немесе тоқсандағы шабандозбен әңгіме

Біздің өңірде «Есболдың жирені» туралы әңгіме уақыт озған сайын аңызға айналып барады. Ал сол Жиренге шапқан шабандоз, Социалистік Еңбек Ері   Қабдір Шүйінішқалиевтің ұлы Болат аға бүгінде Индерборда тұратынын кейінгі толқын біле қоймауы мүмкін. Жақында тоқсандағы қарт шабандозбен әңгіме-дүкен құрып қайтқанбыз. 

Түбі – түркімендік

Алдымен әйгілі жиреннің тегі туралы бірер сөз. Соңына мол мұра қалдырған өлкетанушы Мәжит Мұхтаровтың жазуынша: -Қайран менің жиренім — деп отырады екен атыраулық Нүфтолла Бердешев. Бердештің әкесі Боқай Нарын құмын жайлаған атақты бай, әрі атбегі болған. Оның әкесі Есенгелді, оның әкесі Киікбай. Беріш-Себектің Киікбайы болып бөлінеді. Боқайдың алдына ат салмаған, құла байталы болған. Сол байтал бір жылы буаз болып, Боқайдың бәйгеге қосатын аты болмай қалады. Содан ол жаңағы құла байталдың төрт аяғын буып, іші-ішіне теуіп, құлын тастатады да бәйгеге қосады. Өлім халінен қалған құла байтал сонда да бәйгені еш атқа бермепті. 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін кеңес үкіметі келіп, байлардың малын алып, кедейлерге береді. Сол бөлісте Нүфтолланың әкесі Оразға құла бие, әкесінің інісі Боранға бір көк жорға бие тиеді. Осы екі биеден ұжымшар құрылғанға дейін он шақты жылдар ішінде бір үйір жылқы өрістейді. Сол заманда әр малды сол үйдің балаларына, болмаса қыздарына арнайтын әдет-ғұрып қалыптасқан. Сол бойынша көк жорға биеден туған қараторы құлынды Ахметке, құла биеден туған құла қасқа құлынды әкесі Нүфтоллаға еншілеген екен. Ол нағашысы Ниғыметтің жылқысында болып, оған Түркімениядан алып келген Жирен айғыр салуынан жүйрік құлын 1939 жылы туса керек.

Алайда соғыс басталғанда елдің азаматтарымен бірге малдарын да қосып, сыпырып алған. Сол кезде Жирен құнан қотыр болып, соғысқа ілікпей қалады. Жаңағы Ниғыметтің Қабікен деген інісі «Правда» ұжымшарында санитарлық мал дәрігері болғандықтан Жиренді емдейді. 1941 жылдың күзінде үстін жабулап мініп, құдыққа суаруға барғанда құдық пен үйдің ортасынан бір қасқыр қашады. Сол қасқырды Қабікен жабулы құнанмен қуып, аттатпай соғып алады. Қабікен құнанның қотырын жазып, қыстай қолға ұстап жемдейді. Кейін ол Кулагино селолық Кеңесінің төрағасы Ахмет Нұрмағанбетовке өтеді.  

Шабандоздың атқа қонуы

Енді осы жердегі әңгімені қарт шабандоздың өзіне берейік.

