Сөз басы
Бұл ғұлама ұстаз, марқұм Зейнолла Қабдоловтың оған соншалықты разылықпен берген бағасы. «Жер астында беймәлім сан мың арыс, жер бетінде соларды жанталаса іздеп тауып тірілтуші, осы жолға бар жастық ғұмырын арнаған Ғарифолла Әнес – бір Арыс» деп. Айтса айтқандай, бұл азамат – ғалымның түсіне Алласы аян беріп «Алаш. Арыс» деген сөздерді ауызына салыпты. Кезінде Ғарифолла ініміз жайында Зейнолла ұстаздың бұл теңдессіз бағасын тақырыптап оған арнап дстан жазып, ол кітабымызда жарияланған болатын («Жүрегімнің жыр емі» 326-360 беттер). Дастанымыздың кіріспесі мына жолдармен ашылған: «ҰҒА-ның А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, «Арыс» қорының құрылтайшы-президенті, Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының төрағасы, тілші-ғалым, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, айтулы жерлесіміз Әнес Ғарифолла Қабдолқайырұлына арналады». Бұл сөзіміз уақыт өте келе оның лауазымдық- азаматтық тұлғасын зорайта түспесе, әдепкі маңызын әлі де жоя қойған жоқ.
«Ғалым көп ғой, доктор, басқа жетерлік,
Бұл сөзімді дей көрмеңіз есерлік.
Ғарифолла тындырғанға тең келмес,
Бүгінгілер жасасаң да неше ерлік!
Нарын құмның бір шеті Азғыр мекенім,
Сынақ алаң болғанымен кешегің.
Талай-талай асылдарды жаратсаң,
Ғарифолла – бұл бір алтын кесегің.
Біз қазаққа сияқты бұл тән ғұрып,
Көше кезу үйсіз-күйсіз қаңғырып.
Жұмыс таппай алты ай бойы сандалсын,
Санасында тұрды арыстар жаңғырып.
Сақтықпенен кез еді алу әлі еске,
Еркіндіктің желі жетсін жаңа ескен.
Тоқ етері арыстарды тірілту,
Бұйырыпты Ғарифолла Әнеске.
(Дастан 326-327 бет)
Құнарсыз жерде дән көктемейді
Алты Алашты аузына қаратқан Ғарифолланың артында асыл тегі жатыр. Тектілік тұқым қуалайды деп дана қазақ тауып айтқан. 2024 жылдың жадыраған жазында ағасы Сайфолла Қабдолқайырұлының 70 жасын өткізуге ауылға келгенінде төрімде аунап, қона жатып, Әбілхан Төлеуішов аға – досымен үшеуіміз біраз шүйіркелесіп, аузынан шыққан ағыл-тегіл арманына таң қалыса таңдай қағып едік-ау! Бітірсем деген сан қилы ғылыми жұмыстарын айтқанда қабағы қыртыстанып, ойлы қаліпке түсіп мазасыздық күйін кешетін. Алматыға асығыс аттанып кетіп, ауруханаға түсті. Сөйлесіп, хал жағдайын сұрағанда: «Тездетіп тұруым керек, қырғын шаруам қирап жатыр»,-деп өзін емес, межелеп қойған жұмыстарына бәйек болатын. «Ғарифолла мәңгілігіне аттанып кетіпті» деген суыт хабар есеңгіретіп кетті. Еліміздің зиялы қауымы түгел дүрлігісіп, жүрекжарды өкініштің уын жұтты. Газеттер жағалай қобыз сарынын күңірентті. Сөйтетіндей ол кім еді десеңіз, мыналарды айтпай кетуге болмас деген ой түйдік: Қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы, баспагер, публицист, руханият қайраткері, Ғарифолла Қабдолқайырұлы 67 жасында өмірден озды. Ол 1957 жылы, 26 тамызда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында дүниеге келіп, 1974 жылы орта мектепті тәмамдаған. 1974-1979 жылдары сол кездегі С.М.Киров атындағы (кейін Әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1984-1987 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспиратурасында оқыған.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері ретіндегі тындырған қызметі, тыңнан тапқан зерттеулері ұшан-теңіз. 1992 жылдан «Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының және «Арыс» баспасының құрылтайшы – президенті, «Қазақстан тарихи – ағарту «Әділет» қоғамының төрағасы қызметтерін аса ыждағаттылықпен атқарып, том-том тарихи еңбектер жазды, ақтаңдақтардың беймәлім тұстарын жарқырата жарыққа шығарды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті ретінде оның қыруар шаруасын тыңғылықты атқаруға да уақыт тапты. «Ана тілі» газетінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі бола жүріп, оның беттерінде көлдей-көлдей ғылыми-зерттеу, топономикаға, т.б. қатысты ғылыми мақалаларын жариялады.
