Бүгін Атырау облысы Кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов аймақтың кәсіподақ көшбасшыларымен кездесті. Ондағы мақсат – адам құқықтары жөніндегі өкілдің қызметін еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғаушы бірден-бір қоғамдық ұйым –кәсіподақтар жетекшілеріне етене таныстыру, олардың Конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда ынтымақты бірлікте әрекет жасау.

Кездесуді Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде уәкілдің атынан өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде және оның тапсырмасы бойынша өкілеттігін жүзеге асыратын аталған құрылымның басшысы Амангелді Абдолов адамдар құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңыздылығын, сондай-ақ, адам құқықтары – бұл адамның өз мүдделерін заң шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігі екендігін атап өтті.

«Елде жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету арқылы қоғамның мемлекеттік саясатқа деген сенімін нығайту да маңызды бағыттардың бірі. Бүгін біз осы саладағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымызды да өздеріңізбен бөлісіп, болашақта ынтымақтаса қарекет етеміз деген ойдамыз, — деді Амангелді Аманиязұлы.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдіктің бас маманы Сәуле Төлегенова уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттері, қағидаттары, кепілдіктері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың міндеттері, өтініштерді қарау тәртібі туралы кеңінен түсінік берді.

Ашық әрі еркін форматта өткен кездесу барысында «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Салтанат Рахимова, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» Атырау облыстық филиалының төрағасы Жұмазия Есімова, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай және кәсіподақтар қозғалысының ардагері, републикалық «Sakhara» газетінің бас редакторы Қуандық Батыровтар сөйлеп, өндірістік кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда жұмысшы-қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қолданыстағы заңдар мен нормативтік-құқықтың актілер аясында қорғау, еңбек қатынастарына байланысты туындайтын түрлі дау-дамайлардың алдын алу және болдырмауда туындап жататын жағдайларды нақты мысалдар арқылы жеткізіп, оларды уәкілдіктің қатысымен реттеп, шешудің мүмкіндіктері мен жолдарын сұрап білді.

Кездесуге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілдігінің жауапты хатшысы Нәсіп Шалабаева қатысты.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі, баспасөз қызметі