Мәселенің мәнісі

Елімізде соңғы уақытта білім саласындағы реформалардан оқушылар ғана емес ата-аналар да шаршаған еді.Оның үстіне жыл сайын оқулық ауыстыру,жаңаларын дайындауда асығыстыққа жол беру орын алғаны рас. Ал бұл жағдайлар оқушыларға кері әсер етіп жатқаны бесенеден белгілі.

Жаңадан тағайындалған ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова оқулықтарды бірлесіп әзірлеуге үндеді. Министрдің айтуынша, жақында республикалық комиссия өз жұмысын аяқтаған болатын. Соның қорытындысы бойынша бастауыш сыныптардың бірқатар оқулықтары өңдеуге қайтарылды.

«Бұдан бөлек, жақын арада министрліктің мектепке дейінгі және орта білім департаменті «Оқулық» орталығымен бірге қоғамдық оқу шараларын ұйымдастырады. Өткен жылы да аталған шаралар өтті. Соның нәтижесінде оқулықтар баспаға жіберіледі», — деді К.Шәмшидинова журналистерге берген сұxбатында. Оның сөзіне қарағанда, оқулықтан бөлек мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру да маңызды.

«Оқулық — балаларды оқытудың бір құралы ғана. Жаңа стандарттар аясында мұғалімдерді де, сарапшыларды да, авторларды да даярлау шаралары атқарылып келеді. Сондықтан бәрін бір күннің ішінде өзгерту мүмкін емес, авторлар да бір күнде жаңа талаптарға бейімделе алмайды. Сондықтан белгілі бір олқылықтар бар», — деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.

Айта кетейік, бұған дейін министр xаным білімнің сапасын арттыруға қатысты шараларды түсіндірді. Бүгінде мектептен бастап еңбек нарығына бейімделу керек. Осыған байланысты белгілі бір мамандыққа сұраныс бола ма, жоқ па, осыны қазірден бастап ескерген жөн. «Мысалы, steam-оқыту, stream-оқыту сияқты тәсілдер бар. Математика, информатика, химия, физика мен биология сияқты пәндерді интеграциялауға болады. Соның арқасында балалардың жүктемесін де азайтуға мүмкіндік бар.

Ең бастысы, пәндердің мазмұны бір-бірін қайталамай, балаларды дамытуға көмектесуі керек. Бүгінде кәсіптік-теxникалық және жоғары білім саласында да мамандарды еңбек нарығына қарай даярлау қажет», — дейді К.Шәмшидинова.

                                                          Ернар АҚҚАЛИ,
                                                           Өз тілшіміз.