Ол, жоғарғы оқу орнын бітіре салысымен осы толайым міндеттерді жасқанбай өз мойнына алып тасқындап тұрған күш-жігерін жұмсады. Ол сабырлы, жайбырақат, кеудесіне парасат тұндырған, үлкенмен де, кішімен де тіл табысқыш, әріптестерімен санасуды білмей олардан сый-құрмет көрген, инемен құдық қазғандай ісінің аса қажырлысы бола білді. Ол тындырған қыруар ісімен көңілін марқайтты. Қолынан қандай іс келетінін де дәлелдеді. Безектеп атақ сұрап, түрлі амал-әрекеттерге баратын жиіркеніштілерден бойын аулақ ұстаса да, атақ-абырой оны қуалап жүріп, өзі іздеп тапты. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, басқа да ондаған медальдармен марапатталды. Баспа және полиграфия ісінің қайраткері атанды. Атырау облысы, Құрманғазы ауданының, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Құрметті азаматы болды. Халел Досмұханбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры. Қорқыт ата алтын медалінің иегері, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі атанды.
Әрине, тегінің асылдығы бойы мен ойына ерекше болмыс қалануына негіз болған. Әкесі Әнесұлы Қабдолқайыр Құрманғазы ауданында Балқұдық аталатын үлкен және ақтылы қойды сан мыңдап өргізген табысты кеңшарды 1955 жылы қолмен құрасқандардың бірі. Қабдолқайыр әкей сол атышулы Азғыр аймағынан сол кездегі ҚАЗ МУ-ді алғаш бітірген санаулылардың бірі. Ұзақ жылдар аталған кеңшарда мамандығына сай экономист-бухгалтер болып абыройлы еңбек етті. Ал, Ғарифолланың анасы Дина Сағитова Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының тумасы. Кадр тапшылығына байланысты сол шалғай, құмды өңірде 13 жасынан бастап шәкірттерге дәріс беріп, кейіннен жоғары оқу орнын бітіріп, елу жыл мерзім үзбестен ұстаздық еткен ұлғатты жан. Балаларының бәрі қарт әжесі Жұмағанымның тәрбиесінде болып, бауырында өскендіктен өз аналарын Дина деп атымен атаса, оған таң қалуға болмайды. Біздің аймақта ата мен әже қойнын жылытқан перзенттердің бәріне бұл жағдай тән болып кеткен, ел құлағы үйренген.
Ғарифолладан үлкен Сайфолла ұл Жамбылдың гидромелиоративтік институтын тәмамдап, әке аманатына сай ат жалын тартып мінгеннен Азғыр аймағын суландырумен айналысты. Оның жары Бәтиля есепші, жоғары білімді маман, етегінен бала төгілген әулеттің құтты аяқ келіні. Қабдолқайыр әке – Дина анадан өрбіген үш ұл, екі қыздарының басы аман дені саулары жоғары білімді, тәрбиелі, зиялы, көргенді әулеттің ұрпақтары ретінде ел – жұртқа қадірін асырғандар. Самиғолла – кенже ұл жастай шетінеп кеткен. Алма қыздың үш баласы бар. т.т…
Ғарифолланың ағасы Сайфолла 2024 жылдың өткен жазында 70 жасқа толып, Құрманғазы жұрты салтанатты тойға ұластырды. Сонда көп адам бұл әулеттің кеңқолтық қарапайымдылығына, төрі қонақтан босамайтын көпшілдігіне жан-жақты тоқталып, жүрек тебірентерлік естеліктерін айтты. Құрманғазы ауданының әкімі болған, Атырау облысында туған ауданында жол қызметін ұзақ жылдар басқарған ауданның Құрметті азаматы Амантай Такешовтың жүрекжарды лебізі санамыздан әлі күнге өшер емес.