-1943 жылы 7 қарашада Есбол (сол кездегі аудан атауы) ауданының барлық ұжымшарынан келгендер сағат ондар шамасында Кулагино селосындағы клубқа жиналдық. Кісі көп болғандықтан біз сияқты қара сирақ балалар бір шетте қазтиып тұрмыз. Алдымен баяндамашы соғыс жөнінде, ондағы Совет Армиясының шабуылын, одан соң еңбек жетістіктерін, біраз озаттардың аттарын айтып көтеріп тастады. Менің әкем Қабдір де соғыста болатын. Жылап жатқандар бар. Қолайсыз кезең ғой. Жиыннан кейін концерт өтті, сосын ауыл сыртындағы бәйге алаңына шұбырдық. Әрбір ұжымшар бәйге аттары мен шабандоздарын ала келіпті. Енді жаңағы дөнен шығып тұрған Жиренге Ахмет басқарма шабатын кісі таба алмай жүрген көрінеді. Бұл жерде атты жарататын қырда тұратын  Есмағамбет Айдуәлиев деген атбегі. Мені көрді де: «Әй, бала, мында кел! Отыр атқа!», деп жайдақ отырғызып қоя берді. Жиреннің көңілі сергек, елеңдеп, ауыздығын шайнап ұшқырлығын байқатып тұр. Ол кезде он екі жастамын жарысқа алғаш түсіп тұрған соң қобалжулымын. Хабарламашы нөмір бойынша он атты шақырып, 30 шақырым 4 айналыс екенін ескертті. Осылайша аламанға түстік те кеттік. Жирен ат та басымды босат дегендей ойнақшып тұрған еді. Жіберіп қалғанда қарғығандай болды білем, сыпырылып түсіп кала жаздадым. Әп-деп шаба жөнеліскенде-ақ алға шықты да қалғандарынан бірте -бірте қашықтай берді. Анда -санда артыма көз салсам, жиреннің тұяғынан шыққан шаңның өзіне де ілесе алмай әріден көрінеді. Бейне бір жер бетінде аяғын сермелеп қалқып келе жаткандай рахат күйге бөлендім. Жиреннің тамаша қылығы бар еді. Ол әр айналым сайын қалың топқа құлағын тіктей қарап, басын ерекше иіп, шұлғып өтетін. Тілеулестері мәз болып, шуласа қол соғып қалатын. Сөйтіп, кейінгі аттар 4-ші айналысқа кеткенде, біз 4-ші айналысты бітіріп, 1-ші келдік. Аттан түскен мені бетімнен сүйіп «жарайсың қарағым, бақытты бол» деп жатты. Айдуәлиев Есмағамбеттің баласы Құмар жиренді қыдырту үшін жетектеп кетті.

Байтал шауып, бәйге алмады

1945 жылы 7 қарашадағы облыста өтетін бәйгеге ауданнан жеті ат аттандық. Өңкей жүйріктер ауыздықпен алысып, әсіресе мен мінген жирен ойнақшып, алдығы екі аяғын тік көтеріп қарғып тұрғанын көргендер: «Ұшып түспей қалай отырсың» — деп таң қалысады. Сөйтіп, облысқа да келдік-ау. Ол кезде көлікпен апару деген жоқ. Ат шабатын жерге халық көп жиналды.  Жарысқа бізден басқа Жылыой, Қызылқоға, Новобогат, Маңғыстау аудандарынан, Балықшының Еркінқаласынан барлығы 37 ат келген. Олардың иелері ат қыздыра жүріп, «Правданың жирені озып кетер — ау» — деп қауіптенеді. Менің біресе алдыма, біресе артыма шыққандардан осы сөзді естіп қалдым. Сонымен 37 ат 35 шақырымға жіберілерде 7 айналыс екені хабарланды. Тағы да Жирен екеуміз суырылып алға шықтық. Олар Маңғыстау жағынан ба екен 25 мың сомға байтал сатып алыпты. Әдейі бапталған Еркінқаланың байталы бес айналысқа дейін Жиренмен кейде қатарласып, кейде тірсектеп жүріп, ақырында «Байтал шауып бәйге алмас» дегендей, болдырып тұрып қалды. Жирен соңғы айналыста өзгелерден 1-1,5 шақырым, қара үзіп, мәреге бірінші келді. Айқай — шу, ысқыру «жарайсың жирен, жігіт екенсің шабандоз бала» деген ел ықыласында шек болған жоқ. Сондай-ақ, ауданнан қатысқан жеті аттың бесеуі жүлделі орын алып, есболдықтардың мерейін көтерді. Аупарткомның екінші хатшысы Қожантай Кенжеғалиев мінген Жирен жорға бірінші, жеті кедергіден сүрінбей секіруде Степан Разин ұжымшарынан Қазиым Сиденовтың аты бірінші, қалғандары аламан бәйгеден көрінді. Ал палуандар күресінде еркінқалалық Хабес деген азаматпен өрліктік Қайыров Нұрғали күресіп, жамбасқа алу әдісімен жығып, карсыласының кеудесін басты. Сөйтіп, ол таза жеңіске жетті.

