19 жыл бұрын сүйгенінің соңынан Тәжікстанға кетіп, туған-туыстарынан хат-хабарсыз қалған қазақстандық келіншек  Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің араласуымен табылды.

ҚР СІМ-нің Telegram-каналындағы ақпаратқа сәйкес, Әсел Дүйсенбаева 1984 жылы 13 қаңтарда дүниеге келген. Атырау облысының тумасы. 16 жасында тәжікстандық азаматқа  ғашық болып  Душанбеге аттанған. Бірақ ғашығы еліне келген бойда оны тастап кеткен.

«Осыдан 19 жыл бұрын Әселдің жанұясымен байланысы үзілген болатын. 2000 жылы 7 cәуірде достасып,махабат әлегіне түсіп жүрген тәжікстандық азаматпен Саратов-Душанбе бағытындағы пойызбен Атыраудан Тәжікстанға кеткен. Қолында туу туралы куәлігі ғана болған, кейін оны жоғалтып алыпты. Душанбе қаласының вокзалына келгеннен кейін аталған тәжікстандық азамат оны алдап, тастап кеткен. Вокзалда жүрген кезінде жергілікті бір әйелмен танысып, соның үйінде 10 жыл тұрған», — делінген СІМ хабарламасында.

Кейін 2011 жылы өзге бір тәжікстандықпен азаматтық некеде тұрып, 2013 жылы ажырасып кеткен, балалары болмаған. Осы кезге дейін Душанбедегі дәмханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істеген. «Әсел, биылғы жылғы қаңтарда Душанбе қаласына келген Қазақстанның бір азаматымен танысып, оған өз суретін және жеке деректерін берген. Ол азамат WhatsApp желісі арқылы Әсел туралы ақпаратты таратып, нәтижесінде оны анасы Мұстақима Дүйсенбаева танып, Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігіне өтінішпен шыққан. Онымен қоса, Әсел туралы білген атыраулық депутат Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловқа оны табуға қолдау көрсету бойынша өтініш жасады.

Өз кезегінде, Б.Атамқұлов еліміздің Душанбедегі Елшіге телефон шалып, Әселді іздестіруге тапсырма берді. Біздің Елшілік оны табу үшін Тәжікстанның құзырлы органдарына сауал жіберген болатын», — деп атап өтеді сыртқы саясат ведомствосынан. Осылайша, қазақстандық дипломаттар және Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-іздестіру басқармасы үй-жайы жоқтарды  қабылдайтын орындарды тексеріп, тіркеуде тұрған немесе құжатсыз жүрген адамдар арасында іздестіру жұмыстарын жүргізген. Түрлі дәмханалар, мейрамханалар, түнгі клубтар да тексерілген. Бірақ іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген. Қолдарында тек фотосы бар және есімін ғана білетін дипломаттар үшін келіншекті бірнеше жүз мың xалқы бар Душанбеден іздеп-табу оңай болмаған.

«Әсел және оны табамыз деп әрекет жасаған Елшілік қызметкерлері үшін тағдыршешті күн биылғы жылдың 19 ақпаны болды. Сол күні Елшіліктің консулы А.Бекбосыновқа Әселге ұқсайтын адамның барын айтып, Душанбе қаласының полиция қызметкері телефон соққан, келіп кетуін сұраған. А.Бекбосынов дереу жеткен. Алайда, ол адам басқа екеніне куә болған.

Оны іздеп-табамыз деген үміті үзілуге шақ қалған А.Бекбосынов жұмысқа қайтар жолында, жолдың шетінде тұрған Әселге ұқсайтын әйелді байқаған. Дереу тоқтап, қасына барып, қазақша «Сіздің есіміңіз Әсел емес пе?», — деп сұраған. Ол түсінбей, тәжікше сөйлей бастаған. А.Бекбосынов өзінің сұрағын орысша қайталағаннан кейін ғана әйел таңдана: «Ия, есімім Әсел» деп жауап берген. Консул оны туыстары іздеп жүргені туралы айтып, телефонындағы анасының видеосын көрсеткен. Жас қыз есеңгіреп, отыра кетіп, жарты сағаттай жылаған. Кейін қуанышқа толы олар бірден Елшілікке келген.

Әселдің қолында ешқандай құжат болмағандықтан, консул Атырау қалалық АХАЖ бөлімінен туу туралы актілік жазбаның көшірмесін шұғыл түрде сұратты. Сол көшірменің негізінде Қазақстанға қайтып оралуға арналған куәлік рәсімделді», — деді ведомстводан. Елшілік қызметкерлерінің көрсеткен қаржылай көмегімен 22 ақпанда Душанбе-Алматы-Атырау бағыты бойынша әуе билеті сатып алынып, нәтижесінде, Әсел Атырау қаласына аман-есен жетті.

Еркін  САМАЛЫҚ,

                            өз тілшіміз