Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап, әр жыл сайынғы орын алған саяси маңызды оқиғалармен қатар, толайым табыстарға бүгінгі ұрпақ зор мақтанышпен көз жүгіртіп отырады. Ұлттық мемлекетіміздің берік ірге тасы қаланып, келешекке деген сенім ұлғайды. Сондықтан да, болашақ жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігі баршаға белгілі. Жаңа қазақстандық патриотизм – бұл ең аса маңызды құндылық бүгінгі қоғамдағы барлық қауымның бойына сіңірілуі тиіс.
«Отансүйгіштікке, мемлекеттік рәміз-дер, елдің тарихи қасиетті ескерткіштеріне деген мақтаныш, терең құрмет пен ардақ тұту сезімдерін қалыптастыру және ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді сыйлауға тәрбиелеу бүгінгі күннің ең басты мәселелерінің бірі», — деп атап көрсеткен болатын Елбасы Н.Назарбаев.
Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының біріккен Москва – Брест бағытындағы «Ерлік жолымен» атты патриоттық броножорығы мен неміс-фашист басқыншыларының шабуылына бірінші болып төтеп берген қамалда үстіміздегі жылдың 20-22 маусым аралығында «22 маусым. Брест қамалы» тақырыбында өтетін халықаралық қайта құру іс-шарасына қатысуға «Каспий маңы батырлары» қоғамдық ұйымының басшысы Талғат Ильясов жетекшілік еткен экспедиция маусым айының орта шенінде жолсапарға шықтық. Экспедиция құрамында облыстық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары С.Әжіғалиев, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Қ.Сатаев, кәсіпкер А.Сұлтанов бар. Экспедицияның жол маршруты – Батыр қалалар Москва, Смоленск, Минск, Батыр-қамал Брест бағыты болды. Аталған жолсапарға Атырау облыстық әкімдігі демеушілік танытты. Бұл бірінші рет емес, облыс әкімшілігі тарапынан 2016, 2017 жылдары да аталған іс шара қолдау тауып, жол қаражатының оң шешілуіне ықпал етті. Бұл іс-сапарды қолдап, демеушілік жасаған облыс әкімдігіне экспедиция құрамы атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.
ОЛ ЖЫЛДАРДЫҢ ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ…
Москва – Брест бағытындағы «Ерлік жолымен» броножорығы биылғы жылы екінші мәрте өткізіліп отырған патриоттық іс-шара болып табылады. Бұл патриоттық шараның мәні мен мақсаты Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ерен ерліктің үлгісін көрсеткен аға ұрпақ өкілдерінің қаһармандық ерліктерін жас ұрпаққа паш ету және Отан үшін қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ету. Аталған патриоттық іс-шараны ұйымдастырушы Москва қаласындағы «Әскери-техникалық» қоғамының басшысы А.Мигалиннің айтуынша РФ Президенті қорының арнайы бөлінген грантын ұтып алудың нәтижесінде жүзеге асырылып отырған жоба екендігіне қанықтық. Шын мәнінде 15 шақты әскери техникаға (БТР, БМП, ЗИС, ЗИЛ, УАЗ-69, мотоцикл) күтім, қосалқы бөлшектер, жанар-жағар май, жорыққа қатысушыларға азық-түлік, жататын орын қаражаты көп шығынды талап ететін іс екендігі де белгілі. Дегенмен де, бұл мәселеге қаржы қомақты бөлініп, келешек ұрпақ үшін атқарылып жатқан игі шараға қаражаттың өз деңгейінде бөлініп, өте қажетті де тәрбиелік-тағылымы аса зор бұл шараға ризашылығымызды білдірдік. Бұның бәрі сайып келгенде жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жалаң сөзбен ұранмен емес, нақты істер арқылы шешімін тауып жатқаны. Жорыққа қатысушылардың арасында Москва қаласы бойынша әскери-патриоттық қоғамдық ұйымдардың жас жеткіншектерінің көп болуы осы істің нақты көрінісі деп түсіндік.