Дәулетқали жыр оқыды

Ал 1946 жылғы Жеңіс мерекесі ерекше есімде қалды. Жарысушы екі аудан Есбол мен Боқсайдан келгендер 6-шы ауылдың пионерлер үйіне жиналды. Мерекелік баяндамадан соң Саламат Қайдаров деген басқарушы айтыстың болатынын хабарлады. Сөйтіп, біздің ауданның ақыны Құмар Жүсіпов пен Боқсай ауданының ақыны Дияр Жолаевтың айтысын тамашаладык. 70-тен асқан Дәулетқали қарт әкесі Мұрат Мөңкеұлының жыр-толғауларын айтты. «Біржан Сара» операсы көрсетілді. Мұнда 30 ат жарысқа түсті. Сол баяғы Жирен 1-ші, Социалистік Еңбек Ері Есмұратов Ғалымның інісі мінген Степан Разин колхозының Жирені 2-ші орын алды. Ал күреске ауданымыздан Жиембет-Тана Жаңғали Шыңғазы шықты. Ол күш сынасар алдында секер езіп ішеді екен. Новобогат ауданынан тұлғасы келісті бір милиционер шығып, екеуі бірін-бірі ала алмай, жасаған айла-тәсілдері іске аспай ұзақ жүрді. Әлденеше рет итжығыс түсті. Ақыры жүлдені бөлісіп алды.

47-нші жыл, 45 км

Ең соңғысы 1947-нің күзінде облыстық бәйгеде «Томарлы» деген жерде шықтым. Онда 45 шақырымдық бәйгеге Жылыойдың қос торысы қосылды. Аттар өте көп еді. Сонда «әп» дегеннен Жылыойдың қос торысы соңғы айналымға дейін ауыздық айқастырып келе жатты. Бұл Торының бірі жарыстағы аттарды еліртіп, айдау тәсілімен болдыртып тастау мақсатында қосылған екенін біліп қалдық. Жиреннің көзін сүртіп қоямын. Соңғы айналымдар таяғанда жарыс одан бетер қызып, қамшымды жай сипай: «айй, Жиренім» деп дауыстап қалғанмын, оқ бойы озып жүре берді. Бас бәйгені бұл жолы да алдық. Жалпы 1943-1947 жылдары 3 рет ауданда, 4 рет облыстағы бәйгеге Жиренмен 7 рет қатысып, бәрінде де 1-ші жүлдеге ие болдық. Менен кейін Жиренге Көшенов Биғали шапты деп естідім.

Жиреннің көз жасы

Енді әңгімені әрі өрбітсек 1952 жылы көктем айында Кулагино селолық Кеңесінің төрағасы Ахмет Нұрмағанбетовке әскерлік борышын өтеп жүрген Сәлімгерейден хат келіпті. Ол түсінде Жирен аттың «аяғымды сындырды» деп адамша сөйлеп, жылап жүргенін көріп, шошып оянып, аттың амандығын сұрап жазыпты. Асыл малдың да киесі, өзін дәріптейтін жанға аян беретіні болады дейді ғой. Дәл сол жылы, мамыр айының басында Жиренді Алматыда өтетін республикалық ат жарысына апару үшін пойызға тиейді. Жігіттердің қолапайсыз қимылынан тұлпар аяғынан мықтап жарақат алып, ақсап қалады. Сөйтіп, жарысқа қатыстырылмай машинаға тиеліп, ауылға қайтып келіпті. Сонда арғымақ бара алмағанына өкінгендей көзінен моншақтап жас ағып тұрыпты. Ауылға алып келгеннен кейін Есмағамбет қарттың өзі емдеп жазады. Күзгі облыстық жарысқа дайындайды. Бұл Жиреннің соңғы бәйгесі боларын кім білген.

Арғымақты атқан көз

-Менен кейін Биғали Көшенов шауыпты, — деп жалғады Болат аға әңгімесін. Бір күні облыстағы жарысқа сол жақта мұғалімдік оқып жүрген Ермек Қабдолов деген құрдасы іздеп барады. Содан ортада Жирен атты жетектеп жүрген Есмағанбеттен құрдасын сұрайды ғой. Ол менің шаппайтынымды айтқан. Осы жерде топтың ішінен екі қарт келіп: «Пай-пай, ат-ақ екен, алайын деп тұр екен», деп бұрылып кетіпті.

-Біз шапқанда ортаға кірмеуші едік. Көзден әрі ұстаймыз. Ол есті ат. Бәйгеге шаппай қалған жылдары сол күні өзінен өзі жарап, құйындатып шауып жүреді екен,- дейді қарт шабандоз.