-Біз жұмыс орайымен бір топ жолшыларды бастап Азғыр өңіріне барғанда ойланбай Қабдолқайыр ағайдың үйіне түсеміз. Үлкені-кішісі Сайфолланың жолдастары деп жадырай қарсы алады. Еңселі шаңырақтың ішін толтырып айлап жатқан күндеріміз болды. Бәтиля жеңгей мен Дина шешеміздің тамақ пісіруден қолы тимейтін. Сонда бір салқын қабақ танытпайды ғой, шіркіндер! Қайта Жұмағаным әже: — Әй, Дина шырағым, үйдегі ет сарқылып қалмасын, балалар орта қарын жүрмесін, қой сой, нанды көптеу сал,-деп жиі ескертіп отыратын. Бұл үйден көрген құрметімізге айтса, сөз жетпейді,-деп тебірене толқыған. Міне, Ғарифолла Әнес, қазақтың белгілі ғалымы, осындай әулеттен өркен жайған, тегіне тектілік біткен перзент еді ғой. Жүректері иман нұрымен суарылған осы Ғарифолла және басқа ұрпақтары Азғыр өңіріндегі кесенесі келушілерден әлі бір құрғап көрмеген арғы атасы Бекмұхамбет Халфені орынымен мақтан тұтады. Ол жайында жазған дастанымыздың 336-337 беттерінде былай деппіз:
«Жүрген болса табады екен хал кеміп,
Шығады екен алдын көрген әлденіп.
Сондықтан да ардақтайды біздің ел,
Аталары Бекмұхамбет Халфені.
Осы өңірге нұрын шашқан зерделі,
Ерте түрген қараңғылық пердені.
Діни және бергі оқу, сан ғылым,
Беделі де болған екен елде ірі.
Мәңгілігін кеткен артқа қалдырып,
Жәңгір ханнан кейін мектеп салдырып.
Көгерсін деп келешегі қазақтың,
Талабы тау бала оқытқан алдырып.
Бір жақты емес, ауызға алған Алланы,
Сезіндірген дүниенің жалғаны.
Оқытыпты Жәнекешов Бейсенді,
Және дағы Оразбаева Алманы.
Жаратады асылдарды Ұлы Ана,
Ие болсын дегендей бір мұраңа.
Ғұмар Қараш, Сейтқалиға Меңдешов,
Жалықпастан дәріс берген ғұлама.
Бекмұхамбет халфе – Ғайтбайдың бел баласы,
Әулие деп әлі айтар ел арасы.
Саламаттан Ғайса, Әнес туады,
Ғайса ұрпақсыз, ол көңілдің наласы…»
Міне, асыл азамат, белгілі ғалымның арғы тегі, үрім бұтақ әулетіне ынталы жандарға қысқаша айтарымыз осы.