Броножорық Москвадағы «Поколонной горе» аталатын Жеңіс музейі орналасқан аумақтан бастау алды. Броножорықтың ашылу салтанатына Москва қаласының Ішкі істер департаменті, Ресей Қорғаныс министрлігі өкілдері қатынасты. Сонымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь республикалары елшіліктерінің өкілдері қатынасып, сөз сөйледі. Ресей, Беларусь бұқаралық ақпарат құралдары «ОРТ», «1 канал», «Звезда», «Петровка 38», «Беларусь», «Россия РТР», «Россия 24» т.б. теле каналдарының журналистері құрал-саймандарын сартылдатып іс-шара барысын камераға түсіріп, сұхбаттар алуда. Бұл телеарна журналистеріне біздің тарапымыздан экспедиция басшысы Т. Ильясов та сұхбат беріп үлгеріп жатыр.
Жорықтың алғашқы аялдамасы Москва облысына қарасты Голицын қаласы болды. Жергілікті әкімшілік өкілдері, жасөспірімдердің патриоттық ұйымдары мен тұрғындары күтіп алды. Жорыққа қатысушылар тарапынан Ұлы Отан соғысынан оралмаған голицындіктерге арналған ескерткіш обелискіге гүлшоқтары қойылып, тағзым етілді. Әскери техникалар балалармен қатар үлкендердің де ерекше қызығушылығын тудырды. Тақтайдай жосылған жолдарды артқа тастап Бородино даласына да келіп жеттік. Бородино — орыс халқының мақтанышы. Оның да өзіндік себебі бар. Бородино екі ірі шайқастың куәсі болған жер. 1812 жылғы Наполеоның және 1941 жылғы Гитлердің ұлы армияларына қарсы қырғын шайқастардың болып өткен жерлеріне ескерткіштер қойылған. 1812 жылғы Отан соғысының батыры, ұлты грузин П.И.Багратион Бородино үшін болған ұрыста алған ауыр жарақатынан кейін қайтыс болған соң осы алаңға жерленген. Экспедиция мүшелері және лагерьдегі әскери-патриоттық ұйымдардың өкілдері атынан 1812 жылғы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіш пен осы соғыстың батыры П.И.Багратионның қабірі басына гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді. Бұл қолбасшының атымен аталған соғыс операциясы Беларусь елінің Смолевичи қаласынан бастау алғандығы белгілі. Осы «Багратион» операциясының нәтижесінде туысқан Беларусь республикасының территориясы түгелімен неміс-фашист басқыншыларынан азат етілді. Смолевичи қаласы — жорық картасында белгіленген қалалардың бірі. Бородино музейі аумағында мектеп оқушыларының әскери-патриоттық лагері орналасқан. Лагерьде әртүрлі әскери-патриоттық ойындар өткізіліп, өткізілген шаралар барысында өскелең ұрпақ бабаларының ерлік істерімен жан-жақты танысып, тарихқа деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыруға игі ықпал ететіндігі сөзсіз.
Москва облысы аумағында орналасқан М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің Студенттер демалыс лагеріне бір түнеп, ертеңі жолға қайта шықтық. Қалалық әкімшілік тарапынан митингі өткізіліп, соғыс жылдарында Вязьма қаласы арқылы Москваға ұмытылған неміс армиясының жолын бөгеген 33-армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант М.Г.Ефремов ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Қоршауда қалған армия қолбасшысы «егер де менің армиям осы жерде ерлікпен соғысып, мерт болатын болса, онда мен де армиямен бірге өлемін», — деп неміс-фашистермен өліспей-беріспей соғыс жүргізген генерал соңғы оғын өзіне жұмсаған. Тағы бір тарихи дерек немістер өжет генералдың ерлігіне тәнті болып, әскери құрметпен жерлеген екен. Қаланың басты алаңындағы ескерткіш И.В.Сталиннің тапсырмасымен 1946 жылы орнатылған. Қала халқының айтуынша ескерткіш сол маңдағы ұрыс далаларынан жинап алынған снаряд, оқ гильзаларынан құйылып жасалған.
Келесі аялдама Батыр қала – Смоленск. Смоленск қаласы соғыс жылдарында ешбір армиядан жеңіліс көрмей келе жатқан неміс армиясының алғаш рет окоп қазып, қорғаныс жасаған қаласы. Бұл облыс рейхстагқа Жеңіс туын тікен, Кеңес Одағының Батыры М.А.Егоровтың туған жері. Оның қабірі Смоленск қамалының қабырғасындағы облыстан шыққан батырлар зиратымен бірге жатыр. Қала халқы әскери-техникалық колоннаны ерекше қызығушылықпен қарсы алды. Облыс әкімшлігі өкілдері, соғыс ардагерлері қатынасқан іс-шара барысында Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандарға арналған Мәңгілік алауға гүл дестелері қойылды. Қала халқы өз қаласының өткен тарихына ерекше мән бере қарайтындығы байқалады. Қала тазалығы, ескерткіштердің көптігі, жасыл желекке жамылған парктердің ерекше күтімде екендігі бірден аңғарылады.
Ендігі бағыт Беларусь Республикасының территориясынадағы алғашқы қала – Орша. Беларусь жері жасыл желекке бөленген. Жолдың екі беткейі әртүрлі орман ағаштарымен малынып тұр. Бұл елден байқайтынымыз біріншіден, ұқыптылық пен ерекше тазалық. Жол бойындағы селолардың маңында бос жерлердің жоқтығы ерекше таңданысты тудырады. Барлық жерлерге бидай мен бау-бақша дақылдары егіліп, күтімге алынған. Алқаптарда сиырлар жайылуда. Қирап, шашылып жатқан дүние көрмейміз. Екіншіден, соғыс жылдарындағы ата-бабаларының ерліктерін ерекше құрметтейтіндігі. Туған елінің тарихын көзінің қарашығындай сақтап отыр десек артық айтқандық емес. Орша қаласы соғыс тарихында Кеңес армиясы тарапынан алғашқы рет жауға қарсы әйгілі «Катюшамен» снаряд жаудырған қала екендігін айқындайтын ескерткіш орнатылған. Қала халқының жол шетінде тұрып шын ниеттерімен қарсы алып, қошмет көрсетуі көңілді толқытты. Бұл жерде де жорыққа қатысушыларды әскери-патоиоттық ұйым өкілдерін балалар ерекше ықаласпен қарсы алып, әскери техникалармен танысты. Қала әкімшілігі өкілі шараны ұйымдастыру барысында сөйлеген сөзінде жеңістің бұрынғы кеңес халқының достығының арқасында жеткен жеңіс деп атап өтті.
…Биыл 1939 жылдың 1 қыркүйегінде басталған екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі Ұлы Отан соғысының басталғанына да 77 жыл толды. Әлем жұрты 1941 жылы соғысты кім бастап, оған адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қандай қатер төніп тұрғанын сезе білді.
ТАРИХҚА ШЕГІНІС
…Жолда Брест қамалының соңғы көзі тірі қорғаушыларының бірі соғыс, еңбек ардагері Ғаббас Жұматов 100 жасқа қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болғандығын әлеуметтік желіден білдік. Соғыс ардагері көзі тірісінде өз естелігінде: «…Соғыс қарсаңында Брест қамалында орналасқан артиллерия бөлімдегі әскери борышымның аяқталып, елге қайтамыз деп жүрген кезіміз болатын. Соғысты алғашқы кезеңінде қатты жаңбыр алдындағы күннің күркіреуі деп ойладық. Кейін бізді бомбылап жатқандығын түсіндік. Шынын айтқанда, соғыстың болатындығын біз білдік. Себебі «ауада» соғыстың иісі айқын білініп тұрды. Бірақ қай уақытта, қай күні басталатындығын білмедік», — деген болатын. …Тарихқа сәл шегініс жасасақ. Брест қамалы Мухавец өзенінің Буг өзеніне құяр жерінде орналасқан қамал.
Брест қамалы – ерлік пен батырлықтың символы. «Батыр-қамал Брест» мемориадық кешеніндегі ескерткіш тақтада қазақстандықтар Нүри Садықов, Ботабай Сүлейменов, Ідіріс Күреңкеев, Ұлықтымбаев, В.К.Калугин, В.П.Вавилов есімдері жазылған. Брест қамалын қорғаған 125-атқыштар полкында қазақтардың көп болғандығы белгілі. Қамалды қоршай Тересполь, Волын және Кобрин бекіністері орналасты. Соғыстың алғашқы күнінде Брест қамалын қорғауда қазақстандықтарда батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Оның айқын айғағы Кобрин бекінісінде 125-атқыштар полкі құрамында шайқасқа түскен қазақстандықтар ерліктің ерекше үлгісін көрсетіп, қаза тапты. Брест қамалын қорғаушылардың қатарында 1941 жылы 22 маусымда қазақ халқының өкілдері көп еді. Нақтылы айтқанда, Брест әскери горнизонында қазақстандық солдаттар мен командирлер екі мыңнан астам болатын. Бұлардың көбі ерлікпен қаза тапты. Белгілі жазушы Николай Андреевич Шахов Брест қорғанысына қатысқан қазақстандықтар туралы жазғандарында қамалды қорғауға қатысқан Жұмаш Қабдолдаевтың мына хатын келтірген: «1941 жылдың 22 маусымында біз Брест қамалына жақын жазғы лагерьде болатынбыз. Біздің бөлімше жігіттерінің ішінде Б.Аманжолов пен Қ.Орынтаев әрқашан көзге түсіп жүрді. Екеуі мерген атанды, екеуі де дивизион комсомол комитетінің мүшесі болды. Таң сәріде айнала тарсыл-гүрсіл болып кетті. Фашистер ұзын шеппен қаптап келеді. Екі жақтан да атыс басталды. Бірі оқ салып, бірі нысаналап жатқан Қ.Орынтаев пен Б.Аманжоловтың қимылдарынан сондай ерекше ептілік пен шапшандық сезілді. Енді бір сәтте жау машинасының тас-талқаны шықты. Осы бір шақта тас төбеде жау самолеттері көбейіп кетті, автоматшылары да оқты жаудырып келеді. Гимнастеркаларын шешіп тастаған Б.Аманжолов пен Қ.Орынтаев денесі қан аралас терге малынды. Он минуттың ішінде оқ-дәрі түгел жұмсалып болды. Осы кезде командиріміз Лисач алға ұмтылды, «Уралап» атой салған жігіттер жекпе-жек айқасты. Жау шабуылына тойтарыс берілгендей болып еді, бірақ екінші бір бүйірден танкілер бізге жақындап келе жатты. Олардың тасасында – автомашиналар. Ал бізде снаряд жоқ. Жау жақындаған кезде граната лақтырдық. Бір танкінің күлі көкке ұшты. Жауға граната лақтырған Аманжоловқа оқ тиді. Балаубек қолымызда көзін жұмды, денесін Брест қаласының шетіне жерледік. Кейіннен Барановичи қаласы түбіндегі шайқаста Қ.Орынтаев та ерлікпен қаза тапты. Көпесбай Иманқұлов, Евгений Андреевич Качан, Александр Федорович Наганов, Мақсұт Ниязов, Хажымұрат Садықов, Әбдіманап Шанақов, Ә.Мамиев, Владимир Авнович Фурсов, Шавкат Чултуров және басқа қазақстандықтар қамалдың әр түрлі учаскелерінде соғысты. Брест маңында шекарашылар Г.Абдрахманов пен В.Лобанов, атқыштар В.Горянов пен К.Иманқұлов, артиллерист Ғаббас Жұматов, минометші В.Фурсов жаумен белдесті. Владимир-Волынский түбінде Кеңес Одағының Батыры, қазақстандық С.Гуденко өзінің соңғы ерлігін жасады, ол ақтық демі таусылғанша қоршауда қалған дот гарнизонын басқарды.