Сонымен 1952 жылы 7 қарашада бәйгенің аяқталуына соңғы айналыс қалғанда бірінші келе жатып, тұлғасына тиген адамның «көзінен», қара жерге сұлап түседі. Демі біткен Жиренді сол бойда сойдырып, терісін сыпырып қарағанда адамның көзіндей дөңгелек-дөңгелек пәле барлық денесін қаптап кеткен. Сол кезде жиренмен бақталас жүрген Маңғыстаудың Ақмойнағы  деген ат болған. Бұрын алдын бермей жүрген Ақмойнақтың жирен келгелі қалып қоя бергеніне ыза болған жанкүйерлердің ішінен көзі бір қарағанда оқтай қадалатын бір кісі әдейі Маңғыстаудан Жиренді көру үшін облыс орталығына 1952 жылдың қараша айының басындағы мейрамға іздеп келген екен. Жиреннің шаңына ілесе алмай жүрген тек Маңғыстаудың Ақмойнағы ғана емес, сол кездегі Республикаға аты әйгілі, құстай ұшқанда үстіндегі мінген бала артынан сыпырылып түсіп қалатын болғасын баланы аттың үстіне таңып тастайды екен, деп мақтанған Алматының Қара қасқа аты 1950 және 1951 жылғы 1 мамыр бәйгесінде жиреннен анағұрлым қалыс қалған. «Осылайша батыр соғыста өледі» демекші, хас жүйрік өзі талай шапқан «Томарлы» деген бәйгетөбеде ақырғы демі бітіп, сол жерге жерленген. Көмген деуге де аузың бармайды екен.

Бұл жерде қосатын тағы бір мәлімет: атты Айдуәлиев Есмағамбет баптайды да, оның әйелі Балқия да атбегінің қызы болғандықтан, жиренге көз тимеуі үшін бой тұмар алып, бәйгеге қосарда тағады екен. Соңғы жирен өлетін жарыста сол бойтұмар ұмыт қалып, тағылмапты. Бірінде мәре сызығынан өте құлайды, екінші әңгімеде жете алмайды. Әрине, бұл кезде оның жүйріктілігі әлде қашан дәлелденген. 

Сол кезде ақын Ахмет Бердешов Жирен болып тіл қатқан өлеңінде: «Сіздерден енді талабым, Сүйрегін тартып шағылдың, Бос жүргім келеді жайылымда» деп аяқталады екен. Жирен ол аңсағанына жете алмады.   

«Ұшқан құспен тең едім»

Есболдық ауыл шаруашылығы саласының ардагері Өтеғұл Жалғасбаев Жирен болып жырлаған Бердеш ақынның бір өлеңін редакцияға жолдапты. Онда:               «Жирен де Жирен мен едім, Ұшқан құспен тең едім. Қара жерде қалқитын, Қайырылмастай кеме едім»-дейді.

Иә, тұлпарда мін жоқ. Оны елі де ұмыта қойған жоқ. Қайта жануардың есімін ардақтап, әнге қосып биіктетті. Ақын Ахметтің «Жиреннің айтысы», «Күзгі шабыс», «Мен едім Жирен, мен едім», «Жайылды атым жалпыға» деп аталатын өлеңдерін Сәлімгерей Аманғалиев деген әнші құрдасы ел ішінде жыр етіп айтып жүретін көрінеді. Тіпті, 1954 жылы Украинаның Россияға қосылғанына 300 жыл толу мейрамына қатысқан қазақстандықтар көлемі 3-4 метр кілемге «Қазақстанның әйгілі сәйгүлік Жирені» деген атпен Жиреннің суретін тоқып, сыйға тартыпты. Сол кілем Киевтің бас мұражайында тұруы мүмкін деген деректер біздің сол кездегі қырағы өлкетанушылардың назарына ілінген.

Тұлпардан тұяқ қалмады

Бүгінде бұрынғы «Правда» совхозының ізі маңынан жирен ат көрінсе соның тұқымы емес пе екен деген әңгіме шыға бастайды. Тоқсаныншы жылдардың  басында осы жақтан келген кәрі Жирен биенің жирен құлынын құнанында құмға үйретіп мініп, бәйгеге қосып, қыс шанаға, пішен кезінде грабльге салғанбыз. Төзімді мал еді. Оған ден қойған кейбір «Правданың» жылқышы жігіттері сол атақты жиреннің тұқымы емес пе екен деп қалғаны да бар. Бірақ, ол кезде арғымақ туралы аңыз болғанмен, көп ешкім жете баяндай қоймайтын. Енді сол тұқым туралы сөздің нүктесін қояйық.

Жоғарыда тұлпардың шығу тегі жөніндегі әңгімемізде Ниғымет пішенге ұстап, қыстай жемдеп, дөненін де үйірге қосып, тұқым алмақ болады. Осы жерде соғыс басталып, елдегі азаматтармен бірге Ниғымет те соғысқа кетеді. Ал «Правда» ұжымшарының сол кездегі басқармасы Елдонғиев армияның қажетіне ат жинап жатқанын біліп, Жиренді алып қалу үшін өзіне алып кетеді. Сөйтеді де кестіріп шанаға жегеді. Кейін    Кулагино селолық Кеңесінің төрағасы        Ахмет Нұрмағанбетовтың иелігіне өтіп, жиреннің әйгілі жарыс жолдары басталады. Осылайша Жирен туралы аңыз әңгіме болмаса, артында тұқым қалған жоқ.           

Шабандозды

не толғандырады?

Енді осы әңгімелердің куәсі,тоқсандағы қартымыз Болат Қабдірұлы туралы үзік сырға орын берейік. Шүйінішқалидың немересі 1931 жылы Есболдың қырында сол кездегі Толыбай ауыл советінің бергі жағында аңыз бойынша бір байдың қызының атымен аталған «Көкей» деген жердегі қыстауда туған.

— Әжем Жәмила мен дүниеге келгенде өз шешеме бермей, өзі бауырына басыпты. Сонда құдайдың құдіреті, әжемнің омырауына сүт бітіп кетіпті,- дейді Болат аға. Ана мейіріміне қалай таң қалмассың. Сол маңдағы «Хозауыл» деген қыстауда алғашқы білім есігін ашып, қыр балаларымен құлын-тайдай тебісіп, балалық шағы өтеді. Сол кездегі күнкөрістің бір тәсілі ретінде атасы Шүйінішқали аң аулайды екен. Аңмен қоса сәуірде балпақ аулап, оның терісіне кәдімгі құм себеді де қияқты қарама қайшылап, төрт жағынан керіп кептіреді. Соны жинап тапсырып, секер, шай алады. Қарт шабандоз бала кезінен-ақ атқа әуес болып, құдық басында жатқан құлынға мініп алып, қанша туласа да түспейтін тақымы мықты болыпты. Жас жеткен соң бәйгені қойып, көлік жүргізушілік курсты тәмамдап, еңбекке араласады. Қарттың айтуынша, 1949 жылы қыс қатты болып, мал шығынға ұшырайды.  Ол кездің қатаң заңы біраз адамды темір торға қамапты. Осы жылы жазда оны аудандық атқару комитетінің төрағасы Кенжеғали Досжанов шақырып, оның «Правданың» жүйрігіне шапқанын айтып, «енді менің машинама шабуға қалайсың» деп қолқа салады. Осылайша 1949 жылдан аудан 1963 жылы Махамбет ауданына қосылғанша осы қызметте болады. Алғашқы көлік  «ГАЗ- 67» – «Бобик» деп атайтын бір есікті төрт кісілік соғыста пайдаланған машина. Кейін 1951-1953 жылдары әскер қатарында болып, қайтадан Қуанышкерей Сұлтанов, Зейнолла Ғұмаров, Жәрдем Кенжетаев сынды атқару комитеті төрағаларының сенімді серігі болып қызмет атқарады. Кейін аудандық мал дәрігерлік стансасында жүргізуші болып, 1991 жылы зейнеткерлік жасқа шығады. Бүгінде Сара апай екеуі ұрпақ қызығына бөленіп отыр.   

Даңқты тұлпар дәріптелсе

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы Н.Назарбаев: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі… Жылқыны қолға үйрету арқылы бізді бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты» деп атап көрсетті.

Әйгілі жирен туралы әңгімеміз осымен тәмам болғанмен асыл тұяқты насихаттау қаншалықты. «Ер қанаты — ат» екенін ұрпаққа ұқтыру бәйге өткізумен шектелмесе керек. Сондықтан да «Астана — Көкшетау» автобанының бойында орналасқан Құлагерге қойылған ескерткіштей бір белгі біздің Жиренге де қойылса, айып па, ағайын? Осы ұсынысымызды аудан басшысының жадына сала кетуді де жөн көрдік. Өйткені, ат жалында жүріп, ата-бабамыз осыншама ұлан-ғайыр жерді көздің қарашығындай қорғап, ұрпаққа аманаттаса, бүгінгі Тәуелсіздік сол өмір бойғы күрестің арқасы емес пе еді. Абылайдың Нарқызылы, Қабанбайдың Қубасы, Исатайдың Ақтабаны тәрізді қаншама тұлпар ел қорғауда еріне серік болды. Ендеше, Жиренге ескерткіш қою арқылы Ұлы даланың даңқты тұлпарларын дәріптесе, оны көрген ұрпақ рухтанар ма еді?!

Мүмкін, бізге осы жетпей жатқан шығар?!.

Жанай Амантурлин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *