Менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл — заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Түркістан жұртшылығымен кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Ақорданың твиттердегі парақшасына сілтеме жасап.
«Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты — азаматтардың құқығын қорғау. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл — заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі», — деп келтіреді Президенттің сөзін Ақорданың твиттердегі парақшасында.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздің алдында рухани және адамгершілік құндылықтарды одан әрі нығайту міндеті тұрғанын және жаһандық әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу жолдарын атап өтті.
«Бізде бұл мәселелер бойынша жол сілтейтін темірқазық бар. Бұл — Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы. Осы қағидаттарды қатаң ұстану арқылы ғана біз жаһандық әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді сақтап қаламыз. Ұлтымыздың мәдени кодына сүйенбесек, елімізді одан әрі жаңғырта алмайтынымыз анық»,- деді Президент.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев елді бірлікке шақырып, бірлік болғаны жөн екенін де айтты.
«Бірлік бар жерде әрдайым тірлік болады. Мен үшін бұл халық даналығының мәні аса зор. Біз ортақ мақсаттарымызға бірге қол жеткіземіз деп сенемін. Бүгінде бүкіл қоғам өркендеген Қазақстанды одан әрі дамыта түсу идеясын іске асыру үшін жұмылуы керек. Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым әрі көзқарасым, ең алдымен, сабақтастық, яғни Елбасы саясатын жалғастыру. Сабақтастық жоқ жерде тұрақтылық болмайды. Тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болады. Бұл — бүкіл әлемнің дәлелденген тарихи тәжірибесі»,- деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы екінші ұстанымы әділеттілік екенін тілге тиек етті.
«Әділет жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады. Үшінші ұстанымым — ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еркін САМАЛЫҚ.