ХХ ғасырдың екінші жартысында орын алған үлкен оқиға, сайын даламызды қан қақсатқан талай жанның тағдырын өзгерткен, жүректерге өшпес жара салған  Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздікпен таңын атырған еліміз үшін сол бір қасіретті кезеңнің салған салдары мен зардабы әлі күнге санада хаттаулы.

Кеше Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония залында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай шыққан жаңа деректі тарихи-танымдық туынды – «Ғасыр қасіреті» кітабының тұсаукесу шарасына қатыстым.  

Кітапты құрастыруда киелі Нарын топырағының тумасы,  өлкетанушы, бірнеше тағылымды кітаптардың авторы, ардагер мұнайшы, Исатай ауданының Құрметті азаматы Бектенов Мұрат ағамыздың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Тарихи-танымдық туындының құндылығы, Семей сынақ полигонының адамзат баласына салған қасіреті туралы облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Максим Ізбасов, өлкентанушы-қаламгер Мұрат Бектенов, «Атырау облыстық Семей ядролық полигонының ерекше тәуекел етушілер бөлімінің ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі төрағасы  Білім Төлеуғалиұлы, «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының Алматы облысы бойынша төрайымы Гүлдана Нұрпейісова сөз сөйледі. 

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде маған және қоғамдық кеңестің төрағасы Максим Шафихұлы екеумізге жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметі жүктелді. Қолымызға тиген бұл аталмыш туынды өткен тарихымыздың парақтары мен сабақтарын кейінгі ұрпаққа жеткізуге, олардың бойында отаншылдық, туған жерге деген сүйіспеншілік қасиеттерін дарытып, Тәуелсіздік тағылымдарын ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.  

Даламыз жарылыстан аман, бейбіт заман болсын!


Ізтұрған БАЙМҰХАНОВ,
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің
төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты