Қиындықпен  бетпе-бет…

Киелі Қызылқоға топырағында талай тарлан дүниеге келді. Өзіме үлгі тұтқан, кез-келген адамның бойында кездесе бермейтін асыл қасиеттерді жанына серік еткен және де әрбір кездескен сайын өзінің кісілігімен таң қалдырған бір адам болды. Сондай жайсаң жандардың бірі – менің әкем, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз, партия, совет қызметкері, ауыл шаруашылығының майталман маманы, қадірменді ақсақалымыз Демеу Асанғалиев болатын.

Ол алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Байшонас орта мектебінде әуелі мұғалім, одан кейін оқу ісінің меңгерушісі болды. Одан әрі жұмыс жасауына Ұлы Отан соғысы кедергі болды. 1942 жылы сәуір айында өз арызымен соғысқа аттанды. Соғыс кезінде адам айтқысыз қиындықтарды бастан кешірді, осы арқылы шыңдалды, шынықты, өмірді өз мәнінде түсіне білетіндей дәрежеге жетті. Соғыстан келгеннен кейін Қарабау жетіжылдық мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болды. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып алты жыл жұмыс жасады. Бұл жылдар өсу, өрлеу жолдары болды. Ол қандай да болмасын атқарылатын іс түптеп келгенде білім сапасын жақсартуға, мұғалімдердің ізденісін қалыптастыруға елеулі ықпал етуге міндетті екендігіне мұғалімдердің назарын аударды.

Сенім жүгін  арқалаған

«Мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жан»,-деп жиі айтып отыратын. Шындығында мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, ал нағыз ұстаз болу екінің қолынан келе бермейтіні анық. Ол – оқушыларды ғана емес, жас ұстаздарды да тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Алдына келген жанға қол ұшын беруге әркез даяр тұратын үлкен жүректі адам екендігі көптің есінде қалғаны мәлім.

Осындай жан-жақты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудандық партия комитеті Демеу Асанғалиевты партия жұмысына жоғарылатты. Бұл ол кісінің жұмысына берілген жоғары баға, әрі үлкен сенім еді. Аудандық партия комитетінде жасаған жылдары нағыз өмір мектебі болды. Адамдармен жұмыс істеудің жолдарын үйренді. Дәкең сауатты, орыс тіліне жетік, мінезге бай, ешуақытта асығыс шешім қабылдамайтын.

Ол Қызылқоға ауданының болашағы үшін уақытпен санаспай еңбек етті. Шалғайдағы ауданның мұң-мұқтажы өте көп еді. Әлеуметтік мәселелер шешілмей жатқан сәт болатын. Оқу ісінің меңгерушісі кезінде және аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасаған уақытында, қайраткерлігінің арқасында ауданда мәдениет ошақтары, мектептер, ауруханалар салына бастады.

Ел  сыйлаған ерлермен бірге …

Дәкең әр кездерде жұмыс бабында да, өмірдің жайшылық кездерінде де Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков, Уәли Жайықов, Өтешқали Есмағанбетов, Құмар Темірташев, Жәрдем Кейкін, Орынбасар Еркінов, Шайдолла Кәрімов сияқты ел мерейін көтерген, елеулі қызметтер атқарған азаматтармен сыйлас, сырлас болды.

Халқымызда «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» — дейтін керемет нақыл сөз бар. Әкеміз үнемі осыны айтып отыратын. Ұрпақтарының білімді, тәрбиелі, иманды, Отанын, халқын кіршіксіз сүйетін азамат болғанын қалайтын. Тағы бір ерекше қасиеті – жастарды қолдап, ел ертеңі оларға байланысты екендігіне кәміл сенетін. Өзі тірі кезінде «мен істедім демей, ер мен ел істеді» деген қағиданы берік ұстанды. Әкеміздің туған жерге, туған ауылға деген перзенттік махаббаты ерекше болатын.

Әкем туралы, оның бүкіл жан – дүниесі, мінезі, өмірі туралы әңгімелеу – өмірімнің мәні секілді көрінеді. Әкеміз бен анамыз Аққиюаш отбасында он үш  ұл – қыз өсіріп, бақытқа кенелді. 13 баланы тәрбиелеу оңай емес. Осы заманда бір, екі баласын баға алмай жүрген адамдар бар емес пе? Ал анам осы қиындықтардың бәріне төзе білді. Еңбегі жоғары бағаланып «Батыр Ана» атағын алды.

Асыл қасиеттерді  ардақтап…

Бір мақалада әкемнің өзіміз өнеге тұтар барлық қасиеттерін сипаттап шығу қиын. Бірақ, ол мен айтпасам да елге мәлім. Ол адамға жақсылық жасаудан, көмектесуден, талмайтын азамат болды. Дәкеңнің ерекше қасиеті – көп сөзділік пен асығыстықты жаны сүймейтіндігі, біреумен алыс, біреумен жақын болу, біреуді жақсы көру, біреуді жек көру дегенді білмейтін байсалдылығы, қызметте әділ, қарауындағы қызметкерлермен қарым-қатынастарының бір деңгейде болғандығынан деп білемін.

Адам өмірінің қадір-қасиеті азамат үшін бастан кешкен жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымдылығымен және құндылығымен бағаланады. Әкеміздің ең биік қасиеті – оның қарапайымдылығы деп ойлаймын.

Сенде қалды барлық қайрат-жігерім,

Бар асылым бәсекеге тігерім.

Қиын-қыстау кезеңдерде өзіңнен,

Түңілмедім, үзілмеді күндерім –

 деген ақын әрі жазушы Рахмет Өтесіновтің осы өлең жолдары әкеміздің азаматтық келбетін асқақтатқандай болады.

Қызылқоға топырағынан жаралып, өзіндік дәрежелерге қол жеткізген әкеміздің бұл өмірде маңдайы жарқырап, айналасына нұрын төгуі, оның өнеге алатын белгілі тұлғалармен жолдас болғандығында жатыр. Адам баласы өмірге келгенде жаман боламын деп тумайды. Ол арман оңайлықпен жеткізбейді. Оған қажымас қайрат, мұқалмас жігер, терең түсінік, ерен еңбекқорлық қажет. Солардың бәрін бойына жинаған жан ғана көптің құрметтісі, елдің аяулысы бола алады. Әкеміздің бойынан осы қасиеттің бәрі де табылатын.

«Абырой – адамдықтың тағы»

Осы  бір сөзді өмірлік кредосына айналдырып, ғұмыр бойы соны ғана ұстанып өткен Дәкең ешқашан өзге біреудің ала жібін аттаған жоқ. Ұстаздықты, партия және совет қызметін, ауыл шаруашылығы жұмыстарын шыңына шығарып атқарған жан. Ащы болса да турасын айтып, істі әділ шешуден таймаған басшы. Оның бойындағы тәнті болатын тағы бір қасиет – бар қабілет – қарымын, білімі мен өмірден жинақтаған тәжірибесін, қоғам тағдыры үшін жұмсаудан еш аянбады, ізденісі мен іскерлігінен ешқашан да айнып көрген емес.

«Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады» — деген қытай нақылы Дәкеңнің іс-әрекетіне толық сәйкес келеді. Әкеміз ұлт мүддесін жекеден жоғары қоятын азамат. Дәкеңнің тағы бір ерекшелігі – алыс пен жақынның, ағайын-туыстардың, жерлестердің, бір сөзбен айтқанда, адамдардың арасын жалғап жүретіндігі деп білемін. Ол — зор парасат иесі. Дәкең отырған ортасында достықтың, ізгіліктің, ізеттің нұрын шашып отыратын азамат болатын.

Жатты жақын қылған

Ол қатарластарымен әзілі жарасқан замандас, үлкенді сыйлайтын инабатты іні, кішілерге ақылшы аға, қамқоршы бола білді. Адами қасиеті мен өмір жолына зер салып үңілген адам оның ар – ожданының адалдығына, биік азаматтық парасаттылығына көз жеткізері анық. Әкеміз бен анамыздың алысты жақын, жатты бауыр қылатын жаны жарқын, кішіпейіл де қарапайым, жан – дүниесі мөлдір бұлақтай таза адамдар болғандығы көңілге қуаныш ұялатады. Мың құбылған тіршіліктің қандай да бір қиындығына, ауыртпалығына тап болғандардың қай-қайсысына болмасын көмектесіп, қолтығынан сүйеу әкеміздің бойындағы ең басты қасиеті десе де болады.

Отызмыңдықшылардың қозғалысына байланысты 1956 жылдың мамыр айында Сталин колхозына төраға болып тағайындалды. Осы кезең оның ұйымдастырушылық – басшылық қызметінің бастау алуы десек, артық айтқандық бола қоймас. Қасиет демекші, оның бойында кез-келген адаммен оңай тіл табыса білетін дарындылық бар деп ойлаймын. Дәкең кадр мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қарауындағы адамдарды тереңірек зерттей бастады. Ұжымда қатаң тәртіп орнатты. Адамдарды істеген ісіне, тындырған жұмысына қарап бағалауды өзінің алдына мақсат етіп қойды. Еңбек адамдарының бойына еңбекке деген құштарлықты қалыптастыруға баса назар аударды.      

 «Сталинді » миллионер етті

Осы кезде Сталин колхозында бас есепші болып Өрбісінов Қуанай, бухгалтер болып Ізтұрғанов Аяш, Қайырғалиев Құбай, Меңдіғалиев Қыдыр жұмыс жасады. Инженерлер Боранбаев Бердібек, Кенжеғалиев Әбу, Тоқмурзин Сәміш болды. Автогараж меңгерушілері болып Тұрақов Түсіпқали, Насилов Ізімғали белсенді жұмыс жасап өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. Әсіресе автомеханик Қабдолов Қабдықтың ерен еңбегін айтпасқа болмайды, өз ісінің айтулы шебері еді. Колхозда 3 шаруашылық фермасы жұмыс жасады.

