2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға ұсынылған кандидаттардың есімі толықтай белгілі. Үміткер кандидаттардың еңбек жолдарын қарап отырсақ, еліміздің саяси-қоғамдық өміріне тікелей қатысы бар азаматтардың ел басқаруға ниетті екендігін байқауға болады. Атап айтқанда, елімізде тіркелген барлық дерлік саяси партиялардың өкілдерімен қатар, республика еңбеккерлерінің құқығын қорғайтын Кәсіподақтар федерациясынан, рухани-патриоттық бірлестіктерден кандидаттар тіркеліп отыр.

Енді 9 маусымда  өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну аяқталды. Қазіргі уақытта республиканың екінші Президенті лауазымын қолға алып,  мемлекетімізді өркендету жолында аянбай еңбек етуге ниет танытып отырған  9 кандидат, нақты айтқанда «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рахымбеков, Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ақ жол демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Дания Еспаева, «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Ерғалиев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәді-Бек Түгел, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясына қажетті 7 құжат топтамасын толық тапсырған.

29 сәуірде  Талғат Ерғалиев  “Ақ жол” партиясының төрағасы Азат Перуашевпен кездескеннен кейін партияның кандидаты Дания Еспаеваны қолдауды ұйғарып, президент сайлауына қатысудан бас тартты. 

Естеріңізге сала кетейік, “Ақ жол” партиясы алты үміткердің арасынан Дания Еспаеваны іріктеп алған болатын. Талғат Ерғалиев дауыс беру қорытындысы бойынша 31,6% дауыс жинап, екінші орынды иеленді. Кейін Ерғалиев мемлекет басшысы сайлауына Қазақстан құрылысшылары одағынан түсуді ұйғарды.

Талғат Ерғалиев съездегі дауыс беру қорытындысына ешқандай шағымы жоқ екенін хабарлады. Ол Қазақстан құрылысшылары одағын бұрыннан басқаратындықтан, саланың проблемасын және халықтың баспанаға мұқтаждығын бүге-шігесіне дейін білетіндіктен осы ұйымнан кандидат ретінде ұсынылуын дұрыс деп есептейді. Оның пікірінше, бұл мәселелерге мемлекет деңгейінде толық назар аударылып отырған жоқ.

“Сонымен қатар, Талғат Ерғалиев партияның төрағасымен әңгімеден кейін, “Ақ жол” партиясын құрметтейтінін ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясынан өз өтінішін қайтарып алатынын және Дания Еспаеваның сайлау алды науқанына қатысуға дайын екенін мәлімдеді”, – делінген хабарламада.

Сонымен президенттікке ұсынылған кандидаттар белгілі. Бірақ олардың барлығының бірдей кандидат ретінде тіркелу не тіркелмеуі алдағы уақыттың еншісінде. Себебі олар кандидат ретінде тіркелу үшін алдымен өзін қолдайтын сайлаушылардың белгілі бір қолын жинауы тиіс. Қазіргі уақытта еліміздің Конституциясында және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға  сай келген кандидаттарға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтары берілген. Президенттікке кандидаттарды  қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолдарын жинаумен расталуы тиіс.

Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жұмыстары тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін, 11 мамыр күні сағат 18-00-ден кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі 00-00 сағатқа дейін, яғни 8 маусым күнгі 00-00-ге дейін жалғасады. Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін болады. 

Дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және Орталық сайлау комиссиясы  екі күн мерзім ішінде, яғни 11 маусымнан кешіктірмей жеткізеді. Сонымен кімнің ел Президенті болатындығы 9 маусымда өтетін тарихи сәтте анықталады.   

  «Sakhara»-Ақпарат».