Ұлыстың ұлы күні — Наурыз Атырау жерінде Амал мерекесі Көрісу күнінен басталып кетті. Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығында «Ойдағы ел қырдағы елмен амандасып» тақырыбында халықаралық тамаша айтыс өтті. Қазылар алқасының құрамында Асанәлі Әшімов бастаған өнер қайраткерлері болды.
Наурыз тойындағы жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі — бата беру. Осынау республикалық байқау да қазақтың қаймағы бұзылмаған ордасы Атырауда өтуінің үлкен маңызы бар. Қаладағы Құрманғазы мәдениет сарайында өткен бұл байқауға 17 батагөй ақсақал қатысты.
Сұлтан Бейбарыс алаңында «Көрісу Fest» халықаралық фестивалі де есте қалар оқиғалармен ерекшеленді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында өткен бұл халықаралық фестиваль аясында суретшілер плэнері, облыстық музей көрмесі, ұлттық сусындар мен тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
«Жастар жарыса көрісіп қауышады» байқауы мен театрландырылған әдеби-музыкалық қойылымдар да ерекше әсерге бөледі. Сөйтіп, республикада алғаш Ұлыстың ұлы тойы Наурыз мейрамы биыл Атырауда жаңа форматта тойланып жатыр. Қуанышымыз көп, ағымыз мол, табысымыз телегей жыл болсын! — деген тілектер ағылып жатты…
Лязиза ТАБАР,
Өз тілшіміз.