Адыра қалғыр Нарының,
Жеті жұрт босқан жұрт екен.
Он сан ноғай, сан қалмақ,
Асан қайғы, ер Абат
Олар да өткен жер екен, — деп Мұрат ақын жырлағандай, бірде шапқыншылыққа ұшырап, бірде жұт шарпып, кіріптарлыққа түскен көшпенді жұрттың бұл өлкесі елдік пен татулықтың, бауырласу мен ат құйрығын кесіп ажырасудың куәсі болған. Мұрат пен Шынияз ақындардың дастандарындағы аттары аңызға айналған батырлар – Орақ пен Мамай, Едіге де, алты жыл балшық бастырып, тоғыз жыл кірпіш соқтырып, Айдарханнан, Астраханнан ақ мешіт үй салдырып, қала тұрғызған әз Жәнібек хан да, он сан ноғай ағасы болған, ақылы асқан Орманбет би де, бүгінде эпостық кейіпкерлерге айналған Ер Тарғын мен Ақжүніс те, ел-жұртының тұрағына қолайлы да шұрайлы қоныс іздеп, өмірін желмаясының үстінде өткізген Асан қайғы да, сол Асан абыздың ақылымен бұл жердің енді жайлы қоныс болмайтынын біліп, Жиделбайсын жеріне қарай Ноғайлы елін түп көтере көшіріп кеткен оның баласы Абат пен қарға бойлы Қазтуған Сүйінішұлы жырау да осы Нарынның киелі топырағын басқан тарихи тұлғалар.
1771-1801 жылдардың арасында Еділ мен Жайық арасындағы тусырап бос жатқан осынау байтақ өлке 1801 жылы наурызда патша жарлығымен ішкі Бөкей ордасы болып құрылды. Оны Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтан басқарды. Ол қайтыс болғаннан кейін таққа баласы Жәңгір хан отырды. Сөйтіп бір кездері ұшы-қиыры жоқ талай жұрт көшіп қонған ұлан-байтақ жерде бүгіндері халқымыз бақуатты өмір сүріп келеді. Ежелден қойнауы қазына-байлыққа толы, теңізінде балығы тайдай тулаған, жайылым өрісі кең, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өлкеден 1957-1963 жылдары аралығында мұнай көзі табылып, аудан экономикасының жетекші саласына айналды.
Екі қоғамның куәсі болған ауданды бүгінгі күннің биігінен қарайтын болсақ, елдің өскенін, әсіресе егемендігіміздің тұсында қарыштап дамығанына көз жеткіземіз. Оған жақында ғана Исатай баба батыр атындағы аудан әкімі Нұрым Мусинге кездескеніміз дәлел бола алады. Дидарласу кезінде аудан басшысы бізге өткен жылғы атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.
Жауапкершілік – жүгі ауыр міндет
– Осыдан бір жыл бұрын, Исатай ауданының әкімі қызметіне тағайындалған кезде ең бірінші сезінгенім – жауапкершілік еді. Себебі бұл – кіндік қаным тамған туған жерім, өсіп-өнген, ер жетіп, есейген ауылым.
Мемлекеттік қызметкер үшін ең қиыны – туған жерінде жұмыс істеу. Себебі алдымен, таныс-туыс, жора-жолдас өте көп. Олардың әсері мен ықпалы күшті болады. Сондай сәттерде шешім қабылдау адалдықты талап етеді. «Әкім –туысым, әкім – досым, әкім – танысым. Оған барып кез келген мәселені шеше саламын», — дейтіндер де жоқ емес. Бірақ біз оған көңіл бөлмей, барлық мәселеге заң аясында қарап, әрекет етуіміз керек. Сондықтан мен алдымен қарапайым халықтың мұң-мұқтажын бірінші кезекке қойып, іске кірістім. Жауапкершілігі жоғары бұл лауазым маған үлкен сын. Әрі бұл сынның бір ұшы тек менің өзіме ғана емес, ағайын-туысқа, жетпістен асқан әке-шешеме де бағытталады. Сол кісілердің берген тәрбиесіне шаң жуытпауды, атына кір келтірмеуді ойладым. Себебі әке-шешем әлі күнге дейін менің тілеуімді тілеп, үйде тақымын қысып отырады. Маған ұсыныс түскен кезде ең алдымен ойлаған ойларым осы болды.
