күрес. Мұны аяусыз жүргізу керек. Мемлекет қазынасынан бөлінетін ешқандай пайда бермейтін форум-жиындарды тоқтату. Тиімсіз жобалардан бас тарту. Саяси реформаны қолға алу. Бұл — ішкі тірлік.
ЕКІНШІ — геосаяси мәселе. Біз бүгінгі күнге дейін жүргізіліп келген көп тармақты саясатты ары қарай жалғастыра беруіміз керек. Әсіресе, көршілермен. Қазір Қазақстанның Қытаймен сауда айналымы 20 миллиард долларға тақау. Жаман емес. Біз өзіміздегі шикізатты, өндірілген, өңделген өнімді осы аждаһа елінің нарығына көптеп шығара берсек ұтылмаймыз. Тағы бір мәселе Қытайда кем дегенде бір жарым, екі миллионға жуық қандасымыз отыр. Бейжіңмен жақсы қарым-қатынас ұстай отырып, ондағы қандастарымыздың қамын ойлағанымыз жөн. Екінші бір алып көршіміз Ресей. Бұл елмен де сауда-саттығымыз 18-19 миллиард доллардың ар жақ, бер жағында. Миллионға тарта қандастарымыз тұрады. Қытай да, Ресей де экономикалық қуаты жағынан елімізді он-жиырма рет орап алады. Сондықтан бұл елдермен ара қатынасты жақсарта бергеніміз бізге тиімді.
Экономикалық жағынан да, саяси жағынан да. Сондай-ақ түбі бір түркі жұртымен тек рухани, мәдени байланысты ғана дамытып қоймай, саяси-экономикалық байланысты да тереңдете берген жөн. Ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әрине Араб әлемі, Еуродақ, Латын Америкасы, АҚШ, Азия жолбарыстарымен де түрлі деңгейде экономикалық-саяси қарым-қатынасты ұлғайта берген жөн. Мұның өз пайдасы бар. 9-маусымнан кейін мемлекет билігін қолына алатын президент осыны жадына ұстағаны жөн. Халықтың тұрмысын түзей алмаған, геосаяси мәселелерді реттей алмаған президенттің биліктегі ғұмыры ұзаққа бармайтыны белгілі.
Ал енді сайлауға келетін болсақ, мен бұл жерде аламан бәйгеге «ат жаратып» араласып отырған үш топты байқап отырмын. Айқас осы үш топтың арасында (қалғандарын есепке алудың қажеті шамалы) өтіп жатыр.
БІРІНШІСІ Аблязов және оның елдегі қолдаушылары. Бұл топ қалайда бүгінгі билікті күресінге итеріп тастауға тырысып бағуда. Бұлар — өте жанкешті топ.
ЕКІНШІ ол – билік. Бұлар қалайда билік тұтқаларын өзгелерге бермей, өздері ұстап қалуға тырысып отырғандар. Бұларда күш бар, қаржы бар.
ҮШІНШІ топ кімдер? Бұл топтың артында кім тұр? Меніңше, кезінде елде билік басында жүргенде мемелекет есебінен (жеке қалтасының емес) зиялылардың аузын алып қойған, солардың қолдауына ие Тасмағанбетов болуы ықтимал. Өзі президенттікке түсуге жолы жабық болғандықтан, өзінің жақтастарын, өзінің айтқанымен жүріп, тұратын адамды билікке әкелуге тырысып жатқан сынды. Бәлкім бүгін президенттікке кандидат болып отырған Әміржан Қосанов Тасмағанбетовтың жобасы, «продуктысы» болуы мүмкін. Бұл үш топта да қаржы бар. Күш бар. Демек тартыс жеңіл болмасы анық. Ешқайсысы оңай шағылар жаңғақ емес.
Бұл жерде айтқым келгені бұл үш топтың тартысы, бәсекесі емес. Айтайын дегенім, Мемлекет басына кім келсе де, халыққа жақын болуы, халыққа бетін бұруы тиіс! Халыққа жаға білуі керек. Ол үшін жеке топтардың емес, халықтың, мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеуі — шарт. Сонда ғана халық кез-келген уақытта оған сүйеу, тіреу бола алады. Бүгінгі додаға түсіп жатқандар соны ұмытпаса игі.
Қазақстан парламенттік басқарылымға көше ме?
Президенттік сайлауда кім жеңеді? Әрине кімнің артында халық және жеңіске жетуге жетелейтін ресурс тұр, сол жеңеді. Бұл шығар күннің көзіндей шындық. Кім президенттік орынтаққа қонжиса да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай айналасындағыларды қас-қабағымен өргізіп, жусататындай, бір шыбықпен үйіретіндей мысы басым, сұңғыла басшы бола алмасы белгілі. Қазіргі үміткерлердің ішінен Елбасыдай сұсты һәм сарабдал саясаткерді көріп тұрған жоқпын. Айтқым келгені бұл емес. Тілге тиек еткелі отырғаным, бізге алдағы уақытта мемлекеттік басқару формасын өзгерту. Бір сөзбен айтқанда праламенттік мемлекет құру.
Президенттік басқарылымның дәуірі ХХІ ғасырда өмір сүруі мүмкін емес. Оны мықты саясатшылар біледі, түсінеді. Президенттік басқарылым кезінде сөз бұйдаға салмай, көп мәселені жедел шештік. Өйткені уақыт соны талап етті. Әлемге өзімізді таныттық. Әлем бізді мойындады. Шекарамыздың даулы жерлерін реттедік, көрші-қолаңмен ынтымақта болдық, ішкі-сыртқы саясатты бір жақты еттік. Газ бен мұнайға сүйенсек те экономикамызды көтере алдық, әлемнің көптеген мемлекеттермен салыстырмалы түрде алатын болсақ, халықтың әл-ауқаты жағынан көбінен көш ілгері тұрмыз. Елде тыныштық бар, тұтастық бар. Береке бар. Мұның бәрі президенттік басқарылым кезінде қол жеткіздік. Тәубә! Шүкір!
Енді бізге жалғыз ғана мықты тұлғаның қажеті шамалы. Геосаясатты жетік түсінетін, әлемдік тенденцияны дұрыс тани білетін, xалықтың ойын қабылдай алатын тұлға керек. Жиырма бірінші ғасыр парламенттік мемлекеттердің дәуірі болуы керек. Біз де соған ұмтылуға тиіспіз. Егер парламенттік басқарылымы бар (Германия, Израиль, Италия, Грекия т.б) елдерге қарайтын болсақ, бұлар да даму қарқыны әлдеқайда жоғары. Оларда мемлекет һәм ұлт мүдесі де, халықтың тұрмысы, ішкі-сыртқы саясаты тіпті қаржы мәселесіде бір адамның көңіл күйіне, қас-қабағына қарап емес, парламентте ашық пікір талас кезінде шешіледі. Және әділдікке басымдық береді. Олай болса, бізде президенттік басқарылымнан парламенттік басқарылымға көшуге ұмтылғанымыз жөн. Сонда ғана қазіргі кезде қордаланып тұрған көп мәселе әділ түрде шешімін табар еді.