Біз қазір арнайы бағдарлама аясында терминологиялық сөздіктерді шығаруды жоспарлап отырмыз. Осы жұмыс келесі жылы бастауыш мектептен басталады. «Бір жыл ішінде бастауыш мектептер пайдаланатын терминдер сөздігін шығарамыз. 2021 жылы 5-9 сыныптар, яғни негізгі білім беру термин қоры анықталады. 2022 жылы орта және кәсіптік білім — 10-11 сыныптар, көптеген колледж бен теxникум оқушылары үшін бірнеше томдық терминологиялық сөздіктерді жасауымыз қажет.
2023 жылы жоғары оқу орындары деңгейінде 20 қалың қоғамдық ғылымдар бойынша салалық терминологиялық сөздік бітеді. 2024 жылы 15 салалық теxника ғылымдары бойынша сөздіктер дайын болуы керек. Ал 2025 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша біз тіл реформасын толық аяқтауға тиіспіз.
Жаратылыстану ғылымдары бойынша 15 томды әзірлеу жоспарланып отыр. Осылайша, түбегейлі тіл реформасының нәтижесінде жаңа 50 шақты терминологиялық фолиантты ғылыми қауымдастыққа паш етпекпіз.
Жалпы белгілі бір саланы дамыту үшін кем дегенде 10 мың термин қажет. Бұл — ғалымдардың пайымы. «Терминдердің саны 10 мыңнан аз болған жағдайда нақты бір сала толыққанды дамымайды екен. Олай болса, іріктелген 50 саланы дамыту үшін бізге кемінде, бекітілген 500 мың термин керек. Ал отыз жылдың ішінде біздің терминком 20 мыңның айналасында ғана терминді бекіткенін ескерсек, мемлекеттік тілімізді дамытудың қай сатысында тұрғанымыз айқын,- дейді Аxмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессоры Ерден Қажыбек.
Ал профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдерді аударудың негізгі мәселелерін көтерді. Ғалымның айтуынша, терминдерді ұсыну мен бекіту, сондай-ақ, олардың қолданысын орнықтыру жұмысында жүйелілік пен бірізділік әлі күнге жетіспейді. Мәселен, 90-жылдары орыс тілінен енген терминдер қазақ тіліне аударыла бастады. Сол кезде терминологиялық қорымыз біршама артты.
Бірақ бертін келе біраз терминдерді қайтадан ауыстыра бастадық. «Мәселен, «аукционды» кеңес заманында «аукцион» деп келдік. 90-жылдары оның баламасы ретінде «бәссауда» деген термин қолданысқа енді. 2009 жылы оны мемлекеттік терминология комиссиясы бекітті. 2014 жылы қайтадан «аукционға» ауыстырдық. «Гимн» де солай. 1992 жылы ресми «Әнұран» деп бекітілді. 2014 жылы қайтадан гимнге ауыстырдық. Музей 1998 жылы «мұражай» болып еді. 2014 жылы қайтадан «музей» қалпына келді. «Принцип» деген сөз «қағидат» еді, одан кейін қайтадан «принципке» ауыстық. «Процентті» 2000 жылы «пайыз» деп бекіттік, ал 2018 жылы тағы «процентке» ауыстырып қойдық» , — деді Ш.Құрманбайұлы ҚР Парламент Мәжілісінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда.
Оның сөзіне қарағанда, 20 жылдың ішінде бес рет бекітілген терминдер аз емес. Олай жалғаса берсе, терминдердің орнығу мәселесі қиындай түседі. «Егер терминком осы саладағы практик мамандар терминдерді әр бес жыл, он жыл сайын өзгертіп бекітетін болса, біз мамандардың, аудармашылардың, қазақ тілін тұтынушылардың басын қатырып, бір терминді орнықтыруға еш мүмкіндік бермейміз. Күнде-күнде өзгеріп жатқан терминнің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенінен адам шатаса бастайды. Сондықтан бір терминді бекіткенде жақсылап ойланып, ақылдасып алған жөн.
Содан кейін ол терминнің қолданысын қамтамасыз етсек, сонда ғана термин орнығады. Ал әрбір бес жыл сайын өзгерткен терминмен ұятқа қаламыз. Осыны қатаң ескеруіміз керек», — деп атап көрсетті Ш.Құрманбайұлы.
Айта кетейік, парламенттегі жиында профессор Шерубай Құрманбайұлы терминологияның өзекті мәселелерін атап өтті. Осы орайда ғалым терминкомның құзіретін күшейту керек деп санайды.
Павлодар облысы Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерімен ұзақ мерзімді мәдениетаралық ынтымақтастықты іске асыру, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіліп отырған шараға 20 адам Ресейдің Алтай өлкесі, Омбы және Новосібір облыстарынан келді. Курстың ашылуына «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычко мен өңірлік тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысының м.а. Гүлсара Кокина қатысты.
«Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйрету бойынша жыл сайын курстар өтіп тұрады, — деді Гүлсара Кокина. — Бұрындары біздің өкілдер Ресейге барып үйретіп жүрген болса, биыл облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен қатысушылар Павлодарға келіп үйренуде. Курстың бағдарламасын көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы, кітаптарды әзірлеуші тәжірибелі маман Шолпан Кинжикова дайындады».
Курс барысында интерактивті презентация, бейне материалдар, практикалық сабақтар, тренингтер, топпен жұмыс қызметтері қолданылып, тыңдаушыларды театрларға, мәдени орындарға, әлеуметтік маңызы бар шараларға бару қамтамасыз етіледі. Оған қоса, курс қатысушыларына қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары таныстырылады. Сондай-ақ курсты «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова ғана жүргізіп қоймай, қоғамдық ұйымдардың белді мүшелері, ғалымдар, танымал тұлғалдар келіп сабақ үйретеді.
Алғашқы сабақты Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы бастады. Омбы облысының Қазақ ұлттық-мәдени орталығының президенті, РФ Мемлекеттік Думасы депутатының көмекшісі Жанат Бекмагомбетов мұндай шаралардың ертеңгі ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, ұйымдастырушыларға және «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай өз сыйлығын табыстады.
«Қазақ тілінің дамып жатқаны қуантады, — деді Жанат Бекмагомбетов. — Мен 2013 жылы ҚР мәдениет министрінің қабылдауында болып, Ресейде қазақ тілінің дамымай, этникалық қазақтар ана тілін ұмыта бастағаны жөнінде мәселе көтердім. Өкінішке қарай, мен Қазақстан азаматы болмағандықтан көмектесе алмайтындарын айтты. Одан кейін бірден Мәскеуге, біздің мәдениет министрінің орынбасарына бардым. Ол жерде Қазақстан мәдениетін дамытқаным жақсы, алайда біз Ресей азаматы екендігімізді алға тартты. Сондай өкінішті сәттер болды. Қазір барлығы өзгергенін көріп, қуанып отырмыз. Өйткені, біз ана тіліміздің дамуынан қалып қойған буынбыз. Енді балаларымыздың қазақ тілін үйренуіне жол ашылды». Айта кетейік, Ресейдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне арналған курс 10 күнге созылады.
Лязиза ТАБАР,
өз тілшіміз.