Ғылыми ізденісінің ізгілікті іздері
Біз осы еңбегімізді мерзімдік басылымдар жүзін тапқан материалдар негізінде қағаз бетіне түсіріп, ойдан еш нәрсе қосып отырғанымыз жоқ. Ол өмірден озған сәтте «Қазақ әдебиет» газеті көлемді – көлемді көңіл хоштар, қаламгерлердің аһ ұрған еске алуларын жариялады. Аталмыш басылым ғылымға қосқан үлесі жайлы айта келіп: «Алаш. Алашорда энциклопедиясын жарыққа шығарды, 7 том «Қазақ» газеті мен 7 том «Айқап» журналының толық корпусын жасап, «Сарыарқа» газетін жинастырып, ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан көптеген басылымды арап қарпінен қазіргі жазу үлгісіне көшірді. Ә.Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Алпысыншы жылдықтар» атты үш томдық энциклопедиясын жарыққа шығарды»,-деп жазды. («Қ.Ә», №38. 27.09.024 ж)
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Әнес Ғарифолла Қабдолқайырұлының кейбір еңбектерін атап өтсек: 1.«Мәтін кеңістігі: семантикалық, этимологиялық испект». -2010ж. 2. Мәтін классификациясы мен типологиясы – «Қазақ мемлекеттілігі және түркі әлемінің тарихи – мәдени құндылықтары» — 2009 ж. 3. Тіл деңгейлері мен тілдегі мәтін деңгейі» — 2010 жыл. 4. Текстологическое состояние и особенности изучения казахского литературного наследия XV-XVIII веков («устно-писменный текст») – 2010 ж. 5. Қазақ тіл біліміндегі мәтін талдау мен мәтінтану, негізгі принциптері мен теориялық бастаулары» — 2010 ж. «Түркі халықтарына ортақ атау (Алғысөз). –Кітапта: Сөзқоржын (Қазіргі қазақ тілінде қолданыста жүрген кірме сөздердің түркі – мұсылман әлеміндегі баламасы) – 2006 ж. 7. «Қазақ газетінің емлесі хақында – Кітапта: «қазақ» газеті. 1914 жыл – Алматы «Арыс» баспасы, 2009 жыл. 8. Алғысөз (Махамбет өлеңдеріндегі жалқы есімдер арнайы сөз болады). –Кітапта: Махамбет тілінің сөздігі. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2012 ж. 9. «Жер – су атауларының анықтамалығы». Бейімдеген және жауапты шығаруы Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009 жыл. 10. «Қазақ есімдерінің анықтамалығы». Жауапты шығарушы –Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009 ж. Бұл ғылыми еңбектердің баршасы да кітаптар болып шыққан, ғылыми конференцияларда талқыланып оң бағасын алған. Газет ауқымына сай бұл тізімді ары қарай жалғай алмадық.
Ғарифолла Әнес қай жылдарда да өнікті жұмыс жасап, мұрағаттың шаңына көп тұншыққан ғалым. Қолымызға түскен тек 2013 жылғы ғылыми жарияланымдарына көз жүгіртсек: 1. «Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тіл білімінің мәселелері». 2. «Құдайберген Жұбанұлы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. 3. Әнес Ғ.Төлеуішов Ә. «Халел Досмұхамедовтың өмір жолы мен тағылымдық өнегесі». 4. «Халел тұғыры». – «Егемен Қазақстан», «Көрнекті түркітанушы» -Түркі Академиясының жылдық қорытынды ғылыми жинағында, бірнеше тілде жарық көрді. «Бір бүркеншек есім». – «Қазақ әдебиеті», 2013, 22 наурыз. А.Байтұрсынұлының «Түрік баласы» атты псевдонимі туралы бұл мақала «Абай. кз», «Серке» т.б. интернет сайттарда жарық көрді, «Қ.Ә-і» газетінің бетінде үлкен полемика туғызып, шет елдік қандас ғалымдардан мақалалар келіп жарық көрді.
Қолымызға түскен 2017-2018 жылдардың сыбағасы да аз емес. Ғ.Әнестің редакциялауымен С.Қоңдыбайдың «Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері» энциклопедиялық басылымы жарық көрді. Кейіннен үш томға ұласқан Ә.Кекілбайұлы энциклопедиясының алғашқы томы оқырмандарын қуанышқа бөледі. Ғ.Әнестің толық редакциялауымен, қажет тұсына ғылыми түсініктер жазуымен Х.Досмұхамедұлының «Жан саулығы» деп аталатын бірінші, «Тән саулығы» делінетін екінші, «Жануарлар» атауындағы үшінш томдары – энциклопедиялары жарық көрді. 4. «Қасиетті Қазақстан». Энциклопедия. 1 – том. Алматы, Астана қалалары мен Алматы және Ақмола облыстары. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2017-480 бет. (Орыс – қазақ тілдерінде) Осы екі монографиялық еңбекті құрастырып, алғысөзін жазған және жауапты редакторы – ф.ғ.д. Ғ.Әнес.
