• Ертегілеріміз – тәрбие мектебі;
• Алғыс-баталарымыз бен мақал-мәтелдеріміз де тағылымға толы;
• Аңыз-әфсаналарымызда ұлттың рухы бар;
• Тілек-ниетіміз де үлгіге айналған;
• Қазақтың қарғысында да өнеге бар.
Халқымыз отарлықтың тар құрсауында ой-өрісі бұғауланып, сан ғасыр өгейлік тұңғиығында өмір кешкен езгі заманда өз ұлтының рухани тамырынан ажырап, өткенін танымайтын, өз болмысына өзі жат ұрпақ пайда бола бастады. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана осы бір мәңгүрттік қалыптан босап, ұлт тағылымына қайта оралудамыз. Ата-бабамыздың кітапқа жазып қалдырмаса да, ғасырлар бойы жинақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, сөйтіп санамызға сөнбестей етіп сіңірген ертегілері, аңыз-әфсаналары, мақал-мәтелдері, жаңылтпаштары, жұмбақтары, алғыс-баталары жеткілікті-ақ. Ал, эпостық және лиро-эпостық жырлары да өте көп.
Бір ғана «Қырымның қырық батыры» туралы жырдың өзі тоқтаусыз, дамылсыз қырық күнге созылады дейді айтушылар. Алпамыс, Қобыланды, Қамбар т.б. батырлар жәйлі жыр-қиссалардың бәрі де — өнегеге толы, үлкен тәрбиелік мәні бар дүниелер. Әсіресе, ел қорғаудың, жер қорғаудың, сол үшін ерлік көрсетудің, жан қиюдың тамаша үлгісі.
Ал, ертегілер туралы айтсақ, олардың әрқайсысы — бүтін бір ұрпаққа үлгі болардай тәрбие мектебі. Мысалы, «Аяз Би» ертегісінде ханның қырық уәзірі ел кезіп, жер кезіп, ең жаман деп әкелген адамы – кейін Аяз би деп аталады. Ал сол ең жаман деп таныған адамның ақылы кемел, уәдеге берік, парасаты жоғары болуы, қарапайым ақылымен ел басқаруға жетуі, онда асқақтап кетпей, маңдайшаға мал баққан кездегі шидем шекпені мен жыртық күпісін шегелеп қойып, «Аяз, әліңді біл, құмырысқа жолыңды біл», — деп өзіне ақыл айтуы қазақ халқының болмысын білдіріп қана қоймайды, ұлт рухының биіктігін көрсетеді. Сондай-ақ, «Ер Төстік» ертегісінде темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалғанша ел кезіп, арып-ашып, ағайынын іздеген Ертөстік туысқандықты ту еткен қазақтың ұлттық қасиетін айқындаса, «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінде жалғыз аттанып, сан түрлі өнері бар жолдас табу арқылы, Күн астындағы Күнікей қызды отаулайтын жетім баланың өмірбаяны ұлтымыздың елдігі мен бірлігінің ұраны ретінде көрінеді.
«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», немесе «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас»,- деген баба сөзі, халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптастырып, бізге жеткізген алғыстары мен баталарының ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше орнын айқындап тұр. Сонымен қатар, қазақтың мақал-мәтелдерінің әрқайсысында да ұлттың рухы, ғажайып өнегесі жатыр. Мысалы, «Жауға ұрынып, жабағыға сүріну» – асығыстық, даңғойлық, адамның өз ісін жете білмейтінін, өз қимыл-әрекетіне атүсті, қалай-солай қарайтынын көрсетсе, «Түйе үстінен сирақ үйту» олақтықтың белгісі. Ұлтымыз «Айрылған азады, қосылған озады», деп ел бірлігін үгіттесе, «Малым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы», немесе «Өлімнен ұят күшті» деп адамгершілік пен ар-ұятты, ақыл мен парасатты бәрінен де жоғары қойған.
