Кемел ойдың, кестелі тілдің иесі Әбіш Кекілбаевтың кезінде: «Қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты еріксіз бір серпілтіп отыратын нысана тұлғалар мен киелі орындар болмаса, көмейдегі тіл мен көкіректегі ділдің өзін өз қолымызбен бұралқыландырып жібере жаздаған жетесіздіктің құрбандары болып кете жаздаппыз» деп жазғаны бар. Сондықтан рухани кемелділікке қызмет ететін, ұрпақ тәрбиесіне әсері мол болатын рух сардарларын тысқары қалдыру ешкім ақтай алмас ағаттық болар еді. Ал қазақ олардан кенде емес.
Айталық, Қазақ жұрты бисіз болған жоқ. Әр өңірде дуалы ауыз билер өтті. Мәселен ХVIII ғасырда, нақтырақ айтқанда, 1770 жылы дүниеге келген Бабыр би Ұлытау жерінде өмір сүріп, Қызылтас – Ибеске – Жұртшы болысын 26 жыл үздіксіз басқарған. Ол Кенесары көтерілісінің мәні мен мақсатын жан-тәнімен түсініп, одан қолдау-көмегін аямаған адам ретінде белгілі. Бабырдың бақандай он ұлы, он екі немересі Кенесары ханның жасағында бастан-аяқ болған. Бұл Бабыр бидің туған елінің азаттығы мен дербестігін аңсаған ерекше дара тұлға екендігін де аңғартады. Сондай-ақ, Бабыр Бөкеншіұлы қазақтардың егіншілік кәсіппен айналысуына үлкен мән берген алғашқы азаматтардың бірі.
Бабыр би Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Оны туған өлкесі ұмытпайды, бүгінде ел жадында сақтаулы. Қарағанды облысы Сәтбаев қаласындағы орталық көшелердің бірі Бабыр бидің есімімен аталады. Таяуда сол көшеде Бабыр бидің тікелей ұрпағы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі, бүгінде кәсіпкер Өзденбай Жұмановтың жеке қаражатына салынған зәулім ескерткіш бой көтерді. Жалпы, осындай еліне елеулі, халқына қалаулы бидің ұрпақтары оның есімін ардақтауға бағытталған игі істерге үнемі ұйытқы болып жүргендерін атап өткен абзал. Олардың әрқайсысы өздерінің азаматтық және патриоттық парыздарын жоғары түсіне білетін адамдар. Олар марапат алған жоқ, биік мінберлерден мақтау естіген жоқ, бірақ қызметін Алла ырзалығы үшін атқарып, адамдардың алғысын арқалады. Бұл – маңызды және мәңгілік құрмет!
Кенжеболат Жолдыбай,
Нұр-Сұлтан қаласы.