Жасыратыны жоқ, бұрын да маған бұл ұсыныс жасалған-ды. Ол кезде бірден бұндай шешім қабылдауға дайын болмағанмын. Себебі қазақтың біртуар дара тұлғаларын дүниеге әкелген алтын бесігіміз – туған еліме қызмет ету үшін тәжірибем жеткіліксіздеу еді. Исатай, Махамбет, Хамит, Фариза, Әзидолла секілді ұлы тұлғалардың рухтарының алдында да, сол алыптардың ізін басқан бүгінгі исатайлықтардың алдында да сенім жүгінің салмағы ауыр. Себебі бұл өңір – аталы атырап, баталы топырақ, иелі ел, киелі жер. Осы ішкі ой-толғанысым осынау үлкен әрі жауапты іске құлшына кірісуіме демеу болды. Шешім қабылдауда батыл бола бастадым. Мен бұған дейін аудан әкімі аппаратының басшысы, әкімнің көмекшісі, мәслихат хатшысы сынды жауапты мемлекеттік қызметтер атқарып, біраз тәжірибе жинақтадым. Осы кезде «Бастық тапсырма берді», «Бастық шешім қабылдады», — деп өзімнен жоғары лауазым иесіне арқа сүйеп. басшымен ақылдасып, кеңесіп әрекет ететінмін. Негізгі жұмыс барысы солай өрбитін.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол»
Ал қазір ше? Ешкімнің алдына бармайсыз, «Бастық айтып жатыр!», — деп ешкімге сілтей алмайсыз. Қандай шешім қабылдаймын десеңіз де, өзіңіздің қолыңызда және барлық жауапкершілік те өзіңізге жүктеледі. Сол себепті істеген әр іске, қабылданған әр шешімге, жасалған әр қадамға жауап беретін – өзіңіз. Ең бастысы халық талабына құлақ асу – ең маңызды міндет. Қазір басшыға қойылар талап та күшейді. Өткен бір жыл уақыт ішінде жауапкершілікті өз мойныма алып, ешкімге жалтақтамай, біреуге қарайламай, заң шеңберінде дұрыс шешім қабылдауға үйрендім.
Әкімдік қызметке келгеннен кейін өзімнің қызмет жолындағы тәжірибемді, бойымдағы адамгершілік қасиеттерді жұмылдыра қызмет етуге күш салудамын. Президентіміз атап көрсеткендей, қазіргі әкімдерге қойылатын басты талап – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай болу, халықтың сөзін тыңдау, үніне құлақ қою, дауысын есту. Соған орай дұрыс және нақты шара қолданып, шешім шығару, мәселені оң шешіп, дұрыс жолын табу керек. Алдыма келген кез келген азамат өзін толғандырып жүрген сұрағына қанағаттанып кетсе, менің жұмысымның нәтижелілігі деп ойлаймын. Былайша айтқанда, әкім болу – қызмет ету емес, елге қызмет етуші, — деді ол.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ел тізгінін ұстаған азаматтардың дені әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашқаны баршамызға белгілі. Аудан әкімі Нұрым Мусин де фейсбук және инстаграм желілеріне тіркелген. Бір жыл ішінде әлеуметтік желінің белсенді қолданушысына айналып, өз аудиториясын қалыптастырып үлгерген. Бұл – әкім халықпен еркін пікір алмасады әрі аудан әкімінің парақшасына жазылу арқылы сол ауданның тыныс-тіршілігінен хабар алып тұруға болады деген сөз.
Бұдан кейінгі аудан әкімімен арадағы әңгімеміз ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелеріне қарай ойысты. Әкімнің айтуынша, өнеркәсіп өнім көлемі 101.5 млрд. теңгені құраған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 7,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,1 пайыз болған. Есепті мерзімде 4,3 мың тоннадан астам ет, 2,3 мың тонна сүт, 138 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жоспарлы межелер артығымен орындалды. Өткен жылы мүйізді ірі қара – 29, қой мен ешкі – 35, 8, жылқы – 24,1, түйе 10,9 мың басқа жеткен.
Халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту бағытында да ілгерлеушілік бар екені байқалады. Былтыр 745 адам жұмысқа орналастырылды, тұрақты жұмысқа 545 адам орналасып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 350 адам тартылды, 31 отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілген.
Негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 51,5 млрд теңгені құрады. Ауданда 11,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстарының көлемі 16,5 млрд теңгені құрап отыр. Сондай-ақ бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің нақты түсімі 6,1 млрд теңге, болжам 122,7 пайызға орындалған. Оның ішінде жергілікті бюджетке 3,6 млрд теңге түскен.
Материалдың толық нұсқасын газеттің №1 (1472) 2025 жылғы санынан оқи аласыз.