Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кеше Атырау дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде «Теңізшевройл» компаниясының мердігерінің бірі «Компасс Казахстан» ЖШС-і басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен минифутбол мен волейболдан жарыс өтті. Оған аталмыш компанияның құрылымдық бөлімшелерінен бес команда бақтарын сынады.
Турнирге қатысушылардың сапқа тұрып, еліміздің Гимнін шырқауымен басталған шарада компанияның әлеуметтік істер және үкіметпен байланыс жөніндегі менеджер Ғафур Орынғалиев, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов сөйлеп, спортшыларға сәттіліктер мен жеңістер тіледі.
Кіші аяқдопшылар бәсекесінде алаңға шыққан футболшылар тартысты да қызықты ойын өрнегін көрсетті. Қарсыластарына айқын басымдылық танытқан Компас командасы озып шықты. Одан кейінгі орындарды «Шаңырақ» және «Достық» аяқдопшылары бөлісті.
Волейболшылар сайысында үздіктер көшін тағы да компастық жігіттер бастады. Ал, екінші және үшінші жүлделер «Шаңырақ» пен «ЮСС» компаниясы офисінің қызметкерлері командасына бұйырды. Мерекелік турнирдің үздік ойыншылары да түрлі аталымдар бойынша арнайы жүлделермен марапатталды. Кәсіподақ ұйымының төрағасы, ардагер-спортшы, еліміздің және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, әр жылдары Әлем чемпионы және жүлдегері болған Марал Көшеновтің айтуынша, болашақта мұндай спорттық сайыстарды жиі өткізіп тұруға, жұмыстан кейін дене шынықтырып, спортпен тұрақты шұғылдануға мүмкіндік те бар көрінеді.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі,
Бақытжан ЖҰМАТ