«Түстік ғұмырың болса, күндік мал жина» деп үйреткен қазақ атамыз, «Тарта жесең – тай қалады, қоя жесең – қой қалады. Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» деп дүниеқорлықты, ашкөздікті емес, сабырлылықты, қанағатшылдықты насихаттаған. Бұл туралы ұлттық фольклорымызда ақыл мен тәрбиенің таусылмас дариясы болып табылатын аңыз-әфсаналардың түрі көп. Соның біреуін ғана мысалға келтірейік. Бір кездері жауын жеңіп, масайрап аулына оралып келе жатқан әскерлер тобының алдынан бір аяғы жұлынып қалған бір жылқы көрінеді. Ұстап алмақ болып, топ-тобымен қуа жөнелген сарбаздардың ешбіреуі де маңайласа алмапты. Оған ашуланған Қолбасы, жүйріктігі аңызға айналған тұлпарымен өзі қуып, қанша шапқылағанмен ара қашықтық өзгермепті дейді. Сөйтіп, дағдарып тұрғанда, бір жолаушы кездесіп, әлгі жылқыны ұстап, жалынан сипап аз тұрыпты да босатып жіберіпті. Бұл не ғажап деп, аң-аң болған адамдар, әлгі кісіден сырын сұраса, «ол-байлық» деп жауап берген екен. Адамдардың көбінің өзі тойса да, көзі тоймайды. «Жыланға түк шыққан сайын – қалтырауық келеді» дегендей, ондай адамға байыған сайын, дүниесі аз көрінеді. Сөйтіп, байлықтың артына түскен адам, оны ғұмыр бойы қуады, бірақ жете алмайды. Адамға қанағат керек. Қанағаты бар адам, аз дүниесіне риза, көпті қумайды, жоқты армандамайды. Мен барынша қанағатшыл адаммын. Қолымдағы барым – өзіме де, өміріме де жетеді. Сол себептен мен байлық қуып көргем жоқ, байлығым – тірлігім мен амандық-саулығым,- деп жауап берген көрінеді. Ал, неге үш аяқты,-деген сұраққа, ол да адамның ынсапсыздығынан. Тойымсыз адам қанша байлық жинаса да, аз көрінеді. Дүниесінің бір жері кем болады да тұрады. Ол кетікті толтырса, тағы бір жерден кемдік шығады. Сөйтіп, байлық қуам деп, өмірінің өткенін де білмей қалады, деп жауап берген екен.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» — деп, маңайындағыларға ылғи да жақсылық бағыштап отыратын қазақ ұлтының тілек-ниеттері де таусылмас тәрбие көзі. Қазақтарда жақсыға да, жаманға да қайырлы болсын деген бір тілек бар. Ол туралы да аңызға айналып кеткен әфсаналардан бірер мысал келтіргеннің артықтығы жоқ. Ертеде бір хан шапашотпен шағып, жіліктің майын алмақшы болғанда, шынашағын шауып алған екен. Қырық уәзірі ханмен бірге «қиналған болып» шуылдасып жатқанда, бас уәзірі: «Шабылған шынашағыңыздың қайырын берсін»,-деп сабырға шақырып, түк болмағандай отыра беріпті. Оған ашуланған хан, бас уәзіріне жазаның ең қаттысын қолданып, қалған өмірін зынданда өткізуіне пәрмен береді. Бас уәзірді зынданға отырғызып оралған жендеттен, қиналды ма, жалынды ма, не айтты деп сұраса, «Ештеңе де айтқан жоқ. Е, Жасаған, жатқан зынданымның қайырын бере көр» деп, камзолын жастанып, шапанын жамылып жата кетті депті.
Күндердің күнінде жаңағы хан жаңа бас уәзірімен бірге аңға шығып, адасады да, жабайылардың қолына түседі. Олар адам жегіштер екен. Бірақ үсті-басында еш кемдігі жоқ кісіні ғана қорек қылатын заңдарына сәйкес, бас уәзірін алып қалады да, шынашағы жоқ ханды еркіне жібереді.
Еліне аман-есен оралған хан, бұрынғы бас уәзірін алдырып: шабылған шынашағыңның қайырын берсін деп бір кекеттің, жатқан зынданымның қайырын берсін деп тағы кергідің, осының мәнісін айтшы депті. Сонда бас уәзір:
«Хан ием, шынашағыңыз шабылмағанда түземдіктерге жем болатын едіңіз, аман қайттыңыз, тәңірінің шабылған шынашағыңыздың қайырын бергені осы. Ал, сіз жазалап, зынданға түспегенімде ана бас уәзірдің орнына адам жегіштердің қазанында мен қайнайтын едім, аман қалдым. Жатқан зынданымның қайыры деген сол» – деп жауап беріпті.
