Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға баспана алу үшін 1 миллион теңгенің сертификаты берілетінін мәлімдеді. Ол қалада «Бақытты отбасы» аталатын арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы қолға алынатынын айтты.
Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыруға баса назар аударып отырған Бауыржан Байбек қалада «Бақытты отбасы» арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы қолға алынғанын айтты.
«Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасының көпшілігі тұрғын үйдің алғашқы жарнасын төлей алмайтындықтан қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары беріледі. Алғашқы жарна пәтер құнының 10 пайызын құрайды, төлем 18 жылға 2 пайызбен. Біз өткен екі жыл ішінде «Алматы Жастары» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырдық. Құны 10 миллионға дейінгі 238 пәтер жас отбасыларға 5 пайыздық несиелермен берілді. Бұл істе нақтылы тәжірибеміз бар», – дейді әкім.
Айта кетерлігі, жаңадан тұрғызылған үйлердегі несиеге берілетін шағын пәтерлердің құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Биылғы жылы Алатау және Наурызбай аудандарында осындай 500-ден аса пәтер берілмек. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы алдағы 5 жыл ішінде 23 мың пәтердің құрылысы жоспарланып отыр.
Лязиза ТАБАР