5. Алаштың 100 жылдық мерейтойына орай «Алаш аманаты» сериясымен 20-дан астам ғылыми мақаласы «Ана тілі» газеті мен «Мәдениет» журналында жарық көрді. Проф. Ғ.Әнес 2018 жылы ғана 10-нан астам ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып баяндама жасаған. Біз, бұл баянымызда қайталап айтсақ қолымызға түскен 2013 және 2017-2018 жылдар дерегі бойынша сөз қозғадық. Ал, ол ғылыммен, зерттеумен айналысқан әр жылдардың ұзақ әңгімелеуге тұратын қазақ халқының ертеңі үшін өте мағыналы, толымды табыстары бар.
Оның көптеген ғылыми мақалалары мен монографиялары жоғары оқу орындарының тарих, филология, журналистика факультеті студенттерінің, ұстаздарының қолдан түсірмейтін оқу құралына айналуда.
Кейбірін ғана атап өтсек: «1. Қазақ» газеті. 1913 жыл. 2. «Қазақ» газеті. 1914 жыл. «Сарыарқа» газеті. 1914 жыл. Алматы: «Арыс» баспасы. Алғысөзі мен соңғы жазушы және мәтінді араб қарпінен қазіргі жазуға көшіруші жауапты редакторы – Ғ.Әнес. «Шәкерім. Иманым», ХХ ғасырдың басында шыққан ондаған кітаптар (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев, Қ.Кемеңгеров т.б-ың шығармалары, «Жақсы үгіт», «Аламан», «Ызың» т.б. осы сияқты жинақтар) араб қарпінен өңделіп, бүгінгі жазуға көшіріп басушы – жауапты редактор – Ғ.Әнес. «Халел Досмұхамедовтың өмір жолы мен тағылымдық өнегесі, «Ағартушы Халел Досмұхамедовтың оқулықтары», «Шағын проза шебері», «Ұлттың ұлы ұстазы» (Педагогикалық еңбектері хақында), «Әліппе», «Ана тілі», «Оқулық», «Ойжарыс», «Бір жанға екі күймек әділет пе?» т.б.
Жақсылар жоқтаған жанкешті ғалым.
Бұл ретте белгілі публицист-жазушы Бауыржан Омарұлын алдымен ауызға аламыз. Өкініштен өзегі үзіліп, қайғылана күңіренген оның күрсінісін «Қазақ әдебиетінен» бастап бірқатар басылымдар кезек-кезек жариялап жатты. Ол не деп еді, сонда? «Ұлт руханиятында айырықша із қалдырған, өрісі мен өнегесі көп Ғарифоллалар баршылық. Қай-қайсысы да елдік мәселелерге барынша атсалысты. Бірі – өнерімізді өрлетті. Тағы бірі – ғылымымызды төрлетті. Сондай-ақ ұлт мұрасын жинауға, зерттеуге, жариялауға, жанын салып, тынбай тер төккен тағы бір Ғарифолламыз бар еді. Ол – Ғарифолла Әнес. Бір өзі – бір институттың жұмысын жасаған ғибратты ғалым. Бір өзі-бір архивтің ісін жүргізген мәртебелі мұрағатшы. Бір өзі – бір баспалар үйінің шаруасын атқарған білікті баспагер. Бір өзі – бүкіл арыстың жиған – тергенін жалықпай саралаған, абыройлы алаштанушы.
Жылымық жылдардың жайлы лебі сезіле түскен шақта Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнес Қазан, Ташкент, Мәскеу, Орынбор және басқа тарихи мұраға бай қалалардың архивтерінен баға жетпес құнды дүниелер тапты.
«Елін сүйген ерлердің ардақты есімдерін ресми орындардан бұрын аруаққа сыйынып, алдымен өзіміз-ақ ақтап жібергендей едік»,-деп еске алатын ол.