Қазақтың алғысы ғана емес, қарғыстарының ішінде адамға үлгі-өнеге тұтарлықтары мол. Соның бірінің шығу, таралуы туралы аңыз былай дейді. Сонау ерте замандардың бірінде, қазақ даласын басып алмақ болып, басқа бір ел шабуыл жасаған екен дейді. Бірақ, өз елін қорғауға әрдайым дайын қазақ елі, оларға тойтарыс беріп қана қоймай, тас-талқан етіп жеңіп, шабуылшы елдің ханын, қасындағы ақылшысымен бірге қолға түсіріпті. Жеңіске жетем деп желпініп келіп, қолға түсіп мүттайым болған хан, жанымды қи, басыма бостандық бер деп зар жылаған ғой. Сонда оған қарғыстың ең жаманын тауып айтсаң, босатамыз деген уәде беріліпті. Ол шартқа қуана келісіп, бір күн ойланған хан: «Шалғының жапырылмасын!» деп күңк ете түскен екен. Қазақтар жағы: «Бұл малың болмасын, кедейшілікпен өмір сүр»,-дегенің ғой. Әрине, біз үшін жарлылық жақсы емес, бірақ қазақтар бірлігі мол, ағайын татулығы атын, абысын татулығы асын көбейтіп отырған халық. Бұл қарғыстың ең жаманы емес, басын алыңдар-депті.
Өмірінен үміт үзіп, зар жылаған дұшпанның ханы, халықтан кешірім сұрап, тағы бір мүмкіндік беріңдер деп өтінген екен. Сөйтіп, келісімін алған соң, ертеңіне жиналған халықтың алдына шығып, «Күлің шашылмасын»-деп тағы да күңк ете түсіпті. Қазақтың ханы, «Бұл балаң болмасын»,-дегенің болар. Ұрпақсыз өту жақсы емес, бірақ бірлігі жарасқан, ағайынын алаламаған қазақ халқы еш уақытта жалғыздық көрмеген. Біздің ел үшін, өзінен тумаса да ағайын-туысының, жолдас-жорасының балаларын өзінікіндей етіп тәрбиелеу, кейін қызығын көру үрдіске айналған. Сондықтан баласыз өту, сен ойлағандай уайым емес, жазаға тартыласын депті.
Сонда әрдайым қасында жүретін, осы жолы да бірге қолға түскен ханның ақылшысы «дат, тақсыр!» деп, қазақ ханынан рұқсат алып сөйлеген екен дейді. «Ей, қазақ халқы! Мен бұл ханға қазақтарға шабуыл жасама, олар ержүрек, елін жанындай сүйетін, қарыс жері үшін өмірін қиятын қаһарман халық. Оларға шабуыл жасап, абырой таппайсын,-деп күнде айтқам. Жалынғам, дәлелдегем. Бірақ, бұл кісі ақылымды алмады, айтқанымды түсінбеді. Енді міне, қылша мойным, талша деп алдарыңда тұр. Өндіріп айтар ойы жоқ, көз алдындағыдан басқаны көрер көкірегі жоқ, бұдан не сұрайсындар. Ол өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын қарғысқа ұшыраған адам. Бір қасық қанын қиыңдар», деп жалыныпты. Сөйтіп, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз, әрқашан үлкеннің ақылын тыңдап, айтқанын істеп өскен қазақ ұрпағы үшін, қарғыстың ең жаманы болып қалуымен бірге, үлгі-өнегеге айналыпты дейді.
ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары халқымыздың мәдени-саяси санасына сілкініс туғызып, ұлттаным мәселесіне жаңа серпін әкелді. Елбасы талабының бірі – өскелең ұрпақ санасына ұлт руханият тамырының нәрі, осы ұлттық тағылымды сіңіру арқылы ұлтымызды таныта білуде жатыр.
Абат КЕНЖЕҒАЛИ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Атырау қаласы