Атырауда белгілі ақын Гүлзада Рахметқызы Ниетқалиеваның «Жүректегі жанартау» атты шығармашылық кеші өтті. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Олардың арасында сонау Түркиядан келген халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымындағы Қаржы және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Санжар Мүләзімоғлы да бар. |
Елге танымал журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзада Ниетқалиеваның қаламынан туған өлең-жырлар әдеби ортадан ойып тұрып орын алғаны, өлең сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленгені белгілі. Ақынның шығармашылық кешінде Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы орынбасары Мереке Құлкенов және басқа да қонақтар сөз алып, жылы лебіздерін арнады.
Сонымен бірге, автордың жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті, ақынның сөзіне жазылған «Жан әке» және тағы да басқа әсем әндер шырқалды.
Екі кезеңнен тұратын шығармашылық кеште әдебиет сүйер қауым ақын шығармаларына негізделген театрландырылған қойылымдарды да тамашалады.
Еркін САМАЛЫҚ.