Еліміздегі білдей бір ғылыми-зерттеу институтында жұмысын жап-жақсы атқарып, алдағы жылдарға арналған жоспарларын түзіп, өз ауанымен тірлік кешіп жүрген Ғарекең бір күні шұғыл шешімге бел буды. Ол Қазақстанның репрессияға ұшыраған зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорын құрды. Тәуелсіздік алғанымызға бір-ақ жыл өткен-ді. Бұл қор содан бері үздіксіз жұмыс жасап келеді. Бұл қордың басшысы содан бері бір күн де дамыл көрген жоқ. Қаншама тұлғаны шыңыраудан шығарды. Қаншама кітап басты. Қаншама энциклопедия түзді. Қаншама тарихи мұраны қатарға қосты. Қаншама архивтің есігін қазақ жұртына айқара ашып берді. Қаншама қазақ басылымының кітаби нұсқасын әзірлеп, оқырманға ұсынды. Енді кім жалғастырады оны? Жалғастырған күнде де дәл өзіндей бола ала ма?!
Ғарифолла әйгілі қорын құрған соң көп уақыт өтпей ақ мен одан сұхбат алдым… Екеуміздің осы сұхбатымыз «Жас Алаш» газетінің 1992 жылғы 3 қыркүйектегі санында жарияланды.
Сол сұхбатта ол өзінің «Арыс» қорын құрудағы мақсат-міндетін былайша тәпсірлеген-ді: «Халқымыз саңлақтардың мұрасымен қайта табысып жатыр ғой. Жөн-ақ. Ал енді есімдері де, еңбектері де жалпақ жұртқа кеңінен танымал емес, шын мәнінде, ұлан-ғайыр мұра қалдырған, бірақ жылдардың қалтарысында мықтап жасырылған боздақтарымыз қанша ма? Олардың мұрасын кім іздемек?! Оқырманы он мыңдап саналатын мүйізі қарағайдай көзі тірі қаламгерлердің өзі қағаздың жоқтығынан кітаптарын шығара алмай жүргенде, жарты ғасырдың жамылғысын жамылып, жер қойнында жатқан арыстардың асыл дүниелерін бастыруға кім ұсынады? Осындай әрқайсысы атан түйеге жүк боларлық міндет арқалаған сансыз сауалдар Қазақстанның репрессияға ұшыраған зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорын құруға деген ниетімізді оятты». Ол осы бағдарламалық тұжырымдамасына әрдайым адал болды. Күн-түн демей тынбай еңбек етті.
Мәселен жаңағы сұхбатымызда Ғарекең қашаннан бойына біткен қарапайымдылығына басып, әдепкі тұжырымын одан әрі сабақтап: «Бұл – осынау маңызды іспен тек біздің ұжым ғана айналысады деген сөз емес. Мұны жұртымыз болып жұмылатын қасиетті парызымызды атқаруға үлес қосқымыз келгені деп бағалау керек» — деп тиянақтай түскен еді. Үлес болғанда қандай! Таудай үлес. Алтын қор. Асыл қазына. Қазақ жұртындағы барлық кітапханалардың ажарын ашып тұрған дүниелердің бірсыпырасы – Ғарифолла Әнес шығарған кітаптар. Оның баспасынан жарық көрген жәдігерлер ұлт зиялыларының жеке кітапханаларының да құндылығын арттыра түседі. Образды түрде айтсақ, Ғарифолла ағамыз дайындап, бастырған кітаптардан кішігірім бір кітапхана жасауға болатын шығар…
Ол мақсат мұратын орындау үшін өзінің жеке шығармашылығын екінші кезекке ығыстырды. Бұдан әдебиет те, ғылым да ұтыла қойды деп ойламаймыз.
Сонымен өмірде өте қарапайым болса да үндемей жүріп-ақ адам айтқысыз ұшан-теңіз іс тындырған Ғарифолла Әнестің болмыс-бітімінің ерекшелігі неде?
Материалдың толық нұсқасын газеттің №1 (1472) 2025 жылғы санынан оқи аласыз.