№1 қой фермасын Досахаев Ықсан, Жауғашаров Дәулеш, №2 қой фермасын Жанықұлов Серік, №3 қой фермасын Шарафеденов Мақы, Әлімбетов Әубәкір, Аққуов Құсан  басқарды. Аға шопандар Елеусінов Қуанышқали, Сарбаев Жалғас, Бердешов Тұрарбек, Садыков Ескен, Ықсанов Қоныс, Бердешов Тұрарбек, Әбіләлиев Бәкес, Жұмағалиев Мейрам, Сарбаев Жалғас, Тапахов Мейрам, Бозжігітов Серік, Досығалиев Қуан, Жұмағалиев Қалыбай, Төлеуов Амандық, Мейрамов Нәсіпқали, Нысанов Әскер және тағы басқалар еңбектерімен ерекше танылған озаттар.

 «Жангелдиндегі»  жанқиярлық

Дәкеңнің еңбек эпопеясының екінші кезеңі Жанкелдин атындағы совхоздан басталады. Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында істелген игілікті істер совхоз еңбеккерлерінің көңіл – күйін көтере түсті. Партия ұйымының хатшысы Қ.Саркөшеков, кәсіподақ ұйымының басшылары М.Лұқпанов, Т.Едишев, Т.Салықов, комсомол ұйымының жетекшілері А.Жөкесов, Ә.Сәрсенғалиев еңбекшілер арасында саяси-идеялық тәрбие беруде белсенді жұмыстар жасады. Еңбекшілердің еңбекке деген құлшынысын арттыруға игі ықпал етті. Шаруашылықтағы еңбек адамдарының еңбек өнімділігі артты. Бас зоотехниктер Т.Мусин, Б.Базарғалиев, бас мал дәрігерлері Р.Тәжиев, А.Сұлтангереевтер белсенді жұмыс жасады. Бас агроном Ш.Башиевтің еңбегінің айрықша екендігін айтпасқа болмайды.

  Жақсы  адамдардың  жаны  бөлек

Дәкең совхоз шаруашылығын өрге бастыруда озат малшылардың іс-тәжірибесін басты назарда ұстады. 1971 жылы совхозда 519 адам еңбек етті. Мал саны: сиыр – 2247; қой – 39031; жылқы – 593; түйе – 249 бас болды. Өндірілген өнім: ет – 7973 ц; сүт – 692 центнер, 5775 – дана қаракөл елтірісі тапсырылған. Барлық өнімдер бірнеше есе артты. Олай болатын болса, Дәкең шаруашылықты өрге бастыруда орасан зор еңбек сіңірді. Осы жұмыстарды іске асыру барысында өзінің денсаулығын да аяған жоқ. Дәкеңнің қабылдауында болып жүрген адамдар жақсы біледі. Ол кісі бет әлпетінен ішкі дүниесін көп сездірмейтін, әңгімені жай қоңыр дауыспен бастап, соңғы сөзін өзіңе салмақ сала аяқтайтын. Сондықтан да, ол кісінің алдында уәде беріп орындамаудың жолы қысқаратын. Оның өзіне тән қасиеті – тұйық кісі емес еді. Ал жақсы адамдардың қасиетін айтуда сараңдық жасамайтын.

 Құм даладағы өшпес  із

Қалай айтқанда да өмірдің бұзылмайтын, ешқандай өзгермейтін өз заңдылығы бар. Тіршілік бір орында тұрмайды, асау өзен толқынындай алға қарай жылжи бермек. Ұл-қыздары, немере-жиендері үшін қимас бауырдың, асқар таудай әкенің, сүйікті атаның орны ешқашан толмайтыны, оған деген сағыныштың басылмай, керісінше одан әрі үдей түсетіндігі айтпаса да түсінікті. Қазақта «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» — деген ұлағатты сөз бар. Осындай әкеміздің болғанын тағдырдың сыйы деп түсінеміз. Бұл басқалардың басына жазылмаған бақыт.

Оның өмірінің өрісті болуы, қызметтерде көтерілген биіктері, дос-жолдастарының, сырлас-сыйлас азаматтарының көп болуына отбасының ұйытқысы Аққиюаш анамыздың үлесі айтарлықтай десем қателеспеймін.

Демек, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бел ортасында еңбек адамдарын бір арнаға тоғыстырып, олардың ұсыныс-тілектерін әрдайым қолдап, ұтымды ұйымдастырушылық таныта білген Демеу Асанғалиұлының еселі еңбегі бар екені анық.

Дегенмен, жүректегі сағынышты сейілтетін, көңілге медеу болатын бір ақиқат бар. Ол – әкеміздің соңындағы үлкен әулеті, өнегелі ұрпағы. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ғой дана халқымыз. Лайым да солай болғай! Асқар таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні тәрізді жылдар өтсе де Демеу Асанғалиұлының жарқын бейнесі оны білетін адамдардың жадында ұмытылмастай ұзақ сақталады деген ойдамыз.

Мұратбек АСАНҒАЛИЕВ,

 Атырау қаласының тұрғыны,ұлы,

Қзылқоға ауданының «Құрметті азаматы».