Елімізде азық-түлік молшылығын жасау жолында тиімді шаралар қолға алынуда. Соның бірі де бірегейі — «Сыбаға» бағдарламасы. Енді осы бағдарлама бойынша несиелік қаражатқа сатып алынатын мал мен жабдықтар кепілзат ретінде қабылданады. Несиелеудің шарттары жеңілдеп, шаруалар асыл тұқымды ірі қара малды ғана емес, сонымен қатар тауарлық (тұқымды емес) малды да кепілдік ретінде қоя алады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы отандық мал басын көбейту, малдың сапалық сипаттамаларының жақсарту мен қазақстандық ет экспортын арттыруды қарастырады.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бұл бағдарлама аясында «Сыбаға» арқылы шаруашылықтарды несиелендіреді. Несиелер импортталған ірі қараның аналық мал басын сатып алуға, ұсақ мүйізді мал мен негізгі құралдарды сатып алуға беріледі.
— «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды алған шаруашылықтар сатып алынған активтерді – малды, техниканы, жабдықтарды — кепілдік ретінде қоя алады, — дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» басқарма төрағасының орынбасары Думан Оспанов. — Бұрын тек асыл тұқымды мал қабылданған болса, бүгінгі күні несиелеу ережелеріне өзгерістер енгізілді: кепілдіктің 50 % дейін тауарлы ірі қара мал алынады. Бұл өзгеріс қарыз алушылардың кепілдік жүктемесін төмендету үшін жасалынған.
Ағымдағы жылы жеңілдетілген несиелеудің артықшылықтарын алғашқы болып Ақтөбе облысындағы «Қызылшоқы» шаруа қожалығы пайдаланып, Пермь облысынан 75 герефорд сатып алды. Бұл шаруашылық Қормен бірнеше жыл бойы ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатыр. Осыдан бұрын «Игілік» бағдарламасымен несие алып, тауарлы ірі қараның 30 басын сатып алған. Бүгін малдың етті сипаттамаларын жақсартуға назар аударып, тек асыл тұқымды сиырларды сатып алуда. Шаруа қожалығында қазір 200 мал басы бар, бұқашықтар «Актеп» бордақылау алаңына тапсырылып, әрі қарай тауарлы партиялармен экспортқа бағытталады.
«Салтанат» шаруа қожалығы Қарағанды облысында орналасқан. 2010 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен бірінші рет несие алып, 7,5 млн теңгеге 50 бас ірі қара алған. Малдың сапасын жақсарту үшін ферма екі асыл тұқымды бұқаны сатып алды. 7 жылдың ішінде төлдің сапалық сипаттамаларын айтарлықтай жақсартты. Алғашқы қарызды қайтарғаннан кейін Қордан тағы несие алып, 100-ден астам қазақы ақбас сиырын Ресейден әкелді. «Салтанат» ШҚ жыл сайын бордақылау алаңдарына 100 дейін мал басын тапсырып тұрады.
Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Арғымақ» шаруа қожалығы 60 симментал мал басын Тамбов облысынан әкелді. Бұған дейін шаруа қожалығында 100 жылқы мен еділбай тұқымының 700 жуық қойы бар еді. Бірақ шаруа басшысы тиімді мал шаруашылығын дамытамын деп, Ресейден бір жарым жастағы ұрықтандырылған қашарлады әкеліп, жазға қарай алғашқы төл аламыз дейді.
Жақында Ақмола облысының «Ел-Хан» ЖШС Буланды ауданына 100 ангусты әкелді. Олардың 60, сондай-ақ «Беларус» тракторы мен пресс-жинақтағыш Қордың көмегімен алынды. Қалған 40 сиырды өз қаражатына сатып алған. Ангустар «Терра» ЖШС-нен сатып алынған болатын, бұл ірі мал бордақылау алаңы «Аграрлық несие корпорациясының» қолдауымен американдық ангустарды осыдан екі жыл бұрын АҚШ-тан алып келген. Олардан алған сапалы төл қазір жергілікті мал фермаларына сатылады.
Шетелден мал басын сатып алған шаруашылық әрбiр мал басы үшін 225 мың теңге субсидия алады. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі – бұқаларды бордақылау алаңдарына жеткізуге төленетін субсидия — тірі салмақың бір килограмына 200 теңгеден.
Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14,4 млрд. теңгеге 643 өтінімді қаржыландырды. Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде елімізге 22,2 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелінеді және 72,5 мың ұсақ мүйізді мал басы сатып алынатын болады. Ағымдағы жылдың аяғына дейін республика аумағына 10 мыңнан астам ірі қара мал жеткізіледі.
Тимур МАУЛЕШ,
/«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша/.