Өрісі малға, қойнауы кенге толы Индер ауданының «Дендер» қоғамдық-саяси газетіне биыл 85 жыл толып отыр. Аудан айнасының осынау мерейтойына орай Атырау қаласындағы №1 мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде (МБЖСМ) газет жүлдесі үшін қазақ күресінен тұңғыш рет жасөспірімдер арасында «Бота палуан» батыс аймақтық ашық турнирі өткізілді.
Ауданның күнделікті тыныс-тіршілігін жүйелі түрде қағаз бетіне қаттап жұртшылыққа ұсынатын газеттің ең алғашқы номері сонау 1934 жылы «Социалистік мал шаруашылығы» атауымен басылып шығып, одан әрі «Коммунизм туы», «Индер» аталған басылым 1994 жылдан «Дендер» болып шығып келеді..
Екі күнге созылған «Бота палуан» жарысына өңіріміздегі жеті аудан мен қала спортшыларынан бөлек көршілес Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының жас палуандары да келді. 200-ден астам саңлақтың басын қосқан доданың салтанатты ашылуында Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешев,Азия құрлығының Қазақ күрес федерациясының бас хатшысы Рафаэль Хабиров және басқалар сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттіліктер мен жеңістер тіледі.
Шара барысында Қазақ күресі федерациясының өкілі турнирді өткізуге мұрындық болған Индер ауданы әкімі Мейірім Қалауиге әкімнің есімі жазылған күрес кимоносын табыстаса, жеке кәсіпкер Алтынбек Нысанғалиевке Азия құрлығының Қазақ күрес федерациясының президенті Серік Кененбай атынан «Қазақ күресінің дамуына қосқан үлесі үшін» атты төсбелгісін кеудесіне тақты.
Осыдан соң кешенге жайылған қос боз кілемге бота тірсек бозбала балуандар шығып, сегіз салмақта өзара бәсекелерін бастады. Жарысты тамашалаушылардың делебесін қоздырған тартысты әрі қызықты белдесулер нәтижесінде Жәнібек Нәренов (35 кг, №1 МБЖСМ), Нұрзат Қуаныш (38 кг, №1 МБЖСМ), Төрехан Төреғали (42 кг, Атырау), Төреәлі Сағатқалиев (46 кг, Қызылқоға), Диас Қайыр (50 кг, Қызылқоға), Өміржан Байболат (55 кг, Қызылқоға), Думан Маратов (60 кг, Атырау), Айдар Батырхановтар (+60 кг, Индер) өз салмақтарында «Бота палуан» атанып, әр салмақтағы барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Наурыз мерекесімен қатар келген аудандық газеттің мерейтойы мұнда кең көлемде тойлануда. Ауданда әрбір сенбі сайын сенбіліктер де өткізіліп, елді мекендер жаңа түрге енуде. Жаңадан жас талдар егіліп, ауыл көшелері мен аулалар сәндене түсуде.Аудан әкімі М.Қалауийдің өзі сенбілікке бас болып шығып, ауылдың көркейе түсуіне бүкіл индерліктер ұйымшылдық танытуда.
Еркін Самалық, Индер ауданы.