Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаменті жүргізген арнайы жедел-іздестіру шаралары және жасырын тергеу әрекеттері аясында облыс әкімінің бұрынғы орынбасары және өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Бұрынғы әкім орынбасары 5 мектеп-интернаттың асханасына жиһаз жеткізуге шарт жасасу үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілінен білім басқармасының бөлім басшысы арқылы 5,1 млн теңге сомасында пара алды деп күдікке ілінді.
«Бұл сома — шарттың жалпы сомасы 34,1 млн теңгенің 15 пайызы», — деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова агенттікте өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, лауазымды тұлға Атырау облысы білім басқармасы, оған қарасты әдістемелік орталық басшылары және басқа да тұлғалармен бірлесіп, қылмыс жасаған. Яғни, үлестес жеке кәсіпкерлер арқылы ақшаны қолма-қолға айналдыру жолымен 2016-2019 жылдарға арналған ҚР білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бір көзден мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша форумдарды өткізу үшін қызметтер мен материалдарды сатып алуға бөлінген 10 млн теңге сомасындағы ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырған.
«Күдіктілер ұсталып, Атырау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», — дейді Жанна Бастарова.
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауова екі ай мерзімге уақытша оқшаулағышқа қамауға алынды. Бұл ақпаратты облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев растады.
Т.САЛАМАТОВ,
өз тілшіміз.