ҚАМАЛ СОҒЫС ҚАРСАҢЫНДА…
Минскіден Брестке келіп жеткен соң қонақ үйге жайғастық. Ертеңгі іс-шараға қатысу үшін міндетті түрде ұйымдастыру комиссиясына барып тіркелу қажет. Комиссия бұл тіркеу іс-шарасына өте қатаң талап қоятындығын жақсы білетіндіктен, сақадай сай бардық десек те болады. 2016, 2017 жылдарды бұл шараға қатысуымыз және жинақтаған тәжірибе игі ықпалын тигізгендігіне тағы да бір куә болдық. Бұл аса жауапты іс-шараға басшымыз Талғаттың ұқыптылығының нәтижесінде киген әскери киіміміз сол жылдардағы әскери жарғыға (уставқа) сай келіп, әскери формамен түскен фотомыз жапсырылған әскери кітапшамыз да қолға тиді. Сөйтіп атыраулық жауынгерлер 125-атқыштар полкі құрамының 2-ші взвод құрамына тіркелді. Взвод командирі В.Васьков (Москва) осы шараны ұйымдастырушылардың бірі. Взвод құрамын Нижний Новгород, Одесса, Москва, Тула, Витебск т.б. қалаларынан келген әскери-патриоттық ұйымдардың мүшелерімен бірге, біздер де толықтырдық. Ұйымдастыру комиссиясы тарапынан берілген әскери кітапша қамал аймағында емін-еркін жүріп тұруға, қамалда орналасқан әскери бөлімдерді (шекарашылар, артиллеристтер, байланысшылар, миналау бөлімдері, НКВД-ның арнай бөлімдерін) аралауға, олармен танысуға құқық береді. Алдыңғы жылғы қатынасқан әр мемлекеттен келген қатысушыларды көріп, емен-жарқын әңгімеміз жарасып жүре берді. Әсіресе, Сағадат бауырымыздың алған әсері ерекше болғандығына тәнті болдық. Қамалда орналасқан әскери бөлімдердің формаларының ерекшеліктері, олардың міндеттері, сонымен қатар неміс армиясы бөлімдері сарбаздарының киім үлгілері және әрбір қатысушының образға енуі оның таңданысын тудырды. «Шынында, сол кезеңде, сол уақытта жүргендей әсердемін»,- деп ағынан жарылды.
21 маусым. Брест. Соғыс алдындағы соңғы бейбіт күн шарасы. Қаладағы Совет көшесінде «Ертең соғыс» атты театрланған қойылым болды. Қойылым аясында 40-жылдардағы сән үлгілері, үрмелі оркестердің сүймелдеуімен би кеші, соғыс алдындағы әскери киім үлгілері қалың жұртшылыққа көрсетілді, соғыс алдындағы Брест қамалында орналасқан әскерилердің шеруі өтті. Әскери киім үлгілері қатаң сақталып, ереже талаптарына сай өткізілгендігіне куә болдық. Соғыс алдындағы әскери киім үлгісімен Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясы (РККА) жауынгерлері қала көшелерімен шерулетіп өтті. Ұйымдастыру комитеті бұл шараларға ерекше мән мен мазмұнын берді.
Сол күні күндіз де, түнде де қамалдағы «Қызыл армияшылар клубында» және қамал аумағындағы әскери бөлімдерде «Соғыс болмайды» тақырыбында саяси сабақтар өткізіліп жатса, тирде «Үздік атқыш» сайысы, алаңда би сабағы, соғыс қарсаңындағы әскери әндерден концерттер қойылып, кинофильмдер көрсетіліп жатты. Штабта қызу жұмыс құшағында екендігі ондағы самаладай жанып тұрған жарықтардан-ақ аңғаруға болады. Күндіз сондай жоспарға сай өткізілген іс-шараның бірі КСРО – Германия арасындағы футболдан өткізілген жолдастық кездесуде жерлесім Сағадатпен бірге немістерге қарсы ойнадық. Ұйымдастыру комиссиясы кездесудің нәтижесінде жеңіске жеткен біздің команда құрамын марапаттап, жеңіс кубогін команды капитаны Сағадат Әжіғалиевке табыс етті.
Кешке қатардағы жауынгер С.Әжіғалиев екеуіміз таңғы шараға қажетті жеке қару алу үшін қонақ үйде қалған төлқұжатымызды алып, қамалда тұрған өзіміздің әскери бөлімге бет алған тұста, жан-жақтан келген халық нөпірі қамалға қарай түнгі сағат он екіден бастап бағыт алғандығына куә болдық. Кешігіп келе жатқанымызды ішіміз сезсек те, постыда қатаң тексеру болады деген ойымызда болмағыны да шындық. Қамал аумағындағы әскери тәртіптің қатаңдығын бізді «қатардағы жауынгерлерді» постыдағы күзет нарядының қатаң тексеріп, әскери комендантты шақыруынан-ақ аңғаруға болады. Әскери кітапшамызға дәл сол коменданттың қолы қойылмай қалған екен. Комендантурадан барлық жағдай анықталып, комендаттың өзі бізді алып келген күзет бөлімінің жауынгерлеріне «Бұл қазақтар ертең біздермен бірге жауға қарсы соғысады», — деп әзілмен жауап бергеніне біз де дән риза болдық.
…Түнгі сағат 02. Казармаларда жауынгерлер тәтті ұйқыда. Бұл жақта түн қатты салқын, әрі ылғалды. Біз алау жанып жатқан шатырдың қасына келіп отқа жылынып отырдық. Алау басындағылар ертеңгі жауды алғашқы қарсы алатын ержүрек шекарашылар екен. Шекарашылар Москва, Санкт-Петербург, Воронежден келгендер болып шықты. Алау басындағылардың бірі москвалық Трофим (ұлты кәріс) бірнеше жылдан аталған шараға қатысушы, яғни «ардагер шекарашы». Таңғы сағат 03-те митинг-реквиемге қатысушылар құрамында сапқа тұрып, қамал ортасындағы «Ерлік» (Мужество) ескерткішіне бағыт алдық. Бұл ескерткіштің маңында 1020 қамалды қорғаған жауынгерлердің мүрдесі жерленген. Оның 275-інің есімі мрамор тасқа қашалып жазылған.
.21-інен 22 маусымға қараған түні «Брест-қамалы» мемориалдық кешенінде «Еске алу және аза тұту күні» аясында «22 маусым. Брест қамалы» атты тарихи қайта құру халықаралық фестивалі барысында ұйымдастырылған «Еске алу алауы» атты митинг-реквием зор ұйымшылдықпен өтті.
БРЕСТ ҚАМАЛЫ: ЕРЛІК ПЕН ДАҢҚ
22 маусым. Таңғы сағат 04.00. «Мен Брест қамалы. Ұрыс жүргізудемін» атты театрланған қойылымы басталды. Аталған қойылымға атыраулық экспедиция мүшелері үшінші мәрте қатынасты. Бұл атаулы шараға биылғы жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Эстония, Польша, Жапония, Қытай, Чехия, Украина мемлекеттерінің өкілдері қатынасты.
