Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованы қабылдап, үш ауысымда оқытуды жою, жаңа мектептер салу және үш тілде білім беруге біртіндеп өту жұмыстарын жалғастыру маңызды міндет екенін қадап айтты.
Мемлекет басшысы мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларын артық есеп берулерден арылтып, педагогтардың мәртебесін көтеруге, ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдауға, бірінші кезекте мемлекеттік тілде зерттеулер жүргізетін гуманитарлық бағыттағы ғалымдарға басымдық беруге бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан Президенті кездесу соңында білім беру жүйесінің мәселелері бұдан былай да өзінің жіті назарында болатынын ескертті. Мемлекет басшысының осындай талаптарын орындауда Атырау облысында көп жұмыстар атқарылуы тиіс.Алайда бүгінгі күні аймақта білім беру саласында айтарлықтай олқылықтар бар.
Атырау қаласында мектептер көптеп салынып жатса да үш ауысыммен оқуды мүлдем жоя алмай отыр. Қазіргі күні қалада мұндай он үш мектеп бар, оларда жоспарланған он мыңға жуық оқушының орнына 24 мыңнан астам бала барады. «Нұрсая», «Жұлдыз», «Алмагүл», «Тасқала» ықшамаудандарында орналасқан мектептер қазіргі есеппен 14 800 балаға артық.
— Орта білім беру мекемелеріндегі үш ауысымды жою үшін жиырмаға тарта мектеп салу жоспарланып отыр. Қазір «Береке» ықшамауданында 1200 орындық, «Нұрсаяда» — 900, «Жұлдыз-1»-де – 624, Дамбы поселкесінде үш жүз орындық мектеп салынып жатыр. Әрқайсысы алты жүз оқушыға лайықталған сегіз мектеп әлеуметтік-әріптестік негізінде салынбақ. Бұдан бөлек, тағы сегіз мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда, — дейді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фируза Шангереева.
Үш ауысымды амалсыздан қолданып отырған мектептің бірі – қаладағы Абай атындағы №15 мектеп. Мұнайлы астананың орталығында орналасқан білім мекемесінің мектепалды даярлық тобында 106 бала оқиды. Үш қазақ, үш орыс сыныбы бар. Бұл топтарға топтап отырғанымыз, үш ауысымның нағыз «қызығын» көретін — осы бүлдіршіндер екен. Таратып айтсақ, таңертең бір сынып бес сабақтан 11.40 сағатта шыққаннан кейін оған мектепалды даярлық топтары кіргізіледі. Олар 14.00 сағатқа дейін оқып, сыныптарды келесі ауысыммен оқуға келгендерге босатып береді.
— Біздің мектебіміздің жан-жағында жұмыс орындары көп. Әкімдіктерден бастап, Атырау Мемлекеттік университеті, ірілі-ұсақты кеңселер маңайда көп. Оларда жұмыс істейтіндердің көпшілігі баласын осында бергенді қолайды көреді. Біз алғашқы кезекте ықшамаудан тұрғындарының балаларын қамтуға тырысамыз, алайда, қазіргі күні оқушыны тұрғылықты жеріне қарап алу жөніндегі ереже өзгерген, — деп түсіндіреді Абай атындағы №15 мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлайым Акимова.
Мәселені шешу үшін білім ошағының басшылығы ауладан қосымша бастауыш сыныптар ғимаратын салуды сұрап отыр екен.
Бір байқағанымыз, орыс тілінде оқытатын мектепке дейінгі даярлық сыныптарында бала саны көп. Көптігі сондай, кей сыныптарда 38 балаға дейін жетіп отыр. Ұстаздар мұның себебін соңғы жылдары қазақы өңірде ұл-қызын халықаралық тілде оқытуды қалаған ата-аналардың саны артқанымен түсіндіреді. Көп жағдайда, оларды баласының қазақтілді балабақшада тәрбиеленгені де, аймақта орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдердің өте-мөте тапшы екендігі де райларынан қайтарып отырған жоқ.
Жақында БАҚ өкілдерімен болған кездесуде қалалық білім бөлімінің басшылығы бүгінде орыс сыныптары үшін 336 педагогтың қажет болып тұрғанын жеткізген еді. Орыстілді мұғалімнің тапшылығынан 120 зейнет жасындағы ұстазбен бір жылға келісім-шарт жасалып, олардың мектептерде жұмыс жасау мерзімі ұзартылған.
Қ.Үргенішбайқызы.