… Таңғы тыныштық. Бәрі әп-сәтте басталды. Бір мезетте айналаны жарылған снарядтар мен бомбалардың құлақты тұндыратын дыбысынан, сатырлаған автоматтардың дауысынан ештеңе естілмейді. Қара түтін арасынан ештеңе көрінбейді. Денеңді тітіркендіріп, зәре-құтыңды қалдырмай ысқырып келіп жарылған оқу-жаттығу снарядтары мынадай болатын болса, шын мәніндегі әскери снаядтар мен бомбалардың жарылысы ауызбен жеткізіп айту мүмкін емес болар.
Казармалардан жүгіре шыққан жауынгерлерді жаудың бораған оғы шалғыша сұлатуда. Командирдің жанұшыра «Шегініңдер!» деген айқайы естіледі. Айнала қара түтінге оранған түк те көрінбейді. Винтовкамды қыса ұстап, казармаға бекінген жауынгерлер арасынан жерлестерімді көз қырыммен іздеп қоямын. Әне, терезенің жақтауына сүйеніп сыртқа көз тастап тұрған Талғатты, оның жанында тұрған тұлғалы қазақ жауынгері Асан ағамды байқадым. Арамызда бір байқағаным басын, қолын таңып алған жауынгерлердің пайда болғандығы. Қасымда тұрған Сағадатты барлық қатысушылардың шабуылға ұмтылған командирлер мен жауынгерлердің, жараланған жауынгердің, медсестралардың образға енуі, кәдімгі артисттерден бір кем емес екендігі тағы бір рет тәнті етті. Жақындаған жауды қорғаныстағы жауынгерлер бораған оқпен қарсы алуда. Ендігі бір кезеңде взвод командирі жауынгерлерді кезекті шабуылға көтеруге дайындалуда. Әне, политрук «сәл шыдасақ, көмек келіп жетеді», — деп жауынгерлерді жігерлендіруде. Казарманың түкпірінен «жолдас командир байланыс үзілді, байланыс жоқ», — деген жанұшыра айқайлаған байланысшы жауынгердің дауысы естіліп жатыр.
Міне, кезекті шабуылға көтерілдік. Бұл шабуылда Сағадат басынан жараланып, оны қайта шегінген бір жауынгер көтеріп алып келіп, медсестралар қолына табыстады, ал Талғат шартты түрде «қаза тапты». Образға әбден енген Нижний Новгородтық жауынгер Андрейдің «Сволочи, Таляна убили», — деген айқайын бәріміз естіп жатырмыз. Қайтадан кейін шегініп, казарманы паналауға мәжбүр болдық. Тағы да, соңғы шабуылға көтерілдік….
Айнала «уралаған» айқайдан жаңғырады. Сатырлаған автомат, пулемет, винтовкалар дауысы құлақты тұндырады. Қарсы алдымызда жасыл киімді қаптап келе жатқан фашисттер легі. Олар да қатар түзеп автоматтарымен оқ жаудырып келеді. Қатарымыз әбден сиреді… Міне, біздің полктің соңғы жауынгері қаза тапты…
Шара аяқталды. Ұрыс даласындағы қаза тапқан жауынгерлердің рухы алдында бір минуттық аза тұту рәсімі өтті. Майдан даласында мәңгі қалған жауынгерлер рухына арнап аспанға үш дүркін оқ атылып, құрмет көрсетілді. Шараның соңынан біздерге «22 маусым. «Брест қамалы» ескерткіш медалін табыстады.
Брест қамалын қорғаушылардың даңқы мәңгі жасайды және олардың есімі мен ерліктері халықтың жүрегінде әрдайым сақталады. Олардың ерлігі ешуақытта ұмытылмайды.
Біздер, қазақстандықтар Брест қамалын қорғаушылардың ерлігіне бас иіп, тағзым етеміз!
Аққали АХМЕТ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Атырау өлкесі тарихы, археологиясы және этнографиясы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, экспедиция мүшесі
Атырау – Москва – Смоленск – Минск